1 мамыр күні елордадағы «Қазақ елі» монументі алаңында халықтық серуен өтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқының бірлігі күніне орай елорда тұрғындары мен қонақтары үшін көптеген мерекелік іс-шара әзірленді. Отандық эстрада жұлдыздары мен елордалық шығармашылық ұжымдардың қатысуымен фестивальдар мен концерттер, спорттық сайыстар, түрлі көрмелер мен жәрмеңкелер азаматтарға мерекелік көңіл-күй сыйлайды.

Басты мерекелік шара дәстүр бойынша «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда өтеді. Бұл туралы Мәдениет басқармасынан хабарлады, деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайтында. «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңдағы мерекелік шаралар 3 сахнада ұйымдастырылады. Сағат 11.00-14.00 аралығында негізгі сахнада шығармашылық ұжымдардың 700 астам әртісі өнер көрсетеді. Мерекелік думанның басты 5 нөмірі ұйымдастырылмақ: «Қазақстан Халқының биі», «Қазақстан дауысы» этно-акапеллалық нөмірі, «Отан даусы осындай», «Қазақстан болашағы» және «Қазақстан халқының бірлігі күні-2014» әнұраны». Шарада жетекші би ұжымдары, атап айтқанда, «Наз» мемлекеттік би театры, Өскемен қаласының «Флэш» шоу-балеті, «Ұшқын» Қарағанды би ансамблі, Шымкент қаласының «Шамсинур» және «Айгөлек» би ансамбльдері, сондай-ақ ТМД мемлекеттерінен «Вайнах» би ансамблі (Шешенстан Республикасы), Омбы би және ән ансамблі, Тбилиси қаласының грузиндік ұлттық хоры, Анкара қаласының түрік ұлттық хоры өз шеберліктерін ортаға салады. Сонымен қатар, концертке шетел мен Қазақстанның жеке аспапта орындаушылары - Зитхер (Германия), Мадан Оак (Үндістан), Чжу (Қытай) және Қорлан Картенбаева (Қазақстан) қатысады. Бағдарлама отандық эстрада жұлдыздарының қатысатын мерекелік концертпен жалғасады. Ал шағын сахнада сағат 10.00-17.00 аралығында елордалық этномәдени бірлестіктер өздерінің концерттік бағдарламаларын көпшілік назарына ұсынады. Бағдарламаға 23 этномәдени бірлестіктен 400-ден астам адам қатысады. Сонымен қатар спорттық сайыстар өткізуге арналған алаңдар орнатылады. Онда арқан тарту, армрестлинг, кір тасын көтеру, тоғызқұмалақ т.б. спорттық жарыстар өтеді, ал 15 сауда орнында азық-түліктердің бөлшек саудасы жүргізіледі. Елордалық мейрамханаларда мерекеге қатысушыларға арнап дастархан жайылады, түрлі ұлыс өкілдерінің ұлттық тағамдары ұсынылады. Астана қаласының басты алаңында өтетін мерекелік шараға 100 000 астам адам қатысады, деп күтілуде.