Қазақстан да бұл үрдістен шет қалған жоқ. Елде 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне шектеу енгізуді көздейтін заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл мәселе неге дәл қазір көтерілді? Әлем елдері қандай жолды таңдады? Мұндай шектеулер балаларды шынымен қорғай ала ма? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Бүгінде балалардың әлеуметтік желіде өткізетін уақыты ғана емес, интернеттегі қауіптердің де артуы көптеген елді жаңа шаралар қабылдауға мәжбүрлеп отыр. Мәселен, ЭЫДҰ-нің 2025 жылғы «Балалардың цифрлық дәуірдегі өмірі» баяндамасына сәйкес, 2017-2022 жылдар аралығында ұйымға мүше елдерде кибербуллингке ұшыраған балалардың үлесі орта есеппен 25%-дан астам өскен. Ал әрбір алтыншы бала интернетте қорлауға немесе кемсітуге тап болғанын айтқан. Көріп отырғанымыздай, бұған дейін негізгі мәселе кибербуллинг пен зиянды контент болса, бүгінде оған онлайн-груминг, интим материал арқылы бопсалау, сондай-ақ жасанды интеллект көмегімен жасалатын дипфейктер қосылып отыр. Мәселен, UNICEF, ECPAT және INTERPOL жүргізген зерттеу 11 елдегі кемінде 1,2 миллион баланың соңғы бір жыл ішінде AI арқылы жасалған сексуалдық сипаттағы жалған бейнелердің құрбаны болғанын немесе осындай қауіпке тап болғанын көрсеткен.
Бұл мәселе Қазақстан үшін де өзекті. Мәселен, UNICEF пен Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылы жүргізген Kazakhstan Kids Online зерттеуіне сәйкес, елдегі балалардың 15,3%-ы интернетте күн сайын жағымсыз немесе зиянды контентке тап болатыны белгілі болған. Ал әрбір бесінші бала (21%) кибербуллингке ұшырағанын айтқан. Сонымен қатар балалардың 10%-ы бұрын кездеспеген адамдарды достар қатарына қосса, 11%-ы бейтаныс адамдарға фото немесе видео жіберген. Бұл үш жыл бұрынғы дерек екенін ескерсек, қазір жағдай бұдан да күрделі болуы мүмкін.
Әлем әлеуметтік желіні қалай реттеп жатыр
UNICEF мәліметінше, бүгінде цифрлық қауіптердің сипаты өзгеріп, жағдай барған сайын ушығып барады. Сондықтан көптеген ел әлеуметтік желілерді реттеудің жаңа тетіктерін іздеп жатыр. Солардың ішінде ең қатаң шешімдердің бірін Аустралия қабылдады. Елде 2025 жылдың желтоқсанынан бастап 16 жасқа толмаған балаларға TikTok, Instagram, Facebook, YouTube және басқа да әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынды. Заң талабын орындамаған платформаларға 49,5 миллион аустралия долларына дейін айыппұл салынуы мүмкін. Жасты тексеру міндеті балаларға емес, ӘЖ компанияларының өзіне жүктелген.
Алайда алғашқы зерттеулер заңды орындау оңай емес екенін көрсетіп отыр. Сарапшылардың мәліметінше, көптеген платформа пайдаланушылардың жасын нақты тексермейді. Cондықтан балалардың басым бөлігі ӘЖ бұрынғыдай пайдаланып келеді.
Еуропада әзірге әлеуметтік желіге қатысты бірыңғай жас шектеуі жоқ. Дегенмен көптеген мемлекет ұлттық заңнамасын қатаңдатып жатыр. Норвегия, Польша және Аустрия 14–16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желі қолдануды шектейтін заң жобаларын әзірлеп жатыр. Португалия, Германия, Франция және Италияда жасөспірімдердің әлеуметтік желіні пайдалануына ата-анасының келісімі талап етіледі немесе осындай талапты енгізу қарастырылып жатыр.
Азияда да осыған ұқсас үрдіс байқалады. Индонезия балалардың әлеуметтік желідегі аккаунттарына кезең-кезеңімен шектеу енгізіп жатыр. Малайзия 2026 жылдан бастап 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желі қолдануға тыйым салатынын жарияласа, БАӘ әлеуметтік желіні пайдаланудың ең төменгі жасын 15 жас деп белгіледі.
Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Анар Мұқатаева «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленгенін атап өтті. Оның сөзінше, құжат қазір Үкіметтің қарауында.
– Қазіргі таңда халықаралық тәжірибе зерделеніп, мемлекеттік органдар мен онлайн-платформалардың қатысуымен жаңа талаптарды іске асырудың техникалық және ұйымдастырушылық тетіктері пысықталып жатыр, - деді ол.
Анар Мұқатаеваның мәліметінше, заң жобасында 16 жасқа дейінгі пайдаланушылардың онлайн-платформаларда тіркелу тәртібін реттейтін жаңа бап енгізу ұсынылған. Оған сәйкес, жедел хабар алмасу сервистерін қоспағанда, 16 жасқа дейінгі балаларды онлайн-платформаларда тіркеуге тыйым салу көзделген.
