2 наурыз. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 2 наурыз. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 2 наурызға арналған күнтізбесін ұсынады.

2 НАУРЫЗ, ЖЕКСЕНБІ

Ливиядағы көшіру күні. 1970 жылы ел аумағын ағылшынның соңғы әскери бөлімшесі тастап шықты. Эфиопиядағы Адуа кезіндегі қырғын соғыстағы жеңiс күні. Эфиопия - Африкадағы өзінің бүкіл тарихында біреудің отары болып көрмеген жалғыз ел. 1869 жылы Суец каналы ашылғанда, Италия өзінің назарын аударды. 1872 жылы итальяндықтар Ассаб портын, 1885 жылы Массауаны басып алды. Төрт жыл өткен соң Италия мен Эфиопия келісімшартқа қол қойып, бірақ итальяндық нұсқасының амхарлықтан айырмашылығы болды және соған сәйкес Эфиопия Италияның протектораты болып қалды. Нәтижесінде, 1895 жылы кем дегенде бір жыл ішінде Италияның жеңілісімен біткен соғыс басталды. Сол кезден бастап Адуа кезіндегі қырғын соғыстағы жеңіс Эфиопияның тарихынан нық орын алды және бұл мерекені эфиоптар жыл сайын атап өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

22 жыл бұрын (1992) БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-шы сессиясының пленарлық мәжілісінде Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке кірді. Шешім дауысқа салынбай, бірауыздан мақұлдау негізінде қабылданды. Қазақстан Республикасы БҰҰ-ға мүшелікке қабылданғаннан кейін, бірден Тынық мұхит және Азия аймақтары Экономикалық және Әлеуметтік Комиссияның мүшелігіне өтті. 19 жыл бұрын (1995) Жамбыл (Тараз) қаласында Қазақстан әйелдерінің 1-ші форумы болды. Оған мемлекет басшысы Н.Назарбаев қатысты. 19 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан халықтарының Ассамблеясын құру жөніндегі» Жарлығы жарық көрді. «Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 26 сәуірдегі №856 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулысымен «халықтар» сөзі «халқы» сөзімен өзгертілді. 2008 жылдың 20 қазанында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк ұлттық саясатты iске асыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, мемлекеттiк және қоғамның азаматтық институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара iс-қимылының тиiмдiлiгiн арттыруға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының мәртебесiн, оны қалыптастыру мен жұмысын ұйымдастыру тәртiбiн айқындайтын «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. 17 жыл бұрын (1997) Жезқазған аумағына ресей-герман ғарыш экипажы қонды. 13 жыл бұрын (2001) Алматыда жастар саясатын дамытатын Мемлекеттік қор құрылды. Ал 2003 жылы Алматы қаласының Жастар үйі ашылды. 9 жыл бұрын (2005) Абат-Байтақ кесенесі маңынан табылған алтыннан жасалған бірегей жәдігерлер Ақтөбе облыстық өлкетану мұражайына берілді. Алтыннан жасалған бірегей жәдігерлер - ыдыстар, зергерлік бұйымдар, ат әбзелдерінің детальдары кесенеден 20 шақырымдай жерде орналасқан көмбеден табылған. 8 жыл бұрын (2006) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адамды саудаға салуға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заң жауапкершілікті күшейтуге және қоғамға қауіпті осы іс-қимылдарға қарсы күрестің құқықтық негіздерін жетілдіруге бағыттылған. 8 жыл бұрын (2006) Америка Құрама Штаттары 10 долларлық жаңа банкнотты айналымға шығарды. Жаңа ақшаны жасауда ерекше қорғаныс белгілері қолданылды. Атап айтқанда, жаңа банкноттар оң жақта орналасқан ерекшелік белгілермен, Александр Гамильтонның кішірейтілген портретінің қайталамасымен, сондай-ақ, банкноттың қасбетіндегі микромөрлермен қорғалған. 