16 қыркүйек. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 16 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 16 қыркүйекке. арналған күнтізбесін ұсынады.

16 қыркүйек, СЕЙСЕНБІ

Озон қабатын қорғаудың халықаралық күні. 1987 жылы Озон қабатын бұзатын заттар туралы Монреаль хаттамасына қол қойылды. Сол күннің құрметіне БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 1995 жылдан бастап атап өтіледі.

Мексика Құрама Штаттарының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1810). Мексика - Солтүстік Американың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Шығысында Кариб теңізімен, батысында Тынық мұхитымен шектесіп жатыр. Астанасы - Мехико қаласы.

Қазақстан Республикасы мен Мексика Құрама Штаттары арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 13-інде орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1 4 жыл бұрын (2000) Атырауда Мысыр билеушісі болған Бейбарыс сұлтанның 775 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға араб елдерінің ғалымдары қатысты. Сонымен қатар қазақ тіліне аударылған «Әз-Захир Бейбарыс өмірбаяны» атты кітаптың тұсаукесері болып, Атырау облыстық қазақ драма театры жазушы Р.Отарбаевтың «Бейбарыс» атты пьесасын сахналады.

Шежіре бойынша Бейбарыстың атамекені - Каспий теңізінің маңы, бір деректерде - Еділ-Жайық бойы. Кіші жүздегі Байұлының Беріш руынан деген мәлімет бар.

9 жыл бұрын (2005) Түркияның Измир қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға Измир провинциясының губернаторы Оғыз Қаған Көксал, осы қаладағы құрметті консулдықтардың басшылары, іскер топ өкілдері, қазақ диаспорасы мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

9 жыл бұрын (2005) Алматыда қоғам қайраткері, экономика ғылымының докторы, академик Ерік Асанбаевтың (1936-2004) тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.

Ерік Асанбаев 1936 жылдың 10 наурызында Торғай (Қостанай) облысының Байғабыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетін және аспирантурасын бітірген. 1958 жылдан бастап Қазақ КСР-нің Қаржы министрлігінде экономист, Жобалау комитетінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қазақ КСР Министрлер кеңесінің мүшесі, Қазақстанның Германиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі, ҚР вице-президенті болған. Көптеген ордендермен және медальдармен марапатталған.

9 жыл бұрын (2005) Алматыдағы Орталық ғылыми кітапханада ақын, жыршы, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаушы Көсембек Байғұттыұлының (1884-1951) «Заман» атты кітабының таныстырылымы өтті.

Рәсім аясында автордың жеке мұрағат материалдары қойылған көрме ашылды. «Үш қиян» баспасынан жақында ғана ақын немересі Бақыт Хамзақызының құрастыруымен шыққан туындыға К.Байғұттыұлының заман, өмір ағысы жайлы жырлаған өлеңдері, айтыстары, қоғамның келеңсіз жақтарын сынап жазған мысалдары және шығыстық үлгіде жазылған «Бес сері» дастаны енген.

Халқымыздың ауыз әдебиеті нұсқаларын ел аузынан жинап насихаттауда көп еңбек сіңірген К.Байғұттыұлының шығармалары қазір Орталық ғылыми кітапхана қоры мен Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар мен текстология бөлімінде сақтаулы. «Қазақтың қарт ақыны Көсембекпін, Сөзге бай, тілге жүйрік, шешен бекпін» деп жырлаған ақын ХХ ғасырдағы қуғын-сүргіннің құрбаны болған.

9 жыл бұрын (2005) Өскеменде Қазақстанда құрастырылған «SKODA» автокөлік маркасы сатыла басталды.

9 жыл бұрын (2005) Ақтөбедегі Мұғалімдер үйінде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 80 жылдық мерейтойына арналған екі томдық фотоальбомның таныстырылымы болды.

2 мың дананы құрайтын екі томдық басылым 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) шығарылған. Бірінші томда бүгінгі күнге дейін жинақталған мұрағаттан алынған, Молдағұлованың туған-туыстарының, майдандас жолдастарының сөздерінен жиналған барлық материалдар 304 беттік кітапта көрсетілген. Екiншi кiтап Батыр қызға арналған өлеңдер, әндер, дастандар, әңгiмелерден тұратын көркем шығармалардың жинағы болып табылады. Фотоальбомда Әлияның барлық суреттері, туған жері Қобда ауданының және жерленген Псков облысында түсірілген фотосуреттері жинақталған.

