18 СӘУІР, ЖҰМА Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Бұл мереке алғаш рет 1984 жылы атап өтілді. 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы бекіткен. Бүгінгі таңда осы ұйымның қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар. Дүниежүзінің 122 еліндегі 754 тарихи құндылық ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. 2003 жылы осы тізімге еліміздегі «Әзірет Сұлтан» тарихи-архитектуралық кешені, Алматыға таяу Тамғалы тас шатқалындағы жартастарға салынған суреттер топтамасы кірді. Қазақстанда ұлттық құндылық болып табылатын 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Зимбабве Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. Африкандықтардың нәсілшілдік режимге қарсы қарулы көтерілісі 1980 жылы Зимбабве мемлекетінің тәуелсіздігін жариялауға алып келді. Зимбабве - Оңтүстік Африкада орналасқан мемлекет. Ол Замбия, Мозамбик, Ботсвана және Оңтүстік Африка Республикасымен шектесіп жатыр. Ресми тілдері - ағылшын және шона тілдері. Астанасы - Хараре қаласы. Ақша бірлігі - Зимбабве доллары. Елді президент басқаратын бұл республика 8 провинцияға бөлінеді. Заң шығарушы органы - бір палаталы Ұлттық ассамблея 150 депутаттан тұрады. Олардың 120-сын халық сайласа, 12-ін президент тағайындайды. Бұған қоса провинцияларды басқаратын 8 губернатор мен 10 тайпа көсемі парламент мүшесі болып табылады. Қазақстан Республикасы мен Зимбабве Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 10-ында орнатылды. Украинаның тарихи және мәдени ескерткіштер күні. 1999 жылдан бастап Украина Президентінің Жарлығымен ғалымдардың, сәулетшілердің, тарихи және мәдени ескерткіштер қорғау мемлекеттік органдары қызметкерлерінің бастамасын қолдау мақсатында бекітілген. Англиядағы бәйшешек күні. Бұл мереке 1984 жылдан бастап атап өтіледі. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 21 жыл бұрын (1993) Алматыда Дүниежүзілік экономикалық форум өтті. Оған әлемнің 30 елінен 100-ден астам ірі халықаралық және ұлттық компаниялардың басшылары жиналды. 19 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту туралы» және «Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасында «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру туралы» Жарлығы баспасөз бетінде жарық көрді. 18 жыл бұрын (1996) Алматыда Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдер өкілдерінің халықаралық конференциясы өз жұмысын бастады. 9 жыл бұрын (2005) қазақстандық эколог Қайша Атаханова алғашқы рет қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметі үшін халықаралық Голдман сыйлығының иегері атанды. Қайша Атаханова - төмен және орташарадиоактивті қалдықтарды басқа мемлекеттерден Қазақстанға әкелуге наразылық науқанын ұйымдастырған. Ол - биолог, радиактивті сәулелердің зардаптарын зерттейтін маман, Қарағандыдағы экологиялық орталықтың негізін қалаушысы және жетекшісі. Экологиялық Голдман сыйлығын 1990 жылы қоғам қайраткері Ричард Голдман және оның жұбайы Родо бекіткен. Сыйлықты жыл сайын Африка, Азия, Еуропа, Аралдар және Аралдардағы мемлекеттер, Солтүстік Америка, және Оңтүстік және Орталық Америкадағы аймақтардағы ғылыми-өндірістік бірлестіктің белсенділеріне береді. 15 жыл ішінде Голдман сыйлығын 65 елдің 107 табиғат қорғаушылары алған. Экологиялық сыйлықтың иегерлерін, бүкіләлемдік желі ұсынған экологиялық ұйымдар және жеке тұлғаларды халықаралық қазылар алқасы сайлайды. 8 жыл бұрын (2006) Павлодар облыстық «Звезда Прииртышья» газеті журналистика саласындағы жалпыұлттық «Алтын жұлдыз» сыйлығының игері атанды. 