ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
8 2 жыл бұрын (1932) Ақтөбе облысы құрылды. Оның құрамына Орынбор, Қостанай, Қызылорда облыстарының бірқатар аудандары кірді. Ақтөбе облысы теңдессіз минералды-шикізат базасын иеленіп жатыр. Облыс аумағында Қазақстанның көмірсутекті шикізатының (мұнай, газ және газ конденсаты) 10 % барланған қоры және болжамды ресурстарының 30 %, сондай-ақ, республикадағы жалпы қордан отандық хромның барлық қоры, никель - 55 %, титан - 40 %, фосфор - 34 %, мырыш - 4,7 %, мыс - 3,6 %, алюминий - 2 %, көмірдің - 1,4 % жинақталған. Облыс орталығы - Ақтөбе қаласы.
7 2 жыл бұрын (1942) Қазақ академиялық драма театры сахнасында Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері - Ақтоқты» трагедиясы алғаш рет қойылды. Премьера қазақ сахна өнеріндегі биік белес болып бағаланды. Ақан рөлін - Ш.Айманов, Ақтоқты - Ш.Жандарбекова, Науан хазірет - Қ.Бадыров, Жалмұқан - Е.Өмірзақов, Қоңқай - С.Қожамқұлов, Мылқау балуанды - Қ.Қуанышбаев ойнады. Бостандық пен әділет, махаббат пен өнер еркіндігі үшін күресті суреттейтін «Ақан сері - Ақтоқты» трагедиясы 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде көрсетілу үшін «Ақын трагедиясы» деген атпен қайта қойылған. Аталмыш пьеса әр жылдары астаналық, облыстық, халық театрларының сахналарында сан мәрте қайталанып қойылып келеді.
9 жыл бұрын (2005) Петропавлда халықаралық мамандандырылған «Агротехнологиялар. Астық және жемшөп - 2005» атты көрме өтті. Қазақстаннан, Ресейден және алыс шет елдерінен келген 30-дан астам фирмалар элеватор технологиясы мен жаңа жабдықтарды, астық қоймаларын, диірменді, астық индустриясының және құрама жем индустриясының, ауыл шаруашылық техникасын және бақтың құрал саймандарын ұсынатын өз жобаларын көрсетті.
Халықаралық көрменің ұйымдастырушылары - Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі, Қазақстанның фермерлер одағы, Петропавл қаласының «Бастау» Экспо-орталығы және Ресейдің Новосібір қаласының «Алекс» компаниясы.
9 жыл бұрын (2005) Қарағанды қаласындағы Фестивальный көшесіне Қазақ ССР құрметті кеншісі Оразалы Шәкіровтің есімі берілді.
Кеңес Одағы кезеңінде Оразалы Шәкіров (1930-2002) он жылдай Қарағанды облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
5 жыл бұрын (2009) Павлодар қаласында Павел Васильевтің үй-мұражайы қуғын-сүргінге ұшыраған ақынға арналған «Страшный суд» атты кітабын бандероль арқылы Ұлы Новгородтан алды. Оның авторы Александр Ионов еуразиялық әдебиетші шығармашылығына құмартып, өз қаласында Васильев поэзиясын насихаттайтын әуесқойлар клубын құрды.
Павел Васильев (1909-1937) - ақын, жазушы. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында туған. Алғашқы өлеңдерін 1926-1927 жылдары Владивосток газеттерінде жариялады. 1936 жылы КСРО экрандарында Павел Васильев басты кейіпкердегі - «тыңшы», «диверсант» және «халық жауы» болған «Партиялық билет» атты фильмі шыққан. 1937 жылы шілденің 15-інде «террорлық топқа» қатысы бар деген айып тағылып атылуға бұйырылды.
Павел Васильев өмірімен және шығармашылығымен екі мәдениет пен екі халықты - қазақ пен орыс халықтарын ұштастыра білді.
4 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысының ресми сайтында «Бизнесті Президенттік қорғау» деген арнайы бөлім ашылды.
Сайттың бұл бөлімі Қазақстан кәсіпкерлерінің олардың заңды құқықтары мен мүдделеріне тексеруші, бақылаушы және құқық қорғау органдары тарапынан қысымшылықтың нақты көріністері бойынша Мемлекет басшысына тікелей жүгінуге арналған.
Президенттік сайттың осы бөліміне түскен әрбір осындай хабарлама бойынша Президент Әкімшілігінің ерекше бақылауымен ресми тексерулер жүргізіледі.
4 жыл бұрын (2010) Астанада «Бүгінгі отаншылдық: жеңістің мерейтойына» атты кітаптың таныстырылымы өтті.