8 жыл бұрын (2006) Алматы облысы Қарасай ауданында Наурызбай батырға ескерткіш ашылды. Ескерткіш авторы - Нұрлан Далбай.

7 жыл бұрын (2007) Қазақстан Венада Атом энергетикасындағы Жаһандық серіктестікке қосылды.

Оның барысында Қазақстан Қағидалар хаттамасына қол қойды және осынау үдеріске толыққанды мүше атанды.

Жиналғандардың алдында сөйлеген МАГАТЭ Бас директоры Мохаммед Әл-Барадэй, атом энергетикасы дамуының болжануына байланысты осынау бастаманың өзектілігін атап өтті.

Біздің еліміз Атомдық энергетика саласындағы Жаһандық серіктестіктің негізгі қағидаларын бөліседі және өз атомдық энергетикалық технологиясын дамытуды сезімтал технологиялар әзірлемеу міндеттемесін алған мемлекеттерге ядролық отынға кепілдікті және әділ қолжетімділік беру қажеттілігін атап көрсетеді. АҚШ Президенті Дж.Буш 2006 жылы ұсынған Атом энергетикасындағы Жаһандық серіктестік бастамасы әлемдік энергия тұтынымының өсуіне байланысты таза, қауіпсіз және қолжетімді ядролық энергияның келешектегі арту ықтималдығына байланысты халықаралық мәмілеге талдау жасауға бағытталған. Бүгінде Серіктестікке 16 мемлекет, оның ішінде атом энергетикасындағы өз жетістіктерімен көзге түскен және алдыңғы қатарлы технологияларға ие Қытай, Ресей, АҚШ, Франция елдері мүше.

5 жыл бұрын (2009) Ақтөбе облысы мен Чех Республикасының сауда-өнеркәсіптік палаталарының арасындағы ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойды.

Қол қойылған келісімшартта Чех Республикасы мен Ақтөбе облысының арасындағы сыртқы экономикалық байланыстарды нығайту және дамыту, ақпараттық-консультациялық, маркетингілік іс-шараларды дамыту, сондай-ақ оқу ынтымақтастығы мен тәжірибе алмасу мәселелері қарастырылып отыр.

ЕСІМДЕР

26 9 жыл бұрын (1745-1813) орыстың даңқты қолбасшысы КУТУЗОВ Михаил Илларионович дүниеге келді.

15 4 жыл бұрын (1859-1916) Қытай Республикасының тұңғыш президенті Юань ШИКАЙ дүниеге келді.

6 7 жыл бұрын (1947) балет әншісі, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының репетиторы БАЙСЕЙІТОВА Раушан Хатиятқызы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Мәскеу академиялық хореография училищесін, Қазақ қыздар педагогикалық институтын бітірген.

ҚР халық әртісі. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерімен марапатталған.

6 6 жыл бұрын (1948) ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы АБАЙДІЛДИН Талғатбек Жәмшитұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. Ақмола обысының Есіл қаласында туған. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын, Қазақтың менеджмент, экономика және болжамдау институтын бітірген. Математик, саясаттанушы, әлеуметтік-саяси пәндердің оқытушысы. Шығыс Қазақстан облысының әкімі, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі болып қызмет істеген. «Қазақстан Республикасы-Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің мүшесі. Қытай Халық Республикасы Халық өкілдерінің Бүкілқытайлық Жиналысымен, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысының Федерация Кеңесімен, АҚШ Конгресімен ынтымақтастық тобының мүшесі. «Құрмет» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен және бес медальмен марапатталған.

