Бұл туралы бүгін 2010 жылдың қорытындысы мен биылғы жылдың міндеттеріне арналған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа мәжілісінде аталған ведомствоның бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Серікқали Бисақаев мәлім етті.
«Тексеріс нәтижелеріне қарағанда, айлықты уақытылы төлемеу фактісі 1179 мекемеде орын алып, олардың қызметкерлерге жалпы берешегі 7,1 млрд. теңгені құрады. Еңбек инспекторларының қолданған шараларына сәйкес 1141 мекеме қызметкерлерінің айлық ақыларын 5,3 млрд. теңге көлемінде кеш болса да төледі»,-деді С. Бисақаев.
Оның сөзіне қарағанда, еңбек кодексінің талабына сай еңбекке ақы төлеудің ең төменгі стандарты бекітілуі керек. Қазіргі кезде салалық министрліктер мен кәсіподақ ұйымдарының арасында 22 келісім жасалған. Алайда, олардың 7-еуінде ғана еңбекке ақы төлеудің ең төменгі стандарты бекітілді. «Осы мәселенің шешілуіне жан-жақты ықпал жасалуы қажет. Бүгінде министрлік зерттеу мекемелерімен бірлесіп бюджеттік саладағы қызметкерлердің еңбек айлықтарын төлеу жүйесін одан әрі жетілдіру жұмысын аяқтады. Бұл жаңа модель арнайы жұмыс тобында қаралып жатыр»,-деді комитет басшысы.