ЕСІМДЕР
61 жыл бұрын (1964) белгілі журналист, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты Серік Мейрамбекұлы ЖАНБОЛАТ дүниеге келді.
Семей облысының Абай ауданында туған. Қарауыл селосындағы Абай атындағы орта мектептi 1981 жылы бiтiрiп, сол жылы аудандық «Совхоз туы» газетiнде тілші болып қызмет iстедi. 1989 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiн тәмамдап, журналист мамандығын алып шықты.
Сол жылы Қазақ республикалық телевизиясының «Жастар» бағдарламасы редакциясына редакторлық қызметке қабылданды. 1993 жылы «Мұрагер» шығармашылық бiрлестiгi бас редакторының орынбасары болып тағайындалды. Сол кездерi бұл бiрлестiк «Әншi балапан», «Сиқырлы қазан», елiмiздегi бiрiншi телерадиомарафон сияқты жобаларды дүниеге әкелдi. Ал Серiк Жанболат «Жiгiттiң сұлтаны», «Үкiлi үмiт», «Тайбурыл» ат спорты және «Қазақтың Қажымұқаны» сияқты тағы басқа да тележобалардың авторы және ұйымдастырушысы болды. 1996 жылы Қазақ теледидарын нарыққа бейiмдеу шарасы жасалып, «Бағдар» (түнгi ойын-сауық клубы) студиясы құрылды. Серiк Жанболат «Бағдар» студиясының бас редакторының орынбасары болып бекiтiлдi. 1997 жылы «Ақшам» ақпарат бағдарламасының редакторы, «Гала» ТВ студиясы НЭП бағдарламасының жүргiзушiсi әрi тілшісі қызметiн атқарды. 1998 жылы «Хабар» агенттiгiнiң «Сәлем, Қазақстан» таңғы ақпараттық-сауықтық бағдарламаның продюсерi қызметiне қабылданды. Сол жылы ақпараттық бағдарламалар дирекциясына жүргiзушi, продюсер, «Жетi күн» ақпараттық-сараптау бағдарламасының редакторы әрi жүргiзушiсi қызметтерiн атқарды. Республика Президентiнiң жұртшылықпен тiкелей эфирдегi екi сағаттық жүздесуiн жүргiздi. 2002 жылы үкiмет тапсырмасымен Семей өңiрiнде Абай, Мұхтар, Шәкәрiм мұраларын жинау экспедициясын ұйымдастырды. 2002-2003 жылдары «Қуат» холдинг компаниясының менеджерi болды. 2004 жылдың басында қазақ баспасөзі тарихында тұңғыш рет күнделікті ақпарат таратататын «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетiнiң іргетасын қалап, жарыққа шығарды. Сонымен қатар «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Көкпар» пікірталас бағдарламасын жүргізіп, еліміздегі өзекті мәселелерді қозғады. 2008 жылдың қазан айында «Алаш айнасы» республикалық қоғамдық-саяси ақпараттық газетінің редакциясын жасақтауға кірісіп, 2009 жылдың басында ақпарат айдынына шығарды.
Серiк Жанболат ҚР Президенті сыйлығының иегері, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистері академиясының академигі сияқты атақтарды иемденді.
52 жыл бұрын (1973) Абай ауданы фермерлер қауымдастығының төрағасы Қуаныш Серқазыұлы СҮЛЕЙМЕНОВ дүниеге келді.
Шар қаласында туған. ҚазГЗА Қазақ мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген (2001); Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығы бойынша бітірген (2015).
Еңбек жолы: Жамбыл облысындағы «Шайзада» серіктестігінің жеткізуші-экспедиторы (1993-1994); Н.К. Крупская атындағы орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі (1995-2001); Шалабай ауылдық округінің жастарымен қоғамдық жұмыс (1998); Н.К.Крупская атындағы орта мектеп директоры (2001-2006); «Шалабай» ЖШС бас директоры (2006-2022); «Qazaq Aqbas» республикалық палатасының директорлар кеңесінің төрағасы (2019-2022); «АМАНАТ» партиясы Абай аудандық филиалының төрағасы (2022-2023); Қазақстан халықтары ассамблеясының мүшесі (2023); сегізінші шақырылымдағы Абай аудандық мәслихатының төрағасы (2023-2024); Абай ауданы әкімінің орынбасары (2024-2025).
2025 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі қызметінде.
43 жыл бұрын (1982) ТРАСЕКА үкіметаралық комиссиясының тұрақты мемлекеттік хатшылығының бас хатшысы Әсет Асанұлы АСАУБАЕВ дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, тарих, құқық және экономика негіздері оқытушысы мамандығы бойынша (2003); Қазақ қатынас жолдары университетін, инженер-механик мамандығы бойынша (2006) бітірген.
Еңбек жолы: 2004-2005 жылдары ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі Көлік бақылау комитетінің автомобиль көлігі мен автожолдарда бақылау басқармасының автомобиль жолдарын бақылау бөлімінің жетекші маманы, 2005-2006 жылдары ҚР ККМ Көлік бақылау комитетінің автомобиль көлігі мен автожолдарда бақылау басқармасының автомобиль жолдарын бақылау бөлімінің бас маманы, 2006-2007 жылдары ҚР ККМ Көлік бақылау комитетінің автомобиль көлігі мен автожолдарда бақылау басқармасының автомобильдік тасымалдар және рұқсат ету жүйесін бақылау бөлімінің бастығы, 2007-2008 жылдары ҚР ККМ Көлік бақылау комитетінің автомобиль көлігі мен автожолдарда бақылау басқармасының бастығы болып қызмет атқарған. 2008-2009 жылдары ҚР ККМ Көлік бақылау комитетінің автомобиль және темір жолдардағы бақылау басқармасының бастығы, 2009 жылы ҚР ККМ Көлік бақылау комитетінің автомобиль көлігі мен автожолдарда бақылау басқармасының бастығы, 2009-2010 жылдары ҚР ККМ Көлік бақылау комитетінің талдау жұмыстары басқармасының бастығы, 2010-2013 жылдары ҚР ККМ Көлік бақылау комитеті төрағасының орынбасары, 2013-2014 жылдары ҚР ККМ Көлік бақылау комитетінің төрағасы, 2019 жылы Көлік комитетінің төрағасы. Қазақстан Жол жөндеушілер қауымдастығының президенті лауазымында болды.
