Дания Корольдігінің Ұлттық мейрамы - Патшайымның туған күні. 68 жыл бұрын (1940) Дания патшайымы 2-ші Маргрете дүниеге келді. 1972 жылғы қаңтардың 14-де таққа отырған.
Дания Еуропаның солтүстік-батысында орналасқан ең кішкентай мемлекет. Ютланд түбегінің біраз бөлігін, Зеландия, Фюн, Лолланн, Фальстер, Мен, Борнхльм, т.б. аралдарды алып жатыр. Оңтүстігінде Германиямен шектеседі. Шығысында Балтық, батысы мен солтүстігі Солтүстік теңізімен шайылады. Әкімшілік жағынан 14 амтқа (облысқа) бөлінеді. Астанасы - Копенгаген. Мемлекеттік тілі - дат тілі. Ақша бірлігі - дат кронасы. Дания - конституциялық монархия. Мемлекет басшысы - Патшайым. Жоғарғы атқарушы органы - Үкімет. Жоғарғы заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Фолькетинг.
Болгарияда Конституция күні. Сәуірдің 16-да Болгарияда Заңгер күні және Бірінші Болгар конституциясының мерекесі атап өтіледі (1879 жылы елдiң Бiрiншi Ұлы Халық жиналысында қабылданған Тырнов Конституциясы).
Арменияда полиция қызметкерлерінің күні. 2001 жылдан «Полиция туралы» заңы қабылданған күннен бастап атап өтіледі.
Израильде Тәуелсіздік күні. Израильде бұл мереке салтанатты түрде әскери шерулермен атап өтіледі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
97 жыл бұрын (1918) Орынборда қазақ тілінде «Қазақ мұңы» газеті шығарылды. Газет Әліби Жангелдиннің бастамасымен құрылған. «Қазақ мұңы» большевиктер саясатын насихаттап, Алаш партиясына қарсы бағыт ұстанды. Облыстың еңбекші бұқарасына өкіметтің алғашқы декреттерінің мән-мазмұнын түсіндірді. Көп ұзамай, азамат соғысының басталуына байланысты, Дутов ақгвардияшыларының билігі жүре бастаған кезде, газет шығуын тоқтатқан.
93 жыл бұрын (1922) Қостанай драма театры құрылды.
81 жыл бұрын (1934) Кеңес Одағында 1934-1991 жылдары Отан үшін ерекше ерлік көрсеткен адамдарға берілетін ең жоғарғы атағы - Кеңес Одағының Батыры КСРО Орталық Атқару комитетінің қаулысымен бекітілген. Кеңес Одағының Батыры атағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасының Жарлығымен берілді. Кеңес Одағының Батыры атағы берілгендерге Ленин ордені, «Алтын Жұлдыз» медалі және КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының грамотасы тапсырылды. Кеңес Одағының Батыры атағын екінші рет алғандар екінші «Алтын Жұлдыз» медалімен марапатталып, оның туған жеріне қоладан бюст қойылды. Ал Кеңес Одағының Батырын үш рет алғандарға бюст Мәскеуде орнатылды. Кеңес Одағының Батыры атағын алғаш алғандар мұзда қалған кемелердегі адамдарды құтқарушы ұшқыштар болды. Қазақстандықтардың ішінен ең алғашқы Кеңес Одағының Батыры атағы ұшқыш П.Шевцовқа Испанияда фашизмге қарсы күресте көрсеткен ерлігі үшін берілді. Ұлы Отан соғысы жылдарында 500-ге жуық қазақстандықтар Кеңес Одағының Батыры атанды. Кеңес Одағы тұсында аталмыш атаққа 12500-ге жуық адам ие болды.
25 жыл бұрын (1990) Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің № 148 қаулысымен Қарағанды облыстық филармониясына Қали Байжановтың есімі берілді.
16 жыл бұрын (1999) Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қытай және ағылшын тілдерінде шығарылған «Қазақстан - 2030» кітабының тұсаукесері өткізілді.
13 жыл бұрын (2002) Cisco Systems компаниясының Қазақстан Республикасындағы өкілдігі ашылды.
