2 ақпан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 2 ақпанға арналған күнтізбесін ұсынады.

2 ақпан ЖЕКСЕНБІ

Суыр күні (АҚШ). Христиандық Еуропадан келіп, АҚШ-та кеңінен танымал болған дәстүрлердің бірі. Еуропада ақпанның 2-ін Candlemas «Балауыздар күні» деп атаған. Ырымға сай, егер сол күні күн ашық болса, қыстың екінші жартысы суық болады деп есептелінеді.

Ресейдегі әскери даңқ күні - Сталинград шайқасы. 1943 жылы кеңес әскерлерінің Сталинград шайқасында неміс басқыншыларының әскерін талқандауы құрметіне орай бекітілген.

Бүкіләлемдік сулы-сазды жерлер күні. Ақпанның 2-інде Бүкіләлемдік сулы-сазды жерлер күні атап өтіледі. 1971 жылғы ақпанның 2-інде Рамсар қаласында (Иран) Сулы-сазды жерлер конвенциясына қол қойылды. 1997 жылы дәл осы күні Бүкіләлемдік сулы-сазды жерлер күні жарияланды. Бұл оқиға әр түрлі елдердегі қоғам мен үкіметтерінің назарын жер шарының тұрақты дамуын қолдауға пайдалы сулы-сазды жерлердің құндылығына аударуға шақырады

Әз е рбайжан жастарының күні. 1996 жылғы ақпанның 2-інде Жастар және спорт министрлігінің бастамасымен, сонымен қатар Әзірбайжан Республикасы Президентінің Жарлығымен бірінші Әзербайжан жастарының форумы өтті.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

10 1 жыл бұрын (1913 жылғы ақпанның 2-нен 1918 жылғы қыркүйектің 26-ына дейін) Орынборда араб әрпімен қазақ тілінде «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Басылымның 264 саны жарық көрген. Газетте 20 ғасырдың басындағы қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, шаруашылық жағдайына, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу-ағарту, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған мақалалар жарияланып тұрған. Қазақ тілі мен әдебиеті жайындағы А.Байтұрсынұлының, Ә.Бөкейханның, М.Дулатовтың, Ш.Құдайбердіұлының мақалалары басылған.

2 1 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады.

1 5 жыл бұрын (1999) «Астана» радиосы өз жұмысын бастады.

9 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада халықаралық әуежайдың жаңа ғимаратын ашты. Ғимарат бес деңгейдегі жолаушылар үшін екі негізгі қабаттан және қазақтың киіз үйі тәрізді күмбез ішіндегі үш қабаттан тұрады. Олар алты телескоптық траптармен жабдықталған. Жаңа әуежайдың өткізу мүмкіндігі қауырт шақта тәулігіне 750 жолаушыға дейін болса, жүк терминалы тәулігіне 600 тоннаға дейін өткізе алады.

7 жыл бұрын (2007) Лондон қор биржасында «Қазақстанның банктік секторы» атты бірінші халықаралық конференция өтті. Оны беделді бизнес-басылым Financial Times ұйымдастырды.

6 жыл бұрын (2008) Прагада әйгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің қазақ тіліндегі «Жармақ» деп аталатын жаңа романы басылып шықты.

Чехия астанасына 2007 жылы қоныс аударған қазақ жазушысы қазіргі таңда шығармашылық жұмыспен айналысып жатыр. Праганың «Арт-Фокус» баспасынан жарық көрген жаңа шығарма соның айғағы. «Жармақ» деген атпен жарық көрген роман қазақ елінің ғасырлар тоғысындағы көкейкесті мәселелеріне арналған. Онда ұлтсыздық, мемлекет болашағы, халық тағдыры туралы толғаныстар көрініс тапқан. Ал 2002 жылы таңдамалы 13 томдығы жарық көрді.

