19 ақпан СӘРСЕНБІ Бүкіләлемдік киттер күні. Бүкіләлемдік киттер күні - 1986 жылы Халықаралық кит аулау (International Whaling Commission - IWC) комиссиясында бекітілген. Сол жылы ақпанның 19-ында Халықаралық кит аулау комиссиясы дүниежүзінде кит аулау мен кит етін сатуға тыйым салған. Бірақ ақпанның 19-ы киттерді қорғау күні ғана емес, сонымен бірге барлық мұхит пен теңіз сүтқоректілерін қорғау күні. Кейде әр мемлекеттің экологиялық ұйымдары жиналып, осы күнді мүлдем жоғалып кеткелі тұрған бірегей бір сүтқоректіні қорғауға арнайды. Армениядағы кітап сыйлау күні. Армения Жазушылар одағының төрағасы Левон Ананянның шешімімен 19 ақпан бұл елде Кітап сыйлау күні атап өтіледі. Бұл күн армяндардың ұлы ақыны, әрі жазушысы, ірі қоғам қайраткері Ованес Тадевосович Туманянның 1869 жылғы 19 ақпандағы туған күнімен сәйкестендірілген.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
20 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Адам құқығы жөніндегі республикалық комиссия құру туралы» Жарлыққа қол қойды. 11 жыл бұрын (2003) Мәскеуде Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының алғашқы Экономикалық форумы ашылды. ЕурАзЭҚ құрамына кіретін Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің өкілдері өзара ықпалдастық іс-қимылдардың перспективаларын талқылап, қоғамдастық мемлекеттері экономикасын тұрақты дамыту жөніндегі ұсыныстарды талдады. 8 жыл бұрын (2006) Керлинг ойыны бейнеленген жаңа пошта маркасы айналымға енді. Олимпиада ойындарының жаңа спорт түрінің бірі керлинг ойынының барысы бейнеленген, «33х27,5 мм көлеміндегі пошта маркасын Ринат Жапалов безендірді. Ол Бейжіңдегі (ҚХР) пошталық төлем белгілері фабрикасында, 50 мың данамен басылды. 7 жыл бұрын (2007) Алматыда «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер киностудиясы түсірген «Жаралы сезім» деп аталатын 2 сериялы көркем фильмнің таныстырылымы болды. Қос ғашықтың тағдырына арналған бұл фильмнің сюжеті нақты өмірден алынған. Идеяның авторы - Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик, Экономика институтының директоры және Қазақстан ғалымдары одағының президенті Оразалы Сәбден. Қоюшы режиссері - «Жас ұлан» киностудиясының директоры Еркін Рақышев. Фильмның негізгі кейіпкерлері Қанат пен Арайдың рөлін сомдаған Қазақтың Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының кинорежиссура факультетінің түлегі Берік Арықбаев пен академияның халықаралық қатынастар факультетінің 2-ші курс студенті Регина Шамгунова. 7 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің арасындағы Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа байланысты кепілдіктерді қолдану туралы келісімге қосымша хаттаманы бекіту туралы», «Минотарлық инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға қол қойды. 6 жыл бұрын (2008) Қазақстан Республикасының Ресейдегі Елшілігінің қолдауымен Мәскеудегі аймақтық Қазақ ұлттық-мәдени автономиясы осы қаладағы Ұлттар үйінің ғимаратында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова туралы «Өмірге айналған ерлік» кітабының таныстырылымы өтті. Қазақ халқының батыр қызы Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерен ерлігі Қазақстан мен Ресей халықтары достығының мәңгілік символына айналды. Кітап авторлары Ғалымжан Байдербес пен Ұзақбай Қауыс бір кездегі жас бойжеткеннің тағдырын баян ете келіп, оның қайсар мінезінің қалай қалыптасқаны туралы толғандырады. 6 жыл бұрын (2008) Алматыда Жоңғар және Іле Алатауының жоғалып кету үстіндегі өсімдіктердің түрлері туралы БҰҰ Даму Бағдарламасы басып шығарған кітаптың таныстырылымы болды. Кітап «Растения Джунгарского и Заилийского Алатау, нуждающиеся в охране» деп аталады. Кітап 60 өсімдіктің қысқа анықтамасынан және фотосуреттерден тұрады. Кітаптың мақсаты табиғатты сүйетін көпшіліктің назарына өсімдіктердің құндылығы туралы ақпаратты жеткізу болып табылады. Кітап Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Жаһандық экологиялық қордың және БҰҰ Даму Бағдарламасы жобасы қызметінің шеңберінде шығарылды. 5 жыл бұрын (2009) Иранның Гүлістан провинциясының орталығы Горган қаласында, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылғы желтоқсанның 15-дегі Жарлығымен Каспий теңізіндегі Иранның солтүстігіндегі Қазақстанның Бас консулдығы ресми түрде ашылды. 5 жыл бұрын (2009) Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданының Жаңажол кен орнында «Ақтөбемұнайгаздың» АҚ қуаттылығы 45 мВт газ тұрбалы электрстансасы ашылды. Газ тұрбалы электрстансаның ашылуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен ықпал етеді. Біріншіден, энергетикалық тәуелсіздігін толық қамтамасыз етеді, екіншіден, импортты қысқартады және аймақтың тұтынушыларына электр қуатының құнын арзандатады.
