13 қыркүйек. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 13 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

13 қыркүйек, СЕНБІ ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 14 жыл бұрын (2000) Астанадан жеті шақырым жерде әлемдік стандартқа сай спорттық құрал-жабдықтармен жабдықталған гольф клубы ашылды. 10 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау iсiн реформалау мен дамытуға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Бағдарламаның мақсаты - мемлекет пен адам арасында денсаулық сақтау үшiн ынтымақтасқан жауапкершiлiк принциптерiне, халық денсаулығын жақсартуға бағытталған бастапқы медициналық-санитарлық көмектi басым дамытуға негiзделген медициналық көмек көрсетудiң тиiмдi жүйесiн құру. Бағдарламаның негізгі мiндеттерi - мемлекет пен адам арасында денсаулықты сақтау үшiн жауапкершiлiктi бөлiсу; негiзгi екпiндi бастапқы медициналық-санитарлық көмекке нақты көшiре отырып, медициналық көмек көрсетудi ұйымдастырудың халықаралық принциптерiне көшу;денсаулық сақтауды басқарудың жаңа моделiн және саланың бiрыңғай ақпараттық жүйесiн құру;ана мен бала денсаулығын нығайту, медициналық-демографиялық ахуалды жақсарту; әлеуметтiк жағынан елеулi аурулардың деңгейiн жыл сайын төмендету; медициналық бiлiм берудi реформалау. 9 жыл бұрын (2005) Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Латвия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ретс Плесумс сенім грамотасын табыс етті. Латвия Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың желтоқсанында орнатылып, 2004 жылдың қазан айында Астанада Латвия Республикасының Елшілігі ашылған болатын. 9 жыл бұрын (2005) Оралда қыркүйектің 8-12 аралығында Президенттік көпсайыстың ашық біріншілігі болып өтті. Халықаралық турнирге Қазақстанның тоғыз облысының спортшылары және барлығы - 170 адамнан тұратын Ресей Федерациясының, Украинаның, Беларустің атлеттері қатысты. Жарыс қысқа және ұзын дистанцияларға жүгіру, снаряд лақтыру, атысу, жүзу сияқты спорт түрлері бойынша өтті. Жалпы командалық есептен жеңісті ресей командасы қанжығасына байлады, екінші орынды қазақстаның көпсайыскерлері, ал үшінші орынды Беларустің құрама командасы иеленді. 8 жыл бұрын (2006) Оралдағы Махамбет атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетте белгілі әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Николай Щербановтың екі тілде жарық көрген «Пушкин және Орал өңірі» атты кітабының таныстырылымы болды. 7 жыл бұрын (2007) Астанадағы №50 мектеп-лицейге жоңғар басқыншыларына қарсы шайқастарда атамекенін жаудан азат еткен батыр әрі әулие, қолбасшы Райымбек батырдың есімі берілді. 7 жыл бұрын (2007) Алматыдағы «Арыс» баспасынан қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ләтифолла Қапашевтің «Мінгені Ерғалидың «Шайтанқара» атты кітабы жарық көрді. Кітапта «Шайтанқара» атты жалғыз-ақ әнімен тарихта қалған, Ақ Жайық өңіріне танымал Ерғали Аязбайұлының (1869-1929) тартысқа толы ғұмыры жөнінде баяндалады. Патша заманында барымташы атанған әрі әнші, әрі батыр Ерғали кейін кеңес өкіметін орнатысуға өзі қатысқанымен, жала жабылып, 1929 жылы екі ұлымен бірге атылады. Жинаққа автордың «Мінгені Ерғалидың «Шайтанқара» атты зерттеу еңбегімен қоса Хамза Есенжановтың «Ақжайық» романынан үзінді, Қибат Иманғалиевтің «Ерғали туралы дастаны» және Рахымжан Отарбаевтың «Шайтанқара» атты әңгімесі қоса берілген. 7 жыл бұрын (2007) Павлодар облысының Ақтоғай ауылындағы саябақта болгарлардың Қазақстанда тұра бастағанына 100-жыл толуына орай ескерткіш тұғыр орнатылды. Ақтоғай ауданында қоныс аударған болгарлар ұрпағының ең көп диаспорасы тұрады. Мұнда 100 жыл бұрын Бессарабияның жерсіз кедейлері Столыпин реформасы жылдары Разумовка және Андрияновка ауылдарының негізін қалаған. Ескерткіштің авторы Болат Қасеновтың монументальды композицияға соқаны кіргізгені кездейсоқ емес. Ол - Қазақстан жеріндегі егінші болгардың нышаны ретінде бейнеленген.