Министрліктің түсіндіруінше, бұл шара балаларды жасына сәйкес келмейтін контенттен, кибербуллингтен және әлеуметтік желіге тәуелділік қаупінен қорғауға бағытталған. Сонымен қатар айта кету керек, бұл заң жобасы білім беру және басқа да цифрлық ресурстарға қолжетімділікті шектемейді.
Әлеуметтік желіні шектеу мәселені шеше ме
Алайда мұндай шектеу балаларды шынымен қорғай ала ма? Бұл туралы балалармен 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан психолог Ғайни Ықыластан сұрадық. Оның айтуынша, бұл балалардың ұйқысы мен эмоционалдық жағдайына оң әсер етіп, әлеуметтік желіден тыс белсенділікке көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік береді. Алайда психолог гаджетті бақылаусыз пайдаланудың салдары тәжірибеде қазірдің өзінде байқалып отырғанын жеткізді.
– Әлеуметтік желіде ұзақ уақыт отыру баланың мазасыздығы мен депрессиясының күшеюіне, өзін өзгелермен салыстыруына, өзін-өзі бағалауының төмендеуіне және ұйқысының бұзылуына әсер етеді. Соның салдарынан оқу үлгерімі төмендеп, зейіні шашырайды. Мәселен, жақында бізге 10 жастағы бала келді. Оқу үлгерімі өте төмен, қарапайым оқу, жазу, қосу, азайту сияқты дағдыларды меңгермеген. Тексеру барысында денсаулығында да, ми дамуында да органикалық бұзылыс анықталған жоқ. Кейін белгілі болғандай, бала кішкентай кезінен гаджетпен өскен, ата-анасы жеткілікті көңіл бөлмеген. Арнайы психиатриялық тексеруден кейін оған диагноз қойылды. Бұл гаджетті бақылаусыз пайдаланудың сау баланың дамуына да кері әсер етуі мүмкін екенін көрсетіп отыр, - деді писхолог.
Маманның айтуынша, бұдан да күрделі жағдайлар тәжірибеде жиі кездеседі. Гаджетті бақылаусыз пайдаланудың салдары тек оқуына, мінез-құлқына ғана емес, балалардың психикалық жағдайына да кері әсер етіп жатыр.
– Мәселен, 14–15 жастағы жасөспірім келді, ол әлеуметтік желіні ешқандай шектеусіз пайдаланудың салдарынан өте агрессивті болып кеткен. Ата-анасына қол көтеріп, үйдегі заттарды сындырған, ешқандай ескерту қабылдамайтын жағдайға жеткен. Мұндай кезде психологтың көмегі ғана жеткіліксіз. Кей жағдайда психиатрдың араласуы мен дәрі-дәрмекпен емдеу қажет. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар кездесіп тұрады, – дейді Ғайни Ықылас.
Неліктен дәл 16 жас деген шек қойылып отыр
Сондықтан да психолог маман әлеуметтік желіні қолдануға жас шектеуін енгізу дұрыс шешім деп санайды.
– Мұндай шектеу енгізілсе, олар ӘЖ-ден тыс ортада көбірек қарым-қатынас жасап, спортқа, шығармашылыққа уақыт бөледі. Сөйтіп, баланың ұйқы режимі жақсарып, эмоциялық тұрақтылығы артады. Алайда мемлекеттік деңгейде әлеуметтік желіні шектеумен ғана мәселе шешілмейді. Егер ата-ананың өзі таңнан кешке дейін телефоннан шықпаса, мұндай тыйымның әсері аз болады. Сондықтан ең алдымен ересектер үлгі көрсетіп, баламен көбірек уақыт өткізіп, цифрлық сауаттылық пен интернеттегі қауіпсіздік ережелерін үйретуі керек, - деді Ғайни Ықылас.
Сондай-ақ ол 16 жас шегі де кездейсоқ таңдалмағанын да ерекше атап өтті.
– Адамның өзін-өзі бақылауға, жауапкершілік алуға және эмоциясын басқаруға жауап беретін ми бөліктері шамамен 15–16 жастан бастап қарқынды дамып, толық қалыптасуы 25 жасқа дейін жалғасады. Сондықтан осы кезеңге дейін балаларды әлеуметтік желінің ықтимал зиянынан қорғауға ұмтылудың ғылыми негізі бар, – деп түйіндеді Ғайни Ықылас.
ӘЖ пайдаланушыларының жасын тексеру мүмкін бе
Ендігі ең үлкен сұрақ – баланың жасын қалай анықтайды? Заң жобаларының ең күрделі тұсы да - осы.
Егер Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға шектеу енгізілсе, платформа қолданушының нақты жасын қалай анықтайды? Alliance QazTech ақпараттық қауіпсіздік комитетінің тең төрағасы Евгений Питолиннің айтуынша, пайдаланушының жасын техникалық тұрғыдан анықтауға болады. Алайда әзірге мінсіз тәсіл жоқ.
