«Бұрыннан сақталып келе жатқан құжаттардың біраз бөлігі тарихи мәнге ие, сондықтан оларды оқу тарихтың әзірге белгісіз беттерін ашуға септігін тигізеді. Папкалардың бірінен бірегей құжатты таптық. Ол - майданда жүрген Шоқан Қаржауовтың жұбайына жазған хаты. Хат 1942 жылы жазылған. Бұл қазақтардың кириллицаға өткен 1940 жылдан кейін де өздеріне үйреншікті латын жазуын қолдана бергенін дәлелдейді», - дейді музей директоры Рашида Харипова.
Көрмеден: латын графикасымен жазылған партиялық конференция делегатының мандаты мен комсомол билетін, диплом, құрмет грамотасы, кітап сияқты экспонаттарды тамашалауға болады.
Музей қызметкерлерінің пікірінше, қырқыншы-елуінші жылдары жасырылған латын графикасымен жазылған құжаттар архивтердің түкпір-түкпірлерінде әлі де көптеп табылуы мүмкін. Қорлардан латын графикасындағы құжаттарды іздеу арқылы ғалымдар тарихтың белгісіз беттерін ашуға үміттеніп отыр. Оның үстіне, бірнеше жылдан соң осы құжаттардың барлығы елге ұғынықты болады.