2 МАМЫР, ЖҰМА
Мадрид күні. Испанияның астанасы ғана емес, ірі қаласы да, сондай-ақ осы аттас проаинцияның және автономиялық қоғамдастықтың орталығы. Қала күні дәстүрлі түрде әскери шеру өтеді. Ол Пуэрта-дель Соль алаңында, Маласанья ауданында, Пласа-де-лос-Майо алаңында өткізіледі. Мереке кезінде көптеген мәдени шаралар, шоу-бағдарламалар ұйымдастырылады.
Холокост құрбандарын еске алу күні. Әлемнің әр түрлі елдерінде нацизм құрбандары - алты миллион еврейдің қырғынға ұшырауын еске алу күні ретінде атап өтіледі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1 9 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Көкшетау облысының әкімшілік-аумақтық орналасуындағы өзгертулер туралы» Жарлығына сәйкес Көкшетау облысының Арықбалық, Уәлиханов, Көкшетау, Ленинград, Рузаев, Чистополь, Чкалов аудандары таратылды.
8 жыл бұрын (2006) Мойнақ су электр стансасының құрылысы басталды.
5 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Иорданиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Сәрсенбаев Амман қаласының басшысы Омар Әл-Мааниға «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медалін салтанатты жағдайда табыс етті.
Иордания астанасы муниципалитетінің басшысын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Иордания арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге қосқан үлесі үшін марапаттап отыр.
5 жыл бұрын (2009) танымал саясаткер Досым Сәтбаев және жас журналист әрі жазушы Ербол Жұмағұловтың бірлесіп жазған «NomenClatura туралы аңыз» атты сатиралық авантюралық-шытырман оқиғалар романы жарық көрді.
Романның иллюстрациясын танымал суретші Владимир Қадырбаев орындаған, тиражы 5000 дана.
65 жыл бұрын (1949) КСРО-дағы алғашқы телерепортаж Мәскеудегі «Динамо» стадионынан жүргізілді.
2 жыл бұрын (2012) Өскемендегі Достық үйінде Қазақстанда ашылған алғашқы Достық үйінің 20 жылдығына арналған ескерткіш мүсін орнатылды.
1992 жылы оның ашылу салтанатына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан болатын. Қазақстан халықтарының Достық үйлерін құру идеясы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екені белгілі. Бұл жөнінде жақында Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық отырысында Курчатов қаласының украин мәдениет бірлестігінің басшысы Нина Димитропавленко тағы бір еске түсірді.
Ескерткіш композиттік материалдан жасалды. Қазақтың ұлттық киімін киген әйел қолына шаңырақ ұстап тұр, ескерткіштің жалпы биіктігі - 12 метр. Қарапайым Естелік композициясының маңына Өскеменнің бауырлас қалаларының - Йокнеам (Израиль), Бобруйск (Беларусь), Барнаул (Ресей), Чугучак (Қытай), Бурса (Түркия), Каннынг (Корей) атаулары жазылған алты гранит тақтасы қойылды.
Ескерткіш мүсіннің ашылу рәсіміне облыс пен қаланың атқарушы билік басшылары, депутаттар, қаланың қоғамдық қайраткерлері, барлық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, аймақтық Мәдениет үйлерінің директорлары қатысты.
ЕСІМДЕР
86 жыл бұрын (1928-1978) филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі АХАНОВ Кәкен дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1951-1976 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің ассистенті, аға оқытушысы, доценті, жалпы тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология факультетінің деканы. 1977-1978 жылдары Алматы шет ел тілдері институтының ректоры болған. Ғалымның негізгі ғылыми-зерттеу еңбектері жалпы тіл білімі және қазақ тілінің лексикологиясы мен грамматикасы мәселелеріне арналған. Жоғары оқу орындары мен орта мектептерге арналған «Қазақ тілі лексикасының мәселелері», «Қазақ тілі грамматикасы. 1 бөлім. Фонетика мен морфология», «Тіл біліміне кіріспе», «Тіл білімінің негіздері», «Қазақ тілі» атты оқулықтардың авторы.
Медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
76 жыл бұрын (1938) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ДОМБАЕВ Есенжол дүниеге келді.
