«Тұрғын үй құрылысында үлестік қатысу туралы жаңа заң 2016 жылдың 10 қазанынан бастап күшіне енеді. Аталған заңнама алақол құрылысшылардан тазартуға мүмкіндік береді»,-деді Досқұлов елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Осы ретте ол заңнамаға сәйкес, үлескерлер қаржысын тартудың үш тәсілі бар екенін айтып, түсіндірді.
«Біріншісі - Кепілдендіру қорынан кепілдік алған кезде үлескерлер қаржысын тарту мүмкіндігі. Екіншісі - екінші деңгейлі банктердің қатысуын ескере отырып, жергілікті атқару органының рұқсатын алғанда. Үшінші әдісте нысанның қаңқасын тұрғызған кезде және жергілікті атқару органының рұқсатын алған уақытта мүмкіндік туады»,-деді басқарма басшысының орынбасары.
Барлық үш тәсілде де құрылысшы өкілетті компанияны құрып, талаптарға сай жұмыс істеуі тиіс.
«Атап айтқанда, жер телімі, мемлекеттік сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамасы болуы керек. Онда тұрғын үй нысандары құрылысына шығындардың сметасы мен барлық инженерлік коммуникацияларды қосудың щаралары ескерілуі тиіс. Осы талаптар орындалғанда құрылысшылар үлескерлер қаржысын тартуға құқылы»,-деді ол.
Заңнамадағы жаңашылдықтар бірінші санаттағы құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензиялар алу кезінде талаптарды қатайтуға және баспана құрылысын бақылауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек ол үлестік құрылыс бойынша шарттарды бекіту рәсімдерін түсіндірді.
«Жаңа заң аясында жергілікті атқару органында келісім тіркелген сәттен бастап үлестік қатысудың аталған шарты бекітілген болып есептеледі. Сәйкесінше, әкімдік үлескерлер саны мен нысандар жағдайы бойынша мониторинг жүргізеді»,-деді Досқұлов.
Ал, екінші деңгейлі банктерге қатысты тоқталсақ, олар құрылыс барысы мен қаржыны жұмсау қадамдарын қадағалайды. Кепілдендіру қоры тарапынан да барлық үдеріс толықтай бақыланатын болады.
Бүгінде Астанада 200-ге жуық тұрғын үй кешендері салынуда. Оның ішінде 30-дан астамы проблемалы нысандар бар. 20 нысан құрылыс кестесінен қалыс келе жатқандықтан, жергілікті атқару органдардың бақылауында тұр.