Қазақстанның ақпараттық саясаты институты шығарып отырған оқу-әдістемелік құралын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор Ләйлә Ахметова бастаған шығармашылық топ құрастырған.
Кітапта 1941-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыс тарихына қатысты эксклюзивті материалдар, қазіргі күнгі отаншылдық мәселелері бойынша әлеуметтік зерттеулердің қорытындылары, соғыс барысына қазіргі заманғы көзқарас берілген. Сонымен қатар соғыс жылдары Қазақстанға басшылық жасаған Николай Скворцов пен Жұмабай Шаяхметов туралы материалдар да қоса жарияланып отыр. Алғашқы бөлімде мамырдың 9-ын мерекелеуге орай БАҚ-тарда жарияланған мақалалар топтастырылса, соңғы бөлімде отаншылдық тақырыбын қамтыған мақалдар, қанатты сөздер берілген.
Соғыс жылдары 26 миллионнан астам кеңес азаматы қаза тапқан. Неміс басқыншылары 1710 қала мен қала типтес елді мекенді, 70 мыңнан астам ауылды, 98 мыңнан астам ұжымшарды, 1786 кеңшарды, 6 миллионнан астам ғимаратты жермен-жексен етіп, 32 мыңнан астам кәсіпорынды қиратқан. Жалпы Кеңес Одағы 30 пайыздан астам ұлттық байлығынан айырылған.
4 жыл бұрын (2010) Семейдің Жаңа тарихты құжаттандыру орталығының қызметкерлері Әзілхан Нұршайықовтың (1922-2011) осыдан 60 жылдай бұрын майданнан жазылған бірегей хатын тапты.
Мұрағаттан хабарлағандай, өлеңмен жазылған хат «Майданнан жазылған хаттар» құжаттар топтамасынан табылып отыр. «Бірегей және құнды хатты біздің жерлесіміз, жазушы, соғыс ардагері Әзілхан Нұршайықов 1944 жылы Беларус майданында шайқасып жүрген жылдары Жарма аудандық газетіндегі әріптестеріне жолдаған. Өлеңмен жазылған хатын ол «Біз Берлинге барамыз!» деп атаған.
Аудандық газет қызметкерлері сақтауға тапсырған бұл құнды мұра кеңес дәуірінің тұсында ұзақ жылдар бойы Жарма аудандық мұрағатында сақталып келген, кейіннен ол Семейдің Жаңа тарихты құжаттандыру орталығына келіп түскен.
4 жыл бұрын (2010) Қазақстан Елшілігі Душанбеде Тәжікстанның Жазушылар одағымен бірлесе отырып, Қазақстан мен Тәжікстанның мәдени және әдеби байланыстарына арналған «Памир» журналының таныстырылымын өткізді
Жиналған қауымның назарына Қазақстанның танымал ақын-жазушыларының туындыларының үзінділері, өлеңдері мен көркемсөздері таныстырылды.
Тұсаукесер рәсімінде Тәжікстанның шығармашылық ұйымының орындауындағы әдеби және музыкалық шығармалар шырқалды, және Қазақстанның мәдениеті туралы фотокөрме ұйымдастырылды.
ЕСІМДЕР
9 1 жыл бұрын (1923-1988) кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ұлы Отан соғысының ардагері ҚОЖЫҚОВ Сұлтанахмет Қоңырқожаұлы дүниеге келді.
Тараз қаласында туған. Соғыстан оралғаннан кейін мерзімді басылымдарда карикатуралары мен саяси тақырыптағы суреттерін жариялай бастаған. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссерлік факультетін бітірген соң, 1952 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында режиссер, көркемдік жетекші болып істеген. 1955 жылы өзінің сценарийі бойынша, жас ұрпақ тәрбиесі мәселесін қозғайтын «Ана мен бала» атты тұңғыш көркем фильмін түсірген. Тарихи және заманауи тақырыптарда «Біз Жетісуданбыз», «Егер біздің әрқайсымыз», «Шыңдағы шынар» фильмдерін, 1970 жылы өзінің басты жұмысы - «Қыз Жібек» фильмін қойған. 1985 жылы Қажымұқан жайлы «Бізді танып қойыңдар» көркем фильмін түсірген.
«Қызыл Жұлдыз» орденімен және медальдармен марапатталған.
