12 СӘУІР . ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА.12 сәуір. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2013 жылғы 12 сәуірге арналған күнтізбесін ұсынады.

12 СӘУІР, ЖҰМА

Бүкіләлемдік авиация және космонавтика күні. 1961 жылғы сәуірдің 9-дағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен, адамзаттың ең алғаш ғарышты бағындырғанына орай атап өтіледі. Тұңғыш ғарышкер - Юрий Алексеевич Гагарин бұл сапарға қазақ жеріндегі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан аттанды.

Либерия Республикасының Ұлттық мейрамы - Ұлттық құтқару күні (1980). Либерия Африканың батысында орналасқан мемлекет. Солтүстік-батысында Сьерра-Леонемен, солтүстігінде және солтүстік-шығысында Гвинеямен, шығысында Піл Сүйегі Жағасымен шектеседі. Батысы мен оңтүстігі Атлант мұхитымен ұштасып жатыр. Астанасы - Монровия қаласы. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - либерия доллары. Әкімшілік жағынан 14 графтыққа бөлінеді. Елді президент басқарады. Жоғары атқарушы орган - үкімет. Жоғарғы заң шығарушы орган - екі палатадан тұратын парламент (Сенат және Өкілдер палатасы).

Рок-н-ролл күні.

Украинада зымыран-ғарыш саласы қызметкерлерінің күні. Украина Президенті Л.Кучманың Жарлығына сәйкес 1997 жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

20 жыл бұрын (1993) «31 арна» алғаш эфирге шықты.

14 жыл бұрын (1999) Алматыда Байтұрсынов пен Сәтбаев көшелерінің қиылысындағы скверде ғұлама ғалым, мемлекет қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаевқа ескерткіш ашылды. Авторлары - еңбек сіңірген сәулетші Арыстан Қайнарбаев пен сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Төлеген Досмағамбетов.

11 жыл бұрын (2002) Бейжіңде Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ 2001 жылы маусымның 15-де құрылды) елдерінің мәдениет министрлерінің алғашқы кездеуі өтіп, онда мәдени алмасуларды дамыту туралы біріккен мәлімдемеге қол қойылды.

52 жыл бұрын (1961) ұшқыш-ғарышкер Юрий Алексеевич Гагарин «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Восток-1» ғарыш аппаратымен әуеге көтерілді. 115 минуттан кейін ғарыш аппараты Ресейдің Саратов облысы аумағына қонды.

19 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды.

18 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқандардың отбасына әлеуметтік көмек көрсету туралы» Жарлығы баспасөз бетінде жарық көрді.

18 жыл бұрын (1995) Мәскеу, Санкт-Петербор қалаларында Абай Құнанбаевтың (1845-1904) туғанына 150 жыл толуы аталып өтті.

8 жыл бұрын (2005) ИНТАЛЕВ-Қазақстан серіктестігі менеджмент және кәсіпорындарға басқару жүйесін орнату сұрақтары бойынша онлайн-кеңестік көпшілік қолданалатын желіні ашты.

Сайттағы тегін сервистің көмегімен кейбір ресейлік кәсіпорындарға автоматтандырылған басқару жүйесін орнатудағы нақты жобаға қатысушы серіктестіктердің мамандандырылған кеңесшілерінен өздерінің сұрақтарына толық жауап алады.

6 жыл бұрын (2007) Павлодардағы көшелердің біріне Социалистік Еңбек Ері Яков Геринг есімі берілді.

Яков Геринг (1932-1984) - 1959-1984 жылға дейін ширек ғасыр бойы «Қазақ КСР 30 жылдығы» ұжымшарын басқарған. Павлодар облысында ол озат ауыл шаруашылығы өндірісін қалыптастырған. Жергілікті өлкетану мұражайында оның жеке заттарының, фотосуреттерінің көрмесі ашылған. Константинов ауылының орта мектебіне шаруашылық төрағасының есімі берілген.

22 жыл бұрын (1991) Байқоңырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Ғарыш, спорт, эстрада жұлдыздары» атты халықаралық фестиваль өтті.

