12 ШІЛДЕ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 12 шілде. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 12 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

12 шілде, СЕНБІ Петропавл қаласының күні. Қала Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы болып табылады. Сан-Томе және Принсипи Демократиялық Респуликасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1975).Сан-Томе және Принсипи - Гвинея шығанағындағы осы аттас аралдарда және Африканың батыс жағалауындағы басқа да ұсақ аралдарда орналасқан мемлекет. Астанасы - Сан-Томе қаласы. Ресми тілі - португал тілі. Ақша бірлігі - добра. Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы - Ұлттық халықтық жиналыс. Экономикасының негізгі тірегі ауыл шаруашылығы. Экспортқа какао, кофе, пальма, банан шығарады. Негізгі сауда серіктесері Португалия мен АҚШ. Кирибати Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1979). Кирибати - Тынық мұхиттың батыс бөлігіндегі аралдар мен атоллдарда орналасқан мемлекет. Кирибати құрамына Гилберта, Лайн, Феникс, Банаба аралдары кіреді. Астанасы - Байрики қаласы. Ресми тілі - ағылшын тілі, сонымен қатар барлық халқы тунгаруан (кирибати) тілінде де сөйлейді. Ақша бірлігі - Австралия доллары. Британ достастығы құрамына кіргенімен мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы - Ассамблея палатасы. Фотосуреттердің қорғаушысы - Ұлы Вероника күні (Фотографтар күні). ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 176 жыл бұрын (1838) Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов бастаған көтерілісшілер қолы Ақбұлақ пен Қиыл аралығындағы шайқаста Гекке әскерінен жеңіліске ұшырады. Осы шайқаста Исатай қаза тапты. 90 жыл бұрын (1924) Орта Азияда ұлттық шекара бөлісі аяқталды. Қазақ АКСР-інің астанасы Орынбордан Ақмешітке (кейін Қызылорда деп аталды) көшірілді. 89 жыл бұрын (1925) Қазақстан Жазушылар одағы құрылды. Оның алғашқы басшылары - С.Сейфуллин, Б.Майлин. Одақ құрамында проза, поэзия, драматургия, сын, көркем аударма, очерк, сатира, фантастика, балалар әдебиеті, орыс, неміс, корей, ұйғыр әдебиеті жөніндегі шығармашылық кеңестер жұмыс істейді. 1925 жылы Қазақстан Жазушылар одағының он шақты ғана мүшесі болса, қазіргі уақытта 900-ге жуық мүшесі бар. Қазақстанның 11 облысы мен Астана қаласында бөлімшелері бар. 89 жыл бұрын (1925) А.В.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағы баспадан шықты. 18 жыл бұрын (1996) Омбы облысында жазушы Қошке Кемеңгеровтің туғанына 100 жыл толу мерейтойы аталып өтті. 7 жыл бұрын (2007) Ереванда Қазақстан Республикасының Армения Республикасындағы Елшілігі ресми түрде ашылды. Бұл шараға Арменияның министрліктері мен ведомстволарының, дипломатиялық корпустың, іскер топтардың өкілдері, Еревандағы қазақ диаспорасы қатысты. 7 жыл бұрын (2007) Маңғыстау облысындағы «Қарақұдықмұнай» кенішінде мұнай құятын теміржол эстакадасы пайдалануға берді. «Қарақұдықмұнай» кеніші Ақтаудан 360 шақырым жерде орналасқан. Жаңа теміржол эстакадасы мұнайды балама жолмен жөнелтуді қамтамасыз етеді. Эстакада қазiргi заманғы жабдықтармен, газды ортаны бақылайтын автоматика және телемеханика жүйелерiмен, өрт қауіпсіздігі және жарылыс стандарттарына сәйкес келетін өрт сөндіру кешенімен толығымен жабдықталған. Эстакадада Атырау мен Няганидің (Ресей) мұнай құятын эстакадаларынан оқып келген жиырма адам қызмет атқарады. Сұйықтықты құю құрылғысы арнайы автоматтандырылған бақылау құрылғысымен жабдықталған. Жабық түрінде құятын экологиялық таза технология атмосфераға газ бен бу шығаруды азайтады. Темiржолдар мен эстакада бір уақытта 60 цистерна жүк тиеу үшін ойластырып құрастырылған. Енді мұнай құюдың қуаттылығы жылына 1 млн. тонна өнімді құрайды. Жаңа эстакада қарақұдық мұнайын жыл бойы темір жол цистерналарына құйып, оны темір жолмен Ақтау портына дейін жеткізеді, сосын ол әр түрлі бағытта экспортқа жіберіледі. 7 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің ғимаратына генерал-майор Балғабай Байжігітовті еске алуға арналған мемориалды тақта орнатылды. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері болған Балғабай Байжігітов Ұлы Отан соғысына қатысқан, қатардағы жауынгерден генерал-майор шеніне дейін көтерілген, қатардағы қызметкерден Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің облыстық органдарының басшысы қызметіне дейін өскен. Ол Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасын 1970-1985 жылдары басқарған. І дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «За боевые заслуги» медалімен, екі рет «Мемлекет қауіпсіздігінің құрметті қызметкері» төс белгісімен марапатталған. 4 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен «Caspian Publishing House» баспасы дайындаған «Қазақстан-ЕҚЫҰ-2010» мемлекеттік кітабы жарық көрді. Кітап қазақ, орыс, ағылшын тілінде басылып шықты. Кітаптың негізгі бөлімдерінің бірі еліміздің Тұңғыш Президентінің еуразиялық және ғаламдық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан айтарлық үлесіне, сондай-ақ Вашингтонда өткен Ғаламдық ядролық саммитте әлемдік қауымдастық тарапынан тиесілі мойындау тапқан еліміздің ядролық қарудан бас тартумен шектелмей, бейбітсүйгіш саясатымызды одан әрі жалғастыра білген Елбасы шешімдерінің тарихи маңызына арналған. 2 жыл бұрын (2012) ҚР Статистика бойынша агенттігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп ҚАЗСТАТ жобасын іске қосты.

