17 шілде, СЕЙСЕНБІ
Ирак Республикасының Ұлттық мейрамы - Ұлттық Республика және Тәуелсіздік күні (1958). Ирак - Оңтүстік-Батыс Азияда, Тигр және Евфрат өзендері бойында орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан 18 уәлаятқа бөлінеді. Астанасы - Бағдат қаласы. Ресми тілі - араб тілі. Ақша бірлігі - ирак динары. 1970 жылы қабылданған Конституциясы бойынша Революциялық кеңестің төрағасы елдің Президенті және Жоғарғы Бас қолбасшы қызметтерін қатар атқарады. Заң шығарушы органы - Ұлттық кеңес.
Финляндияда Демократия күні. Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ғалымжан Тельманұлы Қойшыбаев. Финляндияның ҚР-дағы Елшісі Микко Киннунен.
Оңтүстік Кореяда Конституция күні. Жыл сайын 17 шілде күні атап өтіледі. Бұл күні 1948 жылы елдің Конституциясы жария етілді. Оңтүстік Корея алғашқы Республикасының негізі формальды түрде 1948 жылдың 18 тамызында қаланды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
14 жыл бұрын (1998) Қазақстан мен Қырғызстан Республикалары арасындағы мемлекеттік шекараны анықтау (делимитациялау) туралы меморандумға қол қойылды.
6 жыл бұрын (2006) Қазақстанда алғаш рет зейнеткерлерге несие беру жөніндегі жоба іске қосылды.
6 жыл бұрын (2006) Қазақстанның Ұлттық банкі «Қазақстан петроглифтері» сериясы бойынша «Күйме» деген атаумен коллекциялық күміс шақаны сатылымға шығарды. Шақаның дизайнында біздің дәуірімізге дейінгі ІІ мыңжылдықтың екінші жартысынан бізге жеткен «Күйме» петроглифінің деталі қолданылған. Номиналы 500 теңгелік шақа 3 мың данамен шығарылған, олардың әрқайсысының бағасы - 3 мың теңге. Бұл монета - «Қазақстан петроглифтері» сериясы бойынша шығарылып отырған 7-ші шақа. Оның салмағы - 24 грамм, диаметрі - 37 мм. Шақа сапа сертификатына ие.
13 жыл бұрын (1999) «Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексін (Негізгі бөлім) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
9 жыл бұрын (2003 шілденің 17-сі - тамыздың 7-сі) екінші «Хан-Тәңірі-2003» фестивалінің шеңберінде Хан-Тәңірі шыңының баурайында құтқарушылардың бірінші халықаралық слеті өтті.
158 жыл бұрын (1854) Еуропада тау қыраттары арқылы тартылған тұңғыш темір жол ашылды. Вена мен Италияны жалғап жатқан жолға теңіз деңгейінен 897 метр биіктікте ұзындығы 1430 метрлік тоннель қазылды. Жалпы жол бойында барлығы 15 тоннель болған. Қазір олардың саны 38-ге жетіп отыр.
58 жыл бұрын (1954) Вьетнам Солтүстік және Оңтүстік болып екіге бөлінді. Шекара 17-ші ендік бойынша белгіленді. Францияның отары болған Үндіқытайдың орнында Солтүстік және Оңтүстік Вьетнам, Лаос, Камбоджа мемлекеттері құрылды.
5 жыл бұрын (2007) Алматыда «Алпысбай Қазығұлов. Кескіндеме» альбомының таныстырылымы өтті. А.Қазығұлов - қазақстанның танымал суретшісі, ол абстракционизм және сюрреализм жанрында жұмыс істейді, Алматыда тұрады және қызмет атақарады.
Суретші Қызылорда облысының Аралында 1958 жылы дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының сурет-графика факультетін бітірген. Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының мүшесі, Белгия, Нидерланды, Жапония, Ресей сәулет өнерінің кәсіпкер шеберлердің көрмесіне қатысушы. 2003 жылы әлем өнеріне қосқан үлесі үшін Еуропалық өнер унициясынның Масарик атындағы құрмет сыйлығының иегері.
3 жыл бұрын (2009) Павлодар облысының Май ауданында тұрғызылған асфальт-бетон зауыты іске қосылды.
Сағатына 100 тоннадай жол төсемін өндіретін жаңа зауытты «Дорремстрой ПВ» ЖШС салып отыр. Кәсіпорын Қазақстанның ядролық орталығын дамыту үшін маңызы зор Ақсу-Курчатов республикалық трассасында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жолшыларды заманауи материалмен толық қамтамасыз ете алады.
3 жыл бұрын (2009) Алматыда Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген жетістіктеріне арналған «Қазақстан: Ғасырлар асуында» ғылыми-публицистикалық монографиясы жарық көрді.