7 жыл бұрын (2006) елордадағы балалар кітапханасының оқу залында «Астана - қазақтың шаңырақ қаласы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өтті. «Астана жазушыларының кітапханасы» сериясымен жарық көрген тарихи-танымалдық жинақтың маңызы мен мәні хақында Қазақстан Жазушылар Одағы Астана бөлімшесінің директоры Алдан Смайыл жиналғандарға кеңінен әңгімелеп берді. Кітапқа Астана тарихы мен оның елорда ретінде қалыптасуына қатысты белгілі ғалымдардың публицистикалық зерттеу мақалалары, Ақмола ? Қараөткел өңірінің тарихи тұлғалары туралы ғұмырнамалық шығармалар, атақты ақын-жыраулардың өлең-поэмалары топтастырылған. Тұсаукесерде сөз алған Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарихшы Қойшығара Салғара, жазушы Әнес Сарай және басқалар аталған кітаптың Астананы елорда ретінде төрткүл дүниеге таныту үрдісіне зор үлес қосатындығын, алда оның орыс тіліндегі басылымының жарық көруге тиіс екендігін атап көрсетті.

7 жыл бұрын (2006) Жезқазған қаласының әкімдігі қалалар мен аудандар әкімдіктерінің арасында облыста бірінші болып өз сайтын ашты. Осыдан бірнеше ай бұрын ғана Қарағанды облысы әкімінің сайты ашылған болатын. Бұл электронды үкімет құру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны орындаудың алғашқы қадамдары. Жуырда журналистермен болған кездесуде облыс әкімі Нұрлан Нығматулин «кері байланысқа» шығып, сайтқа кірушілермен «сұрақ-жауап» түрінде жеке қатынас орнатуға уәде берген болатын. Жезқазған әкімдігінің www.jezkazgan.kz сайтында қаланың картасы, көрікті жерлерінің фотосуреттері орналастырылған. Оған кірушілер қалалық әкімдік және «Қазақмыс» корпорациясы» мен басқа да ұйымдар туралы деректер ала алады. Ауыл әкімдеріне арналған бет бар және қалалық газеттердің сайттарына сілтеме берілген. «Кері байланыс» та ескерілген, қала әкімі мен аппарт қызметкерлеріне сұрақ қоюға болады.

5 жыл бұрын (2008) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі - Ауғанстанға көмектесу жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы өкілі Асхат Оразбаевтың басшылығымен Ауғанстан Ислам Республикасына ведомствоаралық делегация сапармен болып қайтты. Сапардың мақсаты 2007-2008 жылдардағы Ауған Ислам Республикасына көмектесу жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің жобаларын кезеңді іске асыру механизмдерін өндіру болып табылады. Сапар аясында Қазақстанның өкілдері Ауған Ислам Республикасының қоғамдық жұмыс, ағарту ісі, денсаулық сақтау министрлерімен, сыртқы істер министрінің орынбасарымен және қаржы министрімен кездесулер өткізді. Екі жақты кездесулердің нәтижесінде Қазақстан Республикасының Ғылым мен білім министрлігінің және Ауған Ислам Республикасының Ағарту министрлігінің, Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігінің және Ауған Ислам Республикасының қоғамдық жұмыстар министрлігінің, сонымен қатар екі елдің денсаулық сақтау министрлігінің арасындағы ведомствоаралық хаттамаға қол қойылды.

3 жыл бұрын (2010) Павлодарда қазақ халқының ғұлама ұлы, еліміздің Ғылым академиясының бірінші президенті Қаныш Сәтбаевтың туған күніне орай ескерткіші ашылды. Қ.Сәтбаевтың қола мүсіні Жерді бейнелейтін жасыл тасты жартылай сфераға сүйенген, Қордай жерінен алынған гранит тұғырға орнатылған. Баспалдаққа қаланған тастар әртүрлі, олар ғалымның жер қойнауы байлығымен жүріп өткен жолын символды бейнелейді. Монументтің биіктігі 8,5 метр. Ескерткіштің авторы - мүсінші, Суретшілер одағының мүшесі, Шоқан Уәлиханов атынағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Ольга Прокопьева. Тұрғырнама жобасын белгілі сәулетші Владимир Кацев жасаған.