Мағауин Мұхтар Мұқанұлы (1940) - ғалым-әдебиеттанушы, Қазақстанның халық жазушысы, филология ғылымдарының кандидаты. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында туған. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасы, «Жалын» журналы бас редакторларының орынбасары, Әдебиет институты және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің аға ғылыми қызметкері, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, доценті, «Жазушы» баспасының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. «Кешқұрым» атты алғашқы әңгімесі 1964 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған.

«Ақша қар», «Бір атаның балалары», «Қияндағы қыстау», «Көк кептер» повестер мен әңгімелер жинақтарының, «Көк мұнар», «Шақан шері» романдардың, «Аласапыран» роман-дилогияның, «Қобыз сарыны» атты монографияның авторы. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері.

4 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында прозаик Алла Алтынованың «Роза ветров» атты орысша кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Аталмыш кітап автордың тұңғыш туындысы.

Кітап деректі повесть емес, өз өміріндегі болған оқиғалар мен тағдыр туралы өз пікір, ұғынымын жеткізген, көркем әдеби шығарма. Бұл кітапті өмірбаяндық шығарма деуге де болады. Туындының тәлімдік тәрбиелік мәні бар. Авторды әлеуметтік мәселелер, әсіресе жетім балалар мәселелері, сонымен қатар, отбасы беріктігі мен ана міндетінің маңыздылығы толғандыратыны кітапта анық байқалады.

4 жыл бұрын (2010) Алматыдағы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің «Шығыс» аймақтық басқармасында «Қазақстан Республикасындағы әскерилердің құқығы мен заңдық мүдделерін қорғау» деп аталатын кітаптың таныстырылымы өтті. Кітап «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігі запастағы генерал-майор, кеңес президиумы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті мүшесі Тұрсын Айжолов пен запастағы полковник, заңгер Айболат Құрманбайдың құрастыруымен шығарылған.

4 жыл бұрын (2010) Маңғыстау ауданы Шетпе кентіндегі Шоқыр Бөлтекұлы атындағы спорт кешенінің жанынан жүзу бассейні ашылды. Бассейннің құрылысына жергілікті бюджеттен 52 млн. теңге бөлінген. Жүзу бассейнінің ұзындығы 25 метрді құрайды.

Шоқыр Бөлтекұлы (1916-1994) Маңғыстау облысы Жармыш кентінде туған. Киевтегі Көркемсурет академиясын және Дене тәрбиесі институтын бітірген. Қазақ боксының атасы атанған Шоқыр Бөлтекұлы - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері атанған тұңғыш қазақ.

Оның мектебінен Мақсұт Омаров, Әбдісалан Нұрмаханов, Серік Әбденәлиев, Виктор және Владимир Каримовтер, Иосиф Гильдин, Асқар Құлыбаев секілді талантты шәкірттер тәрбиеленіп шықты.

Маңғыстау облысында Ш.Бөлтекұлының атындағы халықаралық турнир дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл турнир Қазақстан Республикасы бокс федерациясының шешімімен «А» санатты турнир мәртебесіне ие болды.

3 жыл бұрын (2011) ҚР Президенттік мәдениет орталығында Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовтың өмірі мен қызметіне арналған «Азамат» кітабының тұсаукесері өтті.

3 жыл бұрын (2011) Алматыдағы ҚР Орталық мемлекеттік мұражайында «Мәдени Азиада-2011» фестивалінің ауқымында Қазақстан мен Орта Азия қолөнер шеберлерінің «Керуен-сарай» көрме-жәрмеңкесі өтті.

2 жыл бұрын (2012) Алмпатыда Ислам революциясының 34 жылдығы және Иран Тәуелсіздігі күніне арналған «Қазіргі Иран» көрмесі ашылды.

1 жыл бұрын (2013) астаналық «Барыс» Омбының «Авангард» командасын ұтып, Құрлықтық хоккей лигасына шықты.

458 жыл бұрын (1556) Қытайдың Шаньси және Хэнань провинцияларында орын алған жер сілкінісі 830 мыңға жуық адамның өмірін қиды.

