1945 ж. 24 сәуірі: Кеңес әскерлері Берлиннің орталығына жақындады (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Соғыстың 1403 күні - 24-ші сәуірде Кеңес әскерлері қантөгіс ұрыстар жүргізе отырып, Берлиннің орталығына жақындады.

Сондай-ақ, қаланы шығыс және солтүстік жағынан шабуылдап келе жатқан 1-ші Белорус майданының әскерлері Берлиннің оңтүстік жағын басып алған 1-ші Украин майданының әскерлерімен қосылды. Осылайша Берлин оңтүстік, шығыс және солтүстік жағынан толығымен қоршауға алынды. Бұл туралы «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылдың 27 сәуіріндегі (жұма) №82-ші санында басылған Кеңес ақпарат бюросының мәліметінде көрсетілген.

«24-ші сәуірде 1-ші Белорус майданының әскерлері Берлиннің орталығы үшін ұрыс жүргізумен болды. Майданның 3-ші және 5-ші екпінді армиялары кескілескен ұрыстар жүргізе отырып, қаланың орталығына жақындады. Ал 2-ші гвардиялық танк армиясы Берлин-Шпандауэр-Шиффартс каналынан өту ұрыстарын жүргізді. 8-ші гвардиялық армия Шенефельда ауданында 1-ші Украин майданының 3-ші гвардиялық танк армиясымен қосылды. Осылайша, Берлин - оңтүстік, шығыс және солтүстік жағынан толығымен қоршауға алынды. Ал 33-ші армия Одер-Шпрее каналынан өту ұрыстарын жүргізді» - делінген мәліметте.

Ал сол күні Берлиннің оңтүстігінде 1-ші Украин майданының 3-ші гвардиялық танк армиясы мен 6-шы танк корпусы жойқын артиллериялық соққының арқасында Тельтов каналынан өтіп, қала көшелерінде ұрыстар жүргізуге кірісті. 28-ші армия Буккова ауданында 1-ші Белорус майданының 8-ші гвардиялық армиясымен қосылды. Осылайша, жаудың франкфурт-губен тобы толығымен қоршауға алынды. 3-ші гвардиялық армия бұл топты оңтүстік батыстан қоршады.

«Майданның 4-ші гвардиялық танк армиясы 3-ші гвардиялық танк армиясының ізімен Тельтов каналынан өтіп, батысқа қарай бұрылды. Сөйтіп, кешке қарай Хафель өзеніне жетіп, Потсдамның оңтүстік-шығыс жағын басып алды. Осы бағытта солтүстіктен келе жатқан 1-ші Белорус майданының әскерлерімен қосылуға 10-ақ шақырым қалды. Егер осы дәліз жабылса, Берлин толығымен қоршауға алынады» - делінген мәліметте.

Ал неміс қолбасшылығы қаланы қалайда қорғап қалуға бар күштерін жұмсауда. Айталық, батыстан қалаға көмекке келе жатқан генерал Венктің 12-ші армиясы жолында көсе-көлденең жатқан 5-ші гвардиялық механикаландырылған корпусқа шабуыл жасап еді, бірақ оларынан түк шықпады. Кейін шегінуге мәжбүр болды. Жалпы, Берлин маңындағы ұрыстар қызыл армия үшін айтарлықтай сәтті жүруде. Өйткені, неміс әскерлері бұған дейінгі ұрыстардан әбден әлсіреп қалған болатын. Оның үстіне қаладағы неміс әскерлерінің көпшілігі жөнді үйретілмеген фольксштурмның (халық жасақтары) жауынгерлерінен тұрды. Жалпы, Берлинді қанша мың неміс жауынгері қорғағаны жөнінде ортақ пікір жоқ. Кейбір әскери сарапшылардың дерегінше Берлинде 100 мыңнан аса неміс әскерлері болған. Басқа деректер бойынша олардың саны 250 мыңнан асады. Қалай болғанда да қалада вермахттың (неміс қарулы күштері) СС (күзет отряды) әскерлері, фольксштурм (халық жасақтары) және басқа да құрамалар болғаны анық. Ал қалада ұрыс жүргізу кеңес әскерлері үшін оңайға соқпады. Өйткені, Берлин сол кезде әлемдегі ең ірі қалалардың бірі болатын. Көлемі жөнінен (88 мың гектар) Лондоннан кейін екінші орында тұрды. Жалпы аумағы батыстан шығысқа қарай 45 шақырымды, ал солтүстіктен оңтүстікке 38 шақырымды алып жатты. Үлкен болған соң, Берлин 20 ауданға бөлінді, олардың алтауы ішкі, ал 14-і сыртқы аудандар болып саналды.

Жалпы 24-ші сәуір күні Берлин мен Дрезден бағытында бірнеше қалалар мен қалашықтар басып алынды. Бұл туралы «Социалистік Қазақстан» газеті нақты былай деп жазады:

24-ші сәуірде 1-ші Белорус майданының әскерлері БЕРЛИННІҢ солтүстік-батысында ұрыс жүргізе отырып, КРЕММЕН, ФЛАТОВ, ВЕЛЬТЕН, НАУЕН қалаларын алды. Осы майданның әскерлері Берлиннің оңтүстік-шығысында ДАМЕ өзенінен өтіп, АДЛЕРСХОФ, РУДОВ, АЛЬТ-ГЛИНИККЕ, БОНСДОРФ қалашықтарын алып, 1-ші УКРАИН майданының әскерлерімен қосылды.

Бір мезетте майдан әскерлері Берлиннің солтүстік және шығыс жағында көше ұрыстарын жүргізіп, ТЕГЕЛЬ, ВИТЕНАУ, РЕЙНИКЕНДОРФ, Силезия вокзалын және оның солтүстігінде жәіне шығысында орналасқан қала кварталдарын алды.

ОДЕР-дегі ФРАНКФУРТ қаласының оңтүстігінде майдан әскерлері ФЮРСТЕНБЕРГ и ГУБЕН қалаларына басып кірді.

23 сәуірде болған ұрыстарда майдан әскеерлері 3000 мыңнан аса неміс солдаты мен офицерін қолға түсіріп, 48 - танк, 200 астам - дала зеңбірегі, 2550 автокөлік, 88- паравоз, 1000 - темір жол вагоны және соғыс мүліктері қойылған 113 - қойманы олжалады.

Ал 1-ші УКРАИН майданының әскерлері ұрыс жүргізе отырып, БЕРЛИННІҢ оңтүстік жағында қаланың МАРИЕНДОРФ, ЛАНКВИЦ, ОСДОРФ, ШТАНСДОРФ аудандарын басып алып, ДАМЕ өзенінен өткен 1-ші Белорус майданының әскерлерімен қосылды. Майдан әскерлері сонымен қатар ДРЕЗДЕН бағытында ГРОССЕН-ХАЙН қаласын басып алды.

23-ші сәуір күні болған ұрыстарда майдан әскерлері 6000 аса неміс солдаты мен офицерін қолға түсіріп, 38 танкті олжалады».

Жалпы 23 сәуірде барлық майданда 110 неміс танкісі талқандалды және жойылды. Ал әуе ұрыстарында зениттік артиллерияның күшімен дұшпанның 60 ұшағы атып түсірілді.