81 жыл бұрын (1943) Мұхтар Әуезов қорының президенті, мәдениеттанушы, әдебиет зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Мұхтарұлы ӘУЕЗОВ дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Шығыс тілдері институтын, Әлем әдебиеті институтының аспирантурасын бітірген.
1965-1977 жылдары – КСРО Ғылым академиясы Азия және Африка институтының ғылыми қызметкері, Қазақстан Ғылым академиясы Философия және құқық институтының кіші, аға ғылыми қызметкері. 1977-1980 жылдары – Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі. 1980-1982 жылдары – Қазақстан тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының бөлім меңгерушісі. 1982-1988 жылдары – «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы, көркемдік жетекшісі. 1988-1990 жылдары – Халықаралық «Невада-Семей» қозғалысының вице-президенті. 1990-1992 жылдары – Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Көркем аударма және әдеби байланыстар алқасы бас редакциясының төрағасы. 1992-1995 жылдары – Қазақстанның Қытайдағы Елшісі. 1995-1997 жылдары – Мәдени мәселелерді зерттеу ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі. 1999 жылдан Халықаралық «Сорос» қоры Қазақ бөлімшесінің төрағасы, 2003-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры болған.
«Үлкен жол», «Гүл іспеттес жол», т.б. деректі фильмдердің, «Времен связующая нить», «Иппокрена. Хождение к колодцам времен», т.б. атты кітаптардың авторы.
62 жыл бұрын (1962) Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Алжир, Тунис Республикаларындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Қайырбекұлы ЛАМА ШАРИФ дүниеге келді.
Павлодар облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шығыстану факультетін бітірген (1990). Филолог-арабист, шығыстанушы.
1993 жылдан бастап Дипломатиялық қызметте. 1993 жылы ҚР Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Консулдық басқармасының үшінші хатшысы, 1993-1996 жылдары ҚР Мысыр Араб Республикасындағы Елшілігінің үшінші, кейін екінші хатшысы, 1996-1997 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің Мәдени байланыстар, гуманитарлық ынтымақтастық және ЮНЕСКО істері жөніндегі басқарманың екінші хатшысы, 1997-1998 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің Таяу және Орта Шығыс, Африка басқармасының екінші, кейін бірінші хатшысы, 1998-2002 жылдары ҚР Мысыр Араб Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, кейін Кеңесшісі, 2002-2003 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің Азия, Таяу Шығыс және Африка департаментінің бөлім бастығы, кейін басқарма бастығы, 2003-2004 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің Азия және Африка департаменті директорының орынбасары қызметін атқарған. 2004-2006 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі жанындағы Сыртқы саясат орталығының Бас инспекторы, 2006 жылы ҚР Дубай қаласындағы Бас консулы, 2006 жылдан - ҚР Сауд АрабиядағыТөтенше және Өкілетті Елшісі болып жұмыс атқарған. 2006-2010 жылдары ҚР Ислам Конференциясы Ұйымдағы Тұрақты өкілі, 2008-2010 жылдары ҚР Оман Сұлтанатындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы, 2007 жылғы мамыр айынан бастап Кувейт Мемлекетіндегі және 2009 жылғы наурыз айынан бастап Бахрейн Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы, 2011-2013 жылдары ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы, 2013-2016 жылдары Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті елшісі болды. 2019-2020 жылдары - ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі қызметінде.
Қайрат Лама Шариф «Араб тілінің хрестоматиясы» (2004), «Қазақша-арабша тілашар» (2005), «Қазақстан және әлем елдері» (2005) тағы басқа көптеген кітаптардың авторы.
«Қазақстан Республикасының Ата Заңына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008) және «Ерен еңбегі үшін» (2008), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011) медальдарымен марапатталған.
57 жыл бұрын (1967) Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Мәжитұлы ӘБДІРОВ дүниеге келген.