ЕСІМДЕР
93 жыл бұрын (1921-2011) қоғам қайраткері, заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЗИМАНОВ Салық дүниеге келді. Атырау қаласында туған. Бүкілодақтық заң институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1944-1945 жылдары - дивизион, миномет полкі, артилерия полкі командирі болып, полковник шенімен әскери қызметтен босаған. 1946-1947 жылдары - Гурьев облыстық прокуратурасының тергеушісі, аға тергеушісі. 1947-1948 жылдары - Қазақ КСР Прокуратурасы жанындағы ерекше маңызды істер жөніндегі тергеуші. 1948-1952 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы құқық секторының аспиранты, аға ғылыми қызметкері, сектор меңгерушісі. 1952-1958 жылдары - Алматы мемлекеттік заң институтының директоры, Қазақ мемлекеттік университеті заң факультетінің деканы. 1958-1969 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Философия және құқық институтының директоры. 1969-1976 жылдары осы институттың бөлім меңгерушісі болған. 1976-1977 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Төралқасының бас ғылыми-хатшысы. 1992-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Мемлекет және құқық институтының бас ғылыми қызметкері. 1992-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Ардагерлер мен мүгедектер жөніндегі комитетінің төрағасы. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Конституциялық заңнама және адам құқығы жөніндегі комитетінің төрағасы. 1995-2005 жылдары - «Парасат» академиялық университетінің ректоры қызметтерін атқарған. 2005 жылдан - қазіргі қызметінде. Атырау облысының Құрметті азаматы. Зимановтың ғылыми зерттеу еңбектері мемлекет және құқық тарихы мен теориясына, Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да аймақтарында ұлттық мемлекеттердің қалыптасуы мен дамуына, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігіне және басқа да өзекті мәселелерге арналған. Сонымен қатар ғалымның қазақтың дәстүрлі құқықтық мәдениетіне, шариғат заңдарына қатысты бірнеше ғылыми еңбектері жарық көрген. Зиманов «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның» жобасын дайындау жөніндегі комиссияны басқарып, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конститутциялық Заңның жобасын дайындау жөніндегі комиссияның жетекші мүшелерінің бірі болды. Ғалым 2001-2002 жылдары 1-ші және 2-ші томдары жарық көрген 10 томдық «Қазақтың ата заңдары» энциклопедиясына ғылыми жетекшілік жасаған. «Парасат», екі мәрте 1-ші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, Халықтар достығы ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» медальдарымен марапатталған. 84 жыл бұрын (1930-1999) қазақ жазушысы, журналист, филология ғылымының кандидаты, Қазақстан Республикасы мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер БАЙЖАНОВ Сапар дүниеге келді. Жамбыл облысында туған. ҚазМУ-ды (әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті) бітірді. «Лениншіл жас» газетінің әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, «Мәдениет және тұрмыс» журналы редакторының орынбасары, бас редакторы, Қазақстан КП ОК насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы, баспасөз секторының меңгерушісі, бөлім меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Оның «Жаңа леп», «Ақ маржан», «Сұңқар көңіл самғайды» және тағы басқа кітаптары жарық көрген. Сондай-ақ ол, зерттеу еңбектерімен де танымал. «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
80 жыл бұрын (1934-1994) техника ғылымының докторы, профессор СЕРАЗЕТДИНОВ Дуглас Зияевич дүниеге келді. Ақтөбе қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1956 жылдан Қазақстан Ғылым академиясы Химия институтының ғылыми қызметкері болған. Ғалымның ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты Қазақстан жерінің полигалитті және астраханитті шикізатын пайдалану жолдары, тұздарды гидротермиялық қайта өңдеу, сополимерлену реакциялары негізінде полифосфатты тыңайтқыштарды синтездеу әдістерін зерттеуге арналған. Ол шыны типтес және аморфты фосфаттарды түпкілікті зерттей отырып, олардағы ерігіштік процестерді, полимерлердің гидролиттік деструкциясын реттеу, коррозия мен үйкеліске төзімділік, т.б. көптеген қасиеттерін айқындады. Ғалымның бұл зерттеулері Қазақстандағы Жамбыл фосфор, Жамбыл суперфосфат, жаңа-Жамбыл химия зауыттарында сынақтан өткізіліп, өндіріске енгізілді. Профессордың 200-ден аса ғылыми еңбегі, оның ішінде 30 авторлық куәлігі мен 4 монографиясы бар. Медальдармен марапатталған.
