14 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 14 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1920 жылы Ғұбайдолла Әлібеков Қазақстан тарихындағы тұңғыш Халық комиссарлары кеңесінің Әділет халық комиссары болып тағайындалып, бұл қызметті 1921 жылғы 17 қазанға дейін атқарды. Оның тұсында қалыңмалға тыйым салу, барымтамен күресу туралы алғашқы декреттердің жобалары, сондай-ақ «Қырғыздардың (қазақтардың) неке құқығы туралы» декрет әзірленді. Оның басшылығымен 1920 жылдың соңына қарай республика аумағында 231 сот және 111 тергеу учаскесі құрылды.

1936 жылы Алматы қаласында Қазақ өлкелік комитеті хаттамалық отырысының шешімімен Фрунзе ауданы құрылды. 1995 жылғы 12 желтоқсанда Алматы қаласы мәслихатының І шақырылымы мен қала әкімінің шешімімен Фрунзе ауданы Медеу ауданы болып қайта аталды. Медеу – Алматыдағы ең көрікті әрі дамыған аудандардың бірі. Аудан аумағында көптеген сәулет ескерткіші, республикалық маңызы бар тарихи-мәдени мұра нысандары, мәдениет және ғылым орталықтары, сондай-ақ спорт кешендері орналасқан.

1997 жылы Өскемен қаласындағы Краснооктябрьская көшесі Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығына орай заңғар жазушының атындағы даңғыл болып қайта аталды. Мұхтар Омарханұлы Әуезов (1897–1961) – көрнекті жазушы, қоғам қайраткері, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі. Қазақ фольклоры, әдебиетінің тарихы мен теориясына арналған ғылыми еңбектердің авторы. Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерттей отырып, қазақ әдебиеттануында абайтану бағытының негізін қалады. Сондай-ақ Қорқыт, Асан Қайғы туралы аңыз-әңгімелерді зерттеп, қырғыз халқының «Манас» эпосына қатысты көлемді ғылыми еңбек жазды.

1999 жылы Алматыда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің алғашқы кездесуі өтті. Кездесу барысында АӨСШК-ге мүше мемлекеттер арасындағы қатынастарды реттейтін қағидаттар туралы декларацияға қол қойылды. Осылайша Азиядағы қауіпсіздік жүйесінің құқықтық негізі қаланып, өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етудің нақты шаралары мен тетіктері айқындалды.

2003 жылы Атырауда ЮНЕСКО аясында Махамбет Өтемісұлының мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Атырау облысының Махамбет ауданына барған конференция қатысушылары дауылпаз батырдың, күрескер ақынның туғанына 200 жыл толуына орай арнайы салынған жаңа мешіт пен Махамбет Өтемісұлы атындағы тарихи-өлкетану музейін аралады.

2011 жылы Түркияда Анкара қаласының Етимесгут ауданы әкімдігі ұйымдастырған түркітілдес елдердің VIII халықаралық «Анатолия күндері» мәдениет және өнер фестивалі өтті. Ауданның орталық алаңындағы «Қазақ үйінде» қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпын таныстыратын жәдігерлер, ұлттық киімдер және Қазақстан туралы басылымдар қойылды. Сондай-ақ Қазақстанға арналған фотокөрме ұйымдастырылды.

2011 жылы атыраулық спортшы Евгений Ухов 24 келілік гір тасын 2 минутта 65 рет көтеріп, әлемдік рекорд орнатты. 56 жастағы спортшы бұл нәтижеге Архангельскіде өткен гір тас көтеруден шеберлер арасындағы дүниежүзілік олимпиадада «жұлқи көтеру» санаты бойынша қол жеткізді. Осы жетістігі үшін оның есімі Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.

2012 жылы Талдықорған қаласында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевқа ескерткіш соғылды. Ескерткішті орнату бастамасын «Д.А.Қонаев халықаралық қоры» қоғамдық қоры көтерді. Ескерткіш биіктігі үш метр гранит тұғырдан және оған орнатылған қола бюсттен тұрады. Тұғырға апаратын жолдар гранитпен қапталып, айналасы көгалдар мен гүлзарлармен безендірілген. Ескерткіштің авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Қаби Баулықов.

2013 жылы Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайының сахнасында Қазақстандағы тұңғыш «Жерұйық» рок-операсының премьерасы өтті. Қойылымға Асан Қайғының жерұйықты іздеуі туралы әйгілі қазақ аңызы арқау болды. Рөлдерді қазақстандық эстрада жұлдыздары сомдап, қойылымды ресейлік танымал режиссерлер сахнаға шығарды. Рок-операда жерұйықты іздеу оқиғасы арқылы қазақ халқының бірлігі мен тұтастығы баяндалады.

