19 мамыр. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 19 мамыр. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 19 мамырға арналған күнтізбесін ұсынады.

19 мамыр, СЕНБІ

Түркияда жастар және спорт күнi. Бұл күн Түркияның ұлттық мерекесі болып саналады. Мереке бастапқысында жастармен де, спортпен де ешқандай байланыспаған. Қара теңiздің Самсун Портында Түрiк республикасының бiрiншi президенті Мұстафа Кемаль Ататүрік 1919 жылдың 19 мамырында шетелдiк интервенцияға қарсы мобилизация жариялады. Сол кезде Түркия мен Грекия соғысып жатқан болатын. Тәуелсіздік үшін ұлттық қозғалыстың негізін жастар құрады. Ататүрік республиканың болашағын құруды жастардың қолына бере отырып жаңа мемлекеттің маңызды элементін жасауды көздеді.

 Түрікменстанда XVIII ғасырдағы түрікмен ақыны Махтұмқұлы поэзиясының мерекесі.

 ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒААЛАР

15 жыл бұрын (1997) «Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын қорғау туралы» Заң қабылданды.

7 жыл бұрын (2005) Алматы қаласында «Тамыр» журналының ағылшын тіліндегі басылымының тұсауы кесілді. Аталмыш басылымда отандық авторлардың философиялық, мәдени және басқа да тақырыптарға жазған еңбектері ағылшын тілінде жарық көреді. Журналдың бас редакторы - Әуезхан Қодар.

17 жыл бұрын (1995) Алматыда Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен банкноттық фабрикасы ашылды.

Банкноттық фабрика жалған ақша белгілерінен қорғайтын, көркем және полиграфиялық өнімді жоғары деңгейде орындайтын бірегейлі жабдықтардан құрылған. Оның меншiктi базасынан номиналы 100, 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноттар шығарылған. Қазiр фабрикада банкноталардан басқа төлқұжат, куәлiк, диплом, аттестат, куәлiк қағаз, акциз маркалары сияқты құжаттардың жүзден астам түрлерi шығарылады.

7 жыл бұрын (2005) Астанада Беларусь Республикасының Қазақстандағы Елшілігі ашылды. Елшіліктің ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларус Президенті Александр Лукашенко қатысты.

Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 16 қыркүйегінде орнаған.

7 жыл бұрын (2005) қарағандылық Василий Кузнецов «ТМД елдерінің еңбек сіңірген энергетигі» белгісімен марапатталды. Марапаттау құжатына ТМД-дағы электрэнергетикалық кеңесiнiң президентi Анатолий Чубайс қол қойды.

Василий Павлович Кузнецовтың бүкіл еңбек жолы энергетика саласымен байланысты. Ол Қарағандыға Мәскеуден көшіп келген. Орталық диспетчерлік қызметінде жұмыс істеп, кейін сол орталықты басқарды. Теміртаудағы КарГРЭС-1, Жезқазғандағы ТЭЦ-ті орнатуға және тұрба генераторларды іске қосуға өзінің үлесін қосты. Энергетикалық кәсiпорындарға пайдалануға арналған нұсқауларды жасап шығарған. Бірнеше рет ордендермен және медальдермен марапатталған.

ЕСІМДЕР

 

99 жыл  бұрын (1913-1994) металлург, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі ОНАЕВ Ибрагим Әбілғазыұлы дүниеге келді.

Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Қазақ тау-кен металлургия институтын бітірген. 1941-1944 жылдары Қарсақпай мыс қорыту зауытында жұмыс істеген. 1944-1974 жылдары - Металлургия және кен байыту институтының аспиранты, ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, директордың орынбасары. 1974-1994 жылдары Қазақ политехникалық институтының кафедра меңгерушісі болған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері түсті металлургия шикізаттарын өңдеудің жаңа тәсілдерін жетілдіруге арналған. Орталық Қазақстандағы мыс кендерінен өндірілген кентастар мен концентраттарды балқыту процесін кешенді түрде жетілдіру ісін жүргізген. Түсті металлургия саласындағы штейнді-қожды жүйелердің физика-химия қасиеттерін зерттеген. Металл-шлак және штейн-қож-газдық фаза жүйесіндегі металдардың таралу заңдылықтарын ашқан. Мысты және полиметалдық материалды шашыранды күйде циклондық (кивцэттік) балқытудың ерекше технологиясын жасаған автордың бірі болған. Онаев 300-ге жуық ғылыми еңбектің, 28 өнертабыстың авторы.

«Еңбек Қызыл Ту» орденімен және медальдармен марапатталған.

54 жыл бұрын (1958) Алматы экономика институтының ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, заң ғылымының докторы, жазушы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы Б.Қаратаев атындағы сыйлығының лауреаты АЛАУХАНОВ Есберген дүниеге келді.

Қызылорда облысында туған. Ташкент мемлекеттік университетінің заң факультетін, Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің экономика факультетін бітірген. 1993-2003 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш аудандық сотының төрағасы, Оңтүстік Қазақстан облыстық соты  қылмыстық істері бойынша алқасының төрағасы, Шығыс Қазақстан облыстық Әділет басқармасының бастығы, облыстық қаржы полициясы департаментінің бастығы. 2003-2004 жылдары маңғыстау облыстық қаржы полициясы департаментінің бастығы. Қазіргі қызметінде 2004 жылдан бастап істейді. Оның монографиялары, оқулықтары, оқу құралдары, «Қылмысқа тосқауыл», «Ажалдың түсі», «Қасиетті мекендегі қала» атты шығармалары жарық көрген.

