15 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 15 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық демократия күні

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 2007 жылғы 13 желтоқсанда қабылданған әлем елдерінің демократияны дамыту және нығайту жолындағы күш-жігеріне қолдау көрсету жөніндегі қарарына сәйкес, (№ A/RES/62/7 қарары) мереке ретінде тойланады. 2008 жылдан бері жыл сайын аталып өтеді. Халықаралық демократия күні Жаңа және қайта жаңғырған демократия елдерінің халықаралық конференциясының ұсынысы бойынша 1997 жылы Демократия туралы ортақ декларацияның қабылдануымен бекітілген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Ақмола ел астанасы болды. Астана 1997 жылы Ақмолаға көшірілді. 1998 жылдың маусымында Қазақстанның жаңа астанасының салтанатты тұсаукесері өтті; Ақмоланың аты Астана болып өзгертілді.

1996 жылы Алматыдан 300 км қашықтықта, Нарынқол мен Қарасазға баратын жолдардың қиылысында, Райымбек ауданында Райымбек батырға ескерткіш орнатылды.

Райымбек батыр (1705-1785) қазіргі Алматы облысында дүниеге келген. Ол қазақ жерлерін жоңғарлардан азат етуде маңызды рөл атқарды. Райымбек батыр майдан даласындағы ерлігімен қатар, көптеген келісімдерді жүзеге асырды, әрқашан қазақ халқының мүддесін бәрінен жоғары қойды. Тарихи тұлғаның жерленген жерінде салынған кесене – Алматыдағы Қазақстанның қасиетті картасына енгізілген бес тарихи ескерткіштің бірі.

2005 жылы Қазақстан Ядролық терроризм актілерімен күрес туралы халықаралық конвенцияға қол қойды. Конвенцияның мақсаты – тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықаралық терроризмнің алдын алу, жолын кесу және жою шараларын жүзеге асыру, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту.

2011 жылы Ресей мен Қазақстан халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан достығына орай Астрахань облысы, Краснояр ауданы, Кіші Арал ауылындағы Бөкей ханның қабірінің үстіне салтанатты кесене салынды. Кесененің ені 12 метр, ұзындығы 15 метр, ал мұнарасының биіктігі 18 метр. Оны салу үшін аймақтағы дәстүрлі материал – Маңғыстау ұлутасы пайдаланылды. Ішкі бөлігі мәрмәр және гранитпен әрленген. Кесене аумағы қоршалып, көгалдандырылды.

Бөкей хан (1742-1815) Нұралы ханның ұлы және Әбілқайыр ханның немересі болды. 1779 жылы құрылған Кіші Орда хан кеңесінің төрағасы болды.

2011 жылы «Қазпошта» АҚ Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, профессор, физика-математика ғылымдарының докторы Орымбек Жәутіковтің 100 жылдығына орай «Есте қаларлық, мерейтойлық күндер» сериясы аясында арнайы пошта маркасын шығарды.

32 теңгелік пошта маркасы төрт түсті офсеттік баспа әдісімен басылған. Өлшемі 28х30 мм, таралымы 30 000 дана. Суретші: Николай Соколов.

2013 жылы Өскеменде, Металлургтер мәдениет сарайының басты кіреберісіндегі алаңда Қазақстанның аңызға айналған «алтын металлургі» Ахат Сәлемхатұлы Куленовке арналған қола ескерткіш ашылды.

Қуғын-сүргінге ұшыраған отбасынан шыққан Ахат Күленов өз өмірін адамдардың, еңбектің және шығармашылықтың игілігі үшін құрбан етті. Оның инновациялық инженер ретіндегі кәсіби таланты Қазақстанның ең табысты металлургиялық кәсіпорындарының бірін – Өскемен қорғасын-мырыш зауытын (қазіргі Қазмырыш) құруға көмектесті.

2016 жылы Алматыда әйгілі әнші Батырхан Шүкеновтің өмірі мен шығармашылығына арналған фотокөрме ашылды. Көрмеде жүзге жуық жұмыс көрерменге ұсынылды, олардың көпшілігі бұрын-соңды жарияланбаған. Фотосуреттер арасында әншінің бүкіл мансабында, «Джулия» бейнебаянының түсірілімінен бастап соңғы концерттеріне дейін онымен бірге жүрген Николай Постниковтың көптеген түпнұсқа фотосуреттері болды. Фотосуреттерді іріктеу және көрме дизайнымен танымал қазақстандық суретші және Батырхан Шүкеновтің жақын досы Нұрлан Төреханов айналысты.