2019 жылдың желтоқсан айынан бастап қазіргі қызметінде.
32 жыл бұрын (1993) қазақстандық боксшы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері (2024), әлем чемпионы, Азия чемпионы (2021), Қазақстан чемпионы Назым Абайқызы ҚЫЗАЙБАЙ дүниеге келді.
Алматы облысы Жетіген ауылында туған.
Спорттық жетістіктері: әлем чемпионы, Оңтүстік Кореяда өткен турнирде алтын медаль, жасөспірімдер чемпионатында қола жүлде, Қытайдағы турнирде 3 орын иеленді. Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері (2016). Парижде өткен Олимпиада ойындарында жартылай финалға өтіп, қола жүлде иеленді. (2024). 2025 жылдың наурыз айында ол ХБА қамқорлығымен үшінші әлем чемпионатында жеңіске жетті.
«Құрмет» орденімен марапатталған (2024).
131 жыл бұрын (1894-1935) көрнекті қоғам қайраткері, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, аудармашы Ахмет БАРЖАҚСИН дүниеге келді.
Атбасар уезі Жезді болысында туған. Атбасар қаласындағы 2 сыныпты орыс-қазақ мектебін, мұғалімдер семинариясын (Омбы, 1918), Омбы ауыл шаруашылығы интернатын (1922), Мәскеу әдебиет интернатын (1926) бітірген.
«Бірлік» мәдени-ағарту ұйымын құруға атсалысқан. 1920 жылы Ақмола уездік ревкомы қазақ бөлімінің, 1921 жылы Ақмола губерниясының атқару комитетінің, 1923-1924 жылдары Қазақ тұтынушылар одағының төрағасы, 1925 жылы ОАК жанындағы Ұлт бюросының нұсқаушысы, Орталық тұтынушылар қоғамы одағының Берлиндегі өкілі, 1928 жылы Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығы банкінің меңгерушісі болды. 1928 жылы желтоқсанда большевиктер партиясы қатарынан өз еркімен шықты. 1929 жылы сәуірде «партия беделін төкті», «троцкийшіл» деген айыппен қамауға алынып, Батыс Сібірге жер аударылды. 1933 жылы жазасын өтеп келіп, Омбы ауыл шаруашылығы интернатына оқытушы болып жұмысқа орналасты. 1934 жылы 15 наурызда ОГПУ үштігі Баржақсинді екінші рет Батыс Сібірге 5 жылға жер аударып, 1935 жылы атылды. Әлеуметтік төңкерістер заманында өмір сүрген Баржақсин өзінің қысқа ғұмырында артына мол әдеби, ғылыми мұра қалдырды. Ол қазақтың 1710 мақал-мәтелін жинап, 1915 жылы тұңғыш рет «Мың бір мақал» кітабын қазақ, орыс тілдерінде шығарды. Оқу-ағарту мәселесі, әйел теңдігі жайлы мақалалары мен әңгімелері «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа», «Үш жүз» газеттерінде, «Айқап» журналында басылды. Л. Н. Толстойдың әңгімелерін аударып, «Айқап» журналында, «Ертерек білсең жасырма» атты мақаласы Орыс географиялық қоғамының «Жазбаларында» (1916 жылы 28 тамызда) жарияланды. 1927 жылы «Елге шаруа кооперативі мен тұтыну кооперативінің қайсысы қолайлы?», «Тұтыну дүкенінің ісін қалай жүргізу керек?» деген кітапшалары жарық көрді. 1937 жылы Баспахана мен әдебиет ісі жөніндегі Бас басқарма Баржақсиннің «Мың бір мақал» деген кітабын халыққа зиянды кітаптар қатарына қосып, пайдаланудан шығарды. Баржақсин мұралары әлі толық зерттелмеген.
79 жыл бұрын (1946) Қазақстандағы жоғары көркем білім беру ұйымдастырушыларының бірі, «Қазақстан Республикасы Суретшілер одағы» ҚБ басқармасының мүшесі Байтұрсын Есжанұлы ӨМІРБЕКОВ дүниеге келді.
Алматы облысының Ескелді ауданында туған. Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) көркем-графика факультетін, Ленинград институты жанындағы И. Е. Репин атындағы Көркем сурет, мүсін және сәулет біліктілігін арттыру курсын (1974), М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін (1984), Мәскеу жоғары көркем сурет училищесін (1989) бітірген.
Еңбек жолын аталмыш оқу ордасының оқытушысы болып бастаған. 1978-1993 жылдары Алматы театр және көркемсурет институтының проректоры болған. 1994-2007 жылдары Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының директоры, 2007-2009 жылдары Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры лауазымын атқарған. 2009 жылдан Қазақстан Суретшілер одағының басқарма төрағасы, ҚР Білім және ғылым министрлігі тіркеу кеңесінің мүшесі болды. Үш кітаптың, 2 альбомның, 50-ден аса баспа жұмыстың авторы.