12 маусым, СЕЙСЕНБІ
Дүниежүзілік балалар еңбегін пайдалануға қарсылық күні. 2002 жылғы маусымның 3-20-ы аралығында өткізілген Халықаралық Еңбек Ұйымы сессиясының Бас конференциясы шешімі бойынша жыл сайын атап өтіледі.
Ресей Федерациясының Мемлекеттік мейрамы - Ресей күні (1990). 17 жыл бұрын (1990) РКФСР халық депутаттары съезі Ресей Федерациясының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Декларация қабылдады.
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қазанның 21-де орнатылды. Қазақстан Республикасының Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі - Әбіқаев Нұртай. Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Бочарников Михаил Николаевич.
Филиппин Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1898). Тынық мұхитының батыс бөлігінде Малай архипелагының бөлігі болып табылатын Филиппин аралдарында орналасқан мемлекет. Оңтүстігінде Сибуян (Целебеский), шығысында Филиппин, батысында Оңтүстік Қытай теңізімен шектеседі. Мемлекет 7100-ден астам аралда қоныс тепкен. Олардың ірілері Лусон, Минданао, Самар, Негрос, Палаван, Панай, Миндоро, Лейте, Себу, Бохоль, Масбате аралдары, қалғандарының аумағы шағын. Әкімшілік жағынан 74 провинцияға бөлінеді. Астанасы - Манила қаласы. Ресми тілі - пилипино және ағылшын тілдері. Ақша бірлігі - филиппин песосы. Елді Президент басқарады. Жоғарғы заң шығарушы органы Сенат және Өкілдер палатасынан тұратын екі палаталы парламент - Конгресс. Жоғарғы атқарушы органы - Үкімет.
Қазақстан Республикасы мен Филиппин Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 25-де орнатылды. Филиппин Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Эрнесто Вильярика Льямас.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
126 жыл бұрын (1886) «Түркістан өлкесін басқару туралы» ереже шықты.
55 жыл бұрын (1957) ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президумының Жарлығымен Екібастұз көмір елді-мекенінің аты Екібастұз қаласы болып өзгерді.
20 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады.
12 жыл бұрын (2000) Алматыда жазушы Сәбит Мұқановтың ескерткіші ашылды.
158 жыл бұрын (1854) Сібір қырғыздарының (қазақтар) аймағы құрылды. Оның құрамына Көкшетау, Атбасар, Ақмола, Қарқаралы аудандары кірді. Қазақстанда 1867-1868 жылдары жүргізілген реформалардан кейін таратылды.
148 жыл бұрын (1864) орыс әскерлері Түркістанды алды. Осы ұрыс кезінде полковник Н.Веревкиннің бұйрығымен қасиетті Қожа Ахмет Яссауи кесенесі атқыланып, кешеннің қабырғалары едәуір замқынданды.
88 жыл бұрын (1924) РК(б)П Орталық Комитетінің Саяси Бюросы «Орта Азия республикаларын (Түркістанды, Бұхарды, Хорезмді) ұлттық межелеу туралы» қаулы қабылдады. Өлке халықтарының тілегін ескере келіп, Түрікмен мен Өзбек КСР-лері құрылды. Түркістанның қазақтары тұратын аудандарын Қырғыз (Қазақ) АКСР-мен біріктіру, РКФСР құрамында Қара Қырғыз (қырғыз) автономиялы облысын, Өзбек КСР-нің құрамында Тәжік автономиялы облысын құру қажет деп табылды.
78 жыл бұрын (1934) Қазақстан жазушыларының 1-ші съезі басталды.
7 жыл бұрын (2007) Екібастұз ГРЭС-інде қуаты 500 киловаттық жаңартылған №4 энергоблок іске қосылды.
3 жыл бұрын (2009) Қазақстанда алғашқы рет австрияның бір тума сазгері Франц Шуберттің «Октет фа мажор» атты шығармасы орындалды.
Концертті «А-Моторс» компаниясының Алматыдағы Nissan ресми дилерінің қолдауымен Халықаралық фаготистер қауымдастығының мүшесі, халықаралық байқаулардың лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның түлегі Жамбыл Мұхамбетжанов ұйымдастырды.
3 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентiнiң интеллектуалды мектептерiнiң дамуы туралы сарапшы-консультациялық кеңестің алғашқы мәжiлiсi болып өттi.
