1 желтоқсан ДҮЙСЕНБІ
Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні. 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде еліміз өзінің тұңғыш Президентін сайлады және осы күннен тәуелсіздік тарихы басталды.
2011 жылғы 14 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, онда 1 желтоқсанда аталып өтілетін жаңа мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін белгілеу көзделген.
ЖИТС-ке (СПИД) қарсы дүниежүзілік күрес күні. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен. 1988 жылы барлық елдердің Денсаулық сақтау министрлері тарихи кездесу өткізді. Тарихи болатын себебі, онда алғаш рет көпшілікті терең толғандырып жүрген ЖИТС ауруы туралы сөз болды. Дәл сол кезден бастап, желтоқсанның 1-і СПИД-ке қарсы күрес күні деп белгіленді.
КСРО-да ең алғашқы ЖИТС-ке шалдыққан науқас 1987 жылы тіркелген. Қазақстанда бұл проблема 1989 жылдан бері айтыла бастап, күрделі мәселенің біріне айналды. Бұл аурудың әзірге емі жоқ.
Елімізде 20 мыңға жуық адамның осы сырқатпен ауыратындығы ресми түрде тіркеліп отыр. «Ғасыр дертінен» Қазақстан Ресей, Украина мен Беларустан кейін төртінші орында тұр. Қатерлі ауру республиканың Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында біршама жоғары деңгейде.
Румыния Республикасының Ұлттық мейрамы - Румыния мен Трансильванияның бірігуі нәтижесінде біріккен румын мемлекеті құрылды (1918).
Қазақстан Республикасы мен Румыния арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы шілденің 15-інде орнатылды.
Исландия мемлекетінің Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1918). Исландия Даниядан тәуелсіздік алды. Бүгінгі таңда қолданыста жүрген Исландия Конституциясы 1944 жылғы маусымның 17-де қабылданған болатын. Ел билігі президент пен екі палаталы парламент - альтингтің қолында. Атқару билігін президент пен парламент алдында есеп беру арқылы президент пен үкімет жүргізеді. Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы мамырдың 6-да орнатылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
8 1 жыл бұрын (1933) Мәскеуде А.М.Горький атындағы Әдебиет институты ашылды.
5 5 жыл бұрын (1959) «Спорт» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Бұл республикалық басылым Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Дене тәрбиесі және спорт жөніндегі комитет пен Кәсіподақтардың Қазақ республикалық кеңесінің органы болатын. Газет екі тілде: қазақ, орыс тілінде шықты. Қазір «Спорт. kz» деп аталады.
54 жыл бұрын (1960) Қарағанды металлургия зауытында кокс батареясы іске қосылып, Қазақстанның тұңғыш коксі алынды.
23 жыл бұрын (1991) Қазақстан Президентін тұңғыш жалпыхалықтық сайлау өтті. Сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көпшілік дауыспен жеңіске жетті.
20 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігі ашылды.
17 жыл бұрын (1997) Алашорда қайраткерлері Әлихан Бөкейхан пен Мұстафа Шоқайға арналған деректі фильм жарық көрді.
15 жыл бұрын (1999) Астанада жаңадан сайланған Қазақстан Парламентінің алғашқы сессиясы ашылды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы болып - О.Әбдікәрімов, Мәжілісінің төрағасы болып Ж.Тұяқбай сайланды.
10 жыл бұрын (2004) Ә.Қастеевтің 100 жылдығына арналған тиындар мен пошта маркалар альбомының тұсаукесер рәсімі өтті.
10 жыл бұрын (2004) Алматыда ресми түрде Манаш Қозыбаев атындағы көше ашылды. Манаш Қозыбаев (1931-2002) - көрнекті қоғам қайраткері, танымал ғалым, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты және Президенттік Бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының лауреаты.
10 жыл бұрын (2004) Қазақстан аумағында жаңа пошта индексі енгізілді. Бұған дейін қазақстандықтар 70-ші жылдары енгізілген кеңестік индексті пайдаланып келген болатын. Жаңа индекс те 6 саннан тұрады, оның 1-ші және 2-шісі облыс коды, 3-ші және 4-шісі аудан коды, ал қалған соңғы екі сан елді мекеннің кодын білдіреді.