72 жыл бұрын (1942) Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қоюшы-режиссері, КСРО Кинематография одағының мүшесі ТӘЖІБАЕВ Амангелді Ыбырайұлы дүниеге келді. Астрахань облысында туған. Құрманғазы атындағы театр-көркемсурет институтының актерлік факультетін бітірген, көркем фильмдердіңрежиссер-қоюшысы. «Құланның ажалы», «Нан» киносценарийлерінің, театр және кино туралы мақалалардың авторы. "Соңғы асу", «Ұзақ құс жолы», «Адым» фильмдеріне түскен. «Түз және нан», «»Аптап», «Соңғы асу», «Ұзақ құс жолы», «Кімнің, салт атты?» фильмдерінің режиссері. «Құрмет белгісі» орденіңмен, «Еңбектегі ерлігі үшін» және Вьетнам Демократиялық Республикасының Халықтары достығы медальдарымен марапатталған. Республикалық «Жігер» фестивалінің, Бұкілдодақтық фестивальдің лауреаты. 41 жыл бұрын (1973) ҚР Өңірлік даму министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту комитетінің төрайымы ЖОЛДЫБАЕВА Ғалия Тағыбердықызы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек өтілі: балабақша есепшісі (1990); ҚР Әділет министрлігінде жетекші, бас маман (1996-1997); ҚР Әділет министрлігі Жылжымайтын мүлік және заңды тұлғаларды тіркеу агенттігінде бас маман, басқарма басшысы (1997-1999); ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі комитеті заңды тұлғаларды тіркеу басқармасының басшысы (1999-2001); ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде әртүрлі бөлім және департменттерде басшылық қызметте (2001-2008); ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек беру комитеті төрағасаның орынбасары (2008-2009); Павлодар облысы әділет департаментінің басшысы (2009-2012); ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту комитетінің төрайымы (2012-2013). 2013 жылдан бері қазіргі қызметінде. 49 жыл бұрын (1965) «Қазақстан» РТРК АҚ Қазақ радиосының директоры САДЫҚ Махат Кәбірұлы дүниеге келді. ҚазМҰУ-дың журналистика факультетін, РФ Үкіметі жанындағы Халық шаруашылығы Академиясын, Халықаралық Бизнес Академиясын бітірген. Еңбек жолын 1989 жылы Қазақ радиосының тілшісі болудан бастады. Кейін Қазақ телевизиясында бағдарламалар жетекшісі. 1995 жылы «Хабар» агенттігінде редактор, комментатор, «Жеті күн» бағдарламасының авторы, жүргізушісі болды. 1997 жылы «Хабар» агенттігінің атқарушы продюсері, Астанадағы филиалының жетекшісі. 1999 жылы «Қазақстан» телеарнасында ақпараттық бағдарламалардың бас редакторы, «Үш анық» ақпараттық бағдарламасының жүргізушісі. 2000-2005 жылдары «Қазақстан Президенті Телерадиокешенінің» бас директоры. 2005-2006 жылдары «Makhat - Студия» ЖШС Бас директоры, «Фототелерадио» журналының бас редакторы. 2006-2007 жылдары ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары. 2007-2008 жылдары ҚР Парламенті Сенаты баспасөз қызметінің жетекшісі. 2008 жылы ҚР Парламенті Сенаты төрағасының кеңесшісі. «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрағасының орынбасары, ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, «Қазақстан» РТРК АҚ-ы «Астана» радиосының директоры қызметтерін атқарған. Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының, «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері, Қазақстан Президенті стипендиясының иегері. «Деректі фильмнен үлкен киноға дейін» кітабының, 25 деректі фильмнің авторы. Философия ғылымының докторы, Халықаралық Телевидение және радио Академиясының академигі. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері. Қазіргі қызметінде - 2011 жылғы қарашадан бері.
541 жыл бұрын (1473-1543) поляк астрономы, әлемнің гелиоорталық жүйесі туралы ілімнің авторы КОПЕРНИК Николай дүниеге келді.
384 жыл бұрын (1630-1680) Үндістанның ұлттық батыры ШИВАДЖИ дүниеге келді.
74 жыл бұрын (1940-2006) Түрікмен мемлекеттік және қоғам қайраткері, 1990 жылдан Түрікменстан президенті, 1999 жылдан өмірлік президент НИЯЗОВ Сапармұрат дүниеге келді.
62 жыл бұрын (1952) словен заңгері, халықаралық құқық саласындағы маман, дипломат 2007-2012 жылдардағы Словения президенті Данило ТЮРК дүниеге келді.