12 жыл бұрын (2003) ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес «Тұрғын-үй жинақ құрылыс банкі» ЖАҚ құрылды.
10 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысты.
10 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Белгіленген әскери қызмет мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2005 жылдың сәуір-маусымында және қазан-желтоқсанында кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы» Жарлыққа қол қойды және «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» және «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Қазақстан Республикасы заңына толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Словакия Республикасы Үкіметі арасындағы халықаралық автокөлік қозғалысы Келісімін ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының қауіпсіздігі үшін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы қарулы күштерді бірігіп қолдану Келісімін ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қырғызстан Республикасы Үкіметі арасындағы тауарлардың автомобиль көлігімен Қазақстан Республикасы аумағынан транзиттік қозғалысы Келісімін ратификациялау туралы» Заңдарына қол қойды.
8 жыл бұрын (2007) Қазақстан мен Куба арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың бекітілгеніне 15 жыл толуына байланысты Кубаның Қазақстандағы Елшісі Тересита Капоте Камачо Қазақстанның жазушысы Роллан Сейсенбаевты латын-американ әдебиетін насихаттаудағы қосқан үлесі үшін «Достық» орденімен марапаттады.
6 жыл бұрын (2009) Пекиндегі Дяоюйтай мемлекеттік резиденциясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Қытайдың Олимпиада комитетінің жоғарғы сыйлығымен марапаттау рәсімі болып өтті.
Қытайдың Ұлттық Олимпиадалық комитетiнiң құрмет белгісі 2008 жылдың тамызында бекітілген және олимпиадалық қозғалыстың дамуына, спорт пен салауатты өмiр салтына өз үлестерін қосқаны үшін берiледi.
5 жыл бұрын (2010) Қостанайда Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің мұражайлар кешенін ашу рәсімі өтті.
5 жыл бұрын (2010) «Абай» халықаралық клубы «Аманат» журналын шығара бастады.
5 жыл бұрын (2010) Грозный қаласының №1 лицейіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді.
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың атынан лицейге «Ford» шағын автобусы, кітапхана, сондай-ақ компьютерлік сыныпқа арналған интерактивті тақта табысталды.
4 жыл бұрын (2011) Қазақстанда ислам дінінің бастау көздері туралы отандық ғалымдардың еңбектеріне арналған «Даналардың ізімен» атты көлемді телевизиялық экспедиция жобасы іске қосылды.
12 деректі фильмде Ахмет Яасауи, әл-Фараби, Хибатолла әт-Тарази, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Пір Бекет-ата, Әубәкір Кердері, Ыбырай Алтынсарин, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Нуан Хазреттердің өмірі мен дін жолындағы ғылыми еңбектері көрсетілді.
2 жыл бұрын (2013) Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ мен DP World жаһандық кемежай операторының арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
162 жыл бұрын (1853) Үндістанда алғашқы жолаушылар темір жолы ашылды. Бұл жол Бомбей (қазіргі Мумбай) және Тхану (қазіргі Тхане) қалаларын біріктірді.
ЕСІМДЕР
87 жыл бұрын (1928-2013) әнші, КСРО халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халықаралық театр институтының мүшесі ЖАМАНОВА Роза Үмбетқызы дүниеге келді.
Ақтөбе қаласында туған. Алматы консерваториясын бітірген. 1953 жылдан Қазақ опера және балет театрының әншісі болған. Әнші отандық және классикалық операларда басты партияларды орындап, Ақжүніс, Жібек (Е.Брусиловский «Ер Тарғын», «Қыз Жібек»), Сара (М.Төлебаев «Біржан-Сара»), Ажар (А.Жұбанов, Л.Хамиди «Абай»), Татьяна, Иоланта (П.Чайковский «Евгений Онегин», «Иоланта»), Мария Александровна (Ю.Ментус «Ағайынды Ульяновтар»), Валентина Панфилова (Ғ.Жұбанова «Жиырма сегіз»), Чио-Чио-Сан (Дж. Пуччини «Чио-Чио-Сан»), Амелия (Дж.Верди «Балмаскарад»), т.б. образдарын сомдаған. Сондай-ақ, Қ.Қожамияровтың «Назугумындағы» Назугум, Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлуындағы» Қамар, С.Мұхамеджановтың «Айсұлуындағы» Айсұлу партияларын тұңғыш орындаған. Ол гастрольдік сапармен көптеген шет елдерде болып, қазақ ән өнерін насихаттауға үлкен үлес қосқан. 1962-1979 жылдары аралығында Қазақ театр қоғамының төрағасы болған.
