Елбасының өзі осыған ерекше көңіл аударып, алдағы уақытта фармацевтика өндірісін дамыту мақсатында ішкі сұраныстың 50 пайызын отандық дәрі-дәрмек өндірушілер есебінен қамтамасыз етуге тапсырма да берген-ді. Президент, сонымен қатар, сырттан сатып алынатын дәрі-дәрмектердің сапасына қатаң бақылау болуы тиістігін де қадап айтқан. Дәрі-дәрмекке қатысты ішкі сұраныстың 50 пайызын отандық дәрі-дәрмек құрай алмай отыр. Фармацевтика саласында отандық өндірушілер үлесі 10-ақ пайыз екен. Қалған 90 пайыз өнім шет елдікі.
Отандық нарықта Үндістаннан, Германиядан, Түркиядан, Қытайдан, Ресейден келген дәрілердің қаптап кеткені соншалықты, ел арасында тек, сол елдердің өніміне деген сенім пайда болды. Құдды бір өзге елден келген, бағасы қымбат дәрілер ғана дертімізден айықтыратындай. Ал, 10 пайызды құрайтын өз өнімдерімізге «Арнайы сараптан өтпеген, сапасы белгісіз» деп шекеден қараймыз.
Басы ауырып, балтыры сыздамайтын жан жоқ. Расымен де, соңғы 10 жылдың ішінде дәрілік заттарды тұтыну Қазақстанда халықтың жан басына шаққанда 4 есеге, яғни, 20 доллардан 81 долларға дейін өскен екен. Осының өзі елімізде дәрі-дәрмек саудасының қызып тұрғанын аңғартады. Жасыратыны жоқ, сырқат жанның дертіне дауа боларлық дәрінің сан мыңдаған түрі бүгінгі дәріханалардың сөрелерінде самсап тұр. Іздеген дәріңді аяқ шаршатпай-ақ табасың. Өкініштісі, барлығы дерлік шет елден сатып әкелінген дәрмектер. Бағасы да қымбат.
Сапасының қаншалықты екенінен мүлдем хабарымыз жоқ. Сонда да дертімізге шипа болар деген үмітпен сатып аламыз. Осы бір тұста, кез келген қазақстандыққа «өз өнімім өзгеден артық» деген принцип керек сияқты. Талапқа сай болмаса отандық дәрі-дәрмекте өндіріске жол тартпас еді.