18 ақпан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 18 ақпан. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы18 ақпанға арналған күнтізбесін ұсынады.

18 ақпан СЕЙСЕНБІ

Гамбия Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1965). Гамбия - Африканың батыс жағалауында орналасқан мемлекет. Батысында Атлант мұхитымен, солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде Сенегалмен шектеседі. Астанасы - Банжул қаласы. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - даласи.

Непалдағы Ұлттық демократия күні. Рана династиясының құлауы мен Трибхуван королінің екінші рет таққа отыру күнімен сәйкестендірілген.

Түркіменстандағы дипломатиялық қызметкерлер күні. 2009 жылы ел президенті Гурбангулы Бердымухамедовтың Жарлығымен бекітілген күн.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

54 жыл бұрын (1960) Скво-Веллиде (АҚШ, Калифорния штаты) VIII қысқы Олимпиаданың ашылу салтанаты өтті. 1960-шы жылғы қысқы Олимпиадаға әлемнің 30 елінен 665 спортшы қатысты. Медальдық есеп бойынша, бірінші орынды КСРО командасы жеңіп алды (7 алтын, 5 күміс және 9 қола жүлде). 22 жыл бұрын (1992) Қазақстан балаларының мейірімділік қоры «Бөбек» құрылды. 21 жыл бұрын (1993) Шымкент қаласының орталық көшелерінің біріне ғалым-этнограф, фольклоршы Әубәкір Диваевтың есімі берілді. 9 жыл бұрын (2005) «Ауыл шаруашылық қожалығының Ұлттық Қауымдастығы және олардың «Қазақстан фермерлері» кооперативтерінің» Республикалық қоғамдық бірлестік және Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ Мемлекеттік агротехникалық университетінің бастамасымен фермерлердің жоғары мектебі жұмыс істей бастады. Алғашқы сабақтың тыңдаушылары Ақмола облысының Аршалы, Шортанды, Целиноград аудандарының шаруа қожалықтары болды. Фермерлердің жоғары мектебінің мақсаты - қазіргі аграрлы технологиялар туралы, сапаны халықаралық стандартқа көшіру туралы, агросаладағы жұмысшылардың біліктілігін көтеру туралы ақпарат тарату. 6 жыл бұрын (2008) Алматыда Орталық Азия мен Кавказдағы алғашқы актуарий мектебі ашылды. Оны Қазақстан актуарийлер қоғамы АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігінің қолдауымен «Қаржылық тұрақтылық үшін әріптестік» бағдарламасы аясында East West menegment Institute-пен бірігіп ашып отыр. Игі іске Варшава жазғы актуарий мектебін ұйымдастырушылар да атсалысты. Мектеп Орталық Азия мен Кавказдағы сақтандыру компанияларына арналған. «Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Армения, Грузия сияқты елдердің тәуекелді бағалаушы мамандары қатысуда. Бұл Қазақстан актуарийлерінің үлкен жетістігі. 5 жыл бұрын (2009) Астанада ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі бейне-порталдың (www.kaztube.kz) таныстырылымын өткізді. Аталған порталда телевизиялық бағдарламалар, танымал адамдардың жеке мұрағаттары мен отандық өнердің түсірілімдері, ертегілер, қысқа метражды анимациялық фильмдер орналастырылуда. 5 жыл бұрын (2009) Астанада тозған көлік дөңгелектерін пайдалану зауытының бірінші кезегі іске қосылды. Инвестицияның көлемі АҚШ-тың 8 млн. долларын құрайды. Жобаны «Қазақстанның Даму банкі» АҚ қаражатының көмегімен «Kazakhstan Rubber Recycling» ЖШС жүзеге асырды. Өңдеудің өндірістік қуаты - жылына 20 мың тонна тозған дөңгелек. 4 жыл бұрын (2010) шетелдік сарапшылар бағалауынша, ҚР Қарулы күштері посткеңестік кеңістіктегі жетекші әскерлердің үштігіне кіріп, Орталық-Азия аймағында ең үздік деп танылды.