ЕСІМДЕР

115 жыл бұрын (1899-1980) геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ШЛЫГИН Евгений Дмитриевич дүниеге келді.

Ресейдің Пермь қаласында туған. Орал тау-кен институтын бітірген. 1927-1937 жылдары Қазақстан аумағының геологиясын, кендерін зерттеумен айналысқан. 1937-1979 жылдары Қазақ политехникалық институтында (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ) кафедра меңгерушісі, сонымен бірге 1939 жылдан Қазақстан Ғылым академиясы Геология ғылымдар институтында аға ғылыми қызметкер болып істеген. Шлыгинның ғылыми еңбектері Солтүстік Қазақстанның кембрийге дейінгі қат-қабаттарын жіктеу, Сарыарқаның тектоникалық құрылымын доға пішіндес каледон және герцин белдемдеріне бөлу және жоғарғы палеозой жанартау-текті тау жыныстарын анықтауға арналған. Ол түсті, сирек кездесетін және асыл металл кендерін ашқан.

«Қызыл Жұлдыз», екі рет «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

104 жыл бұрын (1910-1960) қазақстандық сәулетші БАРАГ Теодор Яковлевич дүниеге келді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан. Украинаның Винница облысында туған.

Әзербайжан индустриялық институтының сәулет факультетін бітірген.

Қарағандының бас сәулетшісі, Қазақстанның Тұрмыстық қамсыздандыру министрлігінде, Қазақстан Министрлер Кеңесі жанындағы қала құрылысы басқармасының бастығы қызметтерін атқарған.

Қарағанды қаласында Т.Бараг жобалары бойынша облыстық кітапхана, қалалық базар, аяқ киім тігін фабрикасы, теміржол вокзалы, тұрғын үйлер ғимараттары салынған.

86 жыл бұрын (1928-2006) драматург, аудармашы, Махамбет сыйлығының иегері ҚОРҚЫТОВ Берік дүниеге келді.

Атырау қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1942-1946 және 1951-1970 жылдары Атырау облыстық газетінің редакциясында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарған. 1970-1989 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облысындағы әдеби кеңесшісі болған. Драматургтің «Жайық таңы», «Асыл жандар», «Ақбөбек», «Біз Жетібайданбыз», «Алтын айдар», «Соқыр ішек», «Исатай», «Ақылшы аға», «Құдірет» драмалары, «Кіндік шеше», «Жарайсың, шалым», «Жарайсың, бажа», «Жарайсың, бозторғайым» комедиялары бар. А.Парнистің «Афродита аралы», Э.Раннеттің «Адасқан бала», Н.Доризоның «Яков Джугашвили», Ш.Башбековтың «Шойын қатын» пьесаларын аударған. Оның төл туынылары мен аудармалары Шымкент, Торғай, Орал, Атырау облыстық театрларында қойылған. «Атыраудың билері мен батырлары», «Сырымның шешендік сөздері», «Мақаштың шешендік сөздері» атты кітаптары жарық көрген.

76 жыл бұрын (1938) Қазақстан авторлары қоғамының төрағасы, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ЫСҚАҚБАЙ Марал дүниеге келді.

Жамбыл облысының Қордай ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.1971-1977 жылдары Қазақ Совет энциклопедиясында, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде редактор, республикалық «Қазақкітап» бірлестігінде бас редактор болып істеген. 1977-1984 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде жауапты қызмет атқарған. 1985-1988 жылдары - «Мектеп», «Жазушы» баспаларының директоры. 1991-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Авторлық құқық жөніндегі мемлекеттік агенттігінің төрағасы. Қазіргі қызметінде 1997 жылдан бастап істейді. Жазушының «Қырық қыз», «Сұлутөрдің бөктері», «Ұят туралы аңыз», «Жойқын төбе», «Шілде басталғанда», «Көңіл жұбанышы», «Менің көршілерім», «Пенде ғұмыр», «Ғашық боп көрмеген келіншек» атты прозалық, «Шығарма шырайы - шындық», «Мүйізді Өтеген», «Баба ұраны» атты сыни-зерттеу кітаптары жарық көрген. Жазушының әңгіме, хикаяттары бойынша «Қырық қыздың ауылы», «Қияндағы қыстау» сияқты телеқойылымдар, «Тамшы» көркем фильмі түсірілген. Қазақтың 1100 әнін құрастырып, «Қазақша Караоке» деген атпен CD-ға жаздырған.

