***
Әлемдегі бүгінгі өзгерістер мен күрделі кезеңдер ешбір мемлекетті бейтарап қалдыра алмайды. Оларды алаңдатпай қоймайды. Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» бағдарламасы осындай жаһандық сын-қатерлердің алдын алудан туындағаны белгілі. Бұл стратегиялық құжат бүгінде - Ұлт жоспары. Бес институттық реформамен және 100 қадаммен толықтырылды. Әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына түсу мүмкіндігі де Елбасы белгілеп берген 100 қадаммен шегенделмек. Әрі мұның өзі көпэтносты және көп конфессиялы қоғамның басты негізі мен жетістігі болып қала бермек. Осы айтылған міндеттерді бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып жұмыла шешу - ел өңірлеріне де жауапты міндеттер жүктейді. Осы ретте «Егемен Қазақстан» газеті тілшісінің Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенмен арадағы әңгімесі осындай бағытта өрбіді. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Ұлт жоспары - ел болашағын бекем бағдарлай білген кемел құжат. Ел болашағы да біздің бәріміздің Ұлт жоспарына деген көзқарасымыз бен іс-қимылымыздың қандай болатынына байланысты десек, қателеспейтін шығармыз. Сондықтан, аталған жоспар бейне-бір бәріміздің үстел үстіндегі кітабымызға айналуға тиіс. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бәрімізге ұлтқа қызмет етудің үлгісін көрсетіп берді деп білеміз. Әрқайсымыз өз үлесімізді қосқан жағдайда ғана 100 қадамның ғұмыры ұзақ әрі мәңгілік болмақ. Сонымен бірге, институттық реформаны іске асырудың тетіктері де әжептәуір жеңілдемек. Осы арқылы бәріміз еліміздің өсіп-өркендеуіне алғышарт қалай аламыз. Халқымыздың «Елің қуатты болса, бағың тұрақты болады» деген даналық сөзі де осындайда айтылса керек», - дейді. Сұхбат «Нақты іс-әрекеттер алгоритімі» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымда « Ағаш егу еріккеннің ермегі ме?» деген тақырыппен ақпарат басылды. Басылым авторының жазуынша, ақпаратқа тұздық болған тақырыпқа петропавлдық кей шенеуніктер арасында осындай түсінік қалыптасқанына қала аралаған сайын көз жеткізуге болады. Расында облыс орталығының басты көшелері ағаштан кенде емес. «Жасына жетіп, қартайғандары», бір жағынан, электр, телефон байланысы желілеріне бөгет болмасын деген ниетпен кесіліп тасталады. Көктемге қарай орны опырайып қалған жерлерге мүмкіндігіне қарай жас көшеттер егіліп жатады. «Мұндай игі шаралардың атқарылуы, яғни қаланы, қоршаған ортаны жасыл желекке орауға, экологияны жақсартуға деген ұмтылыс құптарлық болғанымен, «әттеген-айлар» да кездесіп қалатыны көңілге кірбің ұялатады. Биыл жазғытұрым К.Сүтішев және Мир көшелері қиылысында «Самовар» дәмханасынан «Рахмет» сауда үйіне дейінгі аралыққа ардагерлердің қатысуымен өткен акция барысында ондаған түп ақ қайың отырғызылды. Жапырақтары қылтиып шыға бастаған ағаштардың бұтақтары бір-біріне тиюге жақын тұр. Соңыра бойлап өскен кезде Абай көшесіндегі қайыңдардай шолтитып кесіп тастамақ па?», - деп жазады мақала авторы.
***
«Нұр Отан» сыбайлас жемқорлықпен батыл күресуде». «Айқын» газетінің сенбілік санында осы тақырыппен жарық көрген мақалаға Алматыда «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің, партия жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша республикалық қоғамдық Кеңестің төрағасы Қайырбек Сүлейменовтің, партияның Алматы қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Ахметжан Есімовтің және басқалардың қатысуымен өткен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша өңірлік кеңес жетекшілерімен «Нұр Отан» партиясының 2015 - 2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын іске асыру бойынша аймақтық кеңес міндеттері» атты республикалық семинар-кеңес арқау болған. Басылымның жазуынша, Б.Байбек алғаш құрылған кезден бастап партияның сыбайлас жемқорлықпен аяусыз күресіп келе жатқанын, ал Мемлекет басшысының қатысуымен өткен партияның Саяси Кеңесінің кеңейтілген отырысында қабылданған 2015 - 2025 жылдарға арналған бағдарламаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік стратегияның идеологиялық өзегіне айналғанына айрықша тоқталды. «Бес институттық реформаны жүзеге асыру қазақстандық мемлекеттілікті нығайту, либеральдық қоғамды дамыту, «Қазақстан - 2050» стратегиясын орындау, сондай-ақ жемқорлыққа жол бермеу мен мемлекеттік аппараттың ашықтығын арттыру үшін шынайы жағдайлар туғызады. Сонымен бірге қоғамның белсенді қатысуынсыз, тек мемлекеттің күшімен ғана сыбайлас жемқорлықпен күресу тиесілі нәтиже бермейді. Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа бірыңғай майдан болып қарсы шығуы тиіс», - деді ол.
«Осыдан біраз бұрын ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков «Қазақстан әлемдік азық-түлікпен қамтамасыз етуді тұрақтандыру мен жақсартуда маңызды рөл атқаруы мүмкін» деген болатын. Қазақстандай аграрлы мемлекет үшін ол әбден мүмкін жағдай», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «100 миллион халықты асырайтын ахуалымыз бар» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның алға тартқан деректеріне сәйкес, соңғы 10 жылда ауыл шаруашылығы саласында өнім өндіру 4 есеге ұлғайған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорт жасау 3 есе артқан.Осы салаға инвестиция тарту жағдайы 2004 жылы 44 миллиард теңге болса, былтыр 166 миллиардқа жетіп жығылған, яғни 4 есе өсім бар. «Сандар әдемі сөйлеп тұр. Әйтсе де, «Алдымен өзімізді өзіміз азық-түлікпен қамтамасыз етіп, сосын әлемдік азық-түлік нарығында ойып тұрып өз орнымызды еншілеуге қандай қадам жасауымыз керек?» деген мәселе бізді ойландырады. Себебі, елді тұтасымен «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар тауармен қамтамасыз етіп отырмағанымыз бәріне аян. Отандық өнім бар, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен, өзімізді отандық азық-түлікпен қамтамасыз ету белгілі бір пайызға тең екенін бәріміз мойындаймыз. Шындығына келгенде, қазіргідей жаһандану кезеңінде шекараны тарс бекітіп, ешкімнен ештеңе алмай, тек өз өнімдерін пайдаланатын елді ешкім атап бере алмас. Ал үлес салмақты арттыру, өзгелерді өзіңнің сапалы өніміңе «байлап тастау» бұл басқа әңгіме», - деп жазады мақала авторы.