Қарағанды облысында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1991 жылдан бастады, 1991-2002 жылдары Қарағанды қаласының Совет ауданында тергеуші, содан кейін Қарағанды облысының прокуратурасында тергеу басқармасының бөлім прокуроры, Теміртау қаласы прокурорының орынбасары, Қарағанды қаласы прокуратурасы жедел іздестіру, тергеу және алдын ала анықтау қызметінің заңдылығын қадағалау бөлімінің бастығы, Шет ауданының прокуроры, Қарағанды облысы прокуратурасы мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы қызметін атқарды. 2002-2012 жылдары Бас прокуратураның орталық аппараты, Астана қаласы прокурорының бірінші орынбасары, Бас прокуратураның тергеу және алдын ала анықтау заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы, Алматы қаласының және Шығыс Қазақстан аймақтық көлік прокурорының бірінші орынбасары, Бас прокуратураның мамандандырылған прокурорлар, ұсталған, қамауға алынған және жазасын өтеп жатқан тұлғалардың құқықтарының сақталу заңдылығын қадағалау департаменттерінің бастығы, 2012-2017 жылдары Ақтөбе облысының прокуроры, 2017-2018 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры, 2018-2020 жылдары Түркістан облысының прокуроры лауазымдарын атқарды.
Қазіргі қызметіне 2020 жылдың ақпан айында кірісті. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
55 жыл бұрын (1969) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VІІІ шақырылым депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Самат Базарбайұлы МҰСАБАЕВ дүниеге келді.
Маңғыстау облысы Шайыр селосында туған.
Қызылорда Агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтын бітіріп, «құрылыс инженері» біліктілігін алды. Еңбек жолын 1994 жылы «Өзенмұнайгазқұрылыс» АҚ-да шебер болып бастап, прораб, учаске бастығы, басқарма бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. 2012-2021 жылдары 13 компанияны біріктірген «Корпорация Каспий Строй-Сервис» ЖШС-нің бас директоры қызметін атқарды.
2023 жылдың наурызынан бері қазіргі қызметінде.
«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарымен, ҚР құрылыс, және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің, Маңғыстау облысы әкімінің, қалалар мен аудандар әкімдерінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Қазақстан Республикасының «Құрметті құрылысшы», Маңғыстау облысының «Үздік құрылысшысы» атағын иеленген. «Алтын Ягуар» халықаралық марапатына (бизнестегі мінсіз беделі және қызметтің, тауардың жоғары сапасы үшін) ие болған. 2001 жылы «СМК-4» ЖШС-ін құрып, құрылыс саласында жеке бизнесін бастады.
52 жыл бұрын (1972) «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Таңатқызы КАРИНОВА дүниеге келді.
Көкшетау облысында туған. 1994 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын «қазақ мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша, 2016 жылы Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің магистратурасын «педагогикалық білім» бағыты бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1994 жылы ауыл мектебінің мұғалімі болып бастаған, колледж оқытушысы, мектеп директоры қызметтерін атқарған. 2005–2008 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы білім бөлімінің басшысы, 2009–2012 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары, 2012-2013 жылдары Петропавл қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. 2013-2017 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы, 2017–2018 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры, 2018-2019 жылдары «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы директорының орынбасары қызметін атқарған. 2019-2021 жылдары ҚР Білім және ғылым вице-министрі, 2021-2022 жылы ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі, 2022-2023 жылдары ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі.
2023 жылдың тамызынан бастап қазіргі қызметінде.
51 жыл бұрын (1973) Қазақстан Республикасының Оман Сұлтанатындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхаметәлі НАЖМЕДИН дүниеге келді.
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолы: 1998-2005 жылдары Сауд Арабиясының Қазақстандағы Елшілігінің референт-аудармашысы, 2005 жылы ҚР СІМ Азия мен Африка департаментінің екінші хатшысы, 2005-2010 жылдары Қазақстанның Дубаидағы Бас консулдығының кеңесшісі, 2005-2010 жылдары ҚР СІМ Азия мен Африка департаментінің кеңесшісі, 2011-2012 жылдары Қазақстанның Мысырдағы Елшілігінің кеңесшісі, 2012-2013 жылдары ҚР СІМ Азия мен Африка департаментінің кеңесшісі, Қазақстанның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшілігінің кеңесші-уәкілі қызметін атқарды.
2019 жылдың мамыр айынан бері қазіргі қызметінде.
49 жыл бұрын (1975) Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Кемеңгерұлы ӘМРИН дүниеге келген.
Солтүстік Қазақстан облысында туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін халықаралық құқық мамандығы бойынша (1997), Корнель құқық мектебін құқық магистрі бойынша тәмәмдаған.