Қазақстан Республикасы Құрмет грамотасымен марапатталған.

74 жыл бұрын (1940) ғалым-әдебиеттанушы, Қазақстанның халық жазушысы, филология ғылымдарының кандидаты МАҒАУИН Мұхтар Мұқанұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында туған.

Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

«Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасы, «Жалын» журналы бас редакторларының орынбасары, Әдебиет институты және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің аға ғылыми қызметкері, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, доценті, «Жазушы» баспасының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған.

«Кешқұрым» атты алғашқы әңгімесі 1964 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған.

«Ақша қар», «Бір атаның балалары», «Қияндағы қыстау», «Көк кептер» повестер мен әңгімелер жинақтарының, «Көк мұнар», «Шақан шері» романдардың, «Аласапыран» роман-дилогияның, «Қобыз сарыны» атты монографияның, «Ғасырлар бедері», «Қазақ тарихының әліппесі» ғылыми-зерттеу еңбектерінің, «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» оқулықтарының, хрестоматия және басқа да оқу құралдарының авторы. «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай заман-ай, заман-ай» ақын-жырау шығармалары жинақтарының антологиясын құрастырған. Көптеген шығармалары басқа елдердің тілдеріне аударылған.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері.

66 жыл бұрын (1948) әнші, сазгер, Қазақстанның халық әртісі, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Жамбыл облысының құрметті азаматы ҚОРАЗБАЕВ Алтынбек дүниеге келді.

Жамбыл облысының Мерке ауданында туған. Алматы консерваториясын бітірген. 1973-2003 жылдары - Жамбыл, Алматы облыстарының мәдени мекемелерінде педагогтік және басшылық қызметтер атқарған. 2003 жылдан бастап «Қазақконцерт» гастрольдік-концерттік бірлестігінің бас директоры болып істейді. Оның «Әгугай, домбыра», «Сырғалым», «Шашбаулым», «Қара кемпір», «Қара шал», «Елге сәлем», т.б. 50-ден астам әні бар. Бірқатар әндерін өзі орындайды.

«Парасат» орденінің иегері. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

6 5 жыл бұрын (1949) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты САМАҚОВА Айткүл Байғазықызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Жамбыл жеңіл және тағам өнеркәсібі технологиялық институтын, КОКП ОК жанындағы Жоғарғы партия мектебін, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген. Саяси ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 1967 жылы Алматы жеміс-консервілеу комбинатында бастап, сол жерде 13 жыл әртүрлі инженерлік-техникалық және сайланбалы қызметтерді атқарған. 1980-1991 жылдары - партия органдары қызметінде: Фрунзе аудандық партия комитетінің хатшысы, Алматы қалалық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің сауда және тұрмыстық қызмет көрсету бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. 1991 - 1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Сауда министрінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Азаматтық бөлімінің меңгерушісі. 1996 - 1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Сенат төрағасының орынбасары. 1999 - 2002 жылдары - ҚР Министрі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы. 2002 - 2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы. 2006 - 2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы. 2007 - 2011 жылдары - IV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012 жылдың қаңтардан бастап V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы фракциясының шешімімен Фракция жанындағы Әлеуметтік кеңестің төрайымы болып бекітілді. «Парасат» (2007 ж.), «Құрмет» (2001 ж.) ордендерімен, «Еңбек ардагері» (1990 ж.) медалымен марапатталған.

