10 шілде, СЕЙСЕНБІ
Багам аралдары Достастығының ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1973). Багам - Атлант мұхитындағы Флорида түбегінің оңтүстік-шығыс жағалауынан Кубаның шығыс жағалауына дейінгі аумақта жатқан 700-ден астам аралды қамтитын мемлекет. Ең ірілері Андрос, Үлкен Абако, Үлкен Багам аралдары. Астанасы - Нассо қаласы. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - багам доллары. Багам аралдарының билеушісі Ұлыбритания королевасы болып есептеледі де, елді оның өкілі генерал-губернатор басқарады. Үкімет басшысы - Премьер-Министр. Заң шығарушы органы Сенат пен Өкілдер палатасынан тұратын парламент.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
134 жыл бұрын (1878) Англияда футбол төрешісі алғаш рет ысқырықты пайдаланды. Футбол алаңында төреші тек 1873 жылы ғана пайда болды. Ол кезде төрешінің ойынға өз бетімен араласуына тыйым салынған болатын. Олардың міндетіне ойынның уақытын қадағалау, матч туралы жазу, ойыншыларды алаңнан шығару және тағайындау, сондай-ақ өзара келісе алмаған жағдайда командалар өкілдерінің дауларын шешу кірді. 1878 жылға дейін футбол төрешілерінде ысқырықтар болмады. Олар өз дауыстарына немесе қоңыраулардың көмегіне жүгінді. Сондай-ақ өздеріне назар аударту үшін түрлі белгілер беруге мәжбүр болды.
1878 жылдың 10 шілдесінде ойынға төрелік ету полицейге сеніп тапсырылды. Ол ойын барысында төбелес шыққан кезде көп ойланбастан ысқырықты пайдаланды. Үрейлері қашқан және оны күтпеген ойыншылар жағажыртысты бірден тоқтатты. Содан бастап төрешілер алаңға ысқырықпен шығатын болды.
20 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Миниистрлер Кабинетінің қаулысымен Алматы қаласындағы Қазанның 50 жылдығы атындағы спорт сарайы ақын, әнші және композитор Балуан Шолақ есімімен аталды.
20 жыл бұрын (1992) Түркияның Ыстамбұл қаласында түркітілдес елдердің (Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Кипр Түрік Республикасы) мәдениет министрлерінің бас қосуы болып өтті.
20 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасының «Профилактика және темекі шегуді шектеу туралы» Заңы жарық көрді.
20 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңы қабылданды.
93 жыл бұрын (1919) БОАК «Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құру туралы» қаулысы қабылданды. Оның алғашқы құрамына С.Пестковский, А.Байтұрсынов, В.Лукашев, М.Тұнғаншин, Б.Қаратаев, С.Меңдешев кірді.
63 жыл бұрын (1949) «Астана су арнасы» меммлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылды. Кәсіпорынның жылдық су тарату көлемі 30 миллион текше метрді құрайды. «Астана су арнасы» 600 шақырымға жуық су құбырына және 270 шақырым кәріз жүйесіне қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда Астана қаласында 37 кәріз стансысын, 250 шақырым кәріздік коллекторды және ауа жіберу стансысын біріктіретін орталықтандырылған субұрғыш жүйесі бар. Ауа жіберу стансысының жобалық қуаты тәулігіне 135,9 мың текше метрді құрайды.
123 жыл бұрын (1889) Парижде Эйфель мұнарасының ашылу салтанаты өтті. Мұнара 1889 жылы Бүкілдүниежүзілік көрме үшін А.Эйфельдің жобасы бойынша жасалған болатын. Бүгінде ол француз халқының мақтанышы. ХІХ ғасырдың техникалық жетістігінің ескерткіші. Мұнара 18 000 металл бөлшектен, 2 500 000 шегеден құралған. Биіктігі - 300 метр, ені - 123 метр, салмағы 9 000 тонна.
47 жыл бұрын (1965) Маңғышлақ мұнайының бірінші эшелоны мұнай өңдеу өнеркәсібіне жөнелтілді.
5 жыл бұрын (2007) Тараздың металлургиялық зауытында алғаш рет күкіртсиликомарганеці балқытылған №5 пеші іске қосылды. Бұл болат балқыту және құю өнеркәсібінде пайдаланатын темір марганецтің және кремнидің қоспалы қорытпасы.
