2 қаңтар. Тұлғалар туған күн

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 2 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

124 жыл бұрын (1899-1974) актер, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның халық әртісі Елубай ӨМІРЗАҚОВдүниеге келген.

Қостанай облысының Таран ауданында туған. Болашақ актердің талантын ерте танып, өнерге баулыған әрі оны оқуға үйреткен сол кездері ауыл ұстазы, жазушы-драматург Б. Майлин болатын.

1923-1925 жылдары Орынбор қаласындағы Қазақтың халық ағарту институтында оқыған. 1924 жылы Орынборда қойылған М. Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» мен Ж. Ерданаевтың «Малқамбайында» ол Абыз бен Малқамбай рөлдерінде ойнады.

1925 жылы Қызылорда қаласында Қазақ мемлекеттік драма театры құрылғанда А. Абдуллин, Қ. Бадыров, С. Айғожин және С. Оспановпен бірге Е. Өмірзақов та алғашқы ұлт театрының іргетасын қалап, оның өркен жаюына мол үлес қосты.

1927 жылы Мәскеу қаласында өткен этнографиялық концертке қатысты.

1931 жылы театрдың бес жылдық мерекесіне байланысты Е. Өмірзақов республиканың тұңғыш халық әртісі атағына ие болды.

Ол қазіргі Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрын ұйымдастырушылардың бірі, осы театр сахнасында қойылған М. Әуезов пен И. Кацыктың «Айман-Шолпан» және Б. Майлин мен Е. Брусиловскийдің «Жалбыр» сияқты музыкалық спектакльдерінде халық өкілі, тапқыр Жарас пен күзетші Қайрақпайдың рөлін орындады.

1930-1940 жылдары драма театрда ойнаумен ғана шектелмей, радио мен филармонияға эстрадалық концерттер мен кино өнерінің дамуына да қызу атсалысты, табиғи талантының әр қырынан танылды. Халық өнерінің қайнар көзінен нәр алған актер әйгілі халық батыры Амангелдінің, сондай-ақ Жарас пен Дәркембайдың бейнесін шеберлікпен сомдады.

Өмірзақов ойнаған рөлдерінің саны 150-ден асады, актерлік шеберлігінің ерекшелігі сөзінен гөрі сахналық қимыл-қозғалысы мен мимикасында, ол әрбір кейіпкерінің мінезін, табиғатын ішкі сезім дүниесіне лайықтап, өзінің бүкіл дене бітімін құбылтып, құлпыртып ойнауға өте шебер сахна суреткері болды. Ол халық әндерін («Шәпибаяу», «Кербесті», «Нақ-нақ», «Қыздар-ау», «Зулатшы-ай», тағы басқа) шебер орындаушы ретінде де белгілі.

1936 және 1956 жылдары Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. 1976 жылы «Ұстаздарым – достарым» атты еңбегі жарық көрді. Алматы қаласындағы Қабанбай батыр көшесіндегі №89 үйге мемориалдық тақта орнатылып, актер есімімен көше және Қостанай облыстық филармониясы аталды. Бірнеше орден, медальдармен марапатталған.

87 жыл бұрын (1936) жазушы, драматург, аудармашы, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық ақпарат академиясының академигі Медеу Сапаұлы СӘРСЕКЕ дүниеге келді.

Абай облысы (бұрынғы Шығыс Қазақстан облысы) Абай ауданында туған. Алматы кен-металлургия институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген.

Еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінен бастап, біраз уақыт жұмысшы жастар бөлімін басқарды. 1959 жылы Семей цемент зауытына ауысып, қатардағы инженерден техникалық бөлім бастығына дейінгі қызметтерді атқарды. 1963 жылы Өскеменде «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің меншікті тілшісі болып істеді. Ал, 1965 жылдан бері әдеби жұмысқа біржола ауысып, Қазақстан Жазушылар одағының Семей облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы міндетін отыз жылдан астам уақыт атқарды.

Ең алғашқы ғылыми фантастикалық повесі «Ғажайып сәуле» деген атпен 1959 жылы жарық көрген. Содан бергі уақыттарда жазған «Жетінші толқын», «От және атом», «Айшықты мезет» повестері мен әңгімелері, «Туған жердің асылы» новеллалары, «Жаңғырық», «Көмбе» романдары, орыс тілінде «Взрыв» т.б. жинақтары жарық көрген. А. Беляевтің «Қос мекенді адам» романын қазақ тіліне аударды. Драматургия саласында да жемісті еңбек етіп, «Шыңғыс хикаясы», «Жарылыс» және «Заңды неке» драмаларын жазды.

