1936 жылы берілген туу туралы куәлігім латын әрпінде жазылған - ҚР Халық әртісі Сәбит Оразбаев

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мен туғанда берілген туу туралы куәлік латын әрпінде жазылған болатын, деді ҚР Халық әртісі Сәбит Оразбаев «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында.

«Менің туу туралы куәлігімде «1936 жылы 29-шы қынуарда туған» деп жазылған. Қынуар дегені - январь. Латын әрпінде оқу еш қиындық туғызбайды деп ойлаймын. Жалпы, Елбасының жолдауларындағы мақсат қазақ халқын мәңгілік ел жасау ғой. Егемен ел аталғалы қаншама мемлекеттік шаруа жасалды. Осы әліпбиді ауыстыру ең маңызды мәселенің бірі болатын. Жер жүзін қарап отырсаңыз, әлем халықтарының 70 пайызы осы латын әрпімен жазады екен. Демек, бұл - ел болу, әлемдік көшке қосылу жолында жасалған тағы бір қадам. Әрине, оңай емес, бірақ бұған өзіміздің төл дүниеміздей қарасақ, тез жатталып кетеді деп ойлаймын»,  - деді Сәбит Оразбаев.

Бұл тақырыптағы талдауға қатысты академик Төрегелді Шарманов та пікір білдірді.

Тамақтану академиясының директоры, Алматы қаласының «Құрметті азаматы» Төрегелді Шарманов  Елбасы латын әліпбиіне өту туралы Жарлыққа қол қоя отырып, болашаққа нақты қадам жасағанын айтты.

«Бұл біздің, ұлтымыздың рухани кодексі десек те болады. Елбасы бастамасының мәні зор, бұл - келешектің бақытты көрінісі, мақтанатын нәрсе. Латын графикасы - ол қазіргі жаңа технологияның, ғылымның, тіпті әдебиеттің тілі. Осы бастаманы Нұрсұлтан Әбішұлы қолдап отырғанына қуаныштымын», - деді ғалым.

Еске сала кетейік, Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында

«Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жыл­дан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім.

Бұл - сол кезден барлық салаларда біз латын қар­піне көшуді бастаймыз деген сөз.  

Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліп­биімен басып шығара бастауға тиіспіз.  

Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қа­жетті дайындық жұмыстарына қазірден кірі­семіз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көші­ру­дің нақты кестесін жасауы керек.

Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, ком­муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр­дағы ғылы­ми және білім беру процесінің ерекше­лік­теріне байланысты.

Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес.      

2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет.  

Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс.

Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде бел­гілі бір уақыт кириллица алфавиті де қол­даныла тұрады», - деп жазған болатын.