4 жыл бұрын (2010) Жас сот орындаушылары үшін Павлодар облысының Сот әкімшілігінің жанында құрылған оқу-әдістемелік орталық ашылды. Жұмысқа қабылданған заң оқу орындарының түлектері, университет бағдарламасында «сот орындаушысы» деген курстың болмауынан өз қызметтерін тәжірибе барысында игеруге мәжбүр. Орталық жас мамандарға өз қызметтерінің қыры мен сырын үйренуге көмектесетін болады. 4 жыл бұрын (2010) Алматыда «Деніңіз сау болсын» деген атпен орыс тіліндегі отбасылық жаңа журнал жарыққа шықты. Басылым Медеу аудандық шағын және орта бизнесті қолдау қауымдастығының көмегімен жарық көріп отыр. Журналдың басты бағыты - денсаулық саласын, салауатты өмір салтын насихаттау. Басылымның ерекшелігі - тегін таратылатындығында. 10 мың данамен шығатын журналды қоғамдық орындардан табуға болады. 35 жыл бұрын (1979) Сахара шөліне қар жауып, табиғатта адам сенгісіз жағдай болды.

ЕСІМДЕР

609 жыл бұрын (1405) Орта Азия жаһангері ӘМІР Темір өмірден өткен. Орталық Азия мен Осман империясы аймағына Ақсақ Темір атымен танылса, ирандықтарға Тимурленг, ал еуропалықтарға Тамерлан есімімен белгілі болды. Әмір Темір әскерлері Хорезм мемлекеті мен Шығыс Түркістанды, Хорасан мен Гератты, Сұлтания мен Қандағарды, Тебриз бен Иранды және Ауғанстанды толық бағындырды. Алтын Орданы табандарының астына жықты. Ал 1398 жылы Үндістан елі басып алынды. Сирия мен Лубнан мәмлүктері бағындырылды. Басқа да толассыз жеңістер нәтижесінде Әмір Темірдің алып империясы - Темір мемлекеті құрылды. Көптеген дерек көздері Темірдің 1405 жылы 18 ақпанда Қытайға жорыққа шыққанда Отырар жерінде көз жұмғанын растайды. Сүйегі Самарқандағы Гүр-Әмір кесенесіне қойылған. 119 жыл бұрын (1895-1958) ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері ЗИКЕЕВ Виктор Васильевич дүниеге келді. Ресей Федерациясында туған. Мәскеу университетінің медицина факультетін бітірген. 1934 жылдан Қазақстанда мекендеген. Қазақ медициналық институтының (Алматы мемлекеттік медицина институты) директоры, кафедра меңгерушісі, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары қызметтерін атқарған. В.Зикеев жарылған бас пен миды хирургиялық жолмен емдеу әдісін тауып, күнделікті дәрігерлік жұмыста пайдаланды. Ленин, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған. 85 жыл бұрын (1929-1986) филология ғылымының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі ДЕРБІСАЛИН Әнуар Жақсығалиұлы дүниеге келді. Ақтөбе облысында туған. Ақтөбе мұғалімдер институтын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, Қазақстан Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген. 1955-1958 жылдары - Педагогика ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері. 1958-1986 жылдары Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ғылыми-зерттеу еңбектері, негізінен, 19 ғасыр мен 20 ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тарихының мәселелеріне арналған. Сондай-ақ, түркі жазба ескерткіштері мен қазақ ақын-жырауларының әдеби мұрасы туралы зерттеу еңбектердің авторы. Асан Қайғы, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз, Жиембет, Бұқар, Шал, Көтеш, Абай, Ыбырай, т.б. ақын-жыраулардың әдеби мұраларын, «Оғыз-наме», «Мұхаббат-наме», «Қорқыт Ата кітабы» сияқты көне қазыналарды зерттеуге елеулі еңбек сіңірді. 76 жыл бұрын (1938) экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері САҒАДИЕВ Кенжеғали Әбенұлы дүниеге келді. Қостанай облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Мәскеу халық шаруашылығы институтының аспирантурасын бітірген. Алматы халық шаруашылығы институтында еңбек еткен. 1982-1990 жылдары - Целиноград ауыл шаруашылығы институтының ректоры. 1990-1994 жылдары - Қазақ мемлекеттік экономика университетінің ректоры. 1994-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті. 1996-2004 жылдары - С.Сейфуллин атындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің және Халықаралық бизнес университетінің ректоры 2004-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болған. 