Кітап авторы - Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Сағындық Сатыбалдин. Жұмыс үш тараудан тұрады. «Қазақстан кеше» деп аталатын бірінші тарауда 1965-2006 жылдар аралығы қамтылса, «Қазақстан бүгін» тарауында - 2007-2008 жылдар, ал «Қазақстан ертең» деп аталатын тарауында 2009 жылдан бастап алдағы жылдар қамтылады.
Кітапта КСРО-ның ыдырау себептері, өз одағын құру туралы үш славян мемлекетінің (Ресей, Беларус, Украина) шешімдеріне қатысты оқиғалар баяндалады.
Кітаптың бастапқы тиражы - 1000 дана. Фотосуреттермен безендірілген 477 беттік басылым.
94 жыл бұрын (1918) Екатеринборда ресейлік соңғы император ІІ Николай мен оның отбасы мүшелері атылды.
57 жыл бұрын( 1955) Лос-Анджелестен (АҚШ; Калифорния штаты) оңтүстікке қарай - Анахаймда, америкалық белгілі мультипликатор Уолт Дисней балалар мен олардың ата-аналарына арналған алып ойын-сауық саябағы «Диснейлендтың» ашылуын үлкен салтанатпен атап өтті.
144 жыл бұрын (1868) жапон астанасы Киотодан Токиоға ауыстырылды.
237 жыл бұрын (1775) АҚШ-та дүниежүзіндегі алғашқы әскери госпиталь ашылды.
39 жыл бұрын (1973) Ауғанстанда монархия құлатылып, ел республика ретінде жария етілді.
36 жыл бұрын (1976) Монреальда ХХІ Олимпиада ойындары басталды.
18 жыл бұрын (1994) Бразиялия құрамасы Италияны пенальти сериясында жеңіп, футболдан төртінші рет әлем чемпионы болды.
ЕСІМДЕР
43 жыл бұрын (1969) Қазақстан баспасөз клубының президенті, IPRA (Халықаралық жұртшылықпен байланыс қауымдастығы) мүшесі, PR-шы клубын ұйымдастырушылардың бірі, Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі ҚАРАУЫЛОВА Әсел Әділқызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын, АҚШ-тың Миссури-Коламбия университетін бітірген. «Ленинская смена» газетінің штаттан тыс тілшісі болған. 1994-1995 жылдары - USAID менеджері. Қазіргі қызметінде 1995 жылдан бастап істейді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шет ел инвесторлары кеңесі сыртқы имидж бойынша тобының мүшесі, PR нарығы проблемалары бойынша мақалалардың тұрақты авторы, жетекші бизнес мектептердің оқытушысы болып табылады.
Ол отандық PR нарығын дамытушылардың көшбасында болды, PR және коммуникация саласында 15 жылдық жұмыс тәжірибесі бар. Ә.Қарауылова 15 жыл ішінде 320 PR жобаны, Қазақстан, Орта Азия, ТМД, Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия аймағында 2700-ден астам медиа іс-шараны, халықаралық әріптестермен бірге жалпыұлттық сипаттағы 10 ірі жобаны жүзеге асырды.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың, АҚШ сенаторы болған Хиллари Клинтонның алғыс хатымен марапатталған.
72 жыл бұрын (1940-2005) геолог-ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Халықаралық технологиялық және инжиниринг ғылым академиясының академигі, Украинаның технологиялық кибернетика ғылым академиясының академигі, Ресейдің Жаратылыстану академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Минералдық ресурстар академиясының академигі, Халықаралық Ақпараттану академиясының академигі ВЕСЕЛОВ Василий Василеевич дүниеге келді.
Украинаның Харьков қаласында туған. Тамбов жоғарғы әскери-авиациалық училищесін, Т.Шевченко атындағы Киев мемлекеттік университетін бітірген.
Қазақ КСР Ғылым академиясы Гидрогеология және геофизика институтының инженері, аға инженері, кіші ғылыми қызметкері, Қазақ КСР геология министрлігінің тәжірибелік-әдістемелік экспедициясының бас геологы, бас гидрогеологы,геологиялық партияның бастығы, Қазақстанның У.Ахмедсафин атындағы Ғылым академиясы Гидрогеология және геофизика институтының директорының орынбасары, директоры қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері гидрогеологиялық объектілер мен процестердің математикалық және ақпараттық моделін жасау мәселелеріне арналған.
«Геоинформатика, системно-информационный подход к задачам моделирования гидрогеологических объектов», «Гидрогеология и охрана окружающей среды горнорудных районов Северного Казахстана», «Проектированиесистем», «Основы структурного моделирования гидросистем», «Эколого-мелиоративные проблемы использования водных ресурсов бассейна озера Балхаш», «Водные ресурсы Или-Балхашского бассейна», «Гидрогеологическое районирование и региональная оценка ресурсов подземных вод Казахстана» атты ғылыми еңбектердің авторы.