4 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі номиналы 100 теңгелік «Барыс» монетасын айналымға шығарды. Монетаның бет жағының орталық бөлігіндегі ою-өрнектің аясында Қазақстанның елтаңбасы бейнеленген. Төменгі бөлігінде «100 ТЕҢГЕ» деген жазумен оның номиналы басылған. Сондай-ақ оның сол жағында Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі және монета дайындалған металдың сынамын білдіретін (Ag 925) белгі жазылған, ал оң жағында оның салмағын айқындайтын (31,1 gr) белгі басылған. Мұнымен қоса монетаның сыртқы бетінде тау шатқалының бейнесінде екі барыстың суреті бейнеленіп отыр. Монета 925 сынамалы күмістен дайындалған. Диаметрі 38,67 мм. , таралымы 7000 дана (3 мың данасы еліміздің ішкі нарығы үшін). 4 жыл бұрын (2010) Астанада Қазақстанда бала құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум басымдықты бағыттарының бірі кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау болып табылатын 2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Адам құқықтары саласындағы іс-қимылдарының 2009-2012 жылдарға ұлттық жоспарының баптарын жүзеге асыру аясында жасалып отыр. Аталмыш құжат бала құқықтарын қамтамасыз ету, осы бағыттағы ұлттық заңнамаларды жетілдіру саласындағы омбудсмен мекемесінің әлеуетін дамытуға бағытталған.

ЕСІМДЕР

91 жыл бұрын (1923-1987) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі БАХТЫБАЕВ Тохтахун дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Өнер жолын 1945 жылы «Қазақконцерт» шығармашылық бірлестігінен бастаған. 1946-1987 жылдары Ұйғыр музыкалық драма театрында (қазіргі Ұйғыр музыкалық комедия театры) актер болып қызмет істеген. Сан алуан рөлдерде ойнаған Бахтыбаевтың актерлік өнері өткір мінезділігімен, пластикалық және музыкалық бояуының молдығымен ерекшеленеді. «Отан соғысы» орденімен және медальдармен марапатталған. 89 жыл бұрын (1925) түркітанушы, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері САРЫБАЕВ Шора Шамғалиұлы дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік университетін және оның аспирантурасын (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты қазақ тілі диалектологиясы бөлімінің меңгерушісі, директор орынбасары қызметтерін атқарған. Ғылыми зерттеу еңбектері диалектология, морфология, тіл тарихы, лексика мәселелеріне арналған. «Қазақ диалектологиясы», «Қазақ тіл білімі әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші» (бірігіп жазған), «Қазақ тілі тарихи грамматикасы» (бірігіп жазған), «Қазақ лексикасындағы жаңа сөздер» (бірігіп жазған) кітаптардың авторы. 83 жыл бұрын (1931-2013) кеңестік және ресейлік саяси және қоғам қайраткері, КСРО-ның тұңғыш президенті ГОРБАЧЕВ Михаил Сергеевич дүниеге келді. 1990 ж. наурызда Кеңес одағының коммунистік партиясының бас хатшысы және сәуір айында КСРО-ның Президенті болып сайланды. Бас хатшы ретінде ол КСРО-да болған фундаметалды өзгерістердің, жариялық пен қайта құрудың, Батыс Еуропа мен АҚШ арасындағы халықаралық қатынастардың өзгеруінде бастаушы болды. Горбачов Михаил Сергеевич - КСРО-ның алғашқы және соңғы президенті (1990-1991),Нобель сыйлығының лауреаты (1990). Мәскеу мемлекеттік университетінің заң факультетін (1955), Ставрополь ауыл шаруашылығы институтын (1967) бітірген. 1955-1966 жж. Ставрополь қалалық және өлкелік БЛКЖО комитетінде қызмет етті. 1966-1967 жж. Ставрополь қалалық партия комитетінің 2-ші хатшысы, 1970 жылдан 1-ші хатшысы, 1978-1985 жж. КОКП ОК-нің хатшысы, 1980 жылдан саяси бюро мүшесі, 1985-1991 жж. КОКП ОК-нің Бас хатшысы, 1989-1990 жж. КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды. 1990 ж. 15 наурызда халық депутаттарының кезектен тыс өткен 3-съезінде КСРО Президенті болып сайланды. Оның бүрынғы әміршіл-әкімшіл жүйені сақтай отырып, елдегі қоғамдық өмірді демократияландыруды үсынған идеясының кеңестік империя жағдайында жүзеге асуы мүмкін еместігін 1986 ж. Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі және одан кейін орын алған Тбилисидегі, Бакудегі, Вильнюстегі оқиғалар көрсетіп берді. Горбачевті биліктен тайдырып, кеңестік империяны қайта нығайтуды көздеушілер Тамыз бүлігін ұйымдастырды. Горбачевтің кеңестік республикалар арасында жаңа одақтық шарт жасап, КСРО-ны қалай сақтап қалуға, КОКП-ны жаңа жағдайға бейімдеп реформалауға ұмтылған әрекеттері сәтсіздікке ұшырады. Тамыз бүлігінен кейін Ресей Федерациясының Президенті Б.Ельциннің Жарлығымен КОКП қызметі шектелді. Беловеж келісімі (1991 ж., 8 желтоқсан)КСРО-ның ыдырағанын рәсімдеп берді. Осыған орай Горбачев өз қызметінің жойылғанын ресми жариялауға мәжбүр болды. Бұрынғы КСРО қүрамында болған республикалар Алматыда Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құрды (1991 ж., 21 желтоқсан). Горбачев 1991 жылғы желтоқсаннан 2013 жылға дейін Халықаралық әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеулер қорының (Қараңыз: Горбачев қоры) президенті болды. М. Горбачев 2013 жылдың 17 желтоқсанында дүние салды. 78 жыл бұрын (1936-2003) Халық қаһарманы, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасының Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері ХРИСТЕНКО Александр Фёдорович дүниеге келді. Украинаның Киев қаласында туған. Харьков механика техникумын, Целиноград ауыл шаруашылығы институтын (қазіргі Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті) бітірген. 1954-1957 жылдары - Таллин қаласындағы зауыттың шебері, шеберхананың меңгерушісі, Прежевальский атындағы кеңшарының бригадирі. 1957-1972 жылдары - «Киевский» кеңшарының директоры. 1972-1975 жылдары - Нұра аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы. 1975-1981 жылдары - Киров атындағы совхоздың директоры. 1981-1982 жылдары - Қарағанды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары. 1982-1991 жылдары - Қарағанды ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының директоры. 1991-1998 жылдары - Қарағанды ғылыми-зерттеу совхоз-институтының бас директоры. 1998-2001 жылдары - Орталық Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры. 2001 жылдан зейнет демалысына шыққан. 60-тан астам ғылыми жарияланымның және өнертабыстың авторы. Ленин, Қазан революциясы, екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 76 жыл бұрын (1938-2007) Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік және Жастар сыйлықтарының және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, профессор СЕЙТМЕТ Райымбек Ноғайбайұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында туған. Алматы мемлекеттік өнер институтын бітірген. 1970-1971 жылдары Мәскеудегі Мемлекеттік театр өнері институты жанындағы жоғары режиссерлер курсында оқыған. 1959-1960 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясының актері. 1960-1980 жылдары - Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, директоры. 1980-82 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігі Өнер істері басқармасының бастығы. 1982-1995 жылдары Қазақ мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрының бас режиссері әрі көркемдік жетекшісі болған. 1995 жылдан өмірінің соңына дейін Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Өнер» кафедрасын басқарған. Сахналық өнер жолында Әубәкір (Қ.Байсейітов, Қ.Шаңғытбаев «Беу, қыздар-ай»), Арыстан, Сұңғат (Қ.Мұхамеджанов «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті»), Қозы (Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу»), Әбіш (М.Әуезов, Л.Соболев «Абай»). Шоқан (С.Мұқанов «Шоқан Уәлиханов»), Жайнақ (Ш.Айтматов Ана - Жер-ана»), Кочкарев (Н.Гоголь «Үйлену»), Люченцио, Кассио (У.