ЕСІМДЕР 114 жыл бұрын (1900-1937) қоғам қайраткері ТҮРКЕБАЕВ Айтжан дүниеге келді. Алматы облысы Райымбек ауданында туған. 1913-1914 жылдары Қарақол қаласындағы орыс-түзем мектебінде, 1915-1917 жылдары қапалдағы ауыл шаруашылық мектебінде оқыған. 1918 жылы Жаркентте Кеңес өкіметі жағына шығып, ақ гвардияшыларға қарсы күрестің, жұмысшы батырақтар одағының бастығы болды. 1920-1922 жылдары - Жаркент уездік партия комитетінің хатшысы, Қызыл армия қатарында, Жетісу солтүстік майданында 2-Түркістан полкының саяси қызметкері. 1923-1924 жылдары БК(б)П Талдықорған уездік комитетінің хатшысы болды. 1924-1925 жылдары уездік хатшылардың Мәскеудегі курсын бітірген. 1925-1927 жылдары БК(б)П Алматы уездік комитетінің хатшысы, Жетісу губерниялық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1927-1930 жылдары шаруашылық қызметте болып, 1930-1931 жылдары БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарған. 1931-1934 жылдары Свердлов атындағы Мәскеу ауылшаруашылық университетінде оқыған. 1934-1936 жылдары Мұғалжар ет-сүт кеңшарының саяси бөлімінің басшысы, 1936-1937 жылдары Қазақ КСР-і жер шаруашылығы халық комиссарының оқу орындары жөніндегі басқармасының бастығы қызметін атқарды. Алматы, Жаркент қалаларындағы көшелерге, Алматы облысы Райымбек ауданының Құрмет ауылындағы орта мектепке Айтжан Түркебаевтің есімі берілген. 88 жыл бұрын (1926-1980) музыка зерттеушісі, педагог, домбырашы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Композиторлар одағының мүшесі ТАСТАНОВ Хабидолла дүниеге келді. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында туған. Қазақ ұлттық консерваториясын бітіріп, ұзақ жылдар бойына халық аспаптар кафедрасында ұстаздық еткен. 1959-1961 жылдары - КСРО Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Ұланбатырда (Моңғолия) моңғол өнері он күндігін ұйымдастыру және өткізу жұмысына басшылық жасап, Баян-Өлгей музыкалық-драма театры жанында қазақтың тұңғыш халық аспаптары оркестрін ұйымдастырған. Осы еңбектері үшін 1960 жылы Моңғол Халық Республикасының «Алтын жұлдыз» орденімен марапатталған. Оның «Алатау аясында», «Тыңға аттану», «Толғау», «Қазақ биі», «Қуанамын», «Романс», т.б. аспаптық және вокалдық шығармалары, «Домбыра оркестрі», «Домбыра үйрену мектебі», «Дирижерлік етудің негіздері» (Латиф Хамидимен бірге) атты кітаптары бар. 84 жыл бұрын (1930-1989) инженер-металлург, техника ғылымдарының докторы ҚАЗОВ Мөңке Нұрманұлы дүниеге келді. Қостанай облысы Қостанай ауданында туған. Қазақ кен-металлургия институтын бітірген. Қазақ КСР Ғылым Академиясы Химия-металлургия институтының кіші ғылыми қызметкері, КСРО Қара металлургия ғылыми-зерттеу институты Қазақ филиалының кіші ғылыми қызметкері, Қазақ КСР Ғылым академиясы Химия-металлургия институтының ғылыми хатшысы, зертхананың бас инженері, кіші және аға ғылыми қызметкері, зертхана жетекшісі, Химия ғылымдары институтының ғылыми қызметкері, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері фосфорлы шикізатты қышқылсыз әдіспен өңдеуді зерттеуге арналған. «Автоклавный щелочной способ переработки фосфорсодержащего сырья», «Физико-химические основы переработки феррофосфора» (бірлесіп шығарған) атты ғылыми еңбектердің авторы. 60 жыл бұрын (1954) Қазақстан у-шу федерациясының бас хатшысы АХМЕТОВ Бахыт дүниеге келді. 52 жыл бұрын (1962) Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдерге арналған театрдың актрисасы Райхан Нәбиолдақызы ҚАЛИОЛДИНА дүниеге келген. Талдықорған облысы Ақсу ауданы Ақсу ауылында туған. Алматы мемлекеттік театр-көркемөнер институтын бітірген (1983), драма және кино актрисасы. 1983 жылдан бері Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы. Ғ. Мүсіреповтің «Ақан Сері - Ақтоқты» (Ақтоқты), М.Әуезовтің «Алуа» (Жанар), М.Баджиевтің «Ерте, ерте, ертеде» (Зимха ханшайым), У.Шекспирдің «Махаббат айдыны» (Ева), Е.Елубаевтың «Асар» (Мекиен), М.Ахмановтың «Алдардың айласы» (Сипр) және өзге де спектальдерде ойнайды. «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 52 жыл бұрын (1962) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ШАЕКИН Рауан Михаилұлы дүниеге келді. Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында туған. КСРО ІІМ Қарағанды жоғарғы мектебін, Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Дипломатиялық қызмет академиясын бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты. 1979-1987 жылдар аралығында ішкі істер органдарында қызмет атқарды. 1989-1994 жылдар аралығында адвокаттық қызметпен айналысты. 1994-1999 жылдар аралығында бірқатар коммерциялық құрылымдарды басқарды. 1999 - 2004 жылдар екінші сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі. 2004-2007 жылдар үшінші сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі. «Нұр Отан» партиясының мүшесі. 2007-2011 жылдар төртінші сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі. «Нұр Отан» партиясының мүшесі. 2012 жылғы қаңтардан бастап бесінші сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі. «Нұр Отан» партиясының мүшесі. «Нұр Отан» ХДП жанындағы Мемлекеттік қызметтердің және рұқсат беру құжаттарының сапасы мен қолжетімділігін бақылау және мониторинг жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы.