Қаламгердің есімін Одаққа және шетел оқырманына танытқан күрделі де сүбелі туындысы – «Молодая гвардия» баспасының «ЖЗЛ» сериясы бойынша 1980 жылы жарық көрген «Сәтбаев» ғұмырнамасы. Ұлт аспанына жарқырап шыққан біртуар тұлға академик Қаныш Сәтбаев өмірі мен ұлы ісін ұлықтауға Медеу Сәрсеке қырық жылдан астам ғұмырын сарп еткен. Осы жолда жазушы Мәскеу, Санкт-Петербург, Томск, Ташкент қалаларының мұрағаттарын ерінбей ақтарды. Кітаптың ана тілінде жазылған алғашқы нұсқасы 1975 жылы билеуші партияның Орталық комитеті тарапынан қиянатты тежеуге түсіп, баспаханада тоқтатылғаны – кешегі әміршіл жүйенің қолдан жасаған қыспағы болды. Алайда, қайсар жазушы алға ұстаған бетінен қайтпады, көкейкесті еңбегін әуелі Мәскеуде, қазақша түпнұсқасын 1988 жылы Алматыда жариялады. Содан бері ол 9 мәрте қайта басылып шықты. Кітаптың таралымы 300 мыңнан асты, оның орысша басылымы дүниежүзінің 112 еліне тараған.

«Құрмет» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Кенші даңқы», «Құрметті кен барлаушы» құрметті төсбелгілерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

51 жыл бұрын (1972) «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС бас директоры Қуаныш Ердәулетұлы БИШІМОВ дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. 1994 жылы Қарағанды политехника институтын инженер-механик мамандығы бойынша, 2002 жылы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік универиситетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1994 жылы ТББ механик-бақылаушысы, №3 Қарағанды автобус паркінің өндірістік диспетчері болып бастады. Кеден органдарында, Экономика және сауда министрлігінің, Индустрия және сауда министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінде жұмыс істеді. 2003 жылдан 2005 жыл аралығында «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ қорғаныс өндірістері, жобаларды басқару және техникалық даму департаментінің директоры лауазымын атқарды. 2005 жылдан 2017 жыл аралығында «Тыныс» АҚ, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры және «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ вице-президенті болып жұмыс істеді. 2017 жылғы желтоқсаннан бастап «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған. 2019 жылдан 2020 жылға дейін «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ басқарма төрағасы, 2020-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің «Резерв» ШЖҚ РМК бас директоры болды.

2020 жылдың мамырынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне 20 жыл» медальдарымен; «Құрметті машина жасаушы» төсбелгісімен марапатталған.

42 жыл бұрын (1981) Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерболат Мақсұтханұлы ИБРАЙХАНОВ дүниеге келді.

2002 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «қаржы және несие», 2004 жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін «құқықтану», 2016 жылы Nottingham университетін (Ұлыбритания мемлекеті) «мемлекеттік басқару», 2022 жылы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «мемлекеттік басқару» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2003 жылы ҚР Әділет министрлігі Сот сараптама орталығында бас экономист болып бастаған.

2004-2005 жылдары – ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігі Бәсекелестікті қорғау және дамытуды үйлестіру департаментінің жетекші маманы, 2005-2008 жылдары – ҚР Индустрия және сауда министрлігі Бәсекелестікті қорғау комитетінің бас маманы, 2008-2011 жылдары – ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің бас сарапшысы, басқарма бастығы, тергеу департаменті директорының орынбасары, 2011-2012 жылдары – ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің Қостанай және Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық инспекцияларының бастығы, 2012-2014 жылдары – Қарағанды облысы бойынша монополияға қарсы инспекциясының бастығы, 2016-2017 жылдары – Алматы қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары, 2018-2019 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы қызметтерін атқарған.

2019 жылғы қазаннан 2022 жылғы қыркүйекке дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары лауазымында қызмет атқарып келді.

2022 жылғы қыркүйектен бастап – Жамбыл облысы әкімінің орынбасары.