Сарапшы-консультациялық кеңес «Өркен» АҚ-ның жанындағы зияткерлік мектептерде физика-математикалық және химия-биологиялық пәндерді тереңдетіп оқытуға бағытталған бiлiм беру ісіне ғылыми-әдiстемелiк қамтамасыз ету мақсатымен құрылған.
157 жыл бұрын (1854) Сібір қырғыздарының (қазақтар) аймағы құрылды. Оның құрамына Көкшетау, Атбасар, Ақмола, Қарқаралы аудандары кірді. Қазақстанда 1867-1868 жылдары жүргізілген реформалардан кейін таратылды.
2 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев трансферттік баға белгіленіміне бақылау тетіктерін, сондай-ақ салық салу саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгіленімі және салық салу мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
ЕСІМДЕР
54 жыл бұрын (1958) ақын, философия ғылымдарының кандидаты, мәдениеттанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ҚОДАР Әуезхан дүниеге келді.
Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. 1982-1985 жылдары - Қызылорда облысының Қармақшы аудандық атқару комитеті жасөспірімдер жөніндегі комиссиясының хатшысы, заңгері. 1989-1994 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы көркем аударма және әдеби байланыстар жөніндегі редакциялық Бас алқасында орыс бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. 1994 жылдан бері Қазақстан халықтарының мәдениетін қорғау жөніндегі «Алтын ғасыр» қоғамдық бірлестігінің президенті. 1995-1997 жылдары - М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының көркем кеңесінің мүшесі. 1999 жылдан бері «Тамыр» журналының бас редакторы. Шығармаларын қазақ және орыс тілінде жазады. «Туған күн», «Ақеділдің анты», «Қанатты өрнек», «Абай (Ибраһим) Құнанбаев», «Еске алмау шеңбері», «Қазақ әдебиетінің тарихына шолу», «Қанағат қағанаты» т.б. еңбектердің авторы. Орыс тілінде Абай, Мағжан, Ж.Жақыпбаевтың шығармаларын аударған. Қазақ тілінде Е.Замятиннің «Атилла» драмасын, М.Хайдеггер мен Х.Гасеттің философиялық жұмыстарын, К.Швиттерстің өлеңдерін тәржімалаған. «Батыс философиясы антологиясының» авторы және ұйымдастырушысы.
«Парасат» орденімен, «Астана» медалімен марапатталған.
119 жыл бұрын (1893-1966) орыс палеонтологы және гистологы, КСРО Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, академик ОРЛОВ Юрий Александрович дүниеге келді.
Ресейде туған. Петроград университетін бітірген. 1939-1966 жылдары Мәскеу Мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі, КСРО Ғылым академиясы Палеонтология институтында директор қызмет атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері қазба жануарлардың салыстырмалы морфологиясы мен палеоневрологиясына, омыртқасыз жануарлардың нейрогистологиясына арналған. Орлов Қазақстан жеріне бірнеше рет палеонтологиялық экспедициялар ұйымдастырып, оларға басшылық жасаған. 1928 жылы Павлодар қаласының маңынан аса маңызды «Қаздар қонысы» гиппарион фаунасын тапқан. 1929-1930 жылдары сол өңірді зерттеген экспедицияны басқарған. 1936 жылы Бетпақдаладағы Асқазансорда және 1938 жылы Арал өңіріндегі Ақеспеде қазба фаунасын зерттеп, ол жөнінде ғылыми еңбектер жариялаған. Орловтың 1989 жылғы «В мире животных» атты еңбегінде Есіл, Бетекей, Қызылайғыр, т.б. өзендерде, «Қаздар қонысы» және Шалқартеңіз көлінен табылған қазба жануарлар жөнінде маңызды ғылыми деректер берген. 100-ден аса ғылыми еңбегі бар. Ол «Палеонтология негіздері» атты 15 томдық ғылыми жинақтың бас редакторы болған. Мәскеудегі Палеонтология музейі Орлов есімімен аталады.
«Ленин», 2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған.