2015 жылы Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде START (Skills and Technology Accelerating Rapid Transformation) жобасы іске қосылды. Жоба технологиялық дамуды ілгерілетіп, болашақтың тұрақты дамуына негіз қалыптастыруды көздеді. Жобаны іске қосу рәсіміне БҰҰ-ның Жаһандық хабы және ЮНЕСКО-ның тұрақты даму жөніндегі өңірлік хабы мәртебесіне ие әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қатысты. Университет әлемдегі ең озық жоғары технологиялық жоғары оқу орындарының ТОП-50 тізіміне енеді.

2016 жылы Алматыда Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту орталығы ашылды. Ғимараттың ашылу рәсіміне Қазақстан мен Қырғызстанның төтенше жағдайлар саласына жауапты мемлекеттік органдарының басшылары, дипломатиялық миссиялардың, БҰҰ агенттіктері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальді салған Зүлфия Ғабидуллина Паралимпиаданың үздік үш спортшысының қатарына енді. 50 жастағы спортшы 100 метрге еркін жүзу жарысында мәреге бірінші болып жетіп, чемпион атанды.

2018 жылы қарағандылықтар алғаш рет Эстонияда 2011 жылы басталған World Cleanup Day дүниежүзілік сенбілігіне қатысты. Бұл экологиялық акцияға әлемнің 150-ден астам елінің тұрғындары атсалысады. Қазақстан бұл жаһандық қозғалысқа алғаш рет қосылды.

2020 жылы елдің тұрақты дамуын стратегиялық жоспарлау, сондай-ақ экономикалық, әлеуметтік және саяси реформаларды тереңдету мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті жанынан Реформалар жөніндегі жоғары кеңес құрылды.

2020 жылы «Томирис» фильмі Парижде өткен 26-шы L’Etrange Festival кинофестивалінің халықаралық толықметражды фильмдер байқауында Nouveau Genre Гран-приіне ие болды. Фильм сақ патшайымы, қайсар әйел – Томиристің өмірі мен тағдырын баяндайды.

2021 жылы Қарағанды облысында өткен «Білеуті-2021» экспедициясында бұрын зерттелмеген петроглифтер мен жартастағы жұмбақ таңбалар, көп бөлмелі үңгір, сондай-ақ Жезтырнақ тастары табылды. Бұдан бөлек жартастардан дөңгелек ойықтар анықталған. Зерттеушілер оларды ежелгі металлургтердің кен өндіру іздері болуы мүмкін деп болжады. Бұл тарихи олжалар ғылыми еңбектерде бұрын сипатталмаған. Жаңалыққа қазақстандық белгілі ғалымдар да қызығушылық танытты.

2023 жылы Қазақстан Президенті Душанбе қаласына жұмыс сапарымен барып, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонға дәстүрлі жылы қонақжайлығы мен ілтипаты үшін алғыс білдірді. Кездесуде Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы екіжақты қатынастардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары талқыланды. Сондай-ақ сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды. Тараптар стратегиялық әріптестік пен одақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.

2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуінде сөз сөйледі. Ол өңір елдері арасындағы өзара сауда көлемінің тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтті. Президент Орталық Азияның сауда, инвестиция, бизнес, ғылым және инновация салаларында жаңа мүмкіндіктерге ие болып отырғанын айтты. Сонымен бірге өңірдің зор экономикалық әлеуетін толық пайдалану және қол жеткізген нәтижелермен шектелмеу қажеттігін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұрып, ортақ мәселелерді бірге шешуге шақырды. Сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілері арасында тікелей байланыс орнату үшін Central Asia Gateway порталы аясында тауар өндірушілердің бірыңғай электрондық базасын құруды ұсынды.

2023 жылы израильдік The Jerusalem Post басылымында Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы жарияланды. Мемлекет басшысы мақаласында жаңа халықаралық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру үшін жаһандық бейбітшілік қозғалысын құру қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл бастамада діни көшбасшылардың рөлі айрықша маңызды.

2024 жылы Парижде өткен XVII жазғы Паралимпиада ойындарындағы жоғары спорттық жетістіктері үшін бірқатар қазақстандық спортшы мен жаттықтырушы Мемлекет басшысының Жарлығымен мемлекеттік наградалармен марапатталды. Алтын медаль иеленген Давид Дегтярев I дәрежелі «Барыс» орденімен, Паралимпиада чемпионы Ақмарал Науатбек III дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды.

2025 жылы Жібек Құламбаева мансабындағы алғашқы WTA титулын жеңіп алды. Жібек Құламбаева Словения өкілі Вероника Эрьявецпен жұптасып, финалда жапониялық Аяно Симидзу мен Момоко Кобориді 6:4, 6:2 есебімен жеңді. Матч бір сағаттан сәл астам уақытқа созылды.

2025 жылы Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында Санжар Тәшкенбай чемпион атанды. Қазақстандық боксшы 50 келіге дейінгі салмақта финалда моңғолиялық Алдархишиг Баттулганы жеңіп, алтын медаль иеленді.

Аударған: Ақзат Жиеналина