13 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы13 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.13 қазан. ДҮЙСЕНБІ

Бүгін - Ауғанстан Республикасы Ұлттық ассамблеясының негізі қаланған күн (1964). ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 85 жыл бұрын (1929) Солтүстік Қазақстан радиохабары алғашқы рет эфирге шықты. Бүгінде облыстық радио бағдарламасын «Қазақстан телекоммуникациялары» (КАТЕЛКО) компаниясының спутникті байланысы арқылы облыстың барлық аудандары, сонымен қатар көрші Ресей облыстарының шекарадағы аудандары қабылдайды. 19 жыл бұрын (1995) Қазақстанда Диабет ассоциациясы құрылды. Ол 1996 жылы 176 ел біріккен Халықаралық диабет федерациясының құрамына кірді. 16 жыл бұрын (1998) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының жүйесін одан әрі реформалау туралы» Жарлығы шықты. 15 жыл бұрын (1999) Президент Н.Назарбаев Сауд Арабиясының Өнеркәсіп және энергетика министрі Х.А.Яманиді қабылдады. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің келешегін қарастырды. Сауд министрі Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевқа Сауд Арабиясының патшасы Фахдтың екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды нығайтқаны үшін алғыс білдірген жеке жолдауын тапсырды. 15 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігі Атом энергетикасы жөніндегі комитеті құрылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 25 қаңтардағы Қаулысымен Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Атом энергетикасы жөніндегі комитеті болып қайта құрылды. 10 жыл бұрын (2004) Павлодарда «Ертістің ақын-жыраулары» кітабы жарық көрді. Кітапты қазақ және орыс тілінде С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана қызметкерлері шығарған. Бұл басылымның беттерінде еліміздегі ақындардың кәсіби мектебін орнатушы, белгілі ақын Бұхар жырау туралы айтылады және де өлкетану мұражайының қызметкері Эдуард Соколкиннің «Музыкалы Павлодар» атты тарихи очеркі жарияланған. 9 жыл бұрын (2005, қазанның 13-15-і) Астанада «Аңшылық - 2005» атты бірінші қазақстандық халықаралық көрме басталды. Аталмыш шара «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның ұйымдастыруымен өтті. Көрмеге 30-ға жуық отандық және шетелдік компания өз өнімдерін шығарды. 9 жыл бұрын (2005) Астанада белгілі әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, профессор Кенжеғали Мыржықбаевтың «Өзгеге көңілім, тоярсың» атты үнтаспасының таныстырылымы болды. Үнтаспаның шығарылуы қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың 160 жылдық мерейтойына орайластырылған: мұнда оның өлеңдері К.Мыржакбаевтың орындауында берілген. 9 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасының Статистика агенттігі «Қазақстанның демографиялық жинағы» статистикалық жинағын қазақ және орыс тілдерінде жарыққа шығарды. Жинақ 2 бөлімнен тұрады, оның бірінші бөлімі республика бойынша, ал екіншісі, өңірлердегі көрсеткіштерге арналып отыр. Сондай-ақ, бұл еңбекте халықтың әкімшілік-аумақтық бөлінісі, халықтың жалпы санының және жыныс-жас құрамының өзгерісі, оның Қазақстан аумағында орналасуы, туу мен өлім, некелесу мен ажырасу, көші-қон туралы статистикалық деректер берілген. 9 жыл бұрын (2005) Шығыс Қазақстан облысының Серебрянск қаласында құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауыт іске қосылды. «ЛИК» ғылыми-өндірістік фирмасының құрылымына жаңа кәсіпорында кірді, олар құрғақ құрылыс қоспаларын жергілікті шикізаттан және еуропаның жетекші өндірушілерінің шашыраңқы қоспаларын қолдану негізінде жасап отыр. 9 жыл бұрын (2005) Семейде танымал композитор Теміржан Базарбаевтың жаңа әндер жинағының таныстырылымы болды. Жинақ «Ауылым» деп аталады. Оған әр жылдарда өмірге келіп, ел ішінде кең тараған әндер мен романстар енгізіліп отыр. ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, композитор Теміржан Базарбаев Семей саз училищесінде ұзақ жылдар бойы ұстаздық етті. «Ауылым» жинағы 500 дана таралыммен шығарылып отыр. Композитордың жаңа жинағының таныстырылымына жұртшылық өкілдері мен Семейдің мәдениет қызметкерлері қатысты. 5 жыл бұрын (2009) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдық мерейтойына арналған салтанаты шаралар шеңберінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Үлкен алтын» медаль тапсырылды. 51 жыл бұрын (1963) «Лондон Палладиумындағы жексенбілік кеш» бағдарламасында ұйымдастырылған «Битлз» тобының концертін Ұлыбританияда 15 миллион телекөрермен тамашалады. Битлздың аңызға айналған даңқ жолы басталды. «Битломания» деген ұғым да сол күннен бастап енген.