ЕСІМДЕР 114 жыл бұрын (1900-1938) мемлекет және қоғам қайраткері ОРЫНБАЕВ Мұқаш дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Семейдегі бастауыш орыс мектебін, Зайсан қаласындағы жоғары бастауыс училещесін, Семейдегі ерлер гимназиясын, Мәскеудегі бүкілресейлік төтенше комитет курсын бітірген. 1920-1923 жылдары Семей губерниясының атқару комитетінде әр түрлі басшылық қызметтер атқарған. 1924-1925 жылдары - Қазақ АКСР-і Ішкі істер халық комиссары. 1925-1927 жылдары - Ақмола губерниясы атқару комитетінің төрағасы. 1927-1929 жылдары - Қазақ АКСР-і жұмысшы-шаруа инспекциясы халық комиссарының орынбасары. 1930-1933 жылдары - Қазақ АКСР-і Қаржы халық комиссары. 1933-1936 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы атқару комитетінің, 1936-1937 жылдары Гурьев (қазіргі Атырау) округтік атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Қаржы комиссары болған кезінде ұжымдастыру науқаны салдарынан аштыққа ұшыраған қазақ халқының ауыр хәлін айтып, жоғары үкімет орындарына бірнеше хат жолдаған. 1937 жылы саяси қуғынға ұшырап, 1938 жылы атылды. 1957 жылғы КСРО Жоғарғы соты әскери шешімімен ақталды. 108 жыл бұрын (1906-1972) биші, балетмейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі КОВАЛЕВ Юрий Павлович дүниеге келді. Ресейдің Санкт-Петербор қаласында туған. Ленинград хореография училищесін бітірген. 1925 жылдан Санкт-Петербор, Харьков, Свердловск театрларында балет бишісі қызметін атқарды. 1936 жылдан Қазақ академиялық опера және балет театрының балетмейстері және бишісі болды. Оның репертуарында Альберт (Адольф Аданның «Жизелінде»), Вацлав (Борис Асафьевтің «Бақшасарай фонтанында»), Базиль (Людвиг Минкустың «Дон Кихотында»), т.б. партиялары бар. Ол балетмейстер ретінде Петр Чайковскийдің «Аққу көлі», «Ұйқыдағы аруы», Рейнгольд Глиэрдің «Мыс салт атты» балеттерін, сондай-ақ «Қыз Жібек», «Біржан-Сара», «Амангелді», «Бекет» операларындағы би сахналарын қойды. Ол қазақ балет өнерінің дамуына, ұлттық кадрлардың кәсіби дәрежесін көтеруге елеулі үлес қосты. 88 жыл бұрын (1926-1985) жазушы, ақын БӨРЕКЕШОВ Нәби дүниеге келді. Ақтөбе облысының Байғанин ауданында туған. Өзбекстан Коммунистік партиясы Орталық комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін, Қарақалпақстанның Тарас Шевченко атындағы педагогикалық институтын бітірген. 1956-1970 жылдары Қарақалпақстанның республикалық «Лениншіл жас», «Совет Қарақалпақстаны» газеттерінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, «Қарақалпақстан» баспасы бас редакторының орынбасары, Қарақалпақ телевизиясының аға редакторы болып істеген. 1970 жылы Алматыға көшіп келіп, Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетінің аға редакторы, «Қазақстан» баспасының ғылыми көпшілік әдебиеттер редакциясының меңгерушісі болып істеген. Жазушының «Өмір сақшысы» очерктері, «Тағдырға табынған» өлеңдер мен поэмалар жинағы, «Кек жалыны» романы бар. Сонымен қатар өзбек жазушысы Асхад Мұхтардың балаларға арналған «Ашыған сүт» кітапшасын, өзбек ақындары Сұлтан Акбар мен Хұснатдин Шәріповтың көптеген өлеңдерін қарақалпақ тіліне аударған. 79 жыл бұрын (1935-2001) жазушы, журналист ТОҚТАРОВ Рамазан дүниеге келді. Павлодар қаласында туған. Алматы шет тілдер институтының француз тілі факультетін, Мәскеу әдебиет институтының жоғары курсын бітірген. Павлодар облыстық газетінде, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс» журналында, Қазақстан Жазушылар одағының проза секциясының кеңесшісі, «Жұлдыз» журналы редакторының орынбасары қызметтерін атқарған. «Ертіс перзенті», «Терістік шұғыласы», «Бақыт», «Ертіс мұхитқа құяды», «Тұлпардың сыны», «Жердің үлгісі», «Сусамыр», «Таңбалы жарғақтың құпиясы», «Абайдың жұмбағы» кітаптарының авторы. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері. 76 жыл бұрын (1938) биші, педагог, балетмейстер, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты АЮХАНОВ (Қуатов) Болат Ғазизұлы дүниеге келді. Семей қаласында туған. Алматы хореографиялық училищесін А.