Мысыр мектептерінде никабқа тыйым салынды: Дәстүр әлде үрдіс пе

Мысыр Үкіметі жалпы білім беретін мекемелерде бет әлпетті тұмшалайтын никаб киюге тыйым салды. 2023-24 жылғы оқу жылының қарсаңында елдің Білім министрлігі осындай шешім қабылдады. Бұл елде жаңа оқу жылы 30 қыркүйекте басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: ашық дереккөзден

Мысырда мектеп формасы жекеменшік білім ордаларына да ортақ

Египеттің Білім министрі Реда Хегазидің шешімі бойынша барлық мемлекеттік және жекеменшік мектептердің оқушыларына оқу формасына байланысты жаңа талаптар қойылды. Министрліктің қаулысында оқушылар мектепте шашын жасырып жүруге құқылы екені айтылған. Бірақ шашын жасырған жамылғы бетті бүркемелеп тұрмауы керек.

«Шашты жасыру үшін тағылғанымен бетті бүркемелеп тұратын жамылғының кез келген түрі қолайсыз және оның түсі министрлік пен жергілікті білім басқармасы таңдаған түсте болуы шарт», — деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Сөзбе-сөз айтсақ, мектеп формасына қойылатын талаптарда «қыздарға шашын жасыру міндетті емес» делінген.

Шешім 30 қыркүйекте күшіне еніп, 2024 жылдың 8 маусымына дейін жалғасады.

Министрлік хиджаб киюге бекінген оқушы қыздың үйіндегі қамқоршысы үшін оның бұл шешімі туралы хабардар болуы керектігін, ондай шешімді қамқоршыдан бөгде бір жеке немесе заңды тұлғаның мәжбүрлеуінсіз қабылдануын қамтамасыз етуі қажеттігін мәлім етті.

Мысыр Білім министрлігінің талаптары бойынша, ұл балалар да, қыз оқушылар да оқушылары бастауыш сыныптарға арналған «жергілікті білім басқармасы іріктеген түспен боялған алжапқыш пен шалбар формасындағы» киім киюі керек.

«Бұл шешім алаяқтық, жеке деректерді ұрлау және басқа да қылмыстардың кез келген мүмкіндігін шектеуге бағытталған», — деген Мысыр Білім министрлігінің өкілі. Бұл дәйексөзді the New Arab басылымы таратып отыр.

Алаяқтықтан сақтану мен хиджаб арасындағы байланыс былайша түсіндірілген.

«Бетін тұмшалап алған оқушының кім екенін анықтау оңай емес. Бұған дейін бетін бүркемелегендердің заңға қайшы әрекеттерін, әсіресе емтихан кезінде ізін суытпай әшкерелеу қиын болып келді. Орнына басқа адам кіргізіп, тіпті қыз балаларға арналған сыныптарға бетін бүркемелеген ұлдар кіріп кеткен жайттар болды», - делінген түсіндірмеде.

Мысыр халқы бұған не дейді?

Al-Jazeera Мысырда әйелдердің шашын емес, бетін бүркемелейтін хиджаб кең таралғанын, ал никабты ультраконсервативті адамдар көбірек киетінін жазды.

Мысырда никабты қоғамдық орындар мен оқу мекемелерінде кию мәселесі көптен бері қызу талқыланып келді.

Egypt Independent-тің жазуынша, елдегі жоғары білім орындары никабқа өз бетімен тыйым сала бастаған. 2009 жылы «Әл-Әзхар» университеті шейх Мұхаммед Саид Тантави академияда жолыққан студентке бүркемесін алуды бұйырғаннан кейін сабақ пен жатақханада никаб киюге тыйым салған.

Ал Каир университеті 2015 жылы өз қызметкерлеріне никаб киюге жол бермейді. 2016 жылы да, 2020 жылы да елдің сот жүйесі бұл шешімді апелляциялық шағымдарға қарамастан қолдады. Тіпті кейін Мысыр Жоғарғы әкімшілік соты Каир университетінің профессорларға никаб киюге тыйым салу туралы шешімін мақұлдап, никабқа қоғамдық орындарда тыйым салу жеке бас бостандығын бұзатыны туралы даурықпа әңгімелерге нүкте қойған.

Бұл төңіректегі пікірталас қыза-қыза Мысыр Парламентіне никабқа толық тыйым салу туралы ұсыныстар енгізілген. Бірақ бастама ұсыныс түрінде ғана қалды.

Бүгінде Египет жұртшылығы никаб кию мәселесіне әркелкі қарайды. Тыйым салуды жақтаушылар никаб мұғалімдерге оқушылардың ым-ишарасын дұрыс түсініп, жүзіндегі құбылысты аңғаруға жақсы екенін алға тартады. Ал бетін никабпен бүркемелеген оқушымен көзбе-көз байланыс орнату қиынырақ. Оның үстіне мектеп әкімшілігі білім ошағына кіріп, шығып жатқан адамдарды өңінен ажырата алуы керек.

Дегенмен мұсылман құндылықтарын басты орынға қоятын мысырлықтардың саны әлі де басым. Никаб тыйымына қарсы тарап министрліктің бұл шешімі кейбір ата-аналарды баласын ұл мен қыз аралас оқитын мектептерден қыздарға ғана арналған мектептерге ауыстыруына итермелейді деген уәж айтады.

Шариғат ережелерін алға тартып, «никаб кию» парыз екеніне сендірушілер де баршылық. Олар бұл тыйымды саясиланған шешім ретінде бағалап отыр.

Үшінші бір тарап білім мекемелеріне никабпен кіргізбеу әйелдер еркіндігі тұрғысынан алғанда «дұрыс бағыттағы қадам» деп бағалайды.

Қалай болғанда да, никаб пен хиджабты кию немесе оған тыйым салу мәселесі Мысыр қоғамында әлі де даулы тақырып. Дін саласына маманданға құқық қорғаушы сарапшылардың бір тобы Конституция дін еркіндігіне кепілдік беретінін айтып, никабты шектеу азаматтық бостандықтарды бұзу екенін мәлімдеді.

Мұсылман әйелдердің қоғамдық орындарда никаб және хиджабта болуына қарсылық білдіру әлемнің көптеген елінде даулы тақырыпқа айналып отыр. Хиджаб кию құқығын сот мінберінен қорғау талпыныстары да тіркелуде. Хиджаб кию амалы Ауғанстан, Сауд Арабиясы, Иран және Йемен сияқты елдерде заңмен міндеттелген. Ал Қазақстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан елдерінде, керісінше, мемлекеттік мекемелерде хиджаб киюге болмайды.