17 тамыз, ДҮЙ СЕНБІ
Бүгін - Индонезия Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздігін жариялаған күн (1945). Индонезия - Оңтүстік-Шығыс Азияда Малайя архипелагының үлкен бөлігін алып жатқан мемлекет. Ел аумағы 17 508 аралдан тұрады. Халқының саны жағынан дүние жүзінде төртінші орында. Әкімшілік жағынан 27 провинцияға бөлінеді. Астанасы - Джакарта қаласы. Мемлекеттік тілі - индонезия тілі, сонымен қатар, 300-ге жуық тіл мен диалект қолданылады. Ақша бірлігі - рупи. Мемлекет басшысы - Президент. Ол - Министрлер Кабинетін басқарады және Қарулы Күштердің бас қолбасшысы. Жоғарғы заң шығарушы органы - Халықтық консультативтік конгресс. Қазақстан Республикасы мен Индонезия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы маусымның 2-інде орнатылды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
81 жыл бұрын (1934) Бүкілодақтық кеңес жазушыларының I съезі өтті. Делегаттар алдында сөз сөйлеген БКП (б) ОК хатшысы А.Жданов «Кеңестік әдебиет - әлемдегі ең идеялы, ең озық әдебиет» деп атап өтті. 1935 жылдан бастап, осы съезге қатысқан Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Исаак Бабель, Давид Бергельсон, Николай Бухарин, Артем Веселый, Лев Выготский, Иван Катаев, Владимир Киршон, Михаил Кольцов, Борис Корнилов, Г.Лелевич, Карел Радек, Тициан Табидзе, Фефер, Егише Чаренц, Бруно Ясенский, Паоло Яшвили сынды қаламгерлер саяси қуғын-сүргінге ұшырады. 15 жыл бұрын (2000) Алматыдағы Орталық концерт залына композитор, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың (1930-1992) есімі берілді.
10 жыл бұрын (2005) Жамбыл облысының Жалпақтөбе ауылындағы көшелердің біріне Шәмші Қалдаяқовтың есімі берілген. Талас өзенінің жағасындағы ауылда, бұрынғы атауы Дунгановка (мұнда дүнген диаспорасының көптеген өкілдері өмір сүреді), сазгер өзінің көптеген шығармаларын жазған, соның ішінде «Дүнген қызы» өлеңі.
9 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасының аумағында «Дүниежүзіндегі діндер», «Діни ғимараттар» атты екі пошта маркасы айналымға енгізілді. 9 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев «Алматы қаласының мамандандырылған қаржылық сотын құру туралы» Жарлыққа қол қойды.
6 жыл бұрын (2009) Ақмола облысына қарасты Зеренді ауданындағы Қазақстан ауылы жанындағы «Хан сүйегі» төбесінде Уәли хан (1741-1820) кесенесі бой көтерді.
5 жыл бұрын (2010) Астана 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесін ұйымдастыруға өтініш білдірді.
2017 жылғы көрме үшін Қазақстан «Болашақ энергиясын дамыту. Энергетиканың жаңа түрлері» тақырыбын таңдады.
4 жыл бұрын (2011) ТМД Атқарушы комитеті мен ЕурАзЭҚ және астаналар мен ірі қалалар халықаралық ассамблеясы ұйымдастырған байқаудың нәтижесі бойынша ТМД мен ЕурАзЭҚ үздік қаласы болып Шымкент танылды.
Ассамблеяға ТМД-ның 9 елінің 58 қаласы кіреді, оның ішінде қазақстандық екі қала - Астана мен Шымкент бар.
Шымкент қала тұрғындарын аулалар, кіреберістер, дәліздер мен көпқабатты үйлердің ішкі алаңқайларын абаттандыру, қоқыстарды жинау және жылыту маусымына дайындығына тартуды ұйымдастыруға байланысты осындай марапатты алды.
3 жыл бұрын (2012) Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен XXX жазғы Лондон Олимпиадасына қатысқан Қазақстан ұлттық құрамасына құрмет көрсетуге арналған салтанатты шара өтті.
Лондонда қазақстандық құрама жалпы 13 медальді қанжығаға байлады. Оның ішінде жетеуі алтын, 1 күміс және 5 қола жүлде бар. Ресми емес командалық есепте Қазақстан спортшылары (алтын саны бойынша) 12-ші орында тұғырланды.
Қазақстан қоржынына алтын наградаларды велошабандоз Александр Винокуров, ауыр атлетшілер Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, жеңіл атлетші Ольга Рыпакова, зілтемірші Илья Ильин, боксшы Серік Сәпиев салды.
Ал «күміс» медальді құрама еншісіне былғары қолғап шебері Әділбек Ниязымбетов алып берді. Еліміз үшін қола наградаларды грек-рим күресінің балуаны Данияр Гаджиев, әйелдер боксында Марина Вольнова, еркін күрестен Гөзел Манюрова, боксшы Иван Дычко және еркін күрес шебері Ақжүрек Таңатаров жеңіп алды.