Еңбек Қызыл Ту, Ленин және Халықтар достығы ордендерімен марапатталған. «Тарлан» сыйлығының иегері.
74 жыл бұрын (1941) КСРО және Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері, 3-ші санатты мемлекеттік әділет кеңесшісі ӘШЛЯЕВ Төлеген Әшләйұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысының Ағадыр (қазіргі Шет ауданы) ауданында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универститеті) бітірген. 1965-1988 жылдары - Қарағанды облысы Октябрь аудандық прокуратурасының аға тергеушісі, облыстық прокуратураның аға тергеушісі, прокуроры, тергеу бөлімі бастығының орынбасары, Саран қаласының прокуроры, Қарағанды қаласы прокурорының орынбасары. 1988-1992 жылдары - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы бөлім бастығының орынбасары, басқарманың аға прокуроры, бөлім бастығы. 1992-1996 жылдары - Жезқазған облысының прокуроры. 1996-2004 жылдары - Алматы қалалық көлік прокуроры, Оңтүстік-Шығыс аймақтық көлік прокуроры. 2004 жылдан бастап зейнет демалысына шыққан.
«Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерімен марапатталған.
62 жыл бұрын (1953) биология ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология факультетінің деканы ШАЛАХМЕТОВА Тамара Минажқызы дүниеге келді.
Астрахань облысында (Ресей) туған. Жасушалық биология саласындағы танымал маман, 2003 жылы Ресей халықаралық жасушалық биология жөніндегі қоғамының мүшелігіне сайланды (Ресей Ғылым Академиясының Цитология институты, Санкт-Петербор қ.). Т.М.Шалахметованың басшылығымен 5 кандидаттық, бір PhD докторы қорғалды. Париждегі Пьер және Мари Кюри университетінде, Германияның Оснобрюк университетінде тағлымдамадан өтті. ғылымдағы көрнекті жетістіктері үшін екі мәрте ҚР Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік стипендиясына ие болды.
61 жыл бұрын (1954) Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры МІРХАЛЫҚОВ Жұмахан Үшкемпірұлы дүниеге келген.
Жамбыл қаласында (қазіргі Тараз қаласы) дүниеге келген. А.Н. Косыгин атындағы Еңбек Қызыл Ту Орденді Мәскеу тоқыма институтын, осы оқу орнының аспирантурасын тәмамдаған. Техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі.1976-1979 жылдары - Жамбыл технологиялық институты ХТООП кафедрасының ассистенті, машықтанушы-ізденушісі. 1979-1982 жылдары - А.Н. Косыгин атындағы Еңбек Қызыл Ту Орденді Мәскеу тоқыма институтының аспиранты. 1983 - 1998 жылдары - Жамбыл технологиялық институты «Жеңіл өнеркәсібтің машиналары мен аппараттары» кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, институттың коммерциялық бөлімінің бастығы, ФМА факультеті деканының орынбасары, ТТМ кафедрасы меңгерушісінің міндетін атқарушы, меңгерушісі. 1998-2008 жылдары - М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті жеңіл және тоқыма өнеркәсібі факультетінің деканы, тоқыма өндірісінің технологиясы кафедрасының доценті, профессоры. 2008 - 2012 жылдары - М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жеңіл және тамақ өнеркәсібі факультетінің директоры, деканы, жеңіл және тамақ өнеркәсібі кафедрасының профессоры, осы университеттің инновациялық қызмет жөніндегі проректоры міндетін атқарушы, проректоры. 2012 жылғы қаңтардан бастап - М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры.