Селезневтің класы бойынша, Санкт-Петербордағы А.Ваганова атындағы би академиясын, ГИТИС-тің балетмейстерлік бөлімін бітірген. 1957-1959 жылдары Қазақ опера және балет театрының бишісі болған. 1967 жылы «Алматының жас балеті» ансамблін құрған. Сол жылдан бастап осы ансамбльде билер мен хореографиялық миниатюраларды, композицияларды («Аққу», «Айтыс», «Аңшылар биі», «Жайдарман»), бір, екі актылы балеттерді (М.Равельдің «Болеросы», В.Булгаровскийдің «Қазақ сувенирі», А.Исакованың «Гамлет», «Жарыс», «Батырлары», Т.Қажығалиевтің «Керуені», Н.Закировтың «Мәңгүрті», Бизе-Щедриннің «Кармен-сюитасы») сахнаға қойды. Сондай-ақ Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» (Ш.Жиенқұловамен бірге), Д.Шостаковичтің 4-ші симфониясы бойынша «Қылмыс пен жаза», П.Чайковский мен М.Плетневтің «Евгений Онегин», Ф.Шопеннің «Шопениана», «Пахита» балеті негізінде қойылған гран па (жеке өзінің хореографиялық болжамдары) тәрізді жұмыстары қазақ балетінің ғана емес, дүние жүзілік балет тарихына енген жаңалықтар болды. 1997-1998 жылдары А.Мелоди-Кузьминнің музыкасына «Әлі ымырт емес», француз композиторларының әуендеріне «Эдит Пиаф - Францияның рухы», А.Бестібаевтың «Азия дауысы» балеттерін жұртшылық назарына ұсынды. Әсіресе, «Эдит Пиаф - Француз рухы» спектаклі сыншылардың, мамандардың жоғары бағасына ие болды. Хореографиялық шешімі аса сәтті бұл спектакль ансамбльдің жоғары кәсіптік деңгейін көрсетті. «Алматының жас балетінің» шын мәнінде Мемлекеттік академиялық классикалық би ансамбліне айналып, репертуарының бай, шеберліктерінің жоғары болуында Аюхановтың үлесі ерекше. Оның қолтаңбасына ізденіс, музыкалық биік мәдениет, классикалық көркем би тәсілдерінің таусылмайтын қазынасын меңгеруге ұмтылыс, жаңалыққа құштарлық тән. Отыз жылдан астам Аюханов жетекшілік етіп келе жатқан ансамбль дүние жүзіне кеңінен танымал болып, хореографиялық өнерді игеруі жөнінен әлемдік балет ұжымдарының ең үздігі саналатын алғашқы ондығына енген. Оның «Менің балетім», «Сезімдер өмірбаяны» атты кітаптары бар. Еуропа мәдениетінің 20-шы ғасырдағы 60 жарық жұлдызы туралы шығатын 25 кітаптың біреуі Аюхановтың өмірі мен өнеріне арналған (авторы австралиялық өнер зерттеушісі Юри Рюнтю). Ол отандық балет әртістерін тәрбиелеп шығаруға да көп үлес қосты. Аюханов арнайы шақырумен Түркияда «Махаббат аңызы», Ташкентте «Алдар Көсе» балеттерін қойған. «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған. 74 жыл бұрын (1940) скрипкашы, дирижер, композитор, Қазақстанның халық әртісі СЕРКЕБАЕВ Мұрат Бекмұхамедұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Алматы музыкалық училищесін, Алматы мемлекеттік өнер институтын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория) және оның аспирантурасын бітірген. 1959-1965 жылдары - Қазақ телевизиясы мен радиосы эстрадалық-симфониялық оркестрінде скрипкашы. 1968-1996 жылдары - камералық оркестрдің скрипкашысы, бас дирижер әрі көркемдік жетекшісі. 1998 жылдан - Алматы қалалық әкімдігі концерттік оркестрінің көркемдік жетешісі әрі бас дирижері. Қазақстан композиторларының, орыс және шетел классикалық музыка туындыларын насихаттауда елеулі еңбек етті. «Айнамкөз» поэмасының, «Аққуым әнім», «Дала келбеті», «Элегия», «Рапсодия», «Туған жер туралы ән» атты ән-романстар, оркестрге лайықталып өңделген көптеген музыкалық шығармалардың авторы. 68 жыл бұрын (1946) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты (Алматы қаласы бойынша), Заңнама және құқықтық реформа комитетінің мүшесі, КСРО-ның құрметті теміржолшысы, Алматы қаласының құрметті азаматы ТӨРЕГЕЛДИНОВ Жұмабек Сүлейменұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Алматы темір жол көлігі техникумын, Ташкент темір жол көлігі инженерлері институтын бітірген. 