18 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 18 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады

Фото: Kazinform/ Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік су сапасын бақылау күні

Бұл экологиялық атаулы күн америкалық «Таза су қорының» бастамасымен құрылған. Қазір ол әлемдегі су ресурстарының мәселелеріне қоғамның назарын аударып, су көздерін ластанудан қорғауға бағытталған ақпараттық-ағартушылық бағдарламаға айналды. Бағдарлама адамдарға жергілікті су айдындарының жағдайын өз бетінше бақылауға мүмкіндік береді және Су ортасы федерациясы (WEF) мен Халықаралық су қауымдастығының (IWA) қолдауымен өткізіледі.

Халықаралық электронды кітап күні

Бұл күн жыл сайын электронды кітаптар, аудиокітаптар, музыка мен бейнематериалдарды цифрлық форматта тарататын америкалық OverDrive компаниясының бастамасымен атап өтіледі. Компания Халықаралық электронды кітап күнін 2014 жылы электронды құрылғылар арқылы кітап оқуды кеңінен насихаттау мақсатында жариялаған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1975 жылы Алматы облысында Қапшағай фарфор зауыты іске қосылды. Ол Қазақстан нарығындағы фарфор бұйымдарын шығаратын жалғыз зауыт болды. Мұнда тұрмыстық және электр техникалық фарфор бұйымдары, сондай-ақ кәдесый өнімдері өндірілді. Зауыт өнімдері жоғары сапасымен, шығыс және еуропалық стильдегі ерекше дизайнымен ерекшеленді.

1992 жылы мемлекеттік теледидар мен радио хабарларын жетілдіру, бағдарламалардың мазмұны мен сапасын арттыру және халықты елдегі маңызды саяси, экономикалық әрі мәдени оқиғалардан кеңірек ақпараттандыру мақсатында Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанынан «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясы құрылды.

1998 жылы мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті орган – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылды. Агенттік мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдірумен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды жүйелі түрде қамтамасыз етіп, мемлекеттік қызмет көрсету сапасының сақталуын бақылауды жүзеге асырды. Сол жылы Мемлекеттік қызмет академиясы да құрылды. Қазақстандағы мемлекеттік қызмет саласына маманданған жалғыз оқу-әдістемелік мекеме мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыруға бағытталды.

2006 жылы Алматыда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларына арналған «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші ашылды. Ескерткіш үш бөліктен тұрады. Оның негізгі бөлігін күрделі пішіндегі екі пилон құрайды. Олар өткен мен болашақ арасындағы үзіліс пен қайшылықты, халықтың ұлттық санасының оянуын, ескі идеологиялық қағидалардың күйреуін, сондай-ақ ел еркіндігі мен тәуелсіздігінің салтанатын бейнелейді. Композицияның әсерін күшейту үшін серпіліп, қалықтаған әйел бейнесі енгізілген. Оның оң қолында шешілген орамал – татуласудың белгісі, ал сол қолындағы қанат қаққан құс – еркіндіктің, көктемнің жақындауы мен оң өзгерістердің, жаңа өмірдің символы. Композицияның үшінші бөлігі – көркем рельефті панно. Ескерткіш қазақстандық сәулетші әрі дизайнер Тимур Сүлейменовтың жобасымен тұрғызылған.

2014 жылы Алматы облысында Халықаралық бокс қауымдастығының (AIBA) Дүниежүзілік бокс академиясы ашылды. Академия Іле Алатауының көрікті бөктерінде, экологиялық таза аймақта орналасқан. Оның аумағы шамамен 5 гектарды, ал ғимараттарының жалпы ауданы 29 мың шаршы метрді құрайды.

2015 жылы Атбасар қаласында жазушы Ілияс Есенберлинге арналған ескерткіш ашылды. Ескерткіш аудан тұрғындары жинаған 12 млн теңге және Ілияс Есенберлиннің туыстары бөлген 16 млн теңге қаржыға тұрғызылды.

2016 жылы Алматыда үш блоктан тұратын «Алматы Арена» мұз сарайы ашылды. Оның құрамында 12 мың көрерменге арналған әмбебап мұз айдыны, жаттығу алаңы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені және бассейн бар. Мұнда хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек жарыстары, мәдени іс-шаралар мен көпшілікке арналған жаппай сырғанау өткізіледі.