Сәтбаев Қаныш Имантайұлы (1899-1964) - Қазақстан геологтары ғылыми мектебінің негізін қалаушы, қазақстандық металлогения ғылымының негізін салушы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастырушылардың бірі әрі тұңғыш президенті, КСРО және Қазақстан Ғылым академияларының академигі, Тәжікстан Ғылым академиясының құрметті мүшесі, қоғам қайраткері, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтарының лауреаты. Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Қазақстанның қала, ауылдарында Сәтбаев есімімен аталатын жүздеген көше, 40-тан астам мектеп және көптеген ғалымның ескерткіштері бар. Оның есімі Қазақстан Ғылым академиясының Геология ғылымдары институтына, бір қала мен ғаламшарға, еліміздің ең ірі техникалық оқу орны Қазақ ұлттық техникалық университетіне берілген. Сәтбаевтың құрметіне Жоңғар (Жетісу) Алатауы жотасындағы мұздық пен шың, Қаратаудағы ваннадий кен орнынан табылған «Сәтбаевит» минералы, «Академик Сәтбаев» гладиолиус гүлі аталған. 4 мәрте Ленин, 2-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1928-1995) жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері ӘБДІРАЗАҚОВ Байжігіт дүниеге келді.

Қызылорда облысының Қазалы ауданында туған. Қазалы педагогикалық училищесін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Бірнеше жыл бойы Қазалы аудандық, Қызылорда облыстық газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі болған. Жазушының «Ерлік еңбек адамдары», «Құрдастар, замандастар» очерктері, «Жаңару», «Сандалкөк» повестері, «Сырдария тарландары» әңгімелері, «Дала толғауы» көркемсөздері жарық көрген.

114 жыл бұрын (1899-1964) Қазақстан геологтары ғылыми мектебінің негізін қалаушы, қазақстандық металлогения ғылымының негізін салушы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастырушылардың бірі әрі тұңғыш президенті, КСРО және Қазақстан Ғылым академияларының академигі, Тәжікстан Ғылым академиясының құрметті мүшесі, қоғам қайраткері, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтарының лауреаты СӘТБАЕВ Қаныш Имантайұлы дүниеге келді.

Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Сауатын ауыл молдасынан ашқан болашақ ғалым Павлодардағы орыс-қазақ мектебінде, Семей мұғалімдер семинариясында, Томск технология институтының тау-кен факультетінде білім алған. Мұғалімдер семинариясында Ж.Аймауытов, М.Әуезов сынды көрнекті қайраткерлермен бірге оқыған. Ш.Құдайбердіұлымен тығыз байланыста болып, оның шығармашылығын жоғары бағалаған. «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің іс-әрекетіне қолдау білдірген.
1920-1941 жылдары Баянауылда халық судьясы, «Атбастүстімет» тресі геология бөлімінің, Қарсақтай мыс комбинаты геологиялық барлау бөлімінің бастығы, комбинаттың бас геологы қызметтерін атқарған. 1941-1952 жылдары КСРО Ғылым академиясы Қазақ бөлімшесінің құрамындағы Геология ғылымдары институтының директоры, КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі Төралқасы төрағасының орынбасары, төрағасы, Қазақстан Ғылым академиясының президенті болған. 1952 жылы әміршілдік жүйенің тарапынан қысымға ұшырап, қызметінен төмендетіліп, Қазақ КСР Геология институтының директоры болып тағайындалған. 1955 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып қайта сайланып, өмірінің соңына дейін осы қызметті атқарған.
1947 жылы Англияға сапар жасаған кеңес парламентарийінің ішіндегі қазақ ғалымына Ұлыбританияның экс премьер-министрі У.Черчилль қалжыңдап «Барлық қазақтар сіз сияқты сұңғақ, батыр тұлғалы ма?» деп сұрапты. Сонда академик Қ.Сәтбаев «О, жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, менің халқым менен де биік» деп жауап беріпті. Осы бірауыз сөзден ғалымның дене бітімі ғана емес, жан-дүниесінің, халқын сүйген жүрегінің де ірі екенін байқауға болады. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері кентасты кендер геологиясы мен Қазақстанның минералды ресурстарына арналған. Жезқазған кенін зерттеу және Орталық Қазақстанның (Сарыарқаның) металлогендік және болжам картасын жасауда көп еңбек сіңірген. Ол ғылымға формациялық металлогендік анализдің кешендік әдісін енгізген. 1926-1929 жылдары кені мардымсыз өңір болып саналған Жезқазғанды ірі мыс кентасты аудан қатарына көтеруде Сәтбаевтың еңбегі өте зор болды. Бұрынғы геологиялық деректерге терең талдау жасап, бұл кен ауданының кең көлемдегі геологиялық-барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі нысан екенін дәлелдеген. Минералдық шикізаттарға бай Сарыарқа, Кенді Алтай және басқа да аймақтарды ерекше назар аударып зерттеген. 1927-1928 жылдары - Жезқазған, Қарсақбай, Атбасар, Спасск аудандары, Қарағанды тас көмір алабы және Қаратау полиметалл кендері жөнінде ғылыми маңызды еңбектер жариялаған. 1929 жылы Атасу темір-марганец кендерін игерудің негізінде Қарағанды облысында қара металлургия өнеркәсібін дамыту туралы мәселе көтерген. Жезқазған - Ұлытау ауданында мыстан басқа темір, марганец, көмір, қорғасын кендерін ашып, барлау нәтижесінде маңызды геологиялық қорытындылар жасаған. Ұлы Отан соғысы жылдарында танк бронын құюға қажет марганец тапшылығы туған кезде Сәтбаевтың жетекшілік етуімен өте қысқа мерзімде Жезді марганец кені барланып, іске қосылған. Академиктің қолдауымен Алматыда Орта Азия геофизика тресі ұйымдастырылып, Қазақ КСР Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі құрылған. Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастырып, ондағы бөлімдерді, оған қарайтын институттарды, зертханаларды, секторларды, базаларды дұрыс жоспарлаған. Ғылыми кадрлар дайындау ісіне үлкен жауапкершілікпен қараған. Ғылыми зерттеулердің өзекті мәселелерін халық шаруашылығының мүддесіне бағыттап, шаруашылық және мәдени құрылыстың басты мәселелерін шешуге белсене қатысқан. Жезқазған кен-металлургия комбинатын, Қарағанды мен Балқаш металлургия зауыттарын, Ертіс-Қарағанды арнасын салу, Маңғыстау, Мұғалжар, Торғай өңірлерінің табиғи байлықтарын анықтау жөнінде зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, республикамыздың ірі минералдық шикізат қорларын - Кенді Алтайды, Қаратау фосфоритін Қостанай мен Жезқазған - Ұлытау өңірлеріндегі темір, марганец, т.б. көптеген кен орындарын игеру Сәтбаев есімімен тығыз байланысты.
Сәтбаевтың геологиядан басқа ғылымдарда, мәдениет саласында, тарихта қалдырған еңбектері мол. Ш.Уәлиханов жазып алған «Едіге» жырының мәтініндегі қазақ оқырмандарына түсініксіз араб, татар сөздерінен тазартып, қазақ тілінің жаңа орфографиясының негізінде қайтадан дайындаған. Жезқазған - Ұлытау өңірінен көптеген этнографиялық мұраларды жинап, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбегін жазған. Қазақ орта мектебінің төменгі және жоғары сынып оқушыларына арналған «Алгебра» оқулығын дайындаған. 1931 жылы басылған А.Затаевичтің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына Сәтбаев қазақ халқының музыкалық мұрасының інжу-маржаны болып есептелетін 25 әнді өзі орындап, орыс тілінде ғылыми түсініктеме беріп енгізген.
Қазақстанның қала, ауылдарында Сәтбаев есімімен аталатын жүздеген көше, 40-тан астам мектеп және көптеген ғалымның ескерткіштері бар. Оның есімі Қазақстан Ғылым академиясының Геология ғылымдары институтына, бір қала мен ғаламшарға, еліміздің ең ірі техникалық оқу орны Қазақ ұлттық техникалық университетіне берілген. Сәтбаевтың құрметіне Жоңғар (Жетісу) Алатауы жотасындағы мұздық пен шың, Қаратаудағы ваннадий кен орнынан табылған «Сәтбаевит» минералы, «Академик Сәтбаев» гладиолиус гүлі аталған.

4 мәрте Ленин, 2-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған.