80 жыл бұрын (1934-2004) экономика ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының академигі, Халықаралық инженерлік академияның академигі, Жамбыл облысының құрметті азаматы ТҰРЫСОВ Қаратай Тұрысұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысының Жамбыл ауданында туған. Мәскеу геология-барлау институтын, КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Халық шаруашылығы академиясын бітірген. 1974-1978 жылдары - Қазақстан Компартиясы Торғай облыстық комитетінің хатшысы. 1980-1981 жылдары - Қазақ КСР Өнеркәсіпте жұмыс істеудің қауіпсіздігін бақылау мен кен бақылау жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы. 1981-1984 жылдары - Қазақ КСР Кәсіподақтар кеңесінің төрағасы. 1984-1986 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы. 1990-1991 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Экономикалық реформалар жөніндегі мемлекеттік комиссиясының төрағасы, Қазақ КСР Премьер-Министрінің орынбасары. 1991-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Туризм, дене тәрбиесі және спорт министрі. 1993-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы. 1995-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономика, қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің төрағасы болған. Экономика мәселелеріне арналған бірнеше кітаптың авторы.

2-ші дәрежелі «Барыс» және екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, медальдармен марапатталған.

64 жыл бұрын (1950) «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директорының орынбасары МИРОШНИКОВ Владимир Яковлевич дүниеге келді.

Ресей Федерациясы Краснодар өлкесінде туған.

В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын (Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген.

«Өзенмұнай» мұнайгаз өндіру басқармасының операторы, шебері, аға технологы, аудандық инженерлік-техникалық қызмет бастығының орынбасары, қат қысымын ұстап тұру цехының, өндірістік қызмет көрсету базасының бастығы, бас инженер, басқарма бастығының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. 1993-2001 жылдары - «Маңғышлақмұнай» өндірістік бөлімі директорының бірінші орынбасары - бас инженері, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бірінші вице-президенті, бас инженері, басқарма төрағасы, бас технолог - бөлім бастығы, техникалық директоры. 2001-2004 жылдары - «Қарақұдықмұнай» бірлескен кәсіпорыны жоба менеджері, «ҚазМұнайГаз» ҰК ЖАҚ өндіріс жөніндегі басқарушы директоры. 2004 жылдан - «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директорының бірінші орынбасары. 2009-2012 жылдары - «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Ақтау қаласындағы жедел басқару тобының жетекшісі. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы қаңтардан бері.

58 жыл бұрын (1956) Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, заң ғылымдарының кандидаты ШӘКІРОВ Асқар Оразалыұлы дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Азия және Африка елдері институтын, КСРО Ішкі істер министрлігі Академиясының Адъюнктурасын бітірген. 1978-1987 жылдары - КСРО Ішкі істер министрлігі академиясының адъюнкты, инспекторы, аға инспекторы,ғылыми қызметкері. 1987-1989 жылдары - КСРО Ішкі істер министрлігі сыртқы байланыс бөлімінің 1989-1992 жылдары - КСРО Ішкі істер министрлігі Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институты бөлімінің бастығы.

1992-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Келісімшарт-құқық басқармасы бастығының орынбасары, басқарма бастығы. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасының Корей Республикасындағы Уақытша Сенімді Өкілі, 1996 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі. 1996-1998 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары. 1998-2004 жылдары - Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2004-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер вице-министрі. 2006-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кеден комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған.

2007 жылдың қыркүйек айынан - қазіргі қызметінде.

КСРО-ның ІІІ дәрежелі «За безупречную службу» медалімен, Қазақстан Республикасының «Астана», «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Халықаралық әскери достастықты дамытқаны үшін» медальдарымен, Ресей Федерациясының «За укрепление таможенного содружества» медалімен, Қырғызстан Республикасының «За укрепление таможенного сотрудничества» медалімен марапатталған.

