«100 мектеп және 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикада атқарылып жатқан іс-шаралар туралы алғашқы баяндаманы ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев жасады. Оның мәліметі бойынша, жалпы, «100 мектеп және 100 аурухана» бағдарламасы аясында 2009-2010 жылдары республикада 259 мектепті салу жоспарланған. Осы уақытқа дейін елімізде 48 жаңа мектеп бой көтерді. Ағымдағы жылдың аяғына дейін тағы 58 орта білім беру ошақтарын пайдалануға енгізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 22 нысанды қыркүйектің 1-іне дейін, ал жылдың аяғына дейін қалған 36 мектепті ашу көзделген болатын. Бірақ құрылыс саласындағы қымбатшылық пен құрылыс жұмыстарының баяу жүгізілуі салдарынан аталған нысандар уақытында тапсырылмауы мүмкін. Министрдің сөзіне қарағанда, осы орайда қалыптасқан негізгі мәселелердің бірі - республикалық бюджеттен бөлінген қаржының игерілмеуі. 2009 жылы шілденің 1-іне дейін еліміздегі орта білім беру орындарының құрылысына барлығы 25 млрд. 394 млн. теңге көлемінде нысаналы трансферттер аударылды. Осы ақшаның 1 млрд. 732 млн. теңгесі игерілмей қалды. Оның ішінде «100 мектеп және 100 аурухана» жобасы бойынша - 1 млрд. 68 млн. теңге. «Оның басты себебі - құрылыс-монтаж жұмыстарының баяу атқарылуы, сондай-ақ құрылыстың сметалық құнының ұлғаюы. Сондықтан бүгінде атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарына қарап, жоспардағы мектеп насындары уақытында тапсырылмайды деп айтуға болады. Осы нысандардың ішінде Астана қаласы бойынша - 6 және Павлодар облысының Ақсу қаласында салынып жатқан 1 мектеп бар. Осыған орай, біз Үкіметтен құрылысы аяқталмай жатқан мектептерге қосымша қаржы бөлу туралы шешім шығаруды сұраймыз. Сондай-ақ облыстар, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне мектеп құрылыстарын белгіленген мерзімде аяқтауын және бюджет қаржысының толыққанды игерілуін талап етуді өтінеміз. Қаражат бөлінген жағдайда ғана «100 мектеп және 100 аурухана» жобасы аясындағы барлық нысандар уақытында тапсырылады», - дейді Ж.Түймебаев.
Бүгінде құрылыс жұмыстарының сметалық құнының ұлғаюына байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігі жергілікті билік органдарынан 14 мектептің құрылысына 5 млрд. 600 млн теңге көлемінде қосымша қаражат бөлуді сұрап отыр. Сондай-ақ министрлікке 19 мектеп құрылысы бойынша 5 млрд. 908 млн. қажет. Оның ішінде «100 мектеп және 100 аурухана» жобасы бойынша - 1 млрд. 168 млн. теңге. Ал 5 млрд. 184 млн теңгені қажет етіп отырған 14 нысан, оның ішінде «100 мектеп және 100 аурухана» жобасына кіретін 13 мектепті қосымша қаржыландыру бойынша ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі тиісті жұмыстарды атқарып келеді.
ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановтың сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда құрылыс саласында орын алған қымбатшылық пен жобалық-сметалық құжаттарды ретке келтіру мәселесі үлкен проблемаға айналып отыр. Білім беру саласында оған кетіп жатқан шығындар 6 млрд. теңгеге дейін жетсе, денсаулық сақтау саласында оның көлемі 100 млрд. теңгеден асып отыр. «Сондықтан бүгінде Бюджеттік кодекске енген арнайы нормаларға сәйкес жергілікті билік органдарымен нәтижеге бағытталған келісімшарттарға қол қою қарастырылған. Осы келісімдер бойынша құрылыс нысандарының барлық құжаттары дайын болған кезде ғана, қажетті қаражатты бөлу көзделген. Сондай-ақ онда құрылыс саласындағы қымбатшылықтың жергілікті бюджеттердің есебінен өтелетіндігі көрсетілген. Бұл іс-шаралар жергілікті билік органдарының жауапкершілігін арттыруға бағытталып отыр», - дейді ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі.