Атырау облысының Индер ауданында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының театр факультетін бітірген. «Қазақстан пионері», «Ара» журналдарында, «Жаңа фильм» киностудиясында әдеби қызметкер, фельетоншы, бөлім меңгерушісі, аға редактор, бірлестік директоры болып қызмет атқарған. Жұмыс жасай жүріп, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқыған. 1957 жылы оның Әліби Жангелдиннің Қазан қаласында діни семинарияда оқып жүрген кезін суреттеп жазған «Алғашқы сабақ» атты бір актілі драмасы республикалық бәйгеде екінші сыйлық алды. «Біздің ауылда қызықтар бола береді», «Өтірік әңгіме» атты комедиялары облыстық театрларда қойылған. Н.Гогольдің «Мұрын» повесін, М.Салтыков-Шедриннің «Бір қаланың тарихы» романын, серб сатиригі Б.Нушичтің «Менің өмірбаяным», болгар сатиригі Чудомирдің «Ескерткіш» деген атпен шыққан әңгімелерін, түрік сықақшысы Ә.Несиннің әңгімелерін қазақ тіліне аударған. Жазушының «Болмаған оқиға» сатиралық повесі, «Ол осындай адам» әзіл әңгімесі, «Ғашықтық туралы мың бірінші баллада» сатиралық повесі, «Менің бауырларым» повестері мен әңгімелері және «Жаман Жәутік» романы жарық көрген.
7 6 жыл бұрын (1938) жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты ИМАНАСОВ Сәкен дүниеге келді.
Алматы облысының Алакөл ауданында туған. Еңбек жолын теміржол құрылысында қатардағы жұмысшы болып бастап, ұжымшар қызметкері, аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарған. 1959 жылдан бастап бірыңғай журналисттік қызметке ауысқан. «Балдырған» журналында, «Қазақ мемлекеті» газетінде, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында істеген. «Жазушы» баспасының редакторы, редакция меңгерушісі, бас редакторы болған. Кейінгі жылдары Алматы облыстық әкімшілігінде жауапты қызмет атқарған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. Ақынның алғашқы өлеңі 1956 жылы жарық көрген. Содан бергі кезеңде «Туған ауыл», «Ақ айдын», «Ақ дариға», «Жайдарман», «Ғашық дүние», «Алтын аймақ», «Ғашықпын саған», «Бел-белес», «Адырна», «Жебе», орыс тілінде «Созвучие», «Тетива» атты кітаптары жарық көрген. 2001 жылы «Қаламдастарым мен замандастарым» атты эсселер, пайымдамалар, арнау өлеңдер кітабы, 2003 жылы «Елорда» баспасынан соңғы он шақты жыл ішінде жазылған өлеңдері «Өнердің жүзі» деген атпен, естеліктері «Жазушы» баспасынан «Қалам мен Заман» деген атпен шыққан. Көркем аударма саласында оның тәржімасымен шығыс шайыры Жалаладдин Руми, орыс ақындары А.Кольцов, В.Маяковский, ангола ақыны А.Нетто кітаптары қазақ тілінде жарық көрген.
70 жыл бұрын (1944-2001) әнші-термеші, жыраулық өнер дәстүрін насихаттаушы, Мұхит Мерәліұлы атындағы республикалық ән байқауларының екі дүркін бас жүлдегері СӘРСЕНҒАЛИЕВ Жақсылық Төлеуұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1968-1970 жылдары Алматы эстрадалық «Өнер» студиясында оқып, Қазақстанның халық әртісі Ғ.Құрманғалиевтің класында дәріс алған. 1970-1982 жылдары - сол студия жанындағы ансамбльдің, «Қазақконцерт» бірлестігінің әншісі. 1982-1987 жылдары - Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптары оркестрінің әншісі. 1987 жылдан Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының әншісі болды. Ж.Сәрсенғалиев концерттік сапармен жиырмадан астам шет елде, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінде өнер көрсетті. Оның орындауындағы көптеген ән-термелер үнтаспаға жазылған.
70 жыл бұрын (1944) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ЖАНАЕВ Рүстем дүниеге келді.
Қызылорда облысында туған. Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын мектепте мұғалім болып бастаған. 1994-2004 жылдары Әйтеке би кентіндегі №8 кәсіптік-техникалық мектептің директоры қызметін атқарған. Қазір аудандық оқушылар үйінің директоры қызметін атқарады. Алғашқы жинағы «Мәуелі махаббат» деген атпен 1974 жылы жарық көрген. Р.Жанаевтің «Бақыт босағасы», «Мезгіл махаббаты», «Бір өзіңе», «Сағынып кеттім мен сені», «Жанайқай» атты жыр жинақтары мен проза кітаптары, «Жанқожа батыр» пьесасы бар.