8 5 жыл бұрын (1929-1994) құқық қорғау жүйесін ұйымдастырушы, заң ғылымының кандидаты, 1-ші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері, КСРО Прокуратурасының құрметті қызметкері ЕЛЕМЕСОВ Ғалымжан Бажимұлы дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында туған. Алматы мемлекеттік заң институтын бітірген. 1953-1972 жылдары Республиканың прокуратура органдарында жауапты қызметтерде болған. 1972-1990 жылдары Қазақ КСР Прокуратурасының бөлім бастығы, КСРО Жоғарғы сотының мүшесі, Қазақ КСР Жоғарғы сотының төрағасы, Қазақ КСР-нің прокуроры қызметтерін атқарған. 1990-1994 жылдары Көкшетау облысы (қазіргі Ақмола) Бурабай табиғатты қорғау поркуроры болған. Ол сот жүйесі мен прокуратура органдарының жұмыстарын жетілдіруге үлес қосқан, ғылыми жұмыстармен айналысқан. Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің 10, 11-ші шақырылым депутаты болып сайланған.
«Халықтар достығы» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
80 жыл бұрын (1934-1998) жазушы, филология ғылымының кандидаты ТІЛЕГЕНОВ Бекежан дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын «Лениншіл жас» республикалық газетінен бастаған. 1965 жылы партиялық жұмысқа ауысып, Алматы қалалық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің нұсқаушысы болып қызмет атқарған. Одан кейін бірер жыл Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болған. 1969 жылдан Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінде нұсқаушы, әдебиет секторының меңгерушісі қызметін атқарған. 1975-1996 жылдары - «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақстан Республикасы Тіл комитетінің бөлім бастығы.
Оның «Таң нұры», «Көктем де ызғарлы», «Аққайнар», «Олар жазда кездесті», «Уақыт», «Атамекен», «Қара жел», «Тұйық өмірдің құпиясы», «Тауқымет», «Сексен алтыншы жыл», «Өмір-өзен», «Әдебиет - менің Отаным!», «Қас пен көздің арасында», т.б. шығармалары бар.
«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
7 8 жыл бұрын (1936-2004) Қазақстанның саяси және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Төтенше және Өкілетті Елші АСАНБАЕВ Ерік Мағзұмұлы дүниеге келді.
Қостанай облысының Амангелді ауданында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), КСРО Ғылым және техника жөніндегі меммлекеттік комитеті жанындағы Халық шаруашылығын басқару институтын, Мәскеу қаржы инстититуының аспирантурасын бітірген.
1958-1959 жылдары - Қазақ КСР Қаржы министрлігінің экономисі. 1959-1960 жылдары - С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің оқытушысы. 1960-1963 жылдары - Мәскеу қаржы инстититутының аспиранты. 1964-1967 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Жоспарлау және нормативтік ғылыми-зерттеу экономикалық институтының бөлім меңгерушісі. 1967-1973 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің бөлім бастығы. 1973-1975 жылдары - Қазақ КСР Қаржы министрінің орынбасары. 1975-1979 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің бөлім меңгерушісі, іс басқарушысының орынбасары. 1979-1983 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті сауда, жоспарлау және қаржы органдары бөлімінің, сауда және тұрмыстық қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі. 1983-1986 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі іс басқарушысының орынбасары. 1986-1988 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті ғылым және оқу орындары бөлімінің, экономика бөлімінің меңгерушісі. 1988-1989 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары. 1989-1990 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті інің хатшысы - Әлеуметтік-эконмикалық даму мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы. 1990-1991 жылдары - Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы. 1991-1996 жылдары - Қазақ КСР-інің вице-президенті. 1996-2000 жылдары - Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2000 жылдан зейнет демалысына шыққан.
«Құрмет белгісі», «Отан», екінші дәрежелі «Барыс» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
6 9 жыл бұрын (1945) актер, Қазақстан Республикасының халық әртісі ТАСТАНБЕКОВ Құман Нұрмағанұлы дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Алматы мемлекеттік өнер институтын (Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) бітірген.
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері. Оның алғаш ойнаған рөлі - «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген. Бұдан кейін «Махамбет», «Ағам менің», «Ерекше күн», «Аққулар ұшып келеді», «Махаббат жаңғырығы», «Ағама арналған қалыңдық», «Қараша қаздар қайтқанда», «Провинциялық хикая», «Алаң шеті», «Өрнек» фильмдеріне түсті.
Театр сахнасында Қасым, Құлбек (Ш.Айтматов «Ана - Жер-ана» мен «Ақ кемесі»), Әлібек, Нарша, Абыз, (М.Әуезов «Айман - Шолпан», «Қарагөз», «Еңлік - Кебек»), Тәңірберген (Ә.Нұрпейісов «Қан мен тер»), Жан (О.Бөкеев «Құлыным менің»), Айдар (М.Әуезов пен Л.Соболев «Абай»), Маздақ (М.Шаханов «Сенім патшалығы»), Орест (Л.Дюрко «Электра, сүйіктім менің»), Флоридор (Ф.Эрве «Түлкі Бикеш»), Фархад (Назым Хикмет «Фархад - Шырын») секілді әр алуан рөлдерді орындап, қызғылықты мінез-кейіптер жасады.