83 жыл бұрын (1929-2001) жазушы, аудармашы, өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ҚОЖАБЕК Байұзақ Рахымұлы дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1947-1949 жылдары - «Коммунист» журналының қызметкері. 1949-1967 жылдары - Қазақ КСР Теледидар және радиохабарлары жөніндегі мемлекеттік комитетінің тілшісі, редакторы, Әдебиет-драматургия редакциясының бас редакторы, Қазақ теледидарының бас редакторы, коментаторы, «Қазақфильм» киностудиясының аға ғылыми редакторы. 1967-1968 жылдары - Қазақ КСР-інің Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетінің бөлім бастығы. 1968-1989 жылдары - Қазақ кеңес энциклопедиясының редакция меңгерушісі. 1992-2001 жылдары жеке меншік «Ататек» баспасының директоры қызметін атқарған.
Қаламгердің «Тарихи таным», «Қазақия», «Мұхаммед Хайдар Дулати», т.б. кітаптары жарық көрген. Көркем аударма саласында М.Кальманның «Бестерц қорғаны» романын, Ш.Уәлихановтың «Сот реформасы туралы жазбасын», С.Куриловтың «Тундрада кездесеміз» повесін, У.Теккерейдің «Күйкі тірліктің жәрмеңкесі» романын, Мұхаммед Бабырдың «Бабырнамасын» қазақ тіліне тәржімалаған.
73 жыл бұрын (1939) суретші, Қазақстан Суретшілер және Журналистер одақтарының мүшесі ӨТЕМІСОВ Саламат дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысында туған. Орал педагогикалық институтын, Алматы қаласындағы суретшілер училищесін бітірген. 1963-1968 жылдары Чапаев селосында орыс мектебінде мұғалім болды. 1971-1975 жылдары Шымкент мәдениет институтында, Алматы политехникалық институтының архитектуралық факультетінде қызметтер атқарған. 1980-1986 жылдары Атырау қаласындағы Батыс Қазақстан аймақтық Суретшілер одағын басқарды.
Алғашқы жеке көрмесі 1982 жылы Будапешт қаласында ашылды. Оның «Шаңырақ», «ХХ ғасыр», «Дала әуені», «Еділдің бойы ен тоғай», Азарт», «махамбет ақын және қолбасшы», «Нарынқұм» атты туындылары жоғары бағаланды. Өтемісовтің жұмыстары шет елдердің көркемсурет көрмелеріне қойылды.
53 жыл бұрын (1959) Қарағанды облысы Шет ауданының әкімі ӘБДІКЕРОВ Рысқали Қалиақбарұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған. қарағанды мемлекеттік университетін, БЛКЖО Орталық комитеті жанындағы Жоғары комсомол мектебін, Алматы саясаттану және басқару институтын, Жезқазған агротехникалық колледжін бітірген. Қазақстан Жастар одағы Жезқазған облыстық комитетінің нұсқаушысы, Ағадыр аудандық атқару комитеті төрағасының, әкімдігі басшысының, әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2005-2006 жылдары - Қарағанды қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары. Қарағанды облысы Ұлытау, Осакаров аудандарының әкімі болды. 2011 жылғы қарашадан - қазіргі қызметінде.
88 жыл бұрын (1924) Американың мемлекет қайраткері, АҚШ-тың 41-ші президенті БУШ Джордж (үлкені) дүниеге келді.
Ол мұнай бизнесінің мүддесін білдіруші өкіл ретінде өзінің саяси мансабын республикалық партиядан бастады. Буш ішкі саясатта - нашақорлықпен күресуге, жаңа американдық мектеп құру жобасын енгізуге, сыртқы саясатта - халықаралық қауымдастықты күшейтуге, Парсы шығанағындағы дағдарысты реттеуге ұмтылды. Буш президент боған екзеңде АҚШ алғашқылардың бірі болып Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін танып, дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. 1992 жылы алғаш рет екі мемлекет арасында сауда жөніндегі келісімге, ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шартқа қол қойылды.
82 жыл бұрын (1930) шопан, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері МОЛДАСАНОВ Жолсейіт дүниеге келді.
Алматы облысының Райымбек ауданында туған.
1947 жылдан қазіргі Райымбек ауданының Қарқара өңірінде шопан болды. Ол әр 100 саулықтан 141 қозы алып, әр қойдан 4 кг жоғары сапалы жүн қырықты.
Оның есімі республикалық Құрметті Алтын кітапқа жазылды.
2 мәрте Ленин және Қазан революциясы ордендерімен, медальдармен марапатталған.
46 жыл бұрын (1966) Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары САПАРОВ Айдарбек Сейпiлұлы дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданында туған. Омбы ауылшаруашылығы институтын, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын кеңшарда есепші болып бастаған. 1986-1995 жылдары Булаев ауданының ауылшаруашылығы кәсіпорындарының зоотехнигі, коммерциялық директоры.