2016 жылы елімізде Ұлттық дәрілік формуляры (ҰДФ) ресми түрде іске қосылды. Қазақстан ТМД-да мұндай ақпараттық ресурсты құрған алғашқы ел болды. ҰДФ фармакотерапиядағы озық әлемдік тәжірибелерді қолдана отырып жасалған.

2017 жылы Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Қарауыл ауылында Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығы аясында мерейтойлық шаралар өтті. Ұлы қазақ жазушысының құрметіне жергілікті тұрғындар оның әйгілі «Абай жолы» романының басты кейіпкерлерінің бірі, қазақ философы, ақыны және ағартушысы Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлына ескерткіш ашты.

2019 жылы Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында әлем рекорды орнатылды: аудандағы 14 елді мекеннің тұрғындары күбіде 10 000 литр қымыз пісті. Бұл жетістікті халықаралық сарапшылар Гиннестің рекордтар кітабына тіркеді.

«Мен бұл рекордты Кітапқа жазу үшін Кубадан арнайы ұшып келдім. Ол дайындалған сусынның көлеміне, қатысушылар санына және пайдаланылған ыдыстарға негізделеді. Бізде көптеген әртүрлі рекордтар бар, бірақ бұл бірінші рет. Біз бәрін тексердік, бәрін өлшедік», деді Гиннесс рекордтар кітабының өкілі Юделькис Диас.

Сол күні Жаңаарқа ауданының басшылығына рекордты растайтын сертификат табысталды.

2020 жылы Израильдің Хайфа қаласында Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Ұлы дала философының есімімен аталған көшеде ескерткіш тақта ашылды. Хайфа қаласы мэрінің орынбасары Лазарь Каплун ескерткіш тақта қаланың араб және еврей кварталдарының түйіскен жерінде орналасқанын және мәдениеттердің бірлігін білдіретінін атап өтті.

Әл-Фараби көшесі 1960 жылы Хайфаның Араб кварталында ашылды. Ол қаланың тарихи ауданында, әйгілі Бахай бақтары мен Хайфа өнер музейінің жанында орналасқан. Көшенің ұзындығы 1,5 шақырым.

2020 жылы Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында Сырым Датұлының сенімді адамы әрі жауынгері Ерсары батырға арналған кесене тұрғызылды. Олар азаттық күресінде бірге шайқасты.

Кесененің диаметрі 5 метр, ұзындығы 7 метр. Алып дулыға түрінде салынған бұл ескерткіш батырдың өлмес ерлігін бейнелейді.

2024 жылы Мәскеуде Каспий аймағы елдерінің ақпараттық агенттіктері өкілдерінің кездесуі өтті. Кездесуге АЗЕРТАДЖ ақпарат агенттігінің (Әзірбайжан Республикасы), IRNA ақпарат агенттігінің (Иран Ислам Республикасы), Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадио кешенінің, TASS ақпарат агенттігінің (Ресей Федерациясы) және ТДХ ақпарат агенттігінің (Түрікменстан) өкілдері қатысты. Каспий аймағының жетекші БАҚ-тары арасындағы көпжақты ақпараттық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын мойындай отырып, қатысушылар Каспий ақпарат агенттіктерінің альянсын құру орынды деген қорытындыға келді.

2025 жылы Назарбаев Университетінің Тау-кен және геология ғылымдары мектебінің ғалымдары доцент Махмуд Лейлдің басшылығымен табиғи көмірқышқыл газын ұстап қалу механизмін өнеркәсіптік қолдану әдісін әзірледі. Жоба авторларының айтуынша, көмірқышқыл газын қауіпсіз ұстап алуға жарамды тау жыныстарының көп мөлшері Ақтөбе және Қарағанды ​​облыстарында шоғырланған. Осы геологиялық әлеуеттің арқасында Қазақстан көмірқышқыл газын қауіпсіз сақтаудың негізгі аймақтық хабына айналуы мүмкін, бұл елдің халықаралық экологиялық күн тәртібіндегі орнын айтарлықтай нығайтады.

2025 жылы еліміздің командасы Данияда өткен EuroSkills Herning 2025 жарысында 7 «Үздік медаль» жеңіп алды. Жарысқа Еуропаның 32 елінен 25 жасқа дейінгі 600-ге жуық ең талантты жас мамандар қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы веб-технологиялар, мехатроника, графикалық дизайн, желі және жүйе әкімшілігі, сондай-ақ CAD инженерлік дизайны бойынша керемет нәтижелер көрсетті.

Аударған: Нұрлан Тұяқов