Ведомство мәліметінше, бұл шара бәсекелестікті дамытуға, дәрілік заттардың атауын кеңейтуге және олардың халық үшін қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Нәтижесінде 1 200-ден астам дәрілік заттың бағасы нарықтық тетіктердің негізінде қалыптастырылады. Бағасы төмен дәрілік заттарды мемлекеттік баға реттеуінен шығару нарық қатысушыларына сұраныс пен ұсынысты ескере отырып, бағаны өз бетінше қалыптастыруға мүмкіндік береді.
— Бағаларды кезең-кезеңімен ырықтандыру аясында Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 4 қыркүйектегі № 105 бұйрығымен көтерме және бөлшек саудада өткізу кезінде бағасы реттелуге жататын дәрілік заттар тізбесіне өзгерістер енгізілді. Жаңартылған тізбеге сәйкес, мемлекеттік баға реттеуіне жататын позициялардың саны 3 039-дан 1 827-ге дейін қысқартылды. Осылайша, мемлекеттік реттеу неғұрлым нысаналы сипатқа ие болып, халық үшін қолжетімділігін қосымша қорғауды қажет ететін дәрілік заттарға шоғырландырылады, — деді министрліктен.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі бағаларды мониторингтеу және бақылау тетіктерін, оның ішінде тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесін пайдалану арқылы жетілдіру мәселесін пысықтап жатыр. Цифрлық құралдар дәрілік заттардың қозғалысын қадағалауға және олардың айналымының әртүрлі кезеңдеріндегі нақты бағаларды талдауға мүмкіндік береді.
Дәрілік заттардың белгіленген шекті бөлшек сауда бағасының асып кеткен фактілері анықталған жағдайда DariKZ мобильдік қосымшасы арқылы растайтын материалдарды (тауар чегі мен дәрілік заттың қаптамасын) қоса тіркеп, Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне өтініш жіберуге болады.
Бұған дейін 36 млн теңгенің тегін дәрілері науқастарға жетпей, дәріханадан сатылып кеткенін жазған едік.