11-15 шілде күндері елордада Алматы облысының мәдениет күндері өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астанада Алматы облысының мәдениет күндері өтеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

11-15 шілде күндері Алматы облысының 350-ге жуық өнер ұжымы мен қолөнер шеберлері ЭКСПО қонақтарына арнап өз өнерлерін көрсететін болады.

«Алматы облысы еліміздегі іргелі, ірі, ауыл шаруашылығы дамыған, өнеркәсібі алға жылжыған, 2 миллион халқы бар өңірі. Сондықтан ЭКСПО-2017 көрмесі аясында ұйымдастырылған мәдени күндерге тиянақты дайындықпен келе жатырмыз», - деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Омар Жақсылық Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Әкім орынбасарының хабарлауынша, Алматы облысының Астанадағы мәдени күндері 11 шілде күні «Қазақстан» орталық концерт залында «Жетісу - жұмақ мекенім» атты Жетісу өнер шеберлерінің концертімен ашылады.

Осы күні кешкі сағат 18.30-да Жастар театрында Б.Римова атындағы облыстық драма театрының «Ромео мен Джульетта» спектаклі қойылады.

М.Тынышпаев атындағы өлкентану музейі, Көркемсурет галереясы және Дәркембай Шоқпарұлы атындағы өнер мұражайының шеберлері этноауылда арнайы көрме ұйымдастырады.

8-9 шілде күндері Астанада «Қазақстан» спорт кешені алдындағы алаңда Алматы облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Оған Жетісу өңірінен бір миллиард теңге сомасына 4 мың тоннаға жуық өнім жеткізіледі.

14-15 шілде күндері «Қазанат» ипподромында өңірлік спортшылар теңге ілу, жамбы ату, қыз қуу, аударыспақ сынды ұлттық спорт түрлерін көрсетеді. Жетісуда әсіресе, құсбегілік өнері ерекше дамыған.

«Қазақстанда 70-тен астам бүркіт тіркелсе, оның 50-і Алматы облысында тіршілік етеді. Сәйкесінше, Қазақстан бүркітшілерінің 80 пайызы Алматы облысының құсбегілері. Бүркіттен басқа, жеті қазынаның бірі болып саналатын құмай тазылардың да дені Алматы облысында тіркелген», - деді Ж.Омар.

Шараның жабылу рәсімі 15 шілде күні ЭКСПО аумағындағы амфитеатрда өтеді.