Медальдармен марапатталған.

73 жыл бұрын (1939) физика-математика ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры САХАЕВ Шәріпхан дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Орта Азия мемлекеттік университетін, Санкт-Петербордағы КСРО Ғылым академиясы бөлімінің аспирантурасын бітірген. 1965-1995 жылдары - С.Аспандияров атындағы ұлттық университетте, Қазақстан Ғылым академиясында қызмет атқарған. 1995 жылдан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде істейді.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері мұнай-газ саласына арналған. Оның ғарышты зерттеу жұмыстары Ресейде, Украинада және Америкада жарық көрген. 70-тен астам ғылыми еңбег, 5 оқу құралы және 1 монографиясы бар.

48 жыл бұрын (1964) ҚР-ның Индонезия Республикасындағы, Бруней-Даруссаламдағы, Филиппин Республикасындағы елшісі,  экономика ғылымының кандидаты АТАМҚҰЛОВ Бейбіт Бакірұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ политехникалық институтын бітірген. Еңбек жолын Шымкент қорғасын зауытынан бастаған. 1995-1996 жылдары - «Қарағанды металлургиялық комбинаты» мемлекеттік акционерлік қоғамы бас директорының бірінші орынбасары. 1996-2002 жжылдары - «Рахат-МеталС» компаниясының президенті. 2002-2006 жылдары - «Рахат» компаниясының президенті, Директорлар кеңесінің төрағасы. 2006-2007 жылдары - Қазақстан Республикасының Ресей Федераци\сындағы Елшілігінің кеңесшісі. 2007-2008 жылдары - Қазақстан Республикасының Ирандағы Елшілігінің кеңесші-елшісі, Майндағы Франкфурттағы бас  консулы болды.. Қазіргі қызметінде 2010 жылдан бастап істейді.

43 жыл бұрын (1969) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, екі мәрте Қазақстан Республикасы Президенті стипендиясының иегері БАЛҚЫБЕК Әмірхан дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітіген. Шардара аудандық «Өскен өңір», республикалық «Жас алаш», «Ана тілі» газеттерінің, «Парасат» журналының тілшісі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі қымзеттерін атқарған. Қазір «Жас қазақ» республикалық газеті әдебиет және ғыылым бөлімінің редакторы болып істейді.

Ақынның бір қатар өлеңдері «Жас ақындар поэзиясының антологиясы», «Ауылдан ұшқан аққулар», «Толқыннан толқын туады» ұжымдық жинақтарына енген. «Метаморфоза», «Сынған сәуленің шағылысуы» жыр кітаптарының авторы.

38 жыл бұрын (1974) әнші, композитор, айтыс ақыны, «Зікір-Аллаһ, Нұр-Аллаһ» әндерімен қазақ даласында илләһи жанрын тұңғыш таратушы ОМАРОВ Жәкен Қазыбекұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Шымкент педагогикалық мәдениет институтын бітірген. Еңбек жолын Шымкент облыстық жастар одағы комитетінен бастаған. 1997 жылы Түрік Республикасы Ыстамбұл қаласындағы Қ.А.Яссауи  атындағы Білім және парасат қоры дін курсын бітірген. Қазір аталған қордың Алматы қаласындағы мәдениет бөлімін басқарады.

Ол 1988-2001 жылдары аралығында өткен айтыстарда, республикалық айтыстарда, «Студенттер көктемі», «Ұлытау үні» фестивальдерінде жеңімпаз атанған. Сонымен қатар ол көпшілік сүйіп тыңдайтын көптеген әндердің авторы.

72 жыл бұрын (1940) мүсінші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері СЕРГЕБАЕВ Ескен Аманжолұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Санкт-Петербордағы И.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет институтын бітірген.

Алматы көркемсурет училищесінің, Алматы театр-көркемсурет академиясының оқытушысы, Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. 2001 жылдан - Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының мүсін кафедрасының меңгерушісі.

Абай, М.Әуезов, әл-Фараби мүсіндерінің, сондай-ақ, қола мен граниттен жасалған М.Әуезов, І.Жансүгіровтың және ақын К.Әзірбаевтың ескерткіш-мүсіндерінің авторы. Монументті-безендіру саласында «Шопан мен күрішші», «Ф.Достоевский», «Қазақ эпосы» жұмыстары бар.

66 жыл бұрын (1946) әнші, Қазақстанның халық әртісі БЕКБОСЫНОВ Қажыбек Құдайбергенұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Ақсу ауданында туған. Алматы эстрада-цирк өнері студиясын бітірген. 1967-1996 жылдары «Қазақконцерт» әншісі болған. 1996 жылдан Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің әншісі. Репертуарында Мұхит, Ақан сері, Біржан, Әсет, Жаяу Мұса, Кенен, Естай әндері бар. Ол орындаушылық шеберлігімен қазақ әншілік өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан. Қазіргі уақытта Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында дәріс береді.