2004 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасы білім саласының Құрметті қызметкері» төс белгісімен марапатталған, 2009 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері атанған.
56 жыл бұрын (1959) танымал әнші, композитор, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан композитолар одағының мүшесі, Республикалық «Жігер-87», Халықаралық «Ыстықкөл-89», «Бұқара-90» фестивальдерінің, Ш.Қалдаяқов атындағы республикалық байқаудың, «Азия дауысы-95», «Алтын диск-97» (Ыстамбұл), Франциядағы «Достық әндері» фестивальдерінің, «Каир-2003» (Мысыр) халықаралық байқауының лауреаты ОМАРОВ Марат Әбдіұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Мәдени-ағарту институтын бітірген. Шымкент облыстық филармониясында «Ауылым - әнім» ансамблінің әншісі, Қазақ телевизиясының музыкалық редакторы қызметтерін атқарған. 2001 жылдан Астана қаласында Президент оркестрінде және филармонияда қызмет істеген. Ол «Наурыз» шығармашылық қорын, «Балаларды дамыту» қорын ашқан. 2000 жылы Лос-Анджелес қаласындағы FIDOF Әлемдік композиторлар қауымдастығының мүшесі болып қабылданды. Әншінің орындауында «Анашым», «Әке арманы», «Қыз сыны», «Сыңарым», «Әнші балапан», «Қоштасқым келмейді», «Арман қала - Астана», «Мекке-Мәдине», «Наурыз», т.б. әндері бар.
55 жыл бұрын (1960) ҚР ҚМ МКД Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары ҚАМАЛХАНҰЛЫ Бәделхан дүниеге келді.
Семей облысының Ақсуат ауданында 1960 жылы 16 сәуірде дүниеге келді. 1996 жылы заңгер мамандығы бойынша С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдады. 1990 жылдан бастап құқық қорғау органдарында жұмыс істейді. Өзінің еңбек жолын Алматы облыстық атқару комитеті ІІБ Қаскелең аудандық атқару комитеті ІІБ-де Социалистік меншікті талан-таражға салуға қарсы күрес бөлімінің жедел уәкілі қызметінен бастады. Алматы облысының Жамбыл ауданында ІІО экономикалық қылмыспен күрес бөлімінің басшысы болған, Алматы облысы бойынша Мемлекеттік қызмет және кадр басқармасы лауазымдық қылмыс басқармасы басшының орынбасары болып қызмет атқарған. Сонымен қатар, ол Жамбыл облысы ІІБ 9-шы басқармасының басшысы, Қызылорда, Жамбыл облысы ІІД басшысының орынбасары, Батыс Қазақстан облысы Көліктегі ІІД-де жұмыс жасаған. ҚР-дағы Интерпол Ұлттық орталық бюросының басшысы болған.
54 жыл бұрын (1961) «Астанаэнергосервис» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары ҚАНСЕЙІТОВ Манапхан Бекзатұлы дүниеге келді.