74 жыл бұрын (1939) ақын, халықаралық Жамбыл атындағы және Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты ШАЛҚАРҰЛЫ Кеңесжан дүниеге келді.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. Республикалық Қазақ радиосында, баспа редакцияларында әр түрлі қызметтер атқарған. «Ғылым» баспасының редакторы, «Жетісу» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі болған. 1997 жылы зейнет демалысына шыққан. Ақынның «Шуақ», «Сәске сыры», «Ақ сапар», «Ақ көбелек», «Шарапат», «Айнагүл», «Көлден ескен леп», «Ботақан», «Жоңғар даласында», т.б. өлең жинақтары жарық көрген. Ол көркем аударма саласында Мұстай Кәрім, Д.Кугультинов, Г.Абашидзе, Низами, Гүлхани және моңғол, өзбек, ұйғыр ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалаған. Өзінің туындылары орыс, моңғол, өзбек, латыш, эстон, әзірбайжан тілдеріне аударылған. 30-дай күй мен 45-тей әннің авторы. Ақын Республикалық телефестивальдің, М.Жұмабаев, Дулат Бабатайұлына арналған жыр мүшәйраларының жүлдегері атанған.

17
4 жыл бұрын (1839-1888) Орталық Азияны зерттеуші орыс саяхатшысы, Петербор Ғылым академиясының құрметті мүшесі, генерал-майор ПРЖЕВАЛЬСКИЙ Николай Михайлович дүниеге келді.

Ресейдің Смоленск губерниясында туған. Петербор Бас штаб академиясын бітірген. 1864-1867 жылдары Варшава юнкерлер училищесінде оқытушылық қызмет атқарды. 1867-1869 жылдары Уссурий өлкесіне саяхат жасады. 1870-1885 жылдары Орыс география қоғамының Орталық Азияға ұйымдастырған төрт экспедициясын басқарды. Пржевальский Орталық Азияға жасаған бесінші саяхаты кезінде Ыстықкөл жағасында қайтыс болды.

Ол бұрын ғылымға беймәлім Гоби, Ордос, Алашань, Таакла-Макан, Цайдам шөлдеріне сипаттама жазды. Наньшань, Куньлунь, Солтүстік Тибет тау жүйелерінің орнын анықтап картаға түсірді. Гумбольдт, Риттер, Колумб, Алтынтаг, Мәскеу, тағы басқа жоталарды, бірнеше көлді ашты. Қытайдың ұлы өзендері Янцзы мен Хуанхэнің бастауына жетті. 231 пункттің абсолюттік биіктері мен 63 астрономиялық пункттің орны анықталды. Жануарлар мен жәндіктердің 7,5 мыңнан астам түрін сипаттап жазып, 18 мың өсімдіктер мен көптеген минералдардың бағалы коллекцияларын жинады. Жабайы түйе мен жабайы жылқы (кейіннен Пржевальский жылқысы деп аталды) тегін ашты. 1886 жылы Петербор Ғылым академиясы Пржевальскийді «Орталық Азия табиғатын тұңғыш зерттеушіге» атты арнайы дайындалған алтын медальмен марапаттады. Пжевальский есімімен Куньлунь тауы жүйесіндегі жота, Моңғол Алтайындағы мұздық, Аляска түбегі мен Куриль аралындағы мүйіс аталады. Үздік географиялық зерттеу жұмыстарын марапаттауға Пржевальский атындағы сыйлық, алтын және күміс медальдар тағайындалған. Пржевальскиийге Санкт-Петерборда және Ыстықкөл жағасындағы қабірінің басына ескерткіш қойылған.

93 жыл бұрын (1920-1985) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ТЫШҚАНБАЕВ Бұқара дүниеге келді.

1930-1962 жылдары Шыңжаңда тұрған. 1941 жылы Үрімші педагогикалық училищесін бітірген.

1944-1962 жылдары Шыңжаңның Құлжа және Үрімші қалаларында (ҚХР) баспасөз және мәдениет саласында жауапты қызметтер атқарды.

Тышқанбаев әдебиетке 1940 жылдан бастап араласып, «Шыңжаң газеті», «Төңкерістік Шығыс Түркістан», «Алға газеті», «Шұғыла» журналында көптеген өлең, әңгімелері жарық көрді. Шыңжаң өлкелік, облыстық театрларында оның «Құлжа», «Халық күші» пьесалары қойылды. Тышқанбаев 1955 жылы «Шанхай киностудиясы» түсірген «Қасен-Жәмила» көркем фильмінің сценарийін жазды.

1962 жылы ол отбасымен тарихи Отаны - Қазақстанға оралып, Қазақ радио-телехабарлар тарату жөніндегі мемлекетік комитетінің әдебиет редакциясында қызмет істеді.