2017 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау жөніндегі саяси декларацияны қолдады. АҚШ бастамашы болған құжатта БҰҰ Бас хатшысының рөлін күшейту, ұйымның бүкіл жүйесінің есептілігі мен ашықтығын арттыру, басқару тиімділігін жақсарту, ұйым құрылымдары арасындағы қайталанатын қызметтерді қысқарту, кадрларды басқару мен бюджеттік жоспарлауды жетілдіру сияқты бағыттар қамтылған. Құжатта сондай-ақ БҰҰ-ға мүше мемлекеттер мен Ұйым хатшылығы арасындағы серіктестік пен өзара сенімді нығайтудың маңыздылығы атап өтілді.

2017 жылы қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова Ашхабадта өткен жабық ғимараттағы және жекпе-жек өнерлері бойынша V Азия ойындарында ұзындыққа секіруден алтын медаль жеңіп алды.

2018 жылы қазақстандық режиссер Эмир Байғазин әлемнің алты режиссерінің қатарында Hollywood Foreign Press Association мен Film Independent бірлесіп тағайындаған алғашқы резиденттік гранттың иегері атанды. Байғазин бұған дейін Венеция кинофестивалінің «Горизонттар» секциясында «Үздік режиссер» жүлдесін алған. Қазылар алқасы қазақстандық режиссердің туындысын жоғары бағалап, фильмдегі ерекше әлемнің шеберлікпен жасалғанын, визуалдық шешімдерінің әсерлі екенін және режиссердің оқиғаны батыл әрі байыппен бақылау тәсілін атап өтті.

2019 жылы Түркістанда қасиетті Тайқазанның жасалғанына 620 жыл және тарихи орнына қайтарылғанына 30 жыл толуына орай «Қайтарылған жәдігерлер» көрмесі ашылды.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған ортағасырлық Тайқазанды 1399 жылы Әмір Темірдің бұйрығымен шебер Абдол Әзиз Шарафуддин Тебризи жасаған. Жәдігер алтын, күміс, мыс, қола, қорғасын, мырыш және қалайыдан тұратын жеті түрлі металдан дайындалған. 1935 жылы Тайқазан Ленинградта өткен иран шеберлерінің III халықаралық конференциясына үш айға жіберіліп, 54 жылдан кейін, 1989 жылғы 18 қыркүйекте тарихи Отанына қайтарылды.

2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан президенті Каталин Новакпен кездесті. Қазақстан Президенті бауырлас халықтар арасында берік тарихи және мәдени байланыстарға негізделген стратегиялық серіктестік қалыптасқанын атап өтті.

2024 жылы Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығы Қазақстан тарихына қатысты құнды қолжазбаның көшірмесін жариялады. Қолжазба «Архив-2025» бағдарламасы аясында Франциядан табылған. Париж Ұлттық кітапханасында сақталған Муин ад-Дин Натензидің «Таңдаулы жылнамалар» атты тарихи еңбегі 816 хижра жылы, яғни 1413 жылы Ширазда жазылған. XV ғасырға тиесілі, араб жазуымен парсы тілінде жазылған кітап 15 тарау мен 413 беттен тұрады. Еңбекте Ақ Орда туралы егжей-тегжей мәлімет беріліп, хандардың билік құрған кезеңдерінің толық хронологиясы көрсетілген. Сондай-ақ Ақ Орда билеушілерінің есімдері, олардың әкелері мен аналары және жерленген орындары көрсетілген құнды кесте қамтылған.

2024 жылы Астанада Халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасының алғашқы отырысы өтті. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев төрағалық еткен жиынға Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Халықаралық Аралды құтқару қоры Атқару комитетінің төрағасы Асхат Оразбай, Тәжікстан Премьер-министрінің орынбасары Сулаймон Зиёзода, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Тангрыкули Атахаллыев, Өзбекстан Президентінің кеңесшісі Шухрат Ганиев және Қырғызстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дастан Дюшекеев қатысты. Халықаралық Аралды құтқару қоры 1993 жылы құрылып, Орталық Азиядағы негізгі өңірлік ұйымдардың біріне айналды.

2025 жылы елордада Қазақстан халқы мен түрлі дін өкілдерінің достығы мен бірлігін бейнелейтін Бейбітшілік және келісім саябағы салтанатты түрде ашылды. Саябақта «Жұлдызды аспан» туннелі, «Өмір ағашы» ескерткіші және каскадты сарқырама орналасқан. Ол өзара сенім, татулық пен бірліктің жарқын нышаны саналады. Әлем халықтарының мәдениетінде ағаш өмірдің қуатын, өсіп-өркендеуді білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда, саябақ діні мен ұлтына қарамастан барша адамзаттың жарқын болашаққа деген үмітін бейнелейді.