7 жыл бұрын (2007) Алматыда алғашқы рет Орталық Азияда, Қазақстандағы БҰҰ-ның өкілі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен бірге Азия мен Тынық мұхит аймағындағы экономикалық және әлеуметтік ахуалды бақылайтын «Белгісіз уақыт алдыңғы толқын арқылы» атты тұсау кесер рәсімі өтті. Азия мен Тынық мұхиты елдеріндегі БҰҰ-ның экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (ЭСКАТО БҰҰ) дайындаған бақылаудың тұсаукесер рәсімі бір уақытта әлемнің жиырма қаласында өтті. Құжат 2006 жылғы Азия мен Тынық мұхит аймағындағы әсерлі әлеуметтік-экономикалық өсуді бақылады. Бақылаудың ерекше бір бөлімі жыныстық кемсіту мәселесіне арналған. 6 жыл бұрын (2008) Бакуде Әзірбайжандағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің жаңа ғимаратқа көшуіне орай, Қазақстан Республикасының Туын көтеру құрметіне байланысты салтанатты шара өтті. Республикамыздың Әнұраны шырқалып, Туды көтеру рәсіміне Бакуде тіркелген дипломатиялық корпустың, ұлттық компаниялардың қызметкерлері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. 5 жыл бұрын (2009) елордада Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің депутаттарымен жаңа парламенттік аллея салынды. Олар белгіленген орынға 155 түп ағаш көшеттерін отырғызды. 138 жыл бұрын (1876) Осман империясының боданында болған Болгарияда ұлт-азаттық көтерілісі басталды. ЕСІМДЕР 121 жыл бұрын (1893-1962) композитор, күйші ҚҰРМАНҒАЛИЕВ Әділжан дүниеге келді. Алматы облысында туған. 1919 жылдан бұрынғы Талдықорған облысында кеңестік сот, шаруашылық мекемелерінде жауапты қызметтер атқарған. 1932-1955 жылдары Қытайдың Шынжаң өлкесінде мәдени-ағарту саласында еңбек еткен. 1955 жылы тарихы отанына оралған. Күйшінің «Қос жүрек», «Қос жетім», «Жеңіс», «Қайран ана», «Арман», «Отан», т.б. күйлері бар. Сонымен қатар ол қазақтың халық әндері мен күйлерін, фольклорлық мұраларын жинаумен айналысқан. 103 жыл бұрын (1911-1991) жазушы, аудармашы АҚЫШЕВ Зейтін дүниеге келді. Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған. Омбы жұмысшы факультетін, Семей мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. Павлодар, Талдықорған облыстық оқу бөлімдерінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Алматыдағы Оқу-педагогика баспасының аға редакторы, редакция меңгерушісі, бас редакторы, «Қазақстан мұғалімі» газетінің редакторы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі аппаратының аудармашы редакторы, Қазақ совет энциклопедиясы бас редакциясының аға ғылыми редакторы болды. «Ағаш үй» атты өлеңі тұңғыш рет 1930 жылы жарық көрген. Содан бергі уақытта оның көптеген әңгімелері, повестері, романдары басылды. Олардың бірталайы орыс тіліне аударылған. Драматургия саласында да жемісті еңбек етіп, «Жаяу Мұса», «Келіншек» атты туындыларын жазды. Сонымен қатар В.Панованың «Куржилиха» романын, А.Куприннің «Жекпе-жек», Я.Коластың «Талап атай» повестерін қазақ тіліне аударған. 76 жыл бұрын (1938) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі СЕЙІТБЕКОВ Лесбек дүниеге келді. Жамбыл облысының Жуалы ауданында туған. Ташкент қаласындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру және суландыру институтын бітірген. 1961-1993 жылдары Жамбыл облысы шаруашылықтарында, Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтында, қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясында қызмет атқарған. 