«Құрмет» орденімен марапатталған. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері.
6 7 жыл бұрын (1947) ТҮРКІСОЙ бас директоры ҚАСЕЙІНОВ Дүйсен Қорабайұлы дүниеге келді.
Құрманғазы атындағы мемлекеттік өнер институтын бітірген. Еңбек жолын Қазақ радиосы мен телевизиясы камералық оркестірінің әртісі болып бастады. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының аға оқытушысы, Мехико филармониясы оркестінің әртісі, Алматы мемлекеттік консерваториясы доцентінің міндетін атқарушы, скрипка кафедрасының меңгерушісі болды. 1984-1987 жж. - Қазақстан Компартиясы ОК нұсқаушысы. 1987-1997 - Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының ректоры. 1997-2002 жж. - ҚР білім және мәдениет министрлігінде мәдениет департаментінің директоры, Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінде мәдениет комитетінің төрағасы, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде мәдениет комитетінің төрағасы, вице-министр. 2002-2003 жылдары - «Дегдар» гуманитарлық қорының президенті. 2003-2004 жылдары - ҚР Мәдениет министрі. 2004-2008 жылдары ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі
2008 жылдан бастап ТҮРКІСОЙ-дың бас директоры. Профессор. Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер, «Тарлан» сыйлығымен марапатталған. «Құрмет», «Парасат», Ресейдің «Достық», Польшаның «Поляк мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін» ордендерімен, медальдармен марпатталған.
61 жыл бұрын (1953) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі, техника ғылымының кандидаты КУБАЙЧУК Юрий Алексеевич дүниеге келді.
Қарағанды қаласында туған. Қарағанды политехникалық институтын бітірген. 1975-1993 жылдары - «Майқұдық» шақтасының кен шебері, телім бастығының орынбасары, бастығы, директордың орынбасары, бас инженері. 1993-1994 жылдары - «Қарағанды» шахтасының директоры. 1994-1996 жылдары - «Солтүстік», «Майқұдық» және «Қарағанды» біріккен шахталарының бас инженері. 1996-1997 жылдары - Қарағанды облысы әкімі жанындағы «Қызметтік ғимараттар және құрылыс дирекциясы» мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары, «Қазақмыс» корпорациясының Қарағанды қаласындағы өкілдігінің жетекшісі. 1997-1998 жылдары - «Борлы» ашық үлгідегі акционерлік қоғамы сенімді басқарушысының орынбасары, бас директоры міндетін атқарушы. 1998-2000 жылдары - «Қазақмыс» корпорациясы» ашық акционерлік қоғамы филиалының жанармай-энергетика кешенінің бас директоры. 2000-2002 жылдары «Қазақмыс» корпорациясы» ашық акционерлік қоғамының Қарағанды қаласындағы және Қарағанды облысындағы бас өкілі, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болған. 2002 жылы Қарағанды облысынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына депутат болып сайланған.
«Құрмет» орденімен, ТМД ПАА «Достастық» орденімен, бес медальмен марапатталған.
50 жыл бұрын (1964-1986) 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбаны СЫПАТАЕВ Ербол Мұқажанұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Панфилов ауданында туған. 1985 жылы Алматыдағы энергетика институтына оқуға түсті. 1986 жылдың желтоқсанның 17-18-інде болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісіне белсене қатысты. Желтоқсанның 18-і күні ауыр жараланып ауруханаға түсіп, сонда қайтыс болды. Мәйітін ауылына Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері арнайы қарауылдап жеткізді. Қазақстан тәуелсіздік алған соң ғана Сыпатаев жөніндегі шындық айтыла бастады. Ол туралы баспасөз беттерінде, Желтоқсан көтерілісіне байланысты жарық көрген жинақтар мен кітаптарда жазылды. Жаркент қаласындағы бір көшеге, ауылындағы оқыған мектебіне Сыпатаевтың есімі берілді. 1999 жылы қабірінің басына ескерткіш-белгі орнатылды.
15 6 жыл бұрын (1858-1954) жапон кәсіпкері Микимото КОКИТИ дүниеге келді.
7 8 жыл бұрын (1936) ФИФА президенті Йозеф «Зепп» Блаттер дүниеге келді.
7 4 жыл бұрын (1940) американдық киноактер, жекпе-жек өнерінің шебері Чак НОРРИС (кіші Карлос Рей Норрис) дүниеге келді.