«Азамат» повесінің, «Махаббат әмірі» атты пьесаның авторы. Ол ұйғыр жазушысы Зия Сәмәдидің «Майымхан» романы мен «Бір тал папирос» повесін қазақ тіліне аударған. Күрескер ақын Таңжарықтың «Армантау» атты өлеңдер жинағын құрастырып шығарды.

Жазушының есімі Алматы облысы Ұйғыр ауданының Ақтам ауылындағы бір көшеге берілген.

87 жыл бұрын (1926-1994) қазақ ауыз әдебиетін жинаушы, зерттеуші БАЙДІЛДАЕВ Мардан Келдібайұлы дүниеге келді.

Қызылорда облысы Жалағаш ауданында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универститеті) бітірген. Ол ұзақ жылдар бойы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері болып, қазақ халқы әдебиеті үлгілерін жинаумен, зерттеумен айналысты. Темірбек Жүргенов, Сүлеймен Есқараев сияқты қайраткерлердің өмірбаянын анықтауға күш-жігерін жұмсады. Айтыс өнерінің қайта жаңғыруына өз үлесін қосты. Тұрмағамбет Ізтілеуұлы аударған «Шаһнаманың» 40 мың жолдық қолжазбасын тауып, оқырман назарына ұсынған, «Рүстем дастан», «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарын шығаруға қатысқан. Оның «Ақындар творчествосы», «Ақын-жыраулар» атты зерттеу кітаптары жарық көрген.

77 жыл бұрын (1936-1998) техника ғылымдарының докторы, профессор ЖАУҒАШТИН Қазбек Есенжанұлы дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универститетін және осы аталмыш оқу орнының аспирантурасын бітірген. 1963-1980 жылдары - Ленинград Жоғары әскери-теңіз инженерлік училищесі физика кафедрасының ассистенті, аға оқытушысы, техникалық жылу физикасы зертханасының аға ғылыми қызметкері, бөлімше бастығы. 1980-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының Теориялық және қолданбалы математика институты қолданбалы гидродинамика зертханасының меңгерушісі. Сонымен қатар институт ғылыми кеңесінің және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кандидаттық диссертациялар қорғау жөніндегі арнаулы кеңесінің мүшесі, Мемлекеттік аттестациялау комиссиясының сарапшысы. Ғалымның 100-ден астам ғылыми еңбегі бар, оның 30-ы шет елдерде жарияланған. Ол гидродинамика, аэродинамика, атмосфералық үрдістерді математикалық үлгіге түсіру, гидрология жөніндегі айрықша курстардың авторы. 12 ғылым кандидатын, 1 ғылым докторын даярлаған ғалымның негізгі ғылыми еңбектері турбуленттілік, магниттік гидродинамика мәселелері мен шекаралық қабат теориясына арналған.

63 жыл бұрын (1950)Алматы қалалық мәслихатының хатшысы МҰҚАШЕВ Төлеубек Төлеуұлы дүниеге келді.

Еңбек жолын 1967 жылы "Балхашпромстрой" тресінде жұмысшы-монтажшыдан бастаған. Абай атындағы Қазақтың педагогикалық және Алматы халық шаруашылығы институттарын бітірген. 1987 - 2002 жылдары қалалық өнеркәсіптік көркем-безендіру комбинатының директоры қызметін атқарды. 1994 - 1999 жылдары - "Алматықалабезендіру" ЖАҚ президенті. Т.Т.Мұқашевтің басшылығымен ЖАҚ көпсалалы көркем-безендіру орнына, атап айтсақ, ҚР мемлекеттік рәміздерін, портреттерін, республикалық әскери күш салалары үшін штандарттар дайындау, тағы басқа да көптеген полиграфиялық, сыйлы заттар дайындап шығаратын бірден-бір кәсіпорынға айналды. 1999 жылы Төлеубек Төлеуұлы ІІ шақырылымдағы Алматы қалалық мәслихатқа, 2003 жылы ІІІ шақырылым депутаттығына сайланды. 2002 жылдан бастап Алматы қалалық мәслихат хатшысы. "Парасат" орденінің, "Астана", "ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл", "ҚР Конституциясына 10 жыл", "ҚР Парламентіне 10 жыл" медалдарының иегері. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері.