– Жасты тексеруге болады. Бірақ барлық әдістің өз кемшілігі бар. Қазір әлемде бірнеше тәсіл қолданылып жүр. Мәселен, Meta қолданушының көрсеткен туған күніне ғана емес, желідегі әрекетіне де назар аударады. Ол адамның не жариялайтынын, жазған пікірлерін, мектеп немесе туған күні туралы жазбалары бар-жоғын талдайды. Сонымен қатар адамның жас шамасын анықтау үшін бет-әлпетінің жалпы белгілерін саралайды. Бұл жерде нақты адамды тану емес, тек жас ерекшелігін бағалау туралы айтып отырмыз. Бұдан бөлек, құжат немесе селфи арқылы жасты растау тәсілі бар. Сондай-ақ тағы бір шешім – «жас токені» (Age tokens). Бұл - пайдаланушының белгілі бір жасқа толғанын растайтын цифрлық куәлік. Ол арқылы адам аты-жөнін немесе нақты туған күнін көрсетпей-ақ, жасын дәлелдей алады, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Қазақстанда жасты eGov арқылы тексеру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
– Бұл – ең қолайлы тәсілдердің бірі. Өйткені eGov көпшіліктің телефонында бар. Егер әлеуметтік желіге тіркелуді мемлекеттік деректер базасымен байланыстыру мүмкін болса, қосымша жеке мәлімет жинамай-ақ жасты растауға болады. Бірақ мұның нақты қалай іске асатыны әзірге анықталған жоқ, - дейді Евгений Питолин.
Мұндай шектеуді айналып өтуге бола ма
Сарапшының сөзінше, әлемдік тәжірибе жасты тексерудің жүз пайыз сенімді жүйесі әлі жоқ екенін көрсетіп отыр.
– Ең оңай жолы – туған күнін жалған көрсету. Сондай-ақ балалар VPN қолданып, тексеруі әлсіз елдің аймағын таңдайды, ата-анасының аккаунтын немесе басқа адамның құжаттарын пайдаланады. Тіпті Ұлыбританияда жасанды интеллектіні алдау үшін жалған мұрт жапсырған жасөспірімдер де болған. Зерттеулерге сәйкес, Ұлыбританиядағы балалардың шамамен үштен бірі жас шектеулерін айналып өтуді меңгерген. Қазақстанда да жағдай ұқсас. Қазір жасты тексеру механизмі іс жүзінде жоқ деуге болады. Сондықтан бес жасар бала да әлеуметтік желіде аккаунт аша алады, - дейді ол.
Қазақстан қандай қиындықтарға тап болуы мүмкін
Евгений Питолиннің пікірінше, мұндай талап енгізілсе, ең алдымен үш мәселені шешуге тура келеді. Олар – жасты тексерудің тиімді тәсілін таңдау, қауіпсіздікті күшейте отырып, пайдаланушыға қолайсыздық туғызбау және жүйені eGov платформасымен біріктіру.
– Егер барлық адамнан төлқұжат сұрайтын болса, бұл көпшілікке қолайсыз болады. Ал тексеру тым жеңіл болса, одан нәтиже шықпайды. Бұған қоса, eGov-пен біріктіру кезінде әлеуметтік желіге пайдаланушының тек жасы туралы мәлімет берілуі керек, ал басқа жеке деректері жария болмауы тиіс. Сондай-ақ жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, оны DDoS-шабуылдардан қорғау қажет, - дейді спикер.
Балалардың жеке деректері қалай қорғалуы керек
Сарапшының айтуынша, жасты тексеру жеке деректерді өңдеумен тікелей байланысты. Сондықтан ең басты талап - балалардың жеке мәліметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
– Қазір кеңінен қолданылып жүрген жасты тексеру жүйелерінің өзі жеке деректердің қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін. Сондықтан мұндай талаптарды енгізгенде тексеру жүйесін іске қосу жеткіліксіз. Ең бастысы – пайдаланушы туралы мүмкіндігінше аз мәлімет жиналуы керек. Деректер пайдаланушының құрылғысының өзінде өңделгені дұрыс. Олар қажет болғаннан артық сақталмауы және басқа мақсаттарға, мысалы жарнама үшін пайдаланылмауы тиіс. Сондай-ақ жүйе ақпараттың сыртқа шығып кетуінен барынша қорғалуы қажет, - деп түйіндеді Евгений Питолин.
Қорытындылай келе, балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануын реттеу – тек жас шектеуін енгізумен шешілетін мәселе емес. Ең тиімді нәтиже заңнамалық талаптар, платформалардың жауапкершілігі, ата-ананың бақылауы және балалардың цифрлық сауаттылығын қатар күшейткенде ғана мүмкін екенін байқап отырмыз.
Айта кетейік, Ұлыбритания үкіметі 16–17 жастағы жасөспірімдер үшін әлеуметтік желілерді пайдалануға қатысты ерікті түнгі шектеулер енгізетінін мәлімдеді.