ОРАЛ. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Зеленов ауданының тұрғыны Асылбек Ашауовтың меншігіндегі «ВАЗ-2101» маркалы көлік сонау 1974 жылы құрастырылған. Осы маркамен шығарылған автокөліктер сол жылы Германияға экспортталған екен.
Зеленов аудандық «Ауыл тынысы» газетінің бас редакторы Нұржан Дүзбатыровтың хабарлауынша, сол көлік немістердің мұқияттылығы арқасында 40 жылдан соң өз отанына аман-есен оралды. Осыншама уақыт бойы мұқият пайдаланған немістер аталмыш көліктің шашауын шығармай, делдалдар арқылы Қазақстанға жөнелтіпті. Талайды көрген «егде» көліктің туған жерінде де «бағы жанды». Оны бүгінде немістер секілді таза әрі мұқият Асылбек Ашауов сатып алып, жеке шаруасына пайдаланып жүр. Талайды көрген ескі көлік әлі де қыңқ етер емес, «жасы» үлкен болғанымен, кейбір жаңа көліктерді шаң қаптырады. Көлігіне иесі дән риза.
«Бала» кезінен бейнет көрмей, немістің ерекше қамқорлығында болған көлікке қарап тұрсаң, бұдан 40 жыл бұрын шыққан машина дегенге сенгің келмейді. Барлық қосалқы бөлшектері «туа бітті» күйінде тұр. Грамм май тамып, шаң тұрсашы, шіркін, жалтырап-ақ тұр. Қырық жылда міні құрамаған.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).