1820 жылы Уәли хан қайтыс болғаннан кейін жерленген қабірдің басына 1904 жылы Сұлтанғазы есімді немересі белгі тас орнатқан. Құлпытас бертінге дейін сақталған. Тек тың игеру жылдары құлпытас ортан белінен қирап, шалғы шыңдайтын тасқа айналған. Ауыл азаматтары Уәли ханның осы бір тасын іздеп тауып, қалпына келтірді. 157 жыл бұрын (1858) алғашқы рет Еуропа мен Америка арасында телеграфтық байланыс орнатылып, алғашқы телеграф хабарламасы Атлант мұхиты арқылы жүргізілген кабелімен жіберілді.
ЕСІМДЕР
95 жыл бұрын (1920-1982) Қазақстанның еңбек сіңірген тау-кен қызметкері, Жаңатас қаласының Құрметті азаматы ШЕИН Анатолий Иванович дүниеге келді.
Украинаның Чернигов облысында туған. Иркутск тау-кен институтын бітірген. Орта Азия республикаларының тау-кен өндірістерінің инженері қызметінде болған. 1957-1963 жылдары - Оңтүстік Қазақстан ауыр өнеркәсіп басқармасының бастығы. 1963-1972 жылдары - «Қаратау» тау-химия комбинатының директоры. 1972-1975 жылдары - Бүкілодақтық «Союзфосфор» бірлестігінің бастығы. 1975-1982 жылдары «Қаратау» өндірістік бірлестігінің бас директоры қызметтерін атқарған. Анатолий Шеиннің есімі КСРО Химия өнеркәсібі министрлігінің Құрмет кітапшасына енгізілген. Ленин, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, Қазан Революциясы ордендерімен, КСРО және Чехославакия үкіметтерінің медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталған. 91 жыл бұрын (1924) филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі СЫЗДЫҚ Рабиға Сәтіғалиқызы дүниеге келді.
Ақтөбе облысының Ойыл ауданында туған. Ақтөбе мұғалімдер институтын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын және аспирантурасын бітірген. 1951-1957 жылдары - Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы, редакция меңгерушісі. 1957-1961 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері. 1961-1981 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1981 жылдан Қазақстан Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының бас ғылыми қызметкері, мәдениет және қазақ тілдері бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері қазақ тілі тарихы мен грамматикасы, тіл мәдениеті мәселелеріне арналған. Қазақ жазба әдебиетінің негізін салуда Абай Құнанбаев шығармаларының зор маңыз атқарғанын дәлелдеді. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі», «Абай тілінің сөздігі», тағы басқа еңбектерді жазуға қатысты. 15-19 ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихын, Қ.Жалайырдың «Жами-ат-тауарих» атты шежіресі тілін, қазақ тіл мәдениетінің мәселелерін зерттеді. Оның «Абай шығармаларының тілі», «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы», «Сөздер сөйлейді», «Сөз сазы», «Қазақ тілі әдістерінің негізгі мәселелері», тағы басқа еңбектері жарық көрді. Р.Сыздықтың 130-дан астам ғылыми ғылыми еңбегі, оның ішінде 9 монографиясы, оқулығы, оқу құралы бар. Есімі Қазақстан Республикасының Алтын кітабына енгізілген. «Парасат», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты. 75 жыл бұрын (1940) мүсінші-суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан және КСРО Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері ПРОКОПЬЕВА Ольга Георгиевна дүниеге келді.
Новосібір облысының Барабин қаласында туған. Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтын (Санкт-Петербордың кескіндеме, мүсін және сәулет академиясы) бітірген. Портрет жанрының шебері, қондырмалы мүсін саласында жемісті еңбек еткен. Ол қазақ зиялылары А.Әшімов, Ә.Тарази, тағы басқалардың бейне галереясын жасаған. Оның лирикалық дарыны «Ана құшағы», «Қыз Жібек», «Замандас» туындыларында ашыла түсті. Мазмұны бай ұлттық образдарды сомдау қабілеті монументтік мүсін өнерінде көрінеді. Сонымен қатар, Алматы қаласында орнатылған Әліби Жангелдин ескерткішінің (Т.Досмағанбетовпен бірге,), Павлодар қаласындағы Қаныш Сәтбаев ескерткіштерінің (Санжар мен Дәурен Досмағамбетовтермен бірге) авторы. 5 2 жыл бұрын (1963) ҚР Бас прокурорының орынбасары АСАНОВ Жақып Қажманұлы дүниеге келді.