8 жыл бұрын (2006) Қазақстанның Ұлттық банкі сатуға екі коллекциялық жаңа шақа шығарды. 500 теңгелік шақалардың құны 5 мың теңге. «Регель қызғалдағы» мен «Дирхем» 925-шы сынамалы күмістен жасалған, салмағы 31,1 грамм, диаметрі - 38,61 мм. Біріншісінің таралымы - 4 мың, екіншісінікі - 5 мың дана. «Регель қызғалдағы» шақасының сыртқы жағында (реверс) үш қызғалдақ бейнеленген. Регель қызғалдағы - сирек кездесетін өсімдік, тек Шу-Іле тауларында ғана өседі. Ал «Дирхемнің» бет жағы мен сыртында көне шақа бейнеленген. Отырар қаласында жүргізілген археологиялық қазбалар кезінде табылған күміс шақа «Дирхем» деп аталған. Ол 16 ғасырда шығарылған.
6 жыл бұрын (2008) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Мемлекеттік наградалар заңдарына өзгерістер енгізді, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын белгіледі.
14 жыл бұрын (2000) Минскіде Президент Н.Ә.Назарбаев қатысқан ТМД мемлекеттері басшыларының саммиті өтті. Мемлекет басшыларының кеңесінде ТМД-ының Терроризмге қарсы орталығының қызметіне қатысты мәселелер талқыланып, Халықаралық терроризмге қарсы күрес бағдарламасы қабылданды. Орталық, оның құрылымы мен оны қаржыландыру туралы ереже бекітілді.
9 жыл бұрын (2005) Алматыда «Қазпоштаның» орталық кеңсесінде және қалалық пошта бөлімінде банкомат пен еліміздің басты пошта мекемесінің терминалы орналастырылды.
Бүгінде банкоматтар пошта қызметінің аудандық басқармасының әрқайсысында орналастырылған. Қазпошта шығарған KazCard ұлттық төлем картасы процессинг орталығымен бірлесіп, ел ішінде қолма-қол емес қаржыны төлеудің тиімді құралы болып табылады. KazCard РНН, СИК, төлқұжат мәліметтері, жүргізуші куәлігінің нөмірі сақталатын, көпсалалы микропроцессоры бар баршаға арналған төлем құралы.
9 жыл бұрын (2005) Қызылордада газ-турбиналық электр стансасы іске қосылды.
Станса қалаға 90 гекокалория жылу берумен қатар қаланы электр қуатымен толықтай қамтамасыз ете алады.
7 жыл бұрын (2007) Ашғабадта Қазақстан Республикасы, Түркіменстан Республикасы және Иран Ислам Республикасы Үкіметтерінің арасында Өзен (Қазақстан) - Қызылқия - Берекет - Этрек (Түркіменстан) - Горган (Иран) жаңа темір жол желісінің құрылысына байланысты Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Қазақстан мен Түркіменстан көлік министрліктері арасында «Өзен - Берекет» жаңа темір жол желісі құрылысының жобасын іске асыруға байланысты Ынтымақтастық туралы меморандумға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркіменстанға сапары барысында қол қойылған болатын. Ал Тегран қаласындағы Саммит кезінде Каспий жағалауы мемлекеттерінің басшылары тарапынан Өзен - Қызылқия - Берекет - Этрек - Горган жаңа темір жол желісі құрылысының жобасын іске асыруға байланысты ынтымақтастық туралы Қазақстан, Түркіменстан және Иран Президенттерінің Бірлескен Декларациясына қол қойылды. Темір жол желісінің ұзындығы - 670 шақырым, соның ішінде Қазақстан бойынша - 130, Түркіменстан бойынша - 470, Иран бойынша - 70 шақырым.
5 жыл бұрын (2009) Елбасы «Айрықша жағдайларда Бірыңғай кедендік тарифтің ставкаларынан ерекшеленетін кедендік әкелу баждарының ставкаларын қолдану шарттары мен тәртібі туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Мемлекет басшысы сонымен қатар «Кедендік одақтың тарифтік преференцияларының бірыңғай жүйесі туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «Тарифтік жеңілдіктер беру туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қол қойды.
5 жыл бұрын (2009) Алматыда Қазақстанның сауда кәсіпорындарының І конгресі болып өтті.
