10 мыңға жуық ота жасаған маммолог-дәрігер: Біздің жұмыста жауапкершілік жүгі ауыр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемендік маммолог-дәрігер Темірхан Мұқажанов 50 жылға жуық ғұмырында онкологиялық аурулардың алдын алып, ауыр жарақаттанған адамдарға талай шұғыл ота жасаған. Kazinform тілшісі Медицина қызметкері күніне орай оны әңгімеге тартып көрді.

Фото: Темірхан Мұқажановың жеке мұрағатынан

— Әңгімеміздің әлқиссасын туып-өскен жеріңізден бастасақ… 

— Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында баяғыда Қарақас деген ауыл болған. Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын Өскемен су электр станциясы салынып бітуіне байланысты Ертістің суы молайып, Қарақас ауылына қауіп төнді. Ертістің деңгейі көтеріліп, ауылымызды су баса бастады да, балық зауыты жабылып, тұрғындар жан-жаққа көшті. Әкем сол кезде Қарақастағы балық зауыты директорының орынбасары болып істейтін. 1958 жылдың жазында Жалаңаш ауылындағы «Барход» балық учаскелік бөлімшесінің бастығы болып тағайындалып, сонда қоныс аудардық.

Үйіміз көлге жақын орналасқандықтан дауыл соқса бөлмелерді асау толқын шайып кететін. Бұл жақ та қолайсыз еді. Ал келесі жылдың көктемінде әкем жаңа жұмысқа орналасып, отбасымызбен Ақсуат ауылына атбасын тіредік. Ол жақта дайын үй болмағандықтан жанұямыз «Тамаша» театрының белгілі актері Уайс Сұлтанғазыұлының Қабдыкәрім деген ағасының шаңырағына аялдады. Қарақастан Ақсуатқа көшіп, алғаш танысқан замандасымның бірі — театрда талантымен танылған Уайс болатын.

— Алғаш қай оқу орнына түстіңіз және еңбек жолыңыз қай жерден басталды?

— 1972 жылы Семейдегі медицина институтын бітірген соң Өскемендегі облыстық ауруханада бір жылдай интернатурадан өтіп, одан кейін Үлкен Нарын ауылында хирург болып жұмыс істедім. Құдай қосқан қосағым, акушер-гинеколог Лидиямен үш жылға жуық жеңіл жарақаттардан бастап, күрделі оталарды да жасадық. Тәжірибем де біршама жинақталды. Жеті жылға жуық оқып, еңбек жолым осы Үлкен Нарын ауылынан басталды. Жұбайыммен осы жаққа келмей тұрып, көңіл жарастырған едік.

— Аудандарда еңбек ете жүріп, Өскеменге қашан орнықтыңыз?

— Үлкен Нарыннан соң, Ұлан ауданында жұмыс істегенім бар. Аудандарда қызмет еткен сол бас-аяғы сегіз жылда көптеген науқас пен әріптесімнің сенімін арқаладым. Біздің жұмыста жауапкершілік жүгі ауыр. Содан соң 1981 жылы Өскемендегі облыстық онкологиялық диспансерге хирург болып орналастым.

Фото: Темірхан Мұқажановтың жеке мұрағатынан

— Науқастар көбінесе қандай сырқатпен келді?

— Жұмыс ағысына ілесіп, бейімделіп кету оңайға соқпады. Асқазан, ішек, бүйрек ауруларының барлығына, тері, омырау бездеріндегі ісіктер мен өзге де асқынған онкологиялық сырқаттарды емдеп, күрделі оталар жасау қажет болды.

— Қызмет жолыңызда қанша ота жасағаныңыз есіңізде ме?

— Қарбалас қызмет барысында жоғары дәрежелі хирург, онколог-дәрігер ретінде тер төктік. Топшылап айтсам, 10 мыңға жуық ота жасаппын. 1987 жылы Өскеменде онкологиялық ауруға шалдыққандар саны күрт артып, ал материалдық база тұрғысында республика көлемінде өңірдегі жағдай нашарлап кетті. Кейін біртіндеп біліктілігі жоғары дәрігерлер мен көмекшілер көбейіп, жұмыс жаңа деңгейге өтті. Өскеменнің түкпір-түкпірінен бөлімдер ашыла бастады. Терапевт корпусы, Серікбаев көшесіндегі емхананың екі қабаты, іш құрылысын, өкпе ауруларын емдейтін онко-гинекологиялық бөлімшелер ашылды. Маңызды жайттардың бірі, 40 төсек-орынға жабдықталған маммология мен ауруы 4-ші деңгейлі сырқаттарға арналған бөлімшелер де жұмысын бірден бастады.

— 10 мыңға тарта ота жасадым дедіңіз. Есіңізде ерекше қалған бір оқиғамен бөліссеңіз…

— Бірде Ұлан ауданының Бозанбай ауылында ымырт үйірілген шақта ауруханаға жедел шақыртты. Асыға жеткенде үш жасар балғынның өлім мен өмір арасында жатқанын көрдім. Ата-анасынан сұрастырсам: «Ойнап отырған баламыз Газ 53 көлігінің астында қалып қойды» деді. Көлік баланың ішін басып өткен. Жедел операцияны бастадық. Шиеттей баланың көк бауыры жарылып, ішіне қан толып кетіпті. Оны тоқтату үшін езіліп кеткен көк бауырды алып тастауға тура келді. Газ 53 автокөлігі таптап өткенде кеудесі жарылып, өзге іш құрылысы жарыққа кіріп кеткен. Періштесі қақты ма, әйтеуір, бар білгенімізді салып өмірін арашалап қалдық.

— Еңбегіңіз үшін қандай да бір марапаттар алдыңыз ба?

— Қауымдастырылған профессор, жоғары дәрежелі маммолог атақтары мен «Медицина үздігі» төсбелгісін алдым. Жұбайым Лидия Габдулвахитқызы жоғары дәрежелі акушер-гинеколог, санолог.

Фото: Темірхан Мұқажановтың жеке мұрағатынан

— Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет! Мереке құтты болсын!

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда дәрігер тапшылығы 20 пайызға азайғаны хабарланған.