«Құрмет», «Содружество» ордендерімен, «Шапағат», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен марапатталған. 33 жыл бұрын (1981) «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ «Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның басқарушы директоры - Басқарма мүшесі КӘРІБЖАНОВ Марат Хайратұлы дүниеге келді. Марат Кәрібжанов Жылжымайтын мүлік қорында басқарушы директор - Басқарма мүшесі ретінде 2010 жылдың сәуір айынан бастап жұмыс істейді.

Еңбек жолын 2002 жылы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде бастады. 2004 жылдан 2006 жылға дейін Ұлыбританияда консалтингілік компанияда бизнесті дамыту жөніндегі кеңесші және жобалар басқарушысы болып істеді. 2006 жылдан бастап «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ кірігу, құрылымдық қаржыландыру және қазынашылық саласында әр түрлі қызметтер атқарды. «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ тағайындалғанға дейін, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Қазынашылық департаментінің директоры болып істеді, онда Қазынашылықтың инвестициялық қоржынын басқаруға, Банктің валюталық бағыты, сыртқы және ішкі қаржы нарықтарын және халықаралық қаржы құралдарын талдауға жауапты болды. Қазақ мемлекеттік заң университетінің «Кәсіпкерлік құқық» факультетінің түлегі. Лондон университетінің (University College of London) Мемлекеттік басқару саласындағы магистрі.

Жетекшілік бағыты: Жылжымайтын мүлік қорының корпоративтік басқару, стратегиялық жоспарлау тиімділігін арттыруға қатысты жұмысын қамтамасыз етеді, сондай-ақ қаржы саясатын қалыптастыруға және жүзеге асыруға жауапты болып табылады.

120 жыл бұрын (1894-1977) режиссер, актер, КСРО-ның және Қазақстанның халық әртісі, профессор, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының және Лениндік сыйлықтың лауреаты ЗАВАДСКИЙ Юрий Александрович дүниеге келді. Ресейдің Мәскеу қаласында туған. Мәскеу университетін бітірген. Ұлы Отан соғысы жылдарында Моссовет атындағы театр құрамымен бірге Шымкентте, Алматыда тұрған. Қазақстан театрының сахналарында К. Гольдонидің «Қонақ үйдің қожасы», У. Шекспирдің «Отеллосы» мен «Асауға тұсауын», «Виндзор сайқымазақтарын», М. Лермонтовтың «Маскарадын», тағы басқаларды қойды. 68 жыл бұрын (1946-2010) Кеңес Одағы және Ресей әншісі, РКФСР Халық әртісі ТОЛКУНОВА Валентина Васильевна дүниеге келді.