«Құрмет белгісі» орденімен және көптеген медальдармен марапатталған.
121 жыл бұрын (1891-1957) биология ғылымының докторы, профессор, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЗАВАДОВСКИЙ Михаил Михайлович дүниеге келді.
Украинаның Кировоград облысында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. 1941-1945 жылдары КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы өсіп-өну зертханасының меңгерушісі болған.
Негізгі ғылыми еңбектері биологияда өзі қалыптастырған жаңа ғылыми бағыт - даму динамикасына арналған. Ол даму процестерінің реттелуі, дене мүшелерінің өзара әрекеттесуі биологиялық тұрғыдан бір принципке бағынатынын, гормондық әдіспен малды егіз, үш-төрттен төлдетуге болатынын теориялық тұрғыдан да, іс жүзінде де дәлелдеді. Қой мен ірі қара басын көбейту мақсатымен СЖК препаратын жасап, өндіріске ұсынды.
106 жыл бұрын (1906-1983) композитор, педагог, Қазақ КСР-інің халық әртісі, КСРО Композиторлар одағының мүшесі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ халық музыкасын жинаушы ХАМИДИ Латиф Абдулхайұлы дүниеге келді.
Ташкент халық ағарту институтын, Мәскеудің бірінші музыкалық техникумын, Мәскеу консерваториясы жанындағы татар опера студиясын бітірген. Қазақтың халық аспаптар оркестрінің дирижері болып, Қазақтың Петр Чайковский атындағы музыкалық училищесінде, Қазақ консерваториясында ұстаздық еткен. Композитордың Ұлы Отан соғысы жылдары жазған «Аттаныңдар майданға», «8-гвардия дивизиясының әні», «Батыр қыз», «Нүркен» әндері тыңдарманын қаһармандық сезімге бөледі. Ол қазақ музыкасына тұңғыш вальс жанрын енгізіп, «Қазақ вальсі», «Бұлбұл» әндерін шығарған. Сондай-ақ оның әсем әуенімен ерекшеленетін вальстері, хорлары, симфониялық оркестр, халық аспаптар оркестрі үшін камералық-аспаптық шығармалары, қойылымдар мен кинофильмдерге арналған музыкалары бар.
Композитор қазақтың опера өнерін өркендетуге де үлкен үлес қосып, «Абай», «Төлеген Тоқтаров», «Жамбыл» операларын, «Жамбыл мен Айкүміс» музыкалық пьесасын, «Балбұлақ» опереттасын жазды. Сонымен қатар «Домбыра үйрену мектебі» (Б.Ғизатовпен бірге), «Дирижерлік етудің негіздері» (Х.Тастановпен бірге), т.б. зерттеу еңбектері бар.
3 мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.
55 жыл бұрын (1957) Қазақстан Республикасының Иордан Хашимиттік Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Ливан Республикасындағы, Палестина Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы Болат Серғазыұлы СӘРСЕНБАЕВ дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Алматы шет тілдері педагогикалық институтын (1978), Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін (1990) бітірген. Ағылшын тілінің ұстазы, заңгер, 1-інші санаттағы кеңесші.
2012 жылдың 10 сәуірінде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Иордан Хашимиттік Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Болат Серғазыұлы Сәрсенбаев Қазақстан Республикасының Ливан Республикасындағы, Палестина Мемлекетіндегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.
«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен марапатталған.
41 жыл бұрын (1971) «Қазақстан» Телерадиокорпорациясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры ДҮЙСЕНОВ Арсен Кеңесұлы дүниеге келді.
Ақмола қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын 1992 жылы «ЦЕСНА» телекомпаниясында редакторлық қызметтен бастаған. 1992-1994 жылдары Қызылорда облыстық телерадиокомпаниясында тележурналист, 1995 жылы «Қазақстанның телевизиясы және радиосы» республикалық корпорациясының Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі. 1997 жылы «ХАБАР» агенттігінің меншікті тілшісі (Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары бойынша).
Қызылорда облысының шағын бизнес орталығының, «Сырдария-пресс» аймақтық ақпарат агенттігінің, Қызылорда қаласының «Коммуналды төлемдерді есептеу орталығы» мемлекеттік кәсіпорнының директоры болған. Облыс әкімінің және ҚР Еңбек министрінің баспасөз хатшысы қызметтерін атқарған.
Журналист, пиар маманы.
36 жыл бұрын (1976) Астана қалалық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Рысгүл ҚАУҒАБАЕВА дүниеге келді.