2007 жылы Парламент депутаттығына қайта сайланған. Негізгі ғылыми еңбектері материалдық-техникалық жабдықтаудың экономикалық тиімділігін арттыру мәселелеріне, Қазақстандағы экономикалық реформа теориясына және әдіснамасына арналған. Ғалымның 150-ден астам ғылыми еңбегі бар. «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі», «Парасат», ӘӘ дәрежелі «Барыс» ордендерімен, медальдармен марапатталған.Қостанай қаласының құрметті азаматы. 68 жыл бұрын (1946-2004) жазушы, аудармашы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты ЕСЛАМҒАЛИҰЛЫ Мұқадес дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында туған. Орал педагогикалық институтын бітірген. 1976-1979 жылдары - Орал облыстық радио-теледидар комитетінің аға редакторы. 1979-1983 жылдары - «Жалын» баспасының аға редакторы. 1983-1984 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі. 1984-1990 жылдары - республикалық телеарнада «Тамаша» ойын-сауық хабарының бас редакторы. 1990-1993 жылдары - «Денсаулық» журналы бас редакторының орынбасары. 1993-1995 жылдары - «Жазушы» баспасының жетекші редакторы. 1998 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болған. Жазушының «Аққу сазы», «Екінші тыныс», «Қайырлы таң», «Екі басқа дүние», атты повестері мен әңгімелері, «Толқын мен ағын», «Тұман ішіндегі көш» атты романдары, тағы басқа кітаптары бар. Сондай-ақ «Төле би», «Партизан Қасым Қайсенов», «Ақ бата», «Тамаша», «Жаһанша Досмұхамедов» атты жинақтар құрастырған. В.Распутин, В.Шукшин, т.б. шет ел жазушыларының әңгімелерін қазақ тіліне аударған. Оның «Жазықсыз тамған жас» атты пьесасы Ғабит Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрында және облыстық театрларда қойылған. 2001 жылы қаламгерге «Тұман ішіндегі көш» романы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілген. 68 жыл бұрын (1946) ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің бірінші вице-президенті, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, педагогика ғылымдарының докторы, ҚҰЛНАЗАРОВ Анатолий Қожекенұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысында туған. Өскемен қаласындағы педагогикалық институтты бітірген. 1974-1979 жылдары - Өскемен қаласындағы балалар спорт мектебі директорының орынбасары, директоры. 1979-1985 жылдары - Алматы қаласындағы Қажымұқан атындағы республикалық спорт мектеп-интернаты директорының орынбасары. 1985-1987 жылдары - Қазақ КСР Оқу министрлігінің бөлім, басқарма бастығы. 1987-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Жастар ісі, туризм және спорт министрінің бірінші орынбасары. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау, білім және спорт Қазақстан Республикасы министрлігі Спорт және дене тәрбиесі комитетінің төрағасы. 1999-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі. 2000-2006 жылдары - Дене тәрбиесі ұлттық ғылыми-тәрбие орталығының директоры. 2006-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 2010 жылдың наурыз айынан - 7-ші Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің президенті. Қазіргі қызметінде 2011 жылғы мамыр айынан бері. 2002 жылдан Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетінің бірінші вице-президенті, 2007 жылдың тамыз айынан - Футбол федерациясы атқару комитетінің мүшесі, КСРО-ның жеңіл атлетикадан спорт шеберлігіне кандидаты. Петровск ғылым және өнер академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі. Оның «Білім жүйесінде футбол клубтарын дамытудың тұжырымдамасы», «Күш-қуаттық жеңіл атлетика», «Қазақстан Республикасындағы балалар мен оқушы жастардың дене тәрбиесі бағдарламасы», тағы басқа оқу әдістемелік кітаптары бар. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен және медальмен марапатталған. 64 жыл бұрын (1950) Бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі, Қазақстан Коммунистік Халық партиясының Орталық бақылау-тексеру комиссиясы төрағасының орынбасары СОРОКИН Борис Владимирович дүниеге келді.