Ұйымдастырушысы - Қазақстан кәсіпкерлері форумының қолдауымен Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі.
Форумда саудадағы инновациялық технологияларға байланысты маңызды мәселелер талқыланды.
4 жыл бұрын (2010) Астанада Тәуелсіздік сарайында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының VII Саммиті өтті.
Саммитке ЕҚЫҰ қатысушы елдері мен әріптестерінің, сондай-ақ ірі халықаралық және аймақтық ұйымдар - БҰҰ, ЕО, ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ және басқаларынан 73 ресми делегация қатысты. Кездесудің нәтижесінде Астана декларациясы қабылданды, Қазақстан Президентінің айтуынша, ол ЕҚЫҰ өмірінде жаңа кезеңді ашады.
ЕСІМДЕР
76 жыл бұрын (1938) жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері ХАСЕНОВ Мәди дүниеге келді.
Ақмола облысының Зеренді ауданында туған. Көкшетау педагогикалық училищесін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын Зеренді ауданындағы «Үлгілі» мектебінде мұғалімдіктен бастаған. 1961 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби қызметкер, кейін «Тың өкілі», «Коммунизм нұры» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болған. Қаламгердің «Алғашқы ән», «Берлинді алған батырлар», «Тұлпардың дүбірі», «Нартәуекел», «Қайсар», «Тың тарландары», «Қазақстан», «Қайнар бұлақ» атты әңгіме, очерк, повесть, романдары жарық көрген.
«Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.
6 5 жыл бұрын (1949) Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі МЕЙРАМОВА Жұмагүл Өмірзаққызы дүниеге келді. Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Алматы өнер институтын (Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) бітірген. 1972 жылдан М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының әртісі. 1996 жылдан - Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы. Театр сахнасында Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты» спектаклінде Ақтоқты, С.Мұқановтың «Шоқан Уалихановында» Катерина, М.Әуезовтың «Айман - Шолпанында» Айман, Б.Римованың «Абай - Әйгерімінде» Тоғжан, Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күнінде» Зәрипа, И.Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма» спектаклінде Әйгерім рөлдерін ойнады.
4 5 жыл бұрын (1969) спорт шебері, Азия чемпионы, Қазақстан Республикасының тоғызқұмалақтан мемлекеттік жаттықтырушысы ЖАҚЫПБАЕВА Айнұр Әбсадыққызы дүниеге келді. Қызылорда облысында туған. Тоғызқұмалақтан, дзюдо күресінен спорт шебері. Тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының - төрт, Қырғызстанның бес дүркін чемпионы болған. Дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының чемпионы.
12 9 жыл бұрын (1885-1949) геолог, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі, Қазақ КСР-і еңбек сіңірген ғылым қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты КАССИН Николай Григорьевич дүниеге келді.
Ресей Федерациясында туған. Петербор тау-кен институтын бітірген.
1913-1917 жылдары - Қазақстандағы геологиялық партиялардың геологы, коллекторы. 1917-1935 жылдары - Қазақ КСР Геологиялық комитетінің геологы, аға геологы. 1935-1941 жылдары - Орталық Қазақстан ғылыми-зерттеу және геологиялық іздестру институтының сектор меңгерушісі, аға геологы. 1941-1942 жылдары - Қазақ геологиялық басқармасының Қазақстан геологиясы бойынша консультанты. 1942-1949 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Геология академиясы институтының аға ғылыми қызметкері, консультанты қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстан жерінің геологиялық құрылымын зерттеуге, оның шикізат қорын игеруге арналған. Ол петрография, стратиграфия, геотектоника, металлогения, геоморфология, гидрогеология саласында жұмыс істеп, минералогия және палеонтологиямен де шұғылданған. Қазақстанның геологиялық картасын тұңғыш жасаушылардың бірі, сондай-ақ, Рамазан Борукаевпен бірге Бозшакөл мыс кенін тұңғыш ашқан. «Медные месторождения Северо-Восточного Казахстана» (бірлесіп шығарған), «Вулканизм Казахстана», «Металлогенические процессы Казахстана в связи с его структурой и вулканизмом», «Основные проблемы геологии Казахстана», «Материалы по палеографии Казахстана», «Развитие геологических структур Казахстана» атты еңбектері жарық көрген.