ЕСІМДЕР 115 жыл бұрын (1899-1984) композитор, дирижер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері ИВАНОВ-СОКОЛЬСКИЙ Михаил Михайлович дүниеге келді. Ресей Федерациясының Санкт-Петербор қаласында туған. 1937-1938 жылдары Қазақ филармониясының Ұйғыр музыкалық-драма симфониялық оркестрінің дирижері қызметін атқарған. 1942 жылдан Алматы қаласында тұрған. «Амангелді батыр» (батырлық жыр) шығармасының, Мәншүк Мәметоваға арналған көтереңкі күйдегі фортепионалық трио, «Жамбыл нені жырлады», «Ұлы сәулетші» (вокалдық-симфониялық поэма), «Жетісудың сайын даласында» көпшілік әндер топтамасының, «Жастық желісі», т.б. туындылардың, сахна қойылымдары музыкаларының авторы. Қызыл Жұлдыз орденімен және медальдармен марапатталған. 99 жыл бұрын (1915-1994) режиссер, педагог, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ТОҚПАНОВ Асқар (Әлиасқар) дүниеге келді. Алматы обылысының Іле ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті), Мемлекеттік театр өнері институтын бітірген. 1939-1944 жылдары және 1948-1951 жылдары Қазақ драма театрында қоюшы режиссер болып, М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай», Ш.Хұсайыновтың «Марабай», Әуезовтың «Сын сағатта» мен «Еңлік-Кебек», С.Мұқановтың «Жеңіс жыры», Ғ.Мұстафиннің «Миллионер», А.П.Штейннің «Намыс соты», Д.Гоу мен А.Д.Юссоның «Терең тамырлар» спектакльдерін сахнаға шығарды. Бұдан кейін Балалар мен жасөспірімдер театрының, сондай-ақ Қарағанды, Гурьев (Атырау), Жамбыл облыстық драма театрларының көркемдік жағын басқарып, спектакльдер қойды. Ол спектакльдерді қоюмен бірге, өзі де кейбір басты рөлдерді ойнап, сахна өнерінің өзекті мәселелері туралы зерттеу-мақалалар және пьесалар жазды. Сонымен қатар Г.Ибсеннің, А.Островскийдің, А.Чеховтың, А.Ф.Софроновтың, М.Горькийдің туындыларын аударды. Педагогикалық қызметпен де шұғылданып, 1939-1944 жылдары Алматыдағы театр училищесінде және Өнер институтында (қазіргі Алматы театр көркемсурет институты) дәріс беріп, 1955-1963 жылдары кафедра меңгерушісі, 1975 жылдан профессоры болды. Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған. 76 жыл бұрын (1938-1996) композитор, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты БЕЙСЕУОВ Әсет Көпбайұлы дүниеге келді. Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Алматы консерваториясын бітірген. 1961-1968 жылдары Текелі қаласындағы музыка мектебінің мұғалімі, мәдениет үйінің қызметкері, Есік қаласындағы музыка мектебінің мұғалімі, Ұзынағаш мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болған. 1969-1980 жылдары «Гүлдер» ансамблінде, Қуыршақ театрында қызмет істеген. Ол қазақ эстрадалық музыкасының дамуына зор үлес қосты. Композитордың «Алмалы Алматым», «Гүлдер», «Көктем шақырады», «Мұңайма», «Алтыным», «Маралдым», «Сандуғаш», «Сырласу вальсі», «Жұлдызым», «Армандастар», «Жайықтан қайтқан тырналар», т.б. туындылары қазақ ән өнерінің алтын қорына енді. Сондай-ақ, бірнеше спектакльдерге (Ш.Құмарованың «Кімнің тойына», С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға келгенде», Ә.Тауасаровтың «Аса құрметті Икс»), кинофильмдерге («Көртышқан мен қоян»), телефильмдерге («Құрбақа мен Еңлікгүл», «Алдар Көсе», «Жаздың соңғы күні») музыка жазды. «Гүлдер», «Көктем шақырады», «Армандастар» атты ән жинақтары жарық көрді. 71 жыл бұрын (1943) жазушы, Сарысу ауданының құрметті азаматы ДҮЙСЕНБИН Пернебай дүниеге келді. Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы бұрынғы Ленин ауылдық кеңесінде (қазіргі Жайылма ауылы) туған. 1960 жылы мектеп бітірісімен еңбекке араласты. 1969 жылы Қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді. Туған ауылында қазақ тілі мен әдебиеті, сурет пәндері бойынша мұғалім болды. 