190 батысқазақстандық ұстаз біліктілік сынағын тапсырды

ОРАЛ. 25 маусым. ҚазАқпарат - 23 маусым күні Қазақстанда 3278 ұстаз біліктілік сынағын тапсырса, соның 190-ы - батысқазақстандықтар.

Педагогтар үшін үш айлық оқу бағдарламасын республикалық педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж университеті мамандарымен бірлесіп жасаған болатын. БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлер біліктілігін арттыру институтының қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Людмила Колесованың айтуынша, ұстаздар үш ай бойы арнайы дайындықтан өтті. Сәуірде олар ақпараттық технологияның қыр-сырына қанығып, эссе жазып, электронды таныстырылымдар дайындады, сөйтіп баланы оқытудың еуропалық үрдістерін меңгерді. Мамырда мұғалімдер өз білімдерін сыныпта көрсетті. Маусым оқу-тоқуды қорытындылауға арналды.

Барлығы 190 батысқазақстандық ұстаздың 110-ы БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлер біліктілігін арттыру институтында, 80-і республикалық педагогикалық шеберлік орталығында аттестациялаудан өтті. Тест сұрақтары сынақ күні Кембриджден тез поштамен жеткізілсе, жауаптары да арнайы рейспен жіберілді. Сөйтіп біліктілік емтихандарының ашықтығы мен әділеттілігі қамтамасыз етілді.

Республикалық педагогикалық шеберлік орталығының сарапшысы Шолпан Ахметованың атап өткеніндей, бұл өте маңызды, өйткені мұғалім  тестілеу қорытындысы бойынша жалақысына қосымша ақы алады. Мәселен, үшінші деңгейден өткендердің еңбекақысына 30 пайыз үстемеақы қосылады.

Екінші жартыжылдықта педагогтар үшінші, күрделірек жаңа оқу кезеңі басталады. Одан өткендер 70 пайыз, ал ең тәжірибелі мұғалімдер 100 пайыз үстеме ақы алады.

Жыл аяғына дейін Назарбаев зияткерлік мектептері базасында бір мың, басқа орталықтарда 6 мың қазақстандық ұстаз біліктіліктерін көтермек. Бес жылда елімізде барлығы 120 мың педагог оқытудың жаңа әдістемесін меңгермек.