1-дәрежелі Отан соғысы, 2 мәрте Ленин ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
10 9 жыл бұрын (1905-1996) саяси және қоғам қайраткері АХМЕТОВ Сағынтай дүниеге келді.
Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Петропавл орыс педагогикалық техникумын, Қоғамдық ғылым оқытушылары коммунистік университетін бітірген.
1943-1946 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті секторының меңгерушісі, насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары. 1946-1953 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Өнер істері жөніндегі басқармасының бастығы. 1953-1955 жылдары - Қазақ КСР Мәдениет министрлігі Өнер істері жөніндегі басқармасының бастығы. 1955-1958 жылдары - Батыс Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1958-1970 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Іс басқармасының бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1970 жылдан зейнет демалысына шыққан.
«Огромная сила» атты кітаптың авторы.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 2-, 3-шақырылымдарының депутаты.
Еңбек Қызыл Ту, екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Құрмет грамотасымен марапатталған.
4 9 жыл бұрын (1965) ҚР Қорғаныс министрлігінің «Қазарнайыэкспорт» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры ҚҰРМАНҒАЛИЕВ Әсет Қабиұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысы Бұхар Жырау ауданында туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.
1990-1993 жылдары Қарағанды қаласындағы халық шаруашылығы саласында жұмыс істеген. 1993-1998 жылдары - жеке кәсіпорында заңгер, Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабы бөлімінің бас маманы. 1998-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Орталық Әкімшілігінде әскери қызметте әртүрлі лауазымды қызметтер атқарып, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Заң департаментінің бастығына дейін өскен. 2008-2009 жылдары - «Нұр Отан» ХДП Орталық әкімшілігі жетекшісінің орынбасары - Заң басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Нұр Отан» ХДП фракциясы әкімшілігінің жетекшісі. 2009-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әкімшілігінің жетекшісі - Қорғаныс министрлігі коллегиясы хатшысының қызметтерін атқарған. 22010-2011 - ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары. 2011 жылдан - қазіргі қызметінде.
5 8 жыл бұрын (1956) «Цесна-Астақ» концерні» ЖШС басқарма төрағасы МЕЩЕРЯКОВ Николай Ильич дүниеге келді.
Ақмола облысында туған. Челябі политехникалық институтын бітірген, инженер-механик.
1981-1989 жылдары - «Целиноградтяжстрой» тресінің инженері, комсомол комитетінің хатшысы, кәсіподақ комитетінің төрағасы. 1989-1991 жылдары - «Цесна» коммерциялық орталығы директорының орынбасары. 1991-1992 жылдары - «Цесна» коммерциялық орталығында бөлім бастығы, бас директордың орынбасары, «Цеснабанк» басқарма төрағасы, «Цеснабанк» АБ байқаушылар кеңесінің төрағасы, «Цеснабанк» ААҚ директорлар кеңесінің төрағасы. 1992-1999 жылдары - «Цесна» корпорациясының вице-президенті, бас директоры, бірінші вице-президенті, басқарма төрағасының бірінші орынбасары.
1999 жылдан қазіргі қызметінде. «Құрмет» орденімен, «Астана», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен, «Цесна» алтын белгісімен марапатталған.
15 7 жыл бұрын (1867-1946) поляк мемлекеттік қайраткері, 1926-1939 жылдардағы Польша президенті, ғалым-химик, өнертапқыш, польша химия өнеркәсібін құрушылардың бірі МОСЦИЦКИЙ Игнаций дүниеге келді.
8 5 жыл бұрын (1929) Албанияның 4-ші президенті (2002-2007) Альфред СПИРО МОЙСЮ дүниеге келді.
7 7 жыл бұрын (1937) Латвия Республикасының 1999-2007 жылдардағы президенті ВИКЕ-ФРЕЙБЕРГА Вайра Карловна дүниеге келді.
5 8 жыл бұрын (1956) кеңестік және ресейлік эстрада, цирк және кино әртісі, иллюзионист Амаяк АКОПЯНдүниеге келді.
6 9 жыл бұрын (1945) ресей актері, сөйлеу жанрының әртісі, Ресей халық әртісі ХАЗАНОВ Геннадий Викторович дүниеге келді.