1993-2003 жылдары Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының директоры, ал 2003 жылдан осы институт негізінде құрылған Ауыл шаруашылығын механикаландыру ғылыми-өндірістік орталығы директорының орынбасары болған. Ол ғылыми зерттеулерінде мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу және екпе жайылымды қоршау технологиялары мен машиналар жасау теориясын дамытқан. Жел қуатымен су көтеретін ВВ-3Т, жел қуатымен электр тогын өндіретін ВЭ-2Т, ВЭ-2, 7Т, күн қуатымен жұмыс істейтін ГЭ-300 қондырғылары мемлекеттік сынақтан өтіп, өндіріске ұсынылған. Оның тікелей басқаруымен және қатысуымен қой шаруашылығы өнімдерін өңдеудің қалдықсыз технологиялары мен 10 түрлі құрал-жабдықтан тұратын машиналар кешені жасалған. Олардың барлығы мемлекеттік сынақтан өтіп, Орта Азия мен Қазақстан Республикасының 250-ден астам шаруашылықтарына енгізілген. Аталмыш машиналардың бір үлгісі Моңғолия елінің шаруашылығында іске қосылған. Ғалымның 130-дан астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 3 кітабы, 3 ұсынысы, 35 авторлық куәлігі мен патенті бар. Оның жетекшілігімен 15 ғылым кандидаты және 3 докторы диссертация қорғаған. Медальдармен марапатталған. 76 жыл бұрын (1938) филология ғылымының докторы, журналистика профессоры МАРХАБАЕВ Абдул-Хамит дүниеге келді. Қызылорда облысының Арал ауданында туған. 1964 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. «Білім және еңбек» («Зерде») журналының әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің ассистенті, аға мұғалімі, доценті, «Білім және еңбек» журналының бас редакторы, «Жаңа фильм» журналының аға редакторы, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті бас редакциясының аға редакторы, Қазақ орталық мұражайы баспа-редакция секторының аға редакторы, сектор меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1959 жылдан республикалық басылымдарды ғылыми фантастикалық жанр саласында әңгіме-повестер жаза бастаған. «Ғарыштағы қымыз» атты тұңғыш жинағынан бастап, «Арал әуендері», «Балалардың аман қалғанын айт!», «Жарылқаушы...», «Тосын ғарышхат», т.б. ондаған көркем шығармалары жеке кітап болып шыққан. Фантастика жанрының табиғаты мен теориялық ерекшеліктерін айқындайтын фантастикатану жайында «Қолыңды әкел, Келешек. Қазақ фантастикасы: кеше, бүгін және...», «Қазақ фантастикалы әдебиеті» атты монографиялары, «Ислам - Ғылым - Журналистика» оқулығы жарық көрген. 64 жыл бұрын (1950) экономика ғылымдарының докторы, профессор, «Еуразия» ХЭА-нің академигі, «Қазкоммерцбанк» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі ЕРЖАНОВ Мұхтар Салтайұлы дүниеге келді Қостанай облысы Таранов ауданында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын (Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті) бітірген. 1967-1972 жылдары - «1 мамыр» тігін фабрикасының аға бухгалтері, бас бухгалтердің орынбасары. 1972-1982 жылдары - Алматы халық шаруашылығы институтының оқытушысы, аға оқытушысы, декан орынбасары. 1983-1986 жылдары - Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институты қаржы және есеп кафедрасының меңгерушісі. 1985-1988 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік статистика комитетінің салааралық біліктілікті жетілдіру институтының директоры. 1988-1991 жылдары - Қазақ мемлекеттік басқарма академиясының докторанты. 1991-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы монополиялық саясат бойынша мемкомитеттің қаржы және есеп басқармасының бастығы. 1993-1996 жылдары - «Артур Андерсен» ЖАҚ бас директорының орынбасары. 