1984 жылы Қазақ химия-технологиялық институтын «Инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын 1984 жылдың қазан айынан 1985 жылдың қыркүйек айына дейін «Джамбулсельстрой» трест құрылыс бөлшектері және құрылымдары комбинатының полигон қоймасының сменаны басқаратын мастері. 1985 жылдың қазан айынан 1991 жылдың қаңтар айына дейін «Механика грунтов, основания и фундаментов» кафедрасының оқу мастері, «Құрылыс өндірісінің технологиясы» кафедрасының оқытушысы, В.И. Ленин атындағы политехникалық институтының Еңбек Қызыл нышаны Қазақ ордені филиалының зерттеуші-машықтанушы. 1991 жылдың қаңтар айынан 1994 жылдың маусым айына дейін Қазақ химия-технологиялық институтының аспиранты. 1994 жылдың құркүйек айынан бастап 2005 жылдың құркүйек айына дейін Железобетон» АҚ аймақаралық ассоциациясының темірбетонды құрылымдар зертханасының аға ғылыми қызметкері, «БатысЭкопроект» ЖШС бас инженері. 2006 жылдың қаңтар айынан бастап 2007 жылдың желтоқсан айына дейін Алматы қаласы Медеу ауданы әкімі аппаратының құрылыс және абаттандыру бөлімінің бастығы. 2007 жылдың желтоқсан айынан бастап 2008 жылдың сәуір айына дейін Алматы қаласы Энергетика жіне коммуналдық шаруашылық департаментінің энергетика бөлімінің бас маманы, көріктендіру бөлімінің бастығы. 2008 жылдың сәуір айынан бастап тамыз айына дейін «Астана қалалық коммуналдық шаруашылығы» АҚ Басқарма төрағасының қаржы жөніндегі орынбасары. 2008 жылдың тамыз айынан бастап 2012 жылдың маусым айына дейін Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімінің орынбасары. 2012 жылдың маусым айынан бастап 2013 жылдың наурыз айына дейін «Астана қаласының Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ бастығының инфрақұрылымды дамыту жөніндегі орынбасары. 2013 жылдың наурыздан бастап Астана қаласының Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының лауазымына тағайындалған.
54 жыл бұрын (1961) Еуразиялық экономикалық комиссияның кәсіпкерлік қызметті дамыту департаментінің директоры АҚБЕРДИН Рүстем Александрұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған. 1990-1992 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Химия-металлургиялық институтының ғылыми қызметкері. 1992-1995 жылдары - «Паритет» жекеменшік кәсіпорнының директоры. 1995-2001 жылдары -Қарағанды аймақтық пенсионерлер мен аз қамтылған халықты қорғау жөніндегі қайырымдылық қорының президенті. 2001-2003 жылдары - «Шаруашылық басқармасы» жабық акционерлік қоғамының президенті. 2003-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Өнеркәсіп саласы департаменті директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы Индустрияжәне сауда министрлігі Бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитет төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі департаменттің директоры, Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау жөніндегі Агенттік төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. 2011-2012 жж «НұрОтан» ХДП Инновациялық комитеті төрағасының бірінші орынбасары .
52 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары ТЕН Игорь Викторович дүниеге келді.
Омск қаласында дүниеге келген, 1986 жылы «тау инженері-технолог» мамандығы бойынша Қазақ политехникалық интитутын бітірді.
1980 жылы Алматы ауыр машина құрастыру зауытының электермонтажы болып еңбек жолын бастады. 1986 жылғы шілдеден бастап 1992 жылғы маусымға дейін Алма-Ата «Южказгеология» іздестіру-түсіру экспедициясының бұрғылаушысы, бұрғылаушы шебері, ҚазПТИ инженері, «Бөбек» кооперативінің слесарі, Алматы қаласы «Тенко» шағын өндірісінің директоры болып қызмет атқарды. 1992 жылғы маусымнан бастап 1999 жылғы маусымға дейін кеден органдарында Алматы кедені бухгалтерлік есеп және кедендік төлемдер бөлімінің аға инспекторы, ҚР МКМ Кедендік кірістер басқармасының бас инспекторы, бөлім бастығы, бастықтың орынбасары, бастығы болып қызмет өткерді. 1999 жылғы маусымда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне Хатшылықтың консультанты лауазымына ауысуға байланысты кеден органдарынан жұмыстан босатылған болатын. 2000 жылғы сәуірден бастап 2001 жылғы желтоқсанға дейін «Транко-Логистик» ЖАҚ Вице-президенті, «Кедентранссервис» ЖАҚ кеден органдарымен өзара байланыс басқармасының бастығы, «Алаш-брокер» ЖШС кеңесшісі лауазымдарында жұмыс істеді. 2001 жылғы желтоқсаннан бастап 2004 жылғы маусымға дейін - ҚР МКМ КК Орталық энергетикалық кеденінің бастығы, ҚР МКМ КК Кедендік бақылауды ұйымдастыру және кеден режимдері бас басқармасының бастығы, ҚР КБА Кедендік кірістер департаментінің бастығы. 2004 жылғы маусымнан бастап 2009 жылғы наурызға дейін КАТЭК ЗЖШС Қазақстан Ассоциациясының Президенті, Алматы қаласы «Фрутенгрупп» ЖШС кеңесшісі, Астана қаласы Экономикалық зерттеу институтының аға сарапшысы лауазымдарында қызмет атқарды. 2009 жылғы наурыздан бастап 2011 жылғы шілдеге дейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарды. 2011 жылғы қыркүйектен бастап 2012 жылғы наурызға дейін - ҚР ҚМ КБК Алматы қаласы бойынша Кедендік бақылау департаменті бастығының орынбасары. 2012 жылғы наурыздан бастап Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары лауазымында қызмет атқарады.