6 5 жыл бұрын (1949) ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы ЖАҚЫПОВ Қабиболла Қабенұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы, Қазталов ауылында дүниеге келген. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын (1972) тәмамдаған, инженер-құрылысшы; Алматы жоғары партия мектебін (1989) бітірген, саясаттанушы; Техника ғылымдарының кандидаты, Халықаралық Экология академиясының академигі. Қазақстан Инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі. Қазақстан Республикасы Ұлттық жаратылыс тану ғылымдары академиясының академигі. Қосалқы авторлықпен құрылыс материалдары жөніндегі үш кітабы жарық көрді. 1972 жылдан бастап №8 «Оралауылқұрылыс» тресінде жұмыс өндірушісі, бас инженер, ПМК-811-дің бастығы қызметтерін атқарды. 1977-81 жылдары «Оралколхозқұрылыс» тресінде бас инженер болып еңбек етті. 1981 жылдан - Қазақ КСР Халық депутаттары Кеңесінің Орал қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1983 жылдан - Орал қалалық Халық депутаттары Кеңесінің Өнеркәсіп аудандық атқару комитетінің төрағасы. 1987 жылдан - Қазақстан Компартиясы Орал қалалық Ленин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1989 жылдан - Қазақ КСР Халық депутаттары Кеңесінің Орал қалалық атқару комитетінің төрағасы. 1993 жылдың қаңтарынан бастап 2001 жылдың қаңтарына дейін (8 жыл бойы) Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарып, осы өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуы жолында жемісті еңбек етті. 2001 жылдан - ҚР Көлік және коммуникациялар министрінің бірінші орынбасары. 2003 жылдан - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары - Үкіметтің Парламент Сенатындағы өкілі. 2007 жылдан - «Нұр Отан» ХДП-ның тізімі бойынша Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. Елімізге сіңірген еңбегі үшін «Парасат» (2009) және «Құрмет» (1999) ордендерімен, бірнеше мерейтойлық медальдармен марапатталған. Сондай-ақ ұлтаралық келісімге сіңірген қызметіне орай Ресей Федерациясының ІІ дәрежелі «Даниил Әулие» ордені берілген. Қазақстан Республикасының Құрметті теміржолшысы. Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы. 2012 жылғы қаңтардан бастап- бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған. 2012 жылы қыркүйекте ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары болып сайланды. Қазіргі қызметінде 2014 жылдың сәуір айынан бері.

45 жыл бұрын (1969) ҚР Президентінің ҚР Парламентіндегі өкілдігі жетекшісінің орынбасары, бас инспекторы МАРТЕЛЬ Владимир Александрович дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген, заңгер.

Еңбек жолын 1986 жылы жұмысшы болып бастады. 1995-1996 жылдары - ҚР Әділет министрлігінде бас консультант. 1996-1997 жылдары - ҚР Жоғарғы сотының бас маманы, консультанты. 1997 жылы - Ақмола облысы әкімі аппаратының консультанты. 1997-1999 жылдары - ҚР Жоғарғы соты шаруашылық істері жөніндегі алқа төрағасының кеңесшісі. 1999-2004 жылдары - Астана қаласы Алматы аудандық сотының судьясы. Қазіргі қызметінде - 2004 жылдан бері.

8 6 жыл бұрын (1928-1976) суретші ЖҮСІПОВ Әлі Асқарұлы дүниеге келді.

Тараз қаласында туған. Түркістандағы темір жол училищесін, Бішкектің көркемсурет училищесін, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербор) кескіндеме, мүсін және сәулет институтын бітірген. 1959 жылдан Алматы қаласындағы көркемсурет училищесінде оқытушы болған. 1965 жылы Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық суретшілер көрмесіне қатысқан. Қылқалам шеберінің «Ана бақыты», «Бақыт», «Менің елімнің әйелдері», «Алғашқы оқу», «Ана», «Кешкі таулар», «Тауда», т.б. еңбектері бар. Ол шебер портретші ретінде де танылып, Ж.Арыстанова, Қ.Мұхамеджанов, Р.Сәрсенбин, т.б. портреттерін салған. Суретшінің майлы бояумен салған кескіндемелік туындылары Қазақстан мемлекеттік өнер мұражайы қорында сақтаулы.