1973-1987 жж. мектеп директорының орынбасары, 1987-1993 жж. мектеп директоры, 1993-1997 жж. мектеп психологы, 1997-1998 жж. «Қаратау кеншісі» - «Горняк Қаратау» газетінде әдеби қызметкер, 1998-2004 жж. «Қаратау» таукен байыту комбинаты ақпарат бюросының бастығы әрі жоғарыдағы газеттің редакторы, 2004-2007 жж. Сарысу аудандық мәслихатының тексеру комиссиясының төрағасы болып қызмет еткен. Қазір «Ақ жол» газеті жанынан шығатын ғылымитанымдық «Алтын шырақ» журналының қызметкері. «Жұлдыздар неге жылайды?» атты лирикалық повесі 1979 жылы «Жалын» журналында жарияланды. Сол жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен «Жалын» баспасы жариялаған республикалық жабық бәйгеде «Кішкентай генералдар» повесі үшінші орынды, 1994 жылы «Балауса» баспасы жариялаған жабық конкурста «Дәуреннің ойыншықтары» атты повесі екінші бәйгені иеленді. «Жалғыз салт атты», «Арманымның ақ құсы», «Дөңгеле, күн, дөңгеле», «Бастау» атты бәйге алған шығармалары алғашқы жинақтарда жарияланған. 1994 жылғы республикалық «Балауса» баспасының, 1996 жылғы «Парасат» журналының лауреаты. 1965 жылы жауынгерлік мерекелік медалімен, 1981 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, 2001 жылы Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 1999-2007 жж. Сарысу аудандық мәслихатының екі мәрте депутаты болып сайланған. Сарысу ауданының Құрметті азаматы. 65 жыл бұрын (1949) пианист, Қазақстанның халық әртісі, халықаралық конкурстар мен фестивальдерінің лауреаты ҚАДЫРБЕКОВА Гүлжамила Ықсанқызы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының арнаулы фортепьяно факультетін және аспирантурасын бітірген. Қазақ филармониясының соло-пианисі, Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) оқытушысы болып қызмет атқарған. 1994 жылдан - Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры. Г.Қадірбекованың репертуарында И.Бахтың, В.Моцарттың, Л.Бетховенның, Ф.Листтің шығармалары бар. Ол - Н.Меңдіғалиев, Т.Қажығалиев сияқты қазақ композиторларының шығармаларын тұңғыш орындаушылардың бірі. Талантты орындаушы ретінде Г.Қадырбекова гастрольдік сапармен Италияда, Австрияда, Венгрияда, т.б. елдерде болған. 1980 жылы Италияның Веречелли қаласында өткен байқауда 1-дәрежелі сыйлыққа ие болып, пианистердің Дж.Виотти атындағы халықаралық байқауының лауреаты атанды. Жоғарыда аталған мемлекеттерден басқа Франция, Түркия, Тунис, Чехия, Эстония, т.б. елдерде концерт берді. «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған. 51 жыл бұрын (1963) ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - САҒЫНТАЕВ Бақытжан Әбдірұлы дүниеге келді. Жамбыл облысының Үшарал ауылында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетін бітірген. 1985 жылдан - Алматы халық шаруашылығы институтының саяси экономия кафедрасының меңгерушісі. 1988 жылдан С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің әлеуметтану кафедрасында ассистент, аға оқытушы, доцент. 1992 жылдан коммерциялық құрылымдарда басшылық жұмыстарда болды. 1998 жылдан - Жамбыл облысы әкімінің орынбасары. 1999 жылдан - ҚР шағын бизнесті қолдау агенттігі төрағасының орынбасары. 2000 жылдан - «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» ЖАҚ басқарма төрағасы. 2001 жылдан ҚР табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігі төрағасының бірінші орынбасары. 2004 жылдан - ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы. 2007 жылдан - ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің басшысы. 2008 жылдан - Павлодар облысының әкімі. 2012 жылғы қаңтардан қыркүйекке дейін - ҚР Экономикалық даму және сауда министрі. 2012-2013 жылдары - «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Парламентiне 10 жыл» (2006), «Астананың 10 жылдығы» (2008).медальдарымен марапатталған. 