16 желтоқсан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 16 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform/Midjourney

95 жыл бұрын (1929) әнші, КСРО және Қазақстан халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Ахметқызы ТӨЛЕГЕНОВА дүниеге келді.

Семей қаласында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясын (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген.

Өнер жолын көркемөнерпаздар үйірмесінен бастаған. 1951-1971 жылдары Қазақ радиосының, Қазақ мемлекеттік филармониясының әнші-солисі, 1971-1979 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әнші-солисі, 1979 жылдан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы вокал кафедрасының профессоры болды.

Әншінің репертуарында қазақтың халық әндері, Қазақстан композиторларының шығармалары бар. Өзінің концерттік-орындаушылық өнерін шеберліктің жоғары сатысына көтеріп, классикалық дәрежеге жеткізді.

Қазақ опера өнеріне де елеулі үлес қосты. Таңдаулы партиялары: Жібек (Е. Брусиловский «Қыз Жібек»), Қарлығаш (А. Жұбанов және Л. Хамиди «Абай»), Гүлбаршын (Е. Рахмадиев «Алпамыс»), Джильда, Виолетта (Дж. Верди «Риголетто», «Травиата»). Ол «Дала қызы», «Біздің сүйікті дәрігер», «Бұл Шұғылада болған еді», «Тақиялы періште», «Балалық шағымның аспаны» фильмдерінде өз замандастарының тұлғасын жасады.

Гастрольдік сапармен Канадада, Францияда, АҚШ-та, Италияда, Швецияда, Египетте, Алжирде, Сирияда, Үндістанда болды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 7-9-шақырылымдарының депутаты.

Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен марапатталған. Астана қаласының құрметті азаматы.

80 жыл бұрын (1944) кинорежиссер, суретші, аниматор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғани Ахметбекұлы ҚЫСТАУОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. 1964 жылы Алматы училищесін бітірген. Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) театр және кино институтында оқыды.

1969 жылы алғашқы мультипликациялық фильмі «Аю мен қоянды» түсірді. Оның: «Қазына» (1970), «Үш тілек», (1971), «Бала мен жын» (1974), «Қадырдың бақыты», (1977), «Сыйлық», тағы басқа мультфильмдері бар. Қазақстан Комсомол жастары сыйлығының иегері (1978). ҚР Кинематографистер одағының мүшесі.

Украинада өткен анимациялық фильмдердің ашық фестивалі қазылар алқасының Арнайы сыйлығының және балалар қазылар алқасының Бас сыйлығының (Львов қаласы, 1977), XIX Бүкілодақтық кинофестивальдің Бірінші сыйлығының және Алтын дипломының (Алматы қаласы, 1986), Украинадағы анимациялық фильмдердің ашық фестивалі қазылар алқасының Арнайы сыйлығының (Тернополь қаласы, 1986), Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің Халықаралық кинофестивалі дипломының (Ташкент қаласы, 1986), славяндық және православиялық халықтардың II Халықаралық «Алтын витязь» кинофестивалінің «Қола витязь» сыйлығының және «Славян мәдениетіне сіңірген зор үлесі үшін» дипломының (Нови-Сад қаласы, Сербия, 1993), Халықаралық «Хиросима» кинофестивалі дипломдарының (1998, 2002), I Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі Гран-приінің (Алматы қаласы, 1998), I Ұлттық «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінің «Шәкен жұлдызы» сыйлығының (Алматы қаласы, 2003), ең үздік «Астана-Бәйтерек» анимациялық фильмі сыйлығының (Астана қаласы, 2005) иегері. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1978).

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған (2001). Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері (2002).

59 жыл бұрын (1965) Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ербол Тынымбайұлы ӨТЕЕВ дүниеге келді.

Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Құрық ауылында туған. 1987 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын «Машина жасау технологиясы, металл кесетін станоктар мен аспаптар» мамандығы бойынша, 2002 ж. «Ұлағат» университетін «қаржы және несие», 2003 жылы Халықаралық Еңбек Академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1987 жылғы тамызынан 1994 жылғы тамыз айы аралығында Маңғыстау облысы Құрық ауылы «Маңғыстаумұнайгазгеологиясы» АҚ мұнайқұрастыру инженері қызметінен бастады. 1995-1996 жылдары Ақтау қаласы бойынша салық инспекциясының салық инспекторы болып қызмет атқарды. 1997 жылы «Маңғыстау – Кең дала» АҚ жоспарлы есептік бөлімінің жетекші маманы, 1998 жылы «Нефтемашсервис» АҚ инженері, 1998-2002 жылдары «ТМ-82» ЖШС директоры, 2002-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша Салық комитетінің бас салық инспекторы, бөлім бастығы, басқарма бастығы, 2008-2014 жылдары Маңғыстау облысы бойынша салық департаментінің бөлім, басқарма басшысы, Қарақия ауданы бойынша салық басқармасының бастығы, Ақтау қаласы бойынша салық басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. 2008-2014 жылдары Маңғыстау облысы бойынша салық департаментінің бөлім, басқарма басшысы, Қарақия ауданы бойынша салық басқармасының бастығы, Ақтау қаласы бойынша салық басқарма бастығының орынбасары, 2014-2017 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Ақтау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқарма басшысының орынбасары, 2017-2019 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Жаңаөзен қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы болды.

Қазіргі қызметін 2019 жылғы сәуір айынан атқарып келеді.

50 жыл бұрын (1974) «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дастан Елемесұлы АБДУЛҒАФАРОВ дүниеге келді.

О. Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебін, Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын «Халықаралық құқық», заңгер мамандығы бойынша, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын «Халықаралық экономика және құқық» мамандығы бойынша тәмамдаған. Милан қаласындағы ENI корпоративтік университетінде мұнай бизнесінің магистрі атағын алды. Сколково Мәскеу басқару мектебінде «Қаржы және инвестициялар», Executive MBA бойынша білім алды.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниялар тобындағы еңбек тәжірибесі 18 жылдан асады, оның ішінде 14 жыл басшылық қызметтерде жұмыс істеді.

Әр жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ пен «ҚазМұнайТеңіз» ТМК» АҚ-та халықаралық келісімшарттар департаментінің заңгері, жаңа жобаларды дамыту департаментінің бас менеджері, жаңа жобаларды дамыту департаменті директорының орынбасары, одан кейін жаңа теңіз жобаларын дамыту департаментінің директоры, жобаларды басқару тобының жетекшісі, «ҚазМұнайГаз Барлау Өндіру» АҚ-та бас директордың кеңесшісі, бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры, бас директордың экономика және қаржы жөніндегі орынбасары, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ барлау және өндіру бизнесін сүйемелдеу жөніндегі басқарушы директоры, аппарат басшысы – даму жөніндегі басқарушы директоры қызметтерін атқарды.

Қазіргі лауазымын 2022 жылғы желтоқсаннан бері атқарып келеді.

49 жыл бұрын (1975) Алматы облысы Қарасай аудандық сотының судьясы Ралат Болатқанұлы БОЛАТҚАН дүниеге келді.

Семей облысында дүниеге келді. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1993-1994 жылдары Семей облысы «Қазагроөнеркәсіптехникасы» Самара бірлестігінің слесарі, 1999-2000 жылдары Шығыс Қазақстан облысы ІІБ Шемонаиха аудандық ішкі істер бөлімінде тергеуші, 2000-2003 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданы прокурорының көмекшісі, 2003-2004 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық сотының судьясы, 2004-2006 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданы мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы, 2006-2011 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Глубокое аудандық сотының төрағасы, 2011-2015 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Үржар аудандық сотының судьясы қызметтерін атқарды. 2015-2021 жылдары Алматы гарнизондық әскери сотының судьясы болды.

Қазіргі қызметін 2021 жылғы желтоқсан айынан атқарып келеді.

94 жыл бұрын (1930-2004) Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Ізтілеу Әбуғалиұлы ӘБУҒАЛИЕВ дүниеге келген.

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында туған. 1953 жылы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірді.

Егіншілік және өсімдік шаруашылығы саласындағы көрнекті ғалым 1956-1959 жылдары ҚазКСР ҒА ботаника институтында жұмыс істеді. 1959-1967 жылдары аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары, 1975 жылы В. Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ҒЗИ директоры болды.

20 жыл бойы Қазақстан Республикасында егіншілік, өсімдік шаруашылығы, селекция және тұқым шаруашылығының ғылыми-техникалық бағдарламасын басқарды. Оның жетекшілігімен богарлық, толықпайтын, тау-кен және суармалы егіншіліктің аймақтық жүйелері әзірленіп, өндіріске кеңінен енгізілді, ауыл шаруашылығы дақылдарының 150-ден астам сұрыптары шығарылды, олардың тұқым шаруашылығы ұйымдастырылды, Оңтүстік-Шығыс Қазақстан аумағында гидромодульдік, гидромелиоративтік аудандастыру жүзеге асырылды.

Ол басшылық еткен жылдары институт тек КСРО-да ғана емес, сонымен қатар одан тыс жерлерде де ірі ғылыми орталыққа айналды. Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1984), Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының (1994), ҚР Ұлттық Ғылым академиясының (1996) толық мүшесі.

Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, «Құрмет белгісі» орденімен, Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде алтын, күміс және қола медальдармен марапатталған. 260-тан астам ғылыми еңбегі жарық көрді.

88 жыл бұрын (1936-2010) кеңестік және қазақ театр мен кино актрисасы, КСРО халық әртісі Фарида Шәріпқызы ШӘРІПОВА дүниеге келген.

Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында туған.

Қытай киностудиясы түсірген «Хасен-Жәмила» көркем фильмінде басты рөлді орындап, өнерімен танылған ол 1955 жылы атамекені Қазақстанға оралды. 1959 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерва­ториясын бітіріп, М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрына қабылданды. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы осы театрда үздіксіз өнер көрсетті.

Сахнада қазақ және әлем классиктерінің драмалық туындыларында, осы заманғы қойылымдарда басты рөлдерді шеберлікпен орындап, ұлттық театр өнерінің жаңа сапалық биікке көтерілуіне зор үлес қосты. Фарида Шәріпова кино саласында да жемісті еңбек етті. Ол әйгілі режиссерлер Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Әзербайжан Мәмбетов, Леонид Агранович түсірген көптеген танымал фильмдерде ойнады. Дубляж саласына да көп еңбек сіңірді. Фарида Шәріпова өнерлі жастарды тәрбиелеу ісіне жете көңіл бөлді. Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында көрнекті актер Ы. Ноғайбаев екеуінің шығармашылық шеберханасында шыңдалған жастар бүгінде еліміздің театрларында жемісті еңбек етіп жүр.

Фарида Шәріпова мәдениет пен өнердегі еңбегі үшін Қазақ КСР халық әртісі, КСРО халық әртісі құрметті атақтарын, Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығы мен КСРО Мемлекеттік сыйлығын, ҚР «Парасат» орденін иеленді.