Еңбек жолы: 1997 жылы Ақмола облысы бойынша Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықта заңгер-консультант, 1997-2001 жылдары ҚР Әділет министрлігінде бас маман, құқықтық сараптама және заң жобалары жұмыстары басқармасының бастығы, 2001-2003 жылдары ҚР Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестiктi қорғау және шағын бизнестi қолдау жөнiндегi агенттiгi төрағасының орынбасары, 2003-2006 жылдары ҚР Қаржы министрінің орынбасары, 2007-2012 жылдары «Lancaster Invest» АҚ вице-президенті, 2012 жылы ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде жауапты хатшы қызметін атқарды. 2012-2016 жылдары ҚР Бас Прокуроры аппаратының басшысы, 2016-2017 жылдары Астана қаласы әкімінің кеңесшісі, 2017-2019 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары, 2019-2022 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары.
2022 жылдың ақпанынан қазіргі қызметінде.
47 жыл бұрын (1977) Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Қайшыбекұлы МӘДІБЕК дүниеге келді.
1998 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін «ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1998 жылы Жаңатас қаласындағы «Водоканал» кәсіпорнында инженер болып бастаған.
1999-2005 жылдары Сарысу ауданы әкімі аппаратында бас маман, бөлім меңгерушісі, 2005-2006 жылдары Сарысу ауданы Жаңаарық ауылдық округінің әкімі, 2006-2010 жылдары Жамбыл облысы әкімі аппаратында бас инспектор, бөлім меңгерушісі, 2010-2012 жылдары Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2012-2015 жылдары Сарысу ауданының әкімі, 2015-2016 жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары, 2016-2019 жылдары ҚР Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің басшысы, 2019-2020 жылдары Сарысу ауданының әкімі, 2020-2021 жылдары Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарған. 2021-2022 жылдары Талас ауданының әкімі болып жұмыс істеді.
2022 жылғы қыркүйектен бастап – Жамбыл облысы әкімінің орынбасары.
36 жыл бұрын (1988) Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Мейрамбекұлы КӘРІМОВ дүниеге келді.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Қазақ қаржы-экономика академиясын, ҚазМЗУ университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2006 жылы бастаған. ҚР ТЖМ «Есептеу техникасы, телекоммуникациялар, информатика және ситуациялық талдау» РМК, «АйТи-Сервис» ЖШС, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Телекоммуникациялар саласындағы техникалық сүйемелдеу орталығы» РМК, Астана және Семей қалалары әкімінің аппараттарында қызмет еткен. 2012-2016 жылдары ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің (қазіргі ҚР Сауда және интеграция министрлігі) Халықаралық экономикалық интеграцияны реттеу департаментінің директорының орынбасары, басқарма басшысы, бас сарапшысы болып жұмыс істеді. 2016 жылдан бастап ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің құрылымында: 2016-2017 жылдары — Сыртқы байланыстар және хаттама бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2017-2019 жылдары — Сыртқы байланыстар және хаттама бөлімінің меңгерушісі – ҚР Премьер-Министрінің хаттама шефі болып қызмет атқарды. 2019 жылдың сәуір айынан қараша айына дейін ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Сыртқы экономикалық ынтымақтастық және хаттама бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарды. 2019-2022 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары лауазымында. 2022-2023 жылдары Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.
2023 жылдың қыркүйегінен бері қазіргі қызметінде.
35 жыл бұрын (1989) ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Тілектес Серікбайұлы АДАМБЕКОВ дүниеге келді.
Қарағанды облысының Ақтоғай ауылында туған. Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша Тунцзи Университетінде (Шанхай, ҚХР) телекоммуникацияны зерттеді. Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебін бітіріп, мемлекеттік басқару магистрі дәрежесі берілді. Президенттік жастар кадрлық резервінің финалисі.
Еңбек жолын 2015 жылдың қазан айында «Kazakh-Chinese Center of Cooperation «Silk Road» ЖШС бас директоры ретінде бастады. 2016-2017 жылдары «Astana Innovations» АҚ Инвестициялар және әріптестік бойынша басқарушы директоры, 2017 жылы – Astana Invest қалалық инвестицияларды дамыту орталығы бас директорының орынбасары, 2018-2020 жылдары – Eurasia Blockchain Fintech Group Limited жеке компаниясының бас директоры қызметін атқарды. 2020 жылы «Қазпошта» АҚ-да IT инфрақұрылым бойынша атқарушы директор болды.