3 жыл бұрын (2009) Қостанай облысының Жетіқара қаласында ауған соғысының ардагерлеріне арналған ескерткіш ашылды.
Ескерткіш қаланың ортасындағы бульварда орналасқан. Төрт метрлік ескерткіште әскери тапсырманы орындап қайтып келе жатқан жауынгерлердің бейнесі бейнеленген. Ескерткіштің авторы - Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Құбай Ахмет Құсайынұлы.
3 жыл бұрын (2009) Алматы облысындағы Талғар ауданы Еламан ауылында «Қазақстан-Қытай» газ желісі алғашқы бөлігінің дәнекерлеу жұмыстары аяқталды.
Бұл жоба Түрікменстанның табиғи газын Қазақстан аумағы арқылы Қытайға жеткізу мақсатында жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, Қазақстанның батыс өңіріндегі табиғи газды Қытайға, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары мен Алматы қаласына тасымалдау жүзеге асырылады.
Газ құбыры Өзбекстан мен Қазақстан шекарасынан басталып, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының аумағынан Қытаймен шекаралас Қорғас бекетіне дейін жеткізіледі. Құбыр желісінің жалпы ұзындығы 1304,5 шақырымды құрайды.
62 жыл бұрын (1949) «Астана су арнасы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылды. Кәсіпорынның жылдық су тарату көлемі 30 миллион куб метрді құрайды. «Астана су арнасы» 600 шақырымға жуық су құбырына және 270 шақырым канализация жүйесіне қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда Астана қаласында 37 канализация сорғышы стансысын, 250 шақырым канализациялық коллекторды және ауа жіберу стансысын біріктіретін орталықтандырылған субұрғыш жүйесі бар. Ауа жіберу стансысының жобалық қуаты тәулігіне 135,9 мың куб метрді құрайды.
6 жыл бұрын (2006) Қызылордалық жазушы-заңгер Әмірхан Бәкірұлының Мұстафа Шоқай өмірін зерттеп жазған «Мұстафа Шоқай» атты кітабы Түркияның «Erzurum» баспасынан түрік тілінде басылып шықты. Автор Шоқайдың өмірі мен қызметі, саяси қайраткерлігі, ұлт азаттығы жолындағы азапты өмірі туралы тым ертеден деректер жинай бастаған. Онда тарихи нақты құжаттар мол, түркі тілдес халықтардың Шоқай туралы кеңінен деректер алуына мүмкіндік жасалған. Жақсы безендірілген туынды түрік тілдес оқырмандарына жол тартты.
Мұстафа Шоқай (1889-1941) - Алаш қозғалысының қайраткері, Түркістан өлкесі халықтарының азаттық күресі жетекшілерінің бірі, публицист. Қызылорда облысының Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылында Сыр өңірі қазақтары арасындағы беделді кісі - Шоқайдың отбасында дүниеге келген. Шоқайдың әкесі Торғай Сыр қазақтары Ресей патшалығының қол астына кірмей тұрғанда Хиуа ханының уәлиі, ал нағашылары Хиуа хандығын орыстардан қорғауда ерекше көзге түскен әйгілі әскербасылар болған. Мұстафа Шоқай жазу-сызуды өз анасынан жасы беске толмай жатып үйренген. Сұлутөбе станциясындағы орыс мектебінде бастауыш білім алған ол 1902 жылы Ташкенттегі гимназияға түсіп, 1910 жылы үздік бітіріп шығады. Болашақ қайраткер 1910 жылы Санкт-Петербор университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1917 жылы бітіреді. Студент шағынан қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, түркі-мұсылман студент жастарының қозғалысына қатысады. Балқан соғысына байланысты 1912 жылы Санкт-Петербордағы қазақ, татар, өзбек, башқұрт және әзірбайжан студент-жастары арасында Түркияны қолдау қозғалысы өріс алған кезде оның арасында Мұстафа Шоқай да болады. Ол 1915 жылы түркі-мұсылман халықтарының азаттық қозғалысына іріткі салу мақсатында орталық билік орындары құрған «Сират-ул-мустақим» («Тура жол») партиясына алғаш қарсылық танытқандар қатарында болып, студент жастар тобымен бірлесе отырып, зиялы қауым өкілдеріне «Сират-ул-мустақим» партиясын қолдамау жөнінде үндеу тастады. Бұл үндеу сол кезде татар тілінде жарық көріп тұрған «Сөз» газетінде жарияланды. 