«Халық бері қарай ағылды. Алғашқы кезде жағдайына қарамастан патриоттық сезімі басым болғандықтан келді. Әрине, бұл өте дұрыс. Дегенмен де біраз проблемалар да осы тұрғыда көтерілді»,-деп тоқталған ол: «Басында өте дұрыс ұйымдастырылды, заңнама да жасалды, есік ашылды. Кейбірінің тіркеуі де болмаса да квоталар беріліп, қаражат бөлініп, осы бойынша мәселелер кезінде жақсы ұйымдастырылды. Кейіннен заңдардағы кейбір кемшіліктердің нәтижесінде көштің біразы ақсап, халыққа қиындау болып тұр»,-деді.
Б. Үсіпбектің сөзінше, биыл квота болмаса да халықтың Астанаға келу легі азайған жоқ. Бірақ халықтың осы көшінде қиналатын сәттер көбейді. Оған квотаны тоқтату себеп болуда.
Сонымен қатар келген азаматтарды Астанада тіркеу мәселесіне тоқталған ол, «туғандарына тіркеуші еді, оған да шектеу қойылып отыр, таныстарына тіркеуде де шектелетін проблемалар бар. Өйткені, осыншама адамды тіркеуге үйдің шаршы метрі сәйкес келмейді деген тәртіп бар»,-деді.
Оның айтуынша, Моңғолиядан келген ағайындарға «оралман» деген куәлікті беруде қиындықтар туындауда. Себебі, олардың төлқұжатында руы жазылып тұрған көрінеді. Онда бірауыз қазақ деген сөз жоқ. Бұл тұрғыда да Заңда ескеру керек.
«Үй мәселесіне тоқталатын болсақ, келген оралмандар 10-15 жыл кезекте тұрып күтеді. Енді үйдің кезегі келіп, баспананы алатын кезде, оралмандар сол уақыттың ішінде Қазақстанның жаңа куәлігін алып үлгереді және оны көрсетеді. Сол уақытта олардың жаңа куәлігін көріп, сен «оралман» емессің деп кезектен шығарып тастайды. Бізде бүгінде 15 жыл кезекте тұрып баспанаға зәру оралмандар бар»,-деді Б. Үсіпбек.
Ол осы орайда да тиісті заңнамадағы кемшіліктерден болып отырғанын сөз етті. Бас маманның пайымдауынша, оралман мәртебесі жойылғанымен, яғни Қазақстан азаматтығын алғанменен баспана алуда олардың алғашқыда оралман ретінде берген өтініштерінің күші сақталуы тиіс.
«Астанада қазіргі кезде 9 мың 500-ге тарта оралман бар. Олар 1991 жылдан бастап келген оралмандар саны. Оның жартысына жуығы яғни 47 пайызы Өзбекстаннан, сондай-ақ Ресей мен Қытайдан келіп жатыр. Атап айтқанда, олардың басым көпшілігі осы мемлекеттен. Сонымен қатар, Моңғолия, Қырғызстан елдерінен де бері қарай көш бастағандар бар»,-деді басқарма маманы.
Осы орайда, ол алыс шетелдерден келіп жатқандардың саны өте аз екенін, яғни 1-2 пайыз деңгейінде болып отырғанын жеткізді.