Қазіргі қызметін 2023 жылдың наурыз айынан бастап атқарып келеді.
115 жыл бұрын (1909-1993) көрнекті әнші, композитор, Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ғарифолла ҚҰРМАНҒАЛИЕВ дүниеге келген.
Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында туған. Ата-анасынан ерте айрылған болашақ әнші немере ағалары Ғұбайдолла мен Хамидолланың қолында тәрбиеленеді. 10 жасынан домбыра тартып, ән сала бастады.
Өзі туып-өскен өңірдің мақтанышы Мұхит Мерәліұлының өнерін бойына сіңіруге ниет қылып, оның туыстары Шынтас пен Шайхыға жолығады, ән үйренеді. Ақтөбе, Орынбор, Атырау, Орал өңірлеріне Мұхит әндерін насихаттайды.
1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының І слетіне қатысып, сол жерде Опера және балет театрына қабылданды. Ол Елемес, Сақан, Жарас, Шеге, Естай, Нарымбет образдарын шебер сомдап, ұлттық операның негізін қалаған көрнекті өнер қайраткерлерінің біріне айналды. Халықтың, әсіресе Мұхиттың әндерін нақышына келтіріп орындауы арқылы бүкіл қазаққа танымал болды. Сондай-ақ өзі де әндер шығарды. Олар: «Ақжайық», «Сүйген жар», «Нұржамал», «Жан еркем», «Аққу», «Сүйемін, туған өлкем», т.б.
Құрманғалиев өнерпаз жастарды баулып, өзінің тамаша мектебін қалыптастырды, сөйтіп ұлттық кәсіби ән өнеріміздің дамуына баға жетпес үлес қосты. Республикалық эстрада студиясында ұстаздық ете жүріп, талантты әншілердің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. 1967 жылдан бастап өмірінің соңына дейін республикалық өнер және цирк студиясында ұстаздық етті.
«Қызыл жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған.
110 жыл бұрын (1914-1995) актриса, Қазақстан және КСРО халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лаураты Сәбира МАЙҚАНОВА дүниеге келген.
Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған. 1932 жылы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының құрамына қабылданды. Шығармашылық жолы осы театрдың тарихымен, өсу жолымен тығыз байланысты.
Театр сахнасында сомдаған тұңғыш рөлі – Б. Майлиннің «Майдан» драмасындағы Алтынай. Бұдан кейін ол замандас құрбыларының сахналық бейнесін жасады. Роза (Д. Рахманқұлов, «Документ»), Зотова (В. Киршон, «Астық»), Рая (М. Әуезов, «Алма бақ»), Гүлжәмила (М. Әуезов, Ә. Тәжібаев, «Ақ қайың»), Любовь Яровая (К. Тренев, осы аттас пьеса), Әлжан (М. Әуезов, «Абай»), Зейнеп (С. Мұқанов, «Шоқан Уәлиханов»), Мақпал (Ғ. Мүсірепов, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу»), Толғанай (Ш. Айтматов, «Ана - Жер-Ана»,), Кесария (О. Иоселиани, «Арбаң аман болсын»), Тхань (И. Куприянов, «Вьетнам жұлдызы») сияқты аяулы аналар образын мүсіндеп, сахна суреткері ретінде танылды.
Актерлік өнері қызуқандылығымен, қарапайымдылығымен әрі тұрмыстық бояуының қанықтығымен ерекшеленді. Майқанова классикалық туындылар бойынша Ж. Фрозина (Мольер, «Сараң»), Мария Антоновна (Н. Гоголь, «Ревизор»), Кабаниха, Галчиха (А. Островский «Найзағай», «Жазықсыз жапа шеккендер»), т.б. рөлдерін ойнады.
1936 және 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. 1954 жылдан киноға түскен: Мақпал («Махаббат дастаны»), Гүлбарша («Қыз бен жігіт»), Торғын («Біз осында тұрамыз»), Дәметкен («Құйма»), т.б.
Жазушы Д.Исабеков актрисаға «Мұрагерлер» драмасын арнаған, осы пьеса бойынша қойылған спектакльде Майқанова 1983 жылы басты рөл – Салиқаны ойнады.