192 жыл бұрын (1823-1852) неміс математигі Фердинанд ЭЙЗЕНШТЕЙН дүниеге келді.
126 жыл бұрын (1889-1977) америкалық киноактер, кинорежиссер, композитор әрі продюсер, Оксфорд университетінің құрметті докторы ЧАПЛИН (Chaplin) Чарльз Спенсер дүниеге келді.
Лондон қаласында туған. 1897-1942 жылдары мюзок-холл сахнасында, Ф.Карго жетекшілік еткен пантомима театрында ойнап, актерлік өнер шеберлігін жетілдірді. Ол мұнда мюзкл-холлдың талабына орай пластика мен пантомима өнерін үздік меңгерді. 1914 жылы АҚШ-та кинодағы актерлік және режиссерлік өнер жолын бастады. Қойған фильмдердің сценарийлерін де өзі жазды. Бір қатар фильмдерінде лирикалық және комедиялық бояуды шебер шеңдестіре отырып, «кішкене адамның» есте қалар жиынтық бейнесін жасады. Пантомима мен комедия өнерін жан-жақты дамыта отырып, өз орнымен пайдалану арқылы «Нәресте» мен «Алтынның әлегі» фильмінде ақша билеген ортадағы қорғансыз жандардың азапты ауыр өмір-тұрмысын бейнеледі. 1922 жылы «Чарллз Чаплин фильм корпорейшен» деген атпен кинофирма ұйымдастырды. «Париж қызы» фильмін қоюмен өзінің кинода психологиялық драма жасаудың шебері екенін байқатты. «Пилигрим», «Цирк», «Үлкен қаланың оттары», «Жаңа кезең», «Ұлы диктатор», «Месье Верду», «Рампа оттары», «Король Нью-Йоркте», «Гонконгтен келген граф әйелі» атты фильмдердің авторы. Оның шығармалары Америка Құрама Штаттарының реалистік кино өнерінің қалыптасуына игі ықпал жасаумен қатар, дүниежүзілік кинокомедияның дамуына да мол үлес қосты. 1954 жылы Халықаралық Бейбітшілік сыйлығын алды.
88 жыл бұрын (1927) Рим-католик шіркеуінің басшысы (2005-2013), 265-ші Рим Папасы БЕНЕДИКТ XVI (шын аты-жөні Йозеф Алоиз Ратцингер) дүниеге келді. 2013 жылы ақпанда өз еркімен Папа тағынан бас тартты.
69 жыл бұрын (1946) өзбек әншісі, композитор, Өзбекстанның, Қазақстанның, Қырғызстанның халық әртісі, Өзбекстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЗӘКІРОВ Фарух Кәрімұлы дүниеге келді.
Өзбекстанның Ташкент қаласында туған. Ташкент консерваториясын бітірген. 1969-1971 жылдары Өзбекстан эстрада оркестрінің әншісі болған. 1971 жылдан «Ялла» ансамблінің әншісі, 1976 жылдан көркемдік жетекшісі. «Ялла» ансамблінің дүние жүзіне танылуы Зәкіровтың шығармашылығымен тығыз байланысты. Ол «Түнгі жұлдыз», «Бәйшешек», «Көңілді шайхана», «Үшқұдық», «Лола», т.б. әндердің авторы, әрі орындаушысы.
Бірнеше медальдармен марапатталған.