Б.Сұлтанов атап көрсеткендей, 5 млрд. 184 млн теңге көлеміндегі қосымша қаржыландыруды қажет етіп отырған 14 мектеп бойынша тиісті ұсыныстар республикалық бюджетті нақтылау кезінде комиссияның қарауына енгізілетін болады.
Осыдан кейін сөз алған ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев «100 мектеп және 100 аурухана» бағдарламасы аясында 2007-2009 жылдары елімізде 99 аурухананы салу жоспарланғандығы жайында баян етті. Оның ақпараты бойынша 2007-2008 жылдары республикада барлығы 74 нысанның құрылысы басталса, 2010 жылдың аяғына қарай тағы 25 аурухананы ашу көзделген. Сондай-ақ 4 жоғары оқу орнының жанынан клиника ашу жоспарда бар. Бүгінгі таңда ҚР Индустрия және сауда министрлігі Тұрғын-үй шаруашылығы және құрылыс комитеті 3 нысан - 300 орынға есептелген көпсалалы емхана, 200 орынды балалар ауруханасы және бір поликлинканың жобасын әзірлеп қойған.
2009 жылда «100 мектеп және 100 аурухана» жобасын жүзеге асыруға 41,1 млрд. теңге қарастырылған. Бірінші жартыжылдықта құрылыс нысандарын қаржыландыруға 18,5 млрд. бөлінді. Бүгінде бұл қаражаттың 92,5 пайызы игерілді. «2008 жылы 7 аурухана пайдалануға берілсе, 2009 жылы 17 құрылысты аяқтау жоспарланып отыр. Оның 7-сі аяқталса, 10 аурухананы тек жергілікті бюджеттердің қатысуымен ғана тапсыруға болады. Осы мақсатқа 3 млрд. 24 млн. теңге қажет. Қалған 75 нысанды 2010-2012 жылдары тапсыру жоспарланып отыр. Оған 353,4 млрд. теңге керек», - деді Ж.Досқалиев.
Сондай-ақ министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде 12 құрылыс нысанының сметалық құжаттары даярланбаған. Осының нәтижесінде «100 мектеп және 100 аурухана» бағдарламасы аясындағы барлық шығындарды есептеу мүмкін болмай отыр. «Осы мәселелерді шешу мақсатында Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстары, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының жергілікті билік органдары бір айдың ішінде жоғарыда аталған 12 құрылыс нысаны бойынша жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуі тиіс. Ал ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Тұрғын-үй шарушалығы және құрылыс комитеті Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары әкімдерімен бірге 300 орынға есептелген көпсалалы емхана және 200 орынды балалар ауруханасының жобалық-сметалық құжаттарын асыра әзірлеу мәселесін бір айдың көлемінде шешуі тиіс», - дейді министр.
Ж.Досқалиев жария еткен мәліметке сәйкес осы уақытқа дейін «100 мектеп және 100 аурухана» жобасы бойынша ҚР Бас прокуратурасы жүргізген тексерістің нәтижесінде 455,8 млн. теңгенің заң бұзушылық оқиғалары анықталған. Атап айтқанда, Көкшетау қаласындағы Қан орталығын салу кезінде тапсырыс беруші сметалық құжаттарды 35,5 млн. теңгеге асыра әзірлеген. Қостанай облысында қалалық клиниканың құрылысы барысында 243 млн. теңгенің құрал-жабдықтары заңсыз есептен шығарылса, Оңтүстік Қазақстан облысында 177,3 млн. теңге көлеміндегі нысаналы трансферттер басқа мақсаттарға жұмсалды. Шығынның жалпы көлемі 455,8 млн. теңгені құрап отыр.
Бүгінгі Үкімет отырысының қорытындысы бойынша, ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов тамыздың 17-сінде «100 мектеп және 100 аурухана» бағдарламасы бойынша арнайы селекторлық кеңес өткізу жөніндегі шешім шығарды. «Бұл кеңеске ҚР Білім және ғылым министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Құрылыс жөніндегі агенттік, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Қаржы министрлігі және Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері дайын болуы тиіс. Оған дейін осы салада қалыптасқан барлық мәселелерді шешуді тапсырамын», - деді Үкімет басшысы.