3 7 жыл бұрын (1977) ҚР көлік және коммуникация вице-министрі СӘРСЕНОВ Сәкен Сейітжаппарұлы дүниеге келді.

Шымкент облысында туған. Мәскеу мемлекеттік авиациялық институтын бітірген, «Ақпарат өңдеу және басқарудың автоматтандырылған жүйесі» мамандығы бойынша инженер. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінде жұмыс істеген, Қазақстан Республикасы радиожиілік спектрін пайдалануды бақылау мәселесімен айналысты, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі «Қаржылық жүйелерді ақпараттандыру орталығы» РМК ақпаратты қорғауды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. 2003 жылы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде ұлттық ақпараттық инфрақұрылым және электрондық үкімет инфрақұрылымын дамыту бойынша жобаларды жүзеге асыру және дамыту мәселелерімен, сондай-ақ ведомствоаралық ақпараттық жүйелерді сүйемелдеумен айналысты. 2008 жылдың сәуір айынан бастап 2009 жылдың қазан айына дейін «Қазақтелеком» АҚ электрондық қызметтер бойынша Басқарушы директоры лауазымын атқарды. "Қазақтелеком" АҚ жаңа бизнес-жобаларын дамыту мәселелерімен (Қазнетте жаңа интерактивтік және транзакциялық сервистерді құру ), сондай-ақ ҚР электрондық білім жобасын жүзеге асыру мәселелерімен және ұялы Wimax технологиялары базасында желілерді құрумен айналысты. 2009 жылдың қазан айынан бастап 2010 жылдың 30-шы наурызына дейін ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнаулы есеп жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2010 жылдың сәуір айынан 2012 жылдың қаңтар айына дейін ҚР Байланыс және ақпарат вице-министрі лауазымын атқарды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы ақпанның 1-і күнгі №180 қаулысымен ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі қызметіне тағайындалды. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.

27 6 жыл бұрын (1838-1904) орыс баспагері Адольф Фёдорович МАРКС дүниеге келді.

185 жыл бұрын (1829-1884) неміс зоологы, саяхатшы БРЕМ Альфред (Адольф) Эдмунд дүниеге келді.

Тюрингиядағы Рентендорф қаласында туған. Иен университетін бітірген. 1863-1867 жылдары Гамбургтегі Хайуанаттар бағының директоры болған. 1867-1876 жылдары Берлинде аквариум салдырып, оның жұмысына жетекшілік жасаған. 1863-1869 жылдары Египет, Нубия, Судан, Абиссиния, Испания, Норвегия, Батыс Сібірге жасаған саяхаты кезінде жануарлар дүниесі жөнінде көптеген деректер жинап, он томнан тұратын «Жануарлар тіршілігі» атты еңбегін жазған. Бірқатар шет тілдеріне аударылған бұл еңбектің көпшілікке табиғаттану ілімін таратуда маңызы зор болды. 1877 жылы Батыс Сібір мен солтүстік-батыс Түркістанға жасаған саяхаты кезінде Семейде болып, кейін бұл сапары жөнінде «Қырғыздардың тұрмысы мен отбасы», «Дала көшпенділері - малшылар» атты еңбектері жарық көрді. Онда Қазақстанның табиғи байлықтары мен қатар қазақтардың тұрмысы, әдет-ғұрпы, олардың айрықша қонақжайлылығы, әнге, музыкаға деген ерекше дарындылығы, тілінің мәнерлігі жөнінде айтылған.

131 жыл бұрын (1883-1957) композитор, педагог, музыка қайраткері ГНЕСИН Михаил Фабианович дүниеге келді.

113 жыл бұрын (1901-1987) ХХ ғасырдағы ұлы американдық скрипкашы Яша ХЕЙФЕЦ (Иосиф Рувимович Хейфец) дүниеге келді.

110 жыл бұрын (1904-1938) кеңестік ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры ЧКАЛОВ Валерий Павлович дүниеге келді.