Қызылорда қаласында туған. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты. Университетті бітіргеннен кейін Қызылорда облыстық адвокаттар алқасында тағылымдамадан өтті. 1985-1986 жылдары Қызылорда облысының прокуратура органдарында көмекші, облыс прокурорының аға көмекшісі және облыстық прокуратурада бөлім бастығы қызметтерін атқарды. 1993-1994 жж. - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Жалпы қадағалау басқармасының аға прокуроры, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Жалпы қадағалау басқармасының Банктер, қаржы-несие қатынастары туралы және тексеру органдарындағы заңнаманың сақталуын қадағалау бөлімінің бастығы. 1994-1996 жж. - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Заңдылық, құқықтық тәртіп және сот реформасын қамтамасыз ету бөлімінің консультанты, сектор меңгерушісі. 1996-1997 жж. - Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Салық полициясы басқармасы бастығының бірінші орынбасары. 1997-2001 жж. - Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының аға көмекшісі - Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасы бастығының орынбасары, осы Басқарманың бастығы, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылықты қадағалау департаментінің бастығы. 2001-2002 жж. - Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары. 2002-2003 жж. - Павлодар облысының прокуроры. 2003-2005 жж. - Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі. 2005-2007 жж. - «Атамекен» Қазақстан кәсіпкерлері мен жұмыс берушілерінің жалпыұлттық одағы атқарушы директорының орынбасары, «Қазақстан коммуналдық жүйелері» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. 2006-2007 жж. - «Ордабасы» корпорациясы» АҚ президенті және директорлар кеңесінің мүшесі. 2007-2011 жж. - «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша IV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012 жылғы қаңтардан бастап - «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы қыркүйектен бері. «Құрмет» орденімен марапатталған. 4 4 жыл бұрын (1971) ҚР Инвестициялар және даму министрі ИСЕКЕШЕВ Әсет Өрентайұлы дүниеге келді.
Қарағанды қаласында туылған. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің заң факультетін, 1998 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары мемлекеттік басқару мектебін аяқтады. 1995-1997 жылдары Медеу ауданы прокурорының тағылымдамадан өтушісі, көмекшісі, аға көмекшісі; ҰЖМБМ тыңдаушысы (1997-98 жылдары). 1998-1999 жылдары Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің бас маманы, 1999-2000 жылдары Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілерін тіркеу және бақылау департаментінің директоры болып жұмыс істеді. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «Ұлттық заң қызметі» ЖАҚ президенті, 2002 жылға дейін жеке секторда жұмыс істеді. 2002 жылғы қараша - 2003 жылғы маусым - Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің кеңесшісі. 2003 жылдан бастап, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда вице-министрі. 2006 жылдан бастап - «Қазына» Орнықты даму қоры» АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары. 2007 жылдан 2008 жылға дейін - «Credit Swiss (Қазақстан)» ЖШС қаржылық жобалау маркетингі бойынша директоры. 2008 жылғы наурыз-мамыр - Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі. 2009 жылғы мамырдан бастап, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрі. 2010 жылдың наурызынан - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі. 2012 жылдың қаңтар айынан бастап, Индустрия және жаңа технологиялар министрі. 2012 жылдың қыркүйегінен 2014 жылдың 6 тамызына дейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі. 6 тамыздан бастап, Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі. «Құрмет» орденімен, «Астанаға 10 жыл» медалімен марапатталған.
51 жыл бұрын (1964) Литвадағы Қазақстан Елшілігінің Кеңесшісі МҰҚАНОВ Қуаныш Климұлы дүниеге келді.
Түрікменияның Ташауз облысының Калинин ауданда туған. «Қазгипрозем» институтының инженері, Алматы облыстық жер қатынастары және жерге орналастыру комитетінің жетекші маманы, Алматы облыстық әкімшілігінің әкімі орынбасарының көмекшісі, ҚР-ның Бельгиядағы елшілігінің бірінші хатшысы болып жұмыс жасады. 2001-2002 жылдары - ҚР АШМ ұйымдастыру-құұқықтық департаменті директорының орынбасары. 2007 жылғы ақпаннан осы жылдың шілдесіне дейін - ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігі төрағасының орынбасары. 2002-2003 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары. 2003-2004 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі ұйымдастыру-бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2004-2005 жылдары ҚР АШМ аппарат жетекшісі. 2005-2006 жылдары - «Экспорттық несиелерді және инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемллекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ-ның Астана қаласындағы өкілдігінің директоры. 2006 жылдан ҚР Индустрия және сауда министрлігінің сауда қызметін реттеу комитетінің төрағасы. 2012 жылдан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болды.
104 жыл бұрын (1911-1995) кеңес шахматшысы, шахматтан әлемнің алтыншы чемпионы Михаил БОТВИННИК дүниеге келді.
80 жыл бұрын (1935) ресейлік режиссер, актер, КСРО халық әртісі, педагог продюсер ТАБАКОВ Олег дүниеге келді. 73 жыл бұрын (1942-2008) кеңестік, Әзербайжан мен Ресейдің опера және эстрада әншісі, КСРО халық әртісі МАГОМАЕВ Муслим Магометович дүниеге келді.
7 2 жыл бұрын (1943) танымал американдық актер, режиссер, продюсер Роберт де Ниро дүниеге келді.