4 1 жыл бұрын (1973) қазақстандық танымал велошабандоз, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Азия чемпионы, 2012 жылғы Лондон олимпиадасының чемпионы, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, «Тур де Франс» әлемдік веложарысының қола жүлдегері, әлем чемпионы, Испаниядағы "Вуэльта" көпкүндігінің жеңімпазы ВИНОКУРОВ Александр Николаевич дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. Ол кәсіби веложарыспен айналысуды 1997 жылы «Казино» командасы құрамында бастады. Оның алғашқы жетістіктерінің бірі 1998-1999 жылдардағы «Дюнкерк төрт күні» және «Dauphiné Libéré» көпкүндік жарыстағы жеңісі болды. Бұл жетістіктері спортшының 2000 жылы күшті және әйгілі «Deutsche Telekom» ( 2004 жылдан «T-Mobile») велотобына енуіне әсер етті. 2006 жылы Винокуров Испания командасының капитаны ретінде «Тур де Франц» көпкүндігіне қатысты. 2006 жылдан қазірге дейін ҚР «Астана» командасының құрамында. Командалық жарыста Азия ойындарының чемионы (1994), Топтық жарыста олимпиадалық ойындардың күміс жүлдегері (2000), «Париж-Ницца» көпкүндік веложарысының жеңімпазы (2002-2003), «Тур де Франс» кезеңдерінің (2002-2003), «Amstel Gold Race» Әлем кубогы кезеңінің (2003), «Швейцария турының» (2003), беделді біркүндік «Льеж-Бостон-Льеж» веложарысының (2005,2010) жеңімпазы, жекелей жарыста әлем чемпионатының қола жүлдегері (2004, 2006). «Тур Байери» көпкүндік жарысына қатысушы (2005) - 2-орын, «Тур де Франс» көпкүндік веложарысының қола жүлдегері (2003, 5-орын - 2005), «Тур Германии» (2003) - 3-орын, көпкүндік веложарыстарының қола жүлдегері. Алтантадағы (1996), Сиднейдегі (2000) - 2-орын, Афиныдағы (2004) - 5-орын, Олипиадалық ойындарға қатысушы. ҚР ұлттық чемпионатының көптеген дүркін жеңімпазы. Азия чемпионатының жеке және топтық жарыстарындағы жеңімпаз, күміс жүлдегер (2009), Vuelta a Espana веложарысының басты есебінде жеңімпаз (2006), «Льеж-Бостон-Льеж» командалық бір күндік жарысында жеңімпаз (2010), «Тур дель Третино»жарысының жеңімпазы (2010!), «Тур де Франс» 13-кезеңінің жеңімпазы (2010).

«Парасат», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған.

7 4 жыл бұрын (1940) қоғам және мемлекет қайраткері ЖҮЙРІКТАЕВА Мәрия Бесбайқызы дүниеге келді.

Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

1976-1980 және 1989-1991 жылдары - Қаскелең педагогикалық училищесінің директоры. 1980-1981 жылдары - Жамбыл аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі. 1981-1983 жылдары - Қазақ КСР Кәсіби-техникалық білім беру жөніндегі мемлекеттік комитетінің бөлім бастығы. 1983-1987 жылдары - Қаскелең аудандық партия комитетінің хатшысы. 1987-1989 жылдары - Алматы облысы Мәдениет басқармасының бастығы. 1991-1995 жылдары Қаскелең аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық әкімшілік бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.

1995-1999 және 1999-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің мүшесі болды.

«Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған.

8 8 жыл бұрын (1926-2000) домбырашы, күйші ТАЛАСБАЙҰЛЫ Елемес дүниеге келді.

Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Атасы Еспембет, әкесі Таласбай аймағына әйгілі күйшілер болған. Домбыраны 7 жасында әкесінен үйренген. Оның өз жанынан шығарған туындысы - «Арман-ай» күйі. Сталиндік асыра сілтеу кезінде ол ата-анасымен бірге Қытай жеріне қоныс аударады.

Оның «Шер тарқатар», «Атамекен», «Күйшақыртқы», «Кеңес», т.б. күйлері бар. 1996 жылы Қазақстанға оралған. 1998 жылы Қазақ радиосының, 2000 жылы Қазақстан 1 телеарнасының алтын қорына күйшінің орындауындағы 25 күй жазып алынды. Сондай-ақ, оның орындауындағы 10 күй 1998 жылы жарық көрген «Жетісу күйлері» жинағына енген.