6 8 жыл бұрын (1946) сәулетші, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЖАНДӘУЛЕТОВ Мұратбек Омарбекұлы дүниеге келді.
Ташкент облысының Ахангаран ауданында туған. Қазақ политехника институтын бітірген. 1970-1986 жылдары - «Қарағандықалаауылжоба» мемлекеттік жоспарлау институтының сәулетшісі, аға сәулетшісі, сәулетшілер тобының жетекшісі, № 1 сәулет-жоспарлау шеберханасының жетекшісі. 1986-1988 жылдары - Қарағанды қаласының бас сәулетшісі. 1988-1992 жылдары - «Алматыбасжоспар» акционерлік қоғамы шеберханасының жетекшісі. 1992 жылдан «Алмату» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры. Ол Қарағандының «Степной» тәжірибелік ықшам ауданының және қаланың жаңа орталық бөлігінің, сондай-ақ Жезқазған қаласы орталығының, «Прибрежный» тәжірибелік ықшам ауданының жобасын жасаған.
50 жыл бұрын (1964) Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының проректоры, музыкатанушы, композитор РАЙЫМҚҰЛОВА Ақтоты Рахметоллақызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Алматы қаласында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) және аспирантурасын бітірген. Ол музыкалық шығарма жазуды мектепте оқып жүрген кезінен бастаған. Ол «Көкжиектер маршы», «Дала сыры» атты симфониялық шығармалардың авторы. Композитордың әндері, басқа да музыкалық шығармалары бар.
4 9 жыл бұрын (1965) Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары КӨШЕРБАЕВ Ермек Беделбайұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің көмекшісі, хаттамалар бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің Халықаралық бөлімінің консультанты, Хаттама қызметінің жетекші қызметін атқарушы, Швейцариядағы елшіліктің 1-ші хатшысы, Сыртқы істер министрлігінде көпжақты ынтымақтастық департаментінің бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің көмекшісі, Нұрсұлтан Назарбаевтің білім қоры директорының бірінші орынбасары, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ президенті аппаратының жетекшісі, «Рауан Медиа Групп» АҚ бас директоры қызметтерін атқарған. 2009 жылдан - .«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы қазаннан бері.
11 1 жыл бұрын (1903-1998) американдық дәрігер-педиатр Бенджамин СПОК дүниеге келді.
10 3 жыл бұрын (1911-1977) тәжік жазушысы, қоғам қайраткері, Тәжікстанның халық ақыны, Тәжікстан ҒА-ның академигі, Социалистік Еңбек Ері, Тәжікстанның Рудаки атындағы Мемлекеттік және Үндістанның Джавахарлал Неру атындағы ұлттық сыйлығының лауреаты ТҰРСЫН-ЗАДЕ Мирзо дүниеге келді.
Тәжікстанның Регар ауданында туған. Тәжікстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, КСРО Жазушылар одағы басқармасы хатшыларының бірі, Бүкілдүниежүзілік Бейбітшілік Кеңесі төралқасының мүшесі болған. «Жеңіс туы», «Ел күні», «Жырлар», «Күз бен көктем» атты жинақтары жарық көрген. Оның «Мәскеуден келген қалыңдық» поэмасына, «Үндістан хиссасына» КСРО Мемлекеттік сыйлығы, ал «Хасан-арбакеш», «Азия дауысы» шығармаларына Лениндік сыйлық берілген. Сондай-ақ «Азаматтық лирика туралы ойлар», «Әдебиет пен өмір», т.б. әдеби-сын еңбектері жарық көрген. Оның шығармалары дүние жүзінің көптеген тілдеріне аударылған. «Хасан-арбакеш», «Үндістан хиссасы», «Өлеңдер мен поэмалар» жинақтары қазақ тіліне аударылған.
4 мәрте Ленин орденімен және басқа да 6 орденмен, медальдармен марапатталған.
6 1 жыл бұрын (1953) кеңестік және ресейлік дирижер, Ресей халық әртісі ГЕРГИЕВ Валерий Абисаловичдүниеге келді.