1950 жылы Тува АКСР-ында туған. Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Еңбек жолын 1971 жылы №4 Алматы автопаркінің жүргізушісі болып бастады. 1972 - 1973 жылдары ҚазКСР Ғылым академиясының Геологиялық ғылымдар институтының 2-ші сыныпты жүргізушісі. 1973 - 1974 жылдары - №4 Таксомотор паркінің №2 автоколоннасының 2-ші сыныпты жүргізуші-кассирі. 1974 - 1976 жылдары - Қазақ ауыл шаруашылығы институты «Машина бөлшектері» кафедрасының препараторы, оқу шебері. 1976 - 1985 жылдары -Алматы ВАЗ арнайы автоорталығында 1-ші разрядты автослесарь, шебер, слесарь-қабылдаушы, ұйымдастыру жөніндегі инженер, инженер. 1985 - 1986 жылдары - Алматы жүк автокөлігі өндірістік бірлестігінің аға инженері. 1986 жылы - Автокөлік министрлігінің № 2574 автоколоннасының бас инженері. 1987 - 1990 жылдары - «Агропромтранс» облыстық бірлестігінің қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі бөлімінің бастығы. 1990 - 1991 жылдары - МТП және құрал-жабдықтарды пайдалану мен жөндеу бөлімінің аға маманы. 1991 - 1995 жылдары - «Автомобилист» кооперативінің төрағасы. 1995 - 1997 жылдары - «Автомобилист» ЖШС директоры. 1998 - 1999 жылдары - Қазақстан Коммунистік партиясы ОК бірінші хатшысының кеңесшісі. 1999 - 2004 жылдары - екінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі. 2005 - 2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламентінің Шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары. 2007 - 2012 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламентінің ШБ «Әкімшілік ғимараттар дирекциясы» РҚМҚ директорының орынбасары. 2012 жылдан - бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі, Қазақстан Коммунистік Халық партиясының Орталық бақылау-тексеру комиссиясы төрағасының орынбасары. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. 62 жыл бұрын (1952) «Қазмырыш» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы ЗИЛЬБЕРБЕРГ Геннадий Яковлевич дүниеге келді. 1974 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық университетін бітірген, кен инженері. 1974-1977 жылдары Жезқазған кен-металлургия комбинатында, Шығыс руднигінде кен шебері, техникалық жетекші, жерасты учаскесінің бастығы, бас инженердің орынбасары. 1977-1978 жылдары - ҚазКСР ҒА Кен істері институтының ғылыми қызметкері. 1978-1986 жылдары "Алматыжилстрой» тресінде - прораб, аға прораб, өндірістік-техникалық бөлім бастығы. 1993 жылға дейін «Қазселденқорғау» мекемесінде жоспарлау-экономикалық бөлім бастығы, басқарма бастығы. 1993-1995 жылдары Қазақстандағы американдық «Роіасіуп» фирмасы өкілдігінің бас менеджері. 1995-997 жылдары Жезкент кен-байыту комбинатының бас директоры. 1997 жылдан бері - қазіргі қызметінде. «Құрмет» орденімен марапатталған. 93 жыл бұрын (1921-2013) кеңестік және ресей композиторы, Ресей халық әртісі Оскар ФЕЛЬЦМАН дүниеге келді. 62 жыл бұрын (1952-2011) ресей әншісі және композитор Александр БАРЫКИН дүниеге келді. 61 жыл бұрын (1953) ресей композиторы, поп-әнші және продюсер, Ресей еңбек сіңірген әртісі Аркадий УКУПНИК дүниеге келді. 60 жыл бұрын (1954) американдық актер, биші және әнші Джон ТРАВОЛТА дүниеге келді.