47 жыл бұрын (1967) Көкшетау қаласының әкімі ЖҰМАҒҰЛОВ Жарқын Жанғожаұлы дүниеге келді. Көкшетау облысында туған. Орал мемлекеттік орман-техникалық академиясын, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген. 1994-1995 жылдары - Көкшетау облысының «Подлесный» кеңшарында өсімдік шаруашылығында жұмысшы, Көкшатау қаласындағы жеке коммерциялық кәсіпорындарда жұмыс жасады. 1997-2000 жылдары - Көкшетау қаласын көгалдандыру және абаттандыру басқармасында шебер болды. 2000-2001 жылдары - «Қалалық коммуналдық шаруашылығы» мемлекеттік кәсіпорнының прорабы. 2001-2005 жылдары - «Зеленстрой» МКК прорабы. 2005-2008 жылдары - «Астана-Зеленстрой» АҚ бас агрономы. 2008-2009 жылдары - «Астана орманы» МКК директоры. 2009-2013 жылдары - «Астана-Зеленстрой» АҚ бас директоры. Қазіргі қызметінде - 2013 жылғы тамыздан бері. «Астананың 10 жылдығы», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. 39 жыл бұрын (1975) «Қазмедиа орталығы» Басқару компаниясы» ЖШС бас директоры САХАРИЯНОВ Қанат дүниеге келді. Алматы қаласында туған. 1997 жылы Қазақ мемлекеттік медицина институтын бітірген. 2001 жылы Қазақ ұлттық заң академиясын бітірді. 2006-2008 жылдары - француздың коммерция жоғары мектебінде International Executive Master of Business Administration (IE MBA) дәрежесіне ие болды. 2001 жылы «Хабар» АҚ агенттігіне конкурспен жұмысқа тұрды. Еңбектегі жетістіктері үшін заң бөлімінің бастығы қызметіне жоғарылатылды. 2005 жылғы маусымнан - «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары, басқарма мүшесі. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы маусымнан бері. 38 жыл бұрын (1976) Қызылорда қаласының әкімі НӘЛІБАЕВ Нұрлыбек Машбекұлы дүниеге келді. Қызылорда облысында туған. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген. 1997-1998 жылдары - «Қазақойл-коммерция» ЖШС сарапшысы, «Бұлақ» ЖШС директорының орынбасары. 1999-2002 жылдары - «СтандартОйлБейс» ЖШС директоры, «СтандартОйлТрейдинг» ЖШС директоры, «СтандартГаз» директорының орынбасары. 2002 жылы - «Шымкенторгсинтез» АҚ Қызылорда филиалының директоры. 2002-2004 жылдары - «Қызылорда МұнайСервис» ЖШС бас директоры, «ПетроҚазақстан» Сауда үйі» директоры. 2005-2007 жылдары - Қызылорда қаласы әкімінің бірінші орынбасары. 2007-2008 жылдары - Қызылорда облысы әкімі аппаратының жетекшісі. 2008-2013 жылдары - Қызылорда облысы Шиелі ауданының әкімі. Қазіргі қызметінде - 2013 жылғы ақпаннан бері. «Құрмет» (2011) орденімен марапатталған. . 31 жыл бұрын (1983) Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академияфлық опера және балет театрының жетекші балет солисі КІРЕБАЕВА Нәйлә дүниеге келді. А.В. Сeлезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесін үздік бітірген (2001). 2001 жылдан бері - Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет төатры балетінің жетекші жеке орындаушысы. Келесі партияларды орындайды: Одетта - Одиллия (П.И. Чайковскийдің «Аққу көлі»); Зарема (Б. Асафьевтің «Бақшасарай фонтаны»), Pas-des-deux (Л. Минкустың «Пахита»), Фея Сирени (П.И. Чайковскийдің «Ұйқыдағы сұлу»), Мирта (А. Аданның «Жизель»), Апғашқы әйел («РЕ уақыты», еуропа сазгерлерінің музыкасы), Сүйікті әйел (Д. Шостаковичтің «Чарли»), Кармен (Ж. Бизе - Р Щедриннің «Кармен-сюита» балеті). Халықаралық балет әртістері сайысына (Нью-Йорк, 2005); Рождестволық жас орындаушылар байқауына (Сеул, 2005) қатысқан. 133 жыл бұрын (1881-1967) француз физигі, физика ғылымының докторы КОТТОН Эжени дүниеге келді. 127 жыл бұрын (1887-1947) Бірінші Словак республикасының президенті, теолог Йозеф ТИСО дүниеге келді. 93 жыл бұрын (1921-1991) француз актері МОНТАН Ив (шын аты-жөні Иво Ливи) дүниеге келді. 89 жыл бұрын (1925-2013) Ұлыбританияның 1979-1990 жылдардағы премьер-министрі Маргарет ТЭТЧЕРдүниеге келді.