1995-2003 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласындағы «Ноғайбай» ЖШС директоры, бас директоры. 2003-2005 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласындағы «Продкорпорация» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық өкілдігі директорының орынбасары. 2005-2006 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласындағы «Продкорпорация» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық өкілдігі директорының бірінші орынбасары, Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы бойынша Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстық аумақтық инспекциясының бастығы. 2006-2008 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданының әкімі. 2008-2010 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі. Қазіргі қызметінде 2010 жылдың сәуірінен бастап істейді.
«Құрмет» орденімен, «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.
46 жыл бұрын (1966) Еуропалық құқық және адам құқығы сарапшылық инсттутының директоры, заң ғылымдарының докторы, тарих ғылымының кандидаты, профессор БӘШІМОВ Марат Советұлы дүниеге келді.
Өскемен қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін және осы университеттің Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру орталығының аспирантурасын бітірген. 1995-1996 жылдары - «Hexal GMbH» фирмасының заңгері. 1996-1998 жылдары - Мәскеу мемлекеттік университеті Мемлекеттік басқару институтының ассистенті, аға оқытушысы. 1998-1999 жылдары - Ресей Федерациясы Адам құқықтары жөніндегі өкілдігі хатшылығының меңгерушісі. 1999-2001 жылдары - Еуразия ұлттық университетінің доценті, Мемлекет тарихы, теориясы және құқық кафедрасының меңгерушісі. 2001-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеті хатшылығының меңгерушісі. 2002-2003 жылдары - Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры. 2004-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Әкімшілік-құқықтық департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз қызметінің секторы меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2000-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының профессоры. 2005 жылдан Еуропалық құқық сараптамалық институтының директоры, «Человек и закон» газетінің бас редакторы, «Құқық және саясат» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның сараптамашысы, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы заң жобалау жұмысы жөнінде азаматтық заңнама бойынша ведомствоаралық комиссияның мүшесі.
Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы), Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі, Астана қаласы Ішкі істер департаменті жанындағы қоғамдық кеңестердің мүшесі. Қазақстан халықтар Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық кеңестің мүшесі, Астана қаласы Қазақстан халықтарының кіші Ассамблеясының мүшесі, Қазақстанның электрондық және баспа БАҚ бас редакторлар клубының мүшесі, «Нұр-Отан» ХДП жанындағы құқықтық саясат жөніндегі кеңесінің мүшесі. Шетелдердің конституциялық құқығы, еуропалық интеграцияның құқықтық проблемалары, адам құқығының жалпы теориясы саласының маманы. 150-ден астам ғылыми жұмыстары, соның ішінде 6 монографиясы жарияланған. Білім беру туралы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына жауапты болды және «Адам құқығы жөнінде уәкілеттілігі туралы» және «Ноториат туралы» Заң жобаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі болған.
49 жыл бұрын (1963) ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің хатшысы ӨТЕМІСОВ Шавхат Әнесұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының Чапаев ауылында туған. А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет Академиясын бітірген. Институт бітіргеннен кейін Орал облысының Чапаев аулындағы № 1 орта мектепте тарих мұғалімі болып жұмыс істеген. 1985-1987 жж. - Кеңес Әскері қатарында қызмет өткерді. 1985-1992 жж. - Қазақстан ЛКЖО Чапаев аудандық комитетінің нұсқаушысы, комсомол ұйымдары бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан ЛКЖО Орал облыстық комитетінің нұсқаушысы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, хатшысы, екінші хатшысы. 1992-1994 жж. - Орал облыстық әкімшілігінің Жастар істері жөніндегі комитетінің төрағасы. 1994-1998 жж. - Батыс Қазақстан облысы Жастар істері, туризм және спорт жөніндегі басқарма бастығы.
1998-2000 жж. - Батыс Қазақстан облысы Туризм және спорт облыстық басқармасының бастығы. 2000-2001 жж. - Батыс Қазақстан облысы телерадиокомпаниясының төрағасы.
2001-2002 жж. - Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 2002-2006 жж. - Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының әкімі. 2006-2007 жж. - Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 2007-2011 жж. - төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012 жылғы қаңтардан бастап бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.
«Құрмет» орденімен марапатталған.