1996-2005 жылдары - бас директоры, 2006-2008 жылдары - «Ержанов и К» аудиторлық компаниясының президенті. 1993-2008 жылдары - «Тұран» университетінің кафедра меңгерушісі, Қазақстан Республикасы аудиторлық Палатасының вице-президенті, Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің профессоры қызметтерін атқарған. 2008 жылдан бері - «Тұран» университетінің профессоры, «Қазкоммерцбанк» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі - тәуелсіз директоры қызметін атқарады. 55 жыл бұрын (1959) Алматы облысы Қаратал ауданының әкімі ДҮЙСЕНБИНОВ Сұлтан Мырзабекұлы дүниеге келді. Алматы облысында туған. Алматы инженерлік-құрылыс институтын, Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. 1991-1995 жылдары - «Кабсан» көпсалалы сауда-құрылыс кәсіпорнының директоры. 1995-1998 жылдары - ФОРЭС қоры директорының орынбасары. 1998-1999 жылдары - Талдықорған облысы әкімінің орынбасары. 1999-2001 жылдары - Алматы облысының Ескелді ауданы әкімінің орынбасары. 2001-2011 жылдары - Ескелді ауданының әкімі. Қазіргі қызметінде - 2011 жылғы тамыздан бері. Медальмен марапатталған. 40 жыл бұрын (1974) гимнастикадан спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Әлем чемпионы, Әлем кубогының қола жүлдегері, ХІІ Азия ойындарының күміс жүлдегері ФЕДОРЧЕНКО Сергей Владимирович дүниеге келді. 36 жыл бұрын (1978) спортшы, грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының бірнеше мәрте чемпионы, Жастар арасындағы әлем чемпионы (АҚШ, 1994 ), студенттер арасында әлем чемпионы МАТВИЕНКО Валерий Владимирович дүниеге келді. 35 жыл бұрын (1979) Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы АБАЕВ Дәурен Әскербекұлы дүниеге келді. Алматы облысында туған. 2001 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін үздік бітірген 2001 жылғы тамыздан 2003 жылғы тамызға дейін ҚР Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында жұмыс жасаған. 2003 жылғы мамырдан 2007 жылғы мамырға дейін Қазақстан Республикасының Әзірбайжандағы және Нидерланды Корольдігіндегі елшіліктерінде дипломатиялық қызметте болды. 2007 жылғы мамырдан 2007 жылғы желтоқсанға дейін - ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінде бөлім бастығы. 2007 жылғы желтоқсаннан 2008 жылғы желтоқсанға дейін ҚР Президенті Протоколының бас сарапшысы, консультанты. 2009 жылғы қазаннан бастап ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдық-аумақтық жұмыстар бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2011 жылғы қазаннан бастап қазіргі қызметінде. 121 жыл бұрын (1893-1955) ботаник, Украина Ғылым академиясының корреспондент мүшесі ПОПОВ Михаил Григорьевич дүниеге келді. Ресейдің Саратов облысында туған. Петербор университетін бітірген. Негізгі ғылыми еңбектері өсімдіктер жүйеленімі мен филогениясына, географиялық таралуына арналған. Попов Орта Азия мен Қазақстан өсімдіктерін зерттеп, шөлді аймақтар флорасының дамуы туралы теорияны пайымдаған. Будандастырудың өсімдіктер эволюциясындағы рөлі туралы ілімнің негізін салған. 300-ден аса ғылымға беймәлім өсімдіктер түрлері мен туыстарын тауып сипаттама берген. «КСРО флорасы» атты 30 томдық басылымды дайындаған авторлық ұжымның құрамында болған. 50-ден аса өсімдік Попов есімімен аталады. 77 жыл бұрын (1937) кеңестік және ресейлік театр және кино актрисасы, РСФСР халық әртісі Светлана НЕМОЛЯЕВА дүниеге келді.
06:50, 18 Сәуір 2014
18 СӘУІР . ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА.18 сәуір. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 18 сәуірге арналған күнтізбесін ұсынады.