1916 жылы Әлихан Бөкейхановтың ұсынысымен Мемлекеттік думадағы Мұсылман фракциясы жанындағы бюроға мүше болып, онда хатшылық қызмет атқарды. Түркістандағы көтерілістің себеп-салдарын тексеруге Мемлекеттік дума Ташкентке арнайы комиссия аттандырғанда, оның құрамында депутаттар А.Керенский, Тевкелевтермен бірге Мұсылман фракциясы жанындағы бюро мүшелері Ш.Мұхамедияров пен Мұстафа Шоқай болды. Жергілікті халықтың жағдайымен терең танысу мақсатында Мұстафа Шоқай Ташкентпен ғана шектелмей, Самарқанд пен Әндіжанда болып, жергілікті жағдаймен танысты. Петроградқа оралғаннан кейін өзі жинаған материалдар негізінде 1916 жылғы көтеріліс кезінде билік орындарының Түркістан халқын аяусыз қуғын-сүргінге ұшыратқаны туралы Мемлекеттік думада Мұсылман фракциясы атынан жасалатын мәлімдеме мәтінін әзірледі. 1917 жылы Ақпан революциясы нәтижесінде патша өкіметінің құлауын зор қуанышпен қарсы алып, қалыптасқан саяси ахуал Ресей империясында ұлттық езгінің тауқыметін тартқан түркі-мұсылман халықтарының бостандыққа жетуіне мүмкіндіктер туғызады деп үміттенді. 1940 жылы Парижге неміс әскері кіргенде, Мұстафа Шоқай тұтқынға алынып, бірнеше ай концлагерьде отырып шығады. Түрмеден босаған оны неміс-фашистері түркістандық соғыс тұтқындарынан құрылуға тиіс Түркістан легионын ұйымдастыруға тартпақ болды. Мұстафа Шоқай бұл ұсынысты соғыс тұтқындарының жағдайын жақсарту үшін пайдалану жолдарын қарастырып, нақтылы әрекеттерге барды. Бірақ көп ұзамай Мұстафа Шоқай Берлиндегі «Виктория» ауруханасында күмәнді жағдайда көз жұмып, қаладағы мұсылмандар зиратына жерленді. Мұстафа Шоқай Түркістандағы кеңестік биліктің отаршылдық сипатын алғаш таныған және онымен күресуге бүкіл ғұмырын арнаған, түркі халықтары тарихында жаңа интеллектуалды көкжиекке көтерілген қайраткер болды.
ЕСІМДЕР
99 жыл бұрын (1913-2000) кескіндемеші, Ұлы Отан соғысының ардагері СТАДНИЧУК Иван Яковлевич дүниеге келді.
Ташкент көркемсурет училищесін, Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтын бітірген. Институт бітіргеннен суретшінің шығармашылық қызметі қазақ халқының өнерімен тығыз байланысты. Оның «Жазушы М.Зверев», «Ана», «Туған күніңмен», т.б. туындылары бар.
«Қызыл Жұлдыз» орденімен, медальдармен марапатталған.
68 жыл бұрын (1944) техника ғылымының докторы, профессор ҚАЛДЫКӨЗОВ Еркімбек дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ химия-технология институтын бітірген. Еңбек жолын кәсіпорындарда аппаратшы, шебер болып бастаған. 1971-1974 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясының Атырау қаласындағы Мұнай және табиғи тұздар химиясы институтының ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі. 1974-1995 жылдары Қазақ химия-технология институты мұнай және газ технологиясы кафедрасының оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.
107 жыл бұрын (1905-1970) кеңес жазушысы, КСРО Педагогика Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты КАССИЛЬ Лев Абрамович дүниеге келді.
Саратов облысы Энгельс қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университетінің физика математика факультетін бітірген.