1966-1990 жылдары - Алматы темір жол торабы локоматив депосының электр-механигі, аға инженері, аға шебері, тепловоздарды сынақтан өткізу зертханасының бастығы, локомотив депосы партия комитетінің хатшысы, Алматы темір жол торабы партия комитетінің хатшысы. 1990-1993 жылдары - Алматы қаласының Октябрь аудандық кеңесі төрағасының орынбасары, төрағасы. 1993-1994 жылдары - Октябрь аудандық әкімдігі басшысының бірінші орынбасары. 1994-2002 жылдары - Алматы қалалық мәслихатының хатшысы. 2002 жылы Алматы қаласынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына депутат болып сайланған. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Заңнама және құқықтық реформа комитетінің мүшесі. 2008 жылы қайта сайланған. Түркісіб ауданының дамуы мен қалыптасуы жолында өзінің айрықша үлесін қосқан. «Құрмет» орденімен, төрт медальмен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. 67 жыл бұрын (1947) экономика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инженерлік академиясының академигі, «Тұран» Университетінің ректоры, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті АЛШАНОВ Рахман Алшанұлы дүниеге келді. Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы, Бірлік аулында 1947 жылдың 13 қыркүйегінде дүниеге келді. Орта мектепті бітірген соң мектепте мұғалім болып істеп, сонан соң Шу қант заводында еңбек етті. Армия қатарында зенит-ракета әскери бөлімінде әскери борышын өтеді, армиядан кейін Көктерек рабкопында жұмыс жасады. 1969-1974 жылдары С. М. Киров атындағы ҚазМУ-дың философия-экономика факультетінің саяси экономика бөліміне оқуға түсті. Үздік оқып қана қоймай үлкен қоғамдық жұмыстармен айналысты. Студенттік құрылыс отрядтарын басқарды. 1973-1984 ж.ж. комсомол комитетінің хатшысы ҚазМУ-дың саяси экономика кафедрасының әрі ассистенті, аға оқытушыдоценті қызметтерін қатар алып жүрді. Жастар арасындағы және көптеген қоғамдық іс-шараларды ұйымдастырушы болды. Құрмет грамоталарымен, «За освоение целинных и залежных земель» медалімен, ССР Қазақ Жоғары Кеңесінің Грамотасымен, «Ұлттар Достығы» орденімен марапатталды. Аудан, қала, облыс және Орталық комитет комсомолына сайланды, аудан кеңесінің депутаты және атқарушы комитеттің мүшесі болды. 1986-1987 ж.ж. ҚазМУ-дың философия-экономика факультетінің деканы болды. 1988-1992 ж.ж. Республикалық мәдениет қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының директоры, Қазақстан мәдениет қызметкерлерінің шығармашылық одағының президенті болып сайланды. 1992 ж. бүгінгі таңда он бес мыңнан астам жоғары білікті маман дайындап шығарған, Республикамыздағы алғашқы жекеменшік «Тұран» университетін құрды. «Тұран» университеті сыбайлыс жемқорлыққа жол бермейтін жоғары оқу орындары қатарына жататынын жұмыс берушілер арасында жүргізген сауалнама көрсетіп берді. Бүгінгі таңда оқу орны екі университеттен құралған (Алматы және Астана) екі колледж (Алматы және Астана), лицей «Тұран» (Алматы), үш ғылыми-зерттеу институты, «Тау-Тұран» оқу-сауықтыру комплекстік кешені, «Тұран-Профи» Халықаралық Академиясы, бакалавриат-магистратура, докторантурасы бар үлкен «Тұран» корпорациясына айналған. Корпорация президенті болып бірауыздан Р.А.Алшанов тағайындалды. Ал 2002 жылдың февраль айынан бастап ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті болып қызмет етіп келеді. Оның бастамасымен баспа орталығы, жаңа буын тәрбиелеудегі әсіресе қазақ тіліндегі тапшы кітаптарды шығару қолға алынды. Университет түлектерін жұмыспен қамтамасыз ететін «Карьера» орталығын құрды, жұмыс берушілермен бірге республикалық форумдар, өндірістік ассоциациялармен келісім шарттарға отырды. Р.А. Алшанов жоғары оқу орындары мен кәсіпорындармен белсенді әрі тығыз байланыс орнатқан Республикалық жұмыс берушілер Конфедерациясы Басқармасының құрамына сайланды. ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығы ішінде сұранысқа ие ғылыми жобаларды ендіру мен жүзеге асыру үшін құрылған Инновация орталығы бар. Р.