61 жыл бұрын (1952) Қарағанды облысы әкімінің орынбасары АЙТУҒАНОВ Қайрат Қапарұлы дүниеге келді.

1984 жылы Целиноград ауыл шаруашылық институтының Көкшетау филиалын, 2000 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын тәмамдаған. Біліктілігі бойынша агроном ғалым, инженер-экономист. Экономика ғылымдарының докторы. Еңбек жолын 1979 жылы Көкшетау почтамты тасымалдау цехының операторы болып бастаған. 1984 - 1985 жылдары - Целиноград ауыл шаруашылық институтының Көкшетау филиалының кафедра ассистенті. 1985 - 1986 жылдары Кеңес Әскері қатарында болды. 1987 - 1989 жылдары - Көкшетау облысы Зеренді ауданының Қарабұлақ совхозында агроном, аға агроном, бас экономист.1989 - 1990 жылдары Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылық экономикасы ғылыми-зерттеу институтының аспиранты. 1990 - 1992 жылдары Қызыл ту аудандық агроөнеркәсіп бірлестігі төрағасының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары, кейін осы ауданның экономика бойынша комитетінің төрағасы болып істеді.1992 - 1996 жылдары коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтерді атқарды. 1996 - 1998 жылдары - Көкшетау облысы әкімінің аппаратында экономикалық саясат және аймақтық даму бөлімінің меңгерушісі, Солтүстік Қазақстан облысының экономика басқармасы бастығының орынбасары, ҚР стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын талдау бөлімінің бастығы. 1998 - 2002 жылдары - «Ақмола электр желілік үлестіру компаниясы» АҚ қаржы-экономикалық департаментінің директоры, қаржы директоры, Басқарма төрағасының орынбасары. 2003 - 2005 жылдары - «Қазақстан фермерлер одағы» заңды тұлғалар қоғамының вице-президенті.
2005 - 2006 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінде департамент директорының орынбасары, департамент директоры, аппарат басшысы. 2006 - 2007 жылдары - ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің Бүкіләлемдік банк жобасының үйлестірушісі. 2007 - 2011 жылдары - «Оңтүстік» ӘКК ҰК» АҚ департамент директоры, қаржы директоры, Басқарма төрағасының орынбасары, Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, Басқарма төрағасы. Тағайындауға дейін «ҚазАгро» Ұлттық басқару холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметінде болды. 2012 жылғы 9 шілдеде Қарағанды облысы әкімінің ауыл шаруашылығы, тұрғын халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.
«Құрмет» орденімен марапатталған.

60 жыл бұрын (1953) Алматы облысы әкімінің орынбасары МҰҚАНОВ Серік Мейірханұлы дүниеге келді.

Талдықорған облысында туған. Талдықорған зооветеринарлық техникумын, Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. «Қызылжар» кеңшары жұмысшылар комитетінің төрағасы, «Сарыбұлақ» асыл тұқымды қой зауытының партком хатшысы, Кербұлақ аудандық әкімшілігі әкімінің орынбасары, Талдықорған облысы әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы, Алматы облысы әкімінің кеңесшісі болды. Қазіргі қызметінде - 2006 жылдан бері.

45 жыл бұрын (1968) ҚР-ның Финляндиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі, Эстониядағы елші міндетін қоса атқарушы ҚОЙШЫБАЕВ Ғалымжан Тельманұлы дүниеге келді.

М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген, философия ғылымдарының кандидаты. 1995-2004 жылдары ҚР-ның Ресейдегі елшілігінің атташесі, 3-хатшысы, 1-хатшысы, кеңесші-елші. 2004 жылдан - ҰҚШҰ жанындағы ҚР-ның Өкілетті өкілі. 2004-2006 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігінің бас инспекторы. 2006-2008 жылдары - ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі. 2008 жылғы желтоқсаннан - ҚР-ның Литва Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі. 2009 жылғы ақпаннан - ҚР-ның Латвия, Эстониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы маусымнан бері.

82 жыл бұрын (1931-1995) кеңестік ақын, ән мәтіндерінің авторы Леонид ДЕРБЕНЕВ дүниеге келді.

80 жыл бұрын (1933) испандық каталон опера әншісі (сопрано) Монсеррат КАБАЛЬЕ дүниеге келді.