Шекспир «Асауға тұсау», «Отелло») секілді әр алуан рөлдерді ойнауда орындаушылық шеберлігімен көзге түсті. Ол режиссерлік қызметпен де шұғылданып, Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Б.Майлиннің «Неке қияр», Ә.Таразидің «Жолы болғыш жігіт», Қазақ мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында Әуезовтің «Алуа», Т.Әбдіковтің «Біз үшеу едік», Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты», Ш.Мұртазаның «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», О.Сүлейменов пен Б.Мұқайдың «Заманақыр», т.б. туындыларды қойған. 65 жыл бұрын (1949) суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі ТАСТАЕВ Абат дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысында туған. Алматы көркемсурет училищесін, Мәскеу көркемсурет институтын бітірген. Ол монументалшы, сыршырайшы және кескіндемеші ретінде Алматы қаласындағы, Батыс Қазақстандағы мекеме, ұйымдардың ғимараттарын, белгілі жазушылардың кітаптарын безендірді. 1990 жылы арнайы тапсырмамен Қазақстан Суретшілер одағының Батыс Қазақстандағы бөлімшесін ашу үшін Орал қаласына қоныс аударды. 2001 жылы қылқалам шеберінің жеке көркемсурет галареясы ашылды. 62 жыл бұрын (1952) тележурналист, «Хабар» агенттігінің меншікті тілшісі, Қазақстан Журналистер одағының лауреаты МЫҢЖАСАР Тілеуқабыл дүниеге келді. Түркістан қаласында туған. 1975 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 1975 жылы Қазақ жасөспірімдер телевидениесінде алғашқы хабары эфирге шықты. «Хабар» агенттігінде құрылған күннен бастап жұмыс істейді. 1998 жылдан - телеарнаның Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі. «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен, Қазақстан Президентінің алғысхатымен марапатталған. Қазақстан журналистер одағының лауреаты, Алматы облысының құрметті азаматы. «Хабар» агенттігінің алтын микрофонының иегері. 45 жыл бұрын (1969) ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры БАБАҚҰМАРОВ Ержан Жалбақұлы дүниеге келді. Талдықорған облысында, Қарабұлақ кентінде туған. Қазақ мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітірген. Қазақстан даму институтының бөлім меңгерушісі, Саяси зерттеулер орталығының директоры, Алматы қаласы әкімдігі аппаратының бас маманы қызметтерін атқарған. 1996-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің аға референті, консультанты, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, Әлеуметтік саяси бөлімінің бас инспекторы, Ақпараттық-талдама орталығының меңгерушісі, ҚР Президеніт Әкімшіліәгі Ақпараттық талдау бөлімінің меңгерушісі. 2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт вице-министрі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы болған. 2008-2012 жылдары - ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі Басшысының орынбасары, Қазіргі қызметінде 2012 жылғы қазаннан бері. Қазақстанда, Ресейде, Үндістанда, Украинада басылған 50-ден астам ғылыми жарияланымның авторы."Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар: кадрлық саясаттың этникалық аспектісі" "(авторларының бірі), "Қазақстан: 1994 жылғы парламенттік сайлаудың партиялық аспектісі", "Қазақстан республикасы: ХХІ ғасыр табалдырығындағы қызыл шұғыла ма? (авторларының бірі) кітаптарының авторы. Саясаттану ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Саясаттану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан саяси ғылымдар қауымдастығының мүшесі. "Құрмет" орденімен, медальдармен марапатталған. 77 жыл бұрын (1937) Алжир саяси және мемлекет қайраткері 1999 жылдан Алжир президенті Абдель Азиз БУТЕФЛИКА дүниеге келді. 76 жыл бұрын (1938) мемлекет және саяси қайраткері, білім министрі, қоғамдық жұмыстар министрі, Чили Республикасының 2000-2006 жылдардағы президенті Рикардо ЭСКОБАР дүниеге келді.