А. Алшановтың бастамасымен Өркендеу институтында, Білім және ғылым министрлігінде, Индустрия және жаңа технология министрлігінде кешенді жоба бағдарламасы, «Қазақстанның күн энергетикасы», қазір 25 кешенді жоба дайындалу үстінде, 800 зертеу жұмыстары жүзеге асқан. Сонымен қатар ол аса маңызды сала болып табылатын әлемдік білім беру кеңістігіндегі интеграциялық жұмыстарына, ондағы бәсекелестікті арттыруға белсенді ат салысып келеді. «КазРЕНА» Қазақстан ғылыми білім беру компьютерлік желісін пайдаланушылар қауымдастығының президенті. Осы жылдар аралығында Рахман Алшанов ғылыми-педагогикалық жұмыстармен де белсенді айналысты. 1981 жылы С.М. Киров атындағы ҚазМУ да кандидаттық диссертациясын және 1992 жылы Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде докторлық диссетациясын сәтті қорғады. Ол 200-ден астам ғылыми және публицистикалық мақалалардың, бірнеше сараптамалық монографиялардың авторы. Оның «Казахстан на мировом минерально-сырьевом рынке» (Алматы, 2005г.) және «Казахстан на мировом аграрном рынке» (Алматы, 2006-2010 ж.) ҚР түрлі министрліктердің қызметкерлері арасында үлкен сұранысқа ие болды. Ол 30 кандидаттық, 4 докторлық диссертацияның қорғалуына жетекшілік еткен. Рахман Алшанов бірнеше қоғамдық Академия мен сайлау органдарының мүшесі, Ұлттық және халықаралық инженерлік Академияның, жаратылыстану ғылымдары Академиясының, Еуразиялық экономикалық Академияның, Халықаралық қоғамдық туризм Академиясының президенті және Білім және ғылым министрлігі коллегиясының, ҚР Үкімет жанындағы Республикалық Кеңестер мен комиссиялардың, инновациялық қордың жанындағы талдау кеңесінің мүшесі сондай-ақ, ҚР премьер министрлік ішілік Кеңестің экономика саласы бойынша кеңесшісі болып табылады. «Мәдениет», «Білім және ғылым беру туралы» заңдардың жобасына, Еңбек және Салық кодекстерінің жобаларын талқылауға белсенді қатысты. Бірнеше экономикалық қоғамдық журналдардың редколегия мүшесі. 58 жыл бұрын (1956) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі ТАРАСЕНКО Елена Ивановна дүниеге келді. Атырау облысында туған. А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын, Еуразиялық академияны бітірген. «Нұр Отан» Халықтық - Демократиялық партиясының мүшесі. Институтты бітіргеннен кейін Индер ауданының М. Әуезов атындағы орта мектепте география және биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. 1980 - 1987 жылдары Орал қаласындағы № 20 орта мектепте мұғалім, мектептен тыс, сыныптан тыс тәрбие жұмыстарын ұйымдастырушы болып істеген. 1987 - 1994 жылдары - Зашаған кенттік кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1994 - 1995 жылдары - Зашаған кенттік әкімшілігі басшысының орынбасары. 1995 - 1996 жылдары - Зашаған кенттік әкімшілігінің басшысы. 1996 - 1997 жылдары - Зашаған кентінің әкімі. 1997 - 2004 жылдары - Орал қаласы әкімінің орынбасары. 2004 - 2007 жылдары - ІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2007 - 2011 жылдары - ІV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

2012 жылғы қаңтардан бастап бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Папрламентіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. 51 жыл бұрын (1963) кескіндемеші, ҚР суретшілер одағының мүшесі БЕГАЛИН Айбек Қаленұлы дүниеге келді. 39 жыл бұрын (1975) саясаттанушы, «Известия-Қазақстан» газетінің бас редакторы ПОЛЕТАЕВ Эдуард Эдуардович дүниеге келді.

75 жыл бұрын (1939) латвиялық саясаткер, 1993-1999 жылдардағы Латвия Республикасының президенті болған Гунтис УЛМАНИС дүниеге келді. 63 жыл бұрын (1951) кеңестік және ресейлік әнші, ақын, композитор, актер, Ресей халық әртісі РОЗЕНБАУМ Александр Яковлевич дүниеге келді. 57 жыл бұрын (1957) тележурналист, «НТВ телекомпаниясы» бас директорының орынбасары, Ақпараттық қызмет бас редакторы МИТКОВА Татьяна Ростиславовна дүниеге келді.