«Еңбек Қызыл Ту» орденімен және медальдармен марапатталған.
102 жыл бұрын (1922-2011) әнші, Қазақстанның (1955) және бұрынғы КСРО халық артисі (1967), Халық қаһарманы (1996) Роза Тәжібайқызы БАҒЛАНОВА дүниеге келген.
Қызылорда облысының Қазалы қаласында 1922 жылы 1 қаңтарда туған. 1941 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген.
Өнер жолын Ташкент филармониясының ән-би ансамблінде әнші болып бастаған. Сол ансамбльмен ІІ дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында өнер көрсетіп, 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысады.
1947-1949 жылдары Қазақ опера және балет театрының, 1949-1960 жылдары Қазақ филармониясының, 1960 жылдан Қазақконцерттің әншісі болып, ұлттық ән өнерін дамытуға зор үлес қосты, ерекше сазды әншілік мектептің қалыптасуына ықпал жасады.
Роза Бағланова – сирек талантты әнші, әлем халықтары әндерін шебер орындаушы. Ол бүкіл Қазақстанда, КСРО-ның бұрынғы республикаларында, шетелдерде болып, Отан, махаббат пен достық, адам мен табиғат туралы әндерді шырқады. Гастрольдік сапарға шығарда Р. Бағланова міндетті түрде сол баратын елінің тіліндегі әнді үйренеді. Бірақ, қазақтың халық әндерін оның орындауда ешкім тең келмейді. Шет ел халықтарының (венгр, өзбек, қырғыз, тәжік, украин, грузин, әзербайжан, корей, қытай, моңғол, орыс, үнді, чех, швед, т.б.) да әндерін нақышына келтіре орындады.
1946 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық эстрада әншілері 2-конкурсының дипломаты, 1949 жылы Бухаресте өткен бүкіл дүниежүзілік Жастар мен студенттердің 2-фестивалінің лауреаты. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы» ордендерімен, «Шапағат» медалімен марапатталған.
Роза Бағланова 2011 жылы қаңтардың 8-інде Алматы қаласында дүниеден өтті. Әншінің орындауындағы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», композитор М. Төлебаевтың ақын өлеңіне жазған «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», С. Мұхамеджановтың «Жарқ етпес қара көңлім не қылса да», «Қиыстырып мақтайсыз» әндері Қазақ радиосы фонотекасында сақтаулы, оның орындауындағы әндер бірнеше рет күйтабаққа жазылып, қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына қосылды.
101 жыл бұрын (1923-2000) актриса, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бикен Ырымқызы РИМОВА дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Алматы театр училищесін бітірген.
1940 жылдан өмірінің соңына дейін М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының труппасында өнер көрсеткен. Актриса театр сахнасында алғаш Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясындағы Мәрзия рөлін ойнаған. Ол Сәуле, Жанар, Дәмеш (Ә. Әбішев «Достық пен махаббат», «Бір семья», «Күншілдік»), Ғани (Т. Ахтанов «Күтпеген кездесу»), Дәметкен (Е. Домбаев «Біздің кластың қыздары»), Еңлік, Мөржан (М. Әуезов «Еңлік-Кебек», «Қарагөз»), Зейнеп (М. Әуезов, С. Соболев «Абай»), Батагөй ана (Ә. Кекілбаев «Абылай хан»), Жаңыл, Жер-Ана (Ш. Айтматов «Аңсаған менің әнімсің», «Ана - Жер ана»), т.б. рөлдерді орындауымен қазақ сахнасында замандастар образын жасауға елеулі үлес қосқан.
Ол ойнайтын рөлінің өзіне тән ой-мінезін, тағдыр талқысын терең ашып, даралық сипат беруді орындаушылық өнерінің басты мақсаты тұтатын өткір мінезді актриса болған. Сонымен қатар «Ана туралы аңыз», «Тамтам үні», «Ұлдың оралуы», «Өжет қыз» фильмдеріне, отандық көп сериялы «Тоғысқан тағдырлар» телефильміне түскен.
«Абай-Әйгерім», «Қос мұңлық» драмалық шығармалардың және «Өнердегі өнегелі өмірлер» атты кітаптың авторы.
Актриса есімі Алматы облыстық қазақ драма театрына берілген. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.