Шығармалары 1925 жылдан бастап жарияланды. 1928-1937 жылдары - «Известия» газетінің тілшісі, фельетонисті, арнаулы тілшісі. В 1937-1942 жылдары - «Мурзилка» журналының жауапты редакторы қызметтерін атқарған.
Ұлы Отан соғысы кезінде Мәскеу және Орал қалаларындағы мектептерде, мекемелерде, әскери бөлімдерде, радиода сөз сойлеген. 1947-1948 жылдары КСРО Жазушылар одағының балалар әдебиеті жөніндегі комиссияның төрағасы болған. Ол кеңес балалар әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосты. «Кондуит», «Швамбрания» повестерінде 1917 жылғы Қазан оқиғаларын суреттесе, ал «Республика қақпашысы» кеңес спортының адамдарының өміріне, «Черемыш - батырдың інісі», «Қымбатты балаларым» кітаптарында кеңес жастарының өмірін суреттеуге арнаған. Оның елеулі туындылары - «Ұлы бетпе-бет» романы мен М.Поляновскиймен бірігіп жазған «Кенже ұлдың көшесі» повесі КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған. Кассиль шығармалары көптеген шетел тіліне және ТМД халықтары тілдеріне аударылған. Кейінгі жылдары М.Горкий атындағы Әдебиет институтында оқытушылық қызмет атқарған. Саратов облысы Энгельс қаласында Кассиль Лев Абрамович атындағы мұражай жұмыс істейді.
Төрт орденмен және бірнеше медальдармен марапатталған.
116 жыл бұрын (1896-1938) Алаш қозғалысының қайраткері, ғалым, дәрігер педагог БАЙҒУРИН Әлжан Махмұтұлы дүниеге келді.
Бұрынғы Торғай облысының Қостанай уезінде туған (қазіргі Қостанай облысы). Қостанайдағы орыс-қазақ училищесін және реалдық училищесін, Орта Азия мемлекеттік университетін, Ленинград медицина институтының аспирантурасын бітірген. Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесінің («Ислам кеңесі») мүшелігіне сайланып, Торғай қазақтарының 2-ші облыстық және Қостанай қазақтарының уездік съездерін өткізуге белсене қатысқан. «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі, Қостанайда дәрігер болып, Қазақ АКСР-і Денсаулық сақтау халық комиссариатында және туберкулез диспансерінде қызмет атқарған. 1935-1937 жылдары Алматы медицина институты клиникасының дәрігері, кафедра меңгерушісі болған. 1937 жылы желтоқсанда тұтқындалып, саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны болды. 1956 жылы қарашаның 6-сында ақталды.
86 жыл бұрын (1926-2008) заң ғылымының кандидаты, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, КСРО Жоғары мектебінің үздігі ЖОЛАМАН Қабидолла Досмағанбетұлы дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысында туған. Алматы заң институтын, Мәскеу заң институтының аспирантурасын бітірген. Алматы заң институтының аға оқытушысы болып қызмет атқарған. 1955-1961 жылдары - Семей малдәрігерлік институтының кафедра меңгерушісі. 1961-1968 жылдары - Павлодар индустриалды институты партия комитетінің хатшысы, оқу ісі жөніндегі проректоры, кафедра меңгерушісі. 1968-1978 жылдары - республиканың жоғары және орта арнайы білім министрлігінің бөлім меңгерушісі. 1978-1994 жылдары - Алматы энергетика институтының кафедра меңгерушісі, профессоры. 1994-2008 жылдары - Қазақ мемлекеттік заң университетінің профессоры.
40-тан астам ғылыми жарияланымның авторы.
Халықтар достығы орденімен, медальдармен марапатталған.
76 жыл бұрын (1936-1994) агроном-ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты РАМАЗАНОВ Бағұстар Ғабдұлқайырұлы дүниеге келді.
Павлодар облысының Еңбекшілдер ауданында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Кеңшар директоры, бас агроном болып қызмет атқарған. 1970-1979 жылдары - Павлодар аудандық атқару комитетінің басқарма төрағасы. 1979-1983 жылдары - Ертіс аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1983-1985 жылдары - Павлодар облыстық жеміс-жидек өнімдері агроөндірістік бірлестігінің бастығы. 1985-1990 жылдары - Павлодар совхоз-техникумының директоры. 1990-1992 жылдары - Павлодар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудандық кеңестің төрағасы, аудандық атқару комитетінің төрағасы. 1992-1994 жылдары - Павлодар аудандық әкімшілігінің бастығы. Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі 10-шақырылымының депутаты болған.
Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
38 жыл бұрын (1974) Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Әділханов Мұрат Бұхарбайұлы дүниеге келді.
ОҚО-ның Шардара қаласында дүниеге келді. 1996 жылы заңгер мамандығы бойынша Қазақ мемлекеттік заң университетін аяқтады.
1996 жылдан бастап ОҚО Шардара ауданы әкімі аппаратының заңгері, 1999 жылдан 2002-ге дейін ҚР Қарулы күштері Әскери полициясының тергеуші-инспекторы, аға тергеуші-инспекторы. 2003 жылдан бастап - Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитетінде бас маман, бөлім бастығы, басқарма бастығы. Аталған қызметті 2009 жылдан бастап атқарады.
55 жыл бұрын (1957) ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Бұлашев Айтбай Қабыкешұлы дүниеге келді.
А.Бұлашев инфекциялық иммунология және биотехнология саласының хас маманы. 135 ғылыми және ғылыми-әдістемелік жұмыстың, сондай-ақ 40-тан астам газеттік және журналдық мақалалардың авторы.
Мал туберкулезі диагностикасын жетілдіру бойынша жұмыстар топтамасы үшін А.И.Бараев атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2002). «Білім беру ісінің үздігі» (1997) және «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» (2002) белгілерімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005) және «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2006), «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен, Президент Н.Назарбаевтың алғысымен (2005), «Құрмет» орденімен (2007) марапатталған.
Үшінші және төртінші шақырылған Астана қалалық мәслихатының депутаты. Заманауи қоғамның интеллектуалды дамуына қосқан үлесі және әлеуметке бағдарланған ұстанымы үшін Сократ атындағы халықаралық наградамен марапатталған.
2004 жылдың қарашасынан бастап С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры болып қызмет атқарды. 2011 жылдың қарашасында қызметтік мерзімінің аяқталуына байланысты жұмысынан босатылды. Қазір С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің құрметті профессор-оқытушысы.
43 жыл бұрын ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі ЖАИЛҒАНОВА Анар Нұралықызы дүниеге келді. 1969 жылғы 10 шілдеде Семей облысы Чарск ауданы Белтерек ауылында туған. 1986 жылы Белтерек ауылының орта мектебін медальмен тәмәмдап, осы жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне түсіп, 1991 жылы үздікпен аяқтады. 1999 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің аға сарапшысы лауазымына ауысты.
2000 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының кеңесшісі, 2004 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы болып қызмет атқарды. 2008 жылы 13 наурызда Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Қаулысымен Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі болып тағайындалды. 2002 жылы «Қазақстан Республикасында сот қызметін ұйымдастыру-құқықтық қамтамасыз ету» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады.
Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен 25.08.2005ж. №1633 «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
49 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Елемесов Адриан Көпмағамбетұлы дүниеге келді.
Еңбек жолын 1985 жылы жұмыскер, бригадир, шебер, прораб, «Шымкентқұрылыс» трестінің комсомолдық ұйымының хатшысы қызметінен бастады.
1991-1992 жылдар аралығында шағын кәсіпкерліктің директоры, «АКЕ С» компаниясының президенті. 1992-1995 жылдары аралығында - «Қазақиталқаракөл» бірлескен кәсіпорнының Италиядағы өкілі. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің үшінші хатшысы. 1996-2001 жылдар аралығында - ҚР-дың Италиядағы Елшілігінің консулы-үшінші,екінші хатшысы. 2001-2003 жылдар аралығында - ҚР Сыртқы істер министрлігінің кеңесшісі, мемлекеттік протокол қызметінің сапарлары бөлімінің бастығы, Орталық және Шығыс Еуропа бқлімдерінің бастығы. 2004 жылдың қаңтарынан 2012 жылдың мамырына дейін Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Елшілігінің кеңесші-елшісі.
2012 жылдың 8 маусымынан ҚР Президентінің өкімімен Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.