20 қыркүйек. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 20 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

20 қыркүйек, СЕНБІ Оңтүстік Осетияның тәуелсіздік күні. 1990 жылы 20 қыркүйекте Оңтүстік Осетия автономиялық облысының Халық депутаттары кеңесі Оңтүстік Осетия кеңестік демократиялық республикасын егеменді мемлекет екендігін жариялады. Әзербайжанда мұнайшылар күні. Әзербайжан Президентінің 2001 жылығы 16 тамыздағы Жарлығымен бекітілген. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 59 жыл бұрын (1955) Семейде республикалық тарихи-патриоттық «Поиск» клубы құрылды. Клуб қызметі жастарды тәрбиелеуге бағытталған. Семейлік клубтың белсенді қатысушылары Шығыс Қазақстан аймағы бойынша экспедиция жасап, соғыс кезінде із-түссіз жоғалып кеткен қазақстандық жауынгерлердің есімдерін қалпына келтірді. 13 жыл бұрын (2001) Қарағандыда Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы этнопарк ашылды. Жалпы аумағы 36 га құрайтын этнопаркте Ұлытау және Қарқаралы таулары, Балқаш көлі, қаланың бас ғимараттары орналасқан. 9 жыл бұрын (2005) Қостанайдың облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Қазақстанның танымал мүсіншісі Хәкімжан Наурызбаевтың жеке көрмесі ашылды. Наурызбаев Хәкімжан Есімханұлы (1925-2009) - мүсінші, ұлтық кәсіби мүсін өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР-інің халық суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Қостанай облысы Меңдіқара ауданының Ұлыкөл ауылында туған. Харьков көркемсурет институтын бітірген. 1952 жылдан бастап Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарында оқытушылық қызмет атқарды. Ол 200-ден астам әр алуан ескерткіш («Амангелді Иманов», Қостанай облысы Амангелді ауданының орталығында), бюсттер («Құрманғазы», «М.Хакімжанова», «С.Қожамқұлов», «С.Сейфуллин», ҚР Мемлекеттік өнер мұражайында), сондай-ақ Қ.Сәтбаев, Ы.Жақаев, А.Жұбанов, Т.Тәжібаев, Ж.Саин, Д.Нұрпейісова, Т.Жароков, Х.Есенжанов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Жамбыл тұлғаларын жасаған. Казақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері. «Парасат», Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. 8 жыл бұрын (2006) Қарағанды облысындағы «Миттал Стил Теміртау» АҚ-ның Ленин атындағы шахтасында метанның жарылуы салдарынан 41 шахтер қаза тауып, 12-сі әртүрлі дәрежеде жарақатар алды. Үкіметтік комиссияның тексеру қорытындысы бойынша жарылыс техникалық және ұйымдастыру барысында жіберілген қателіктерден орын алған. 7 жыл бұрын (2007) Алматыда шала көретін және зағип адамдарға арнап шығарылған алғашқы «Жеке заң кеңесшісі» атты заңнамалық актілер аудиожинағының таныстырылымы болып өтті. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығы туралы Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық заңнамалық актілер жинағын шығару идеясы «Анашым» ғаріп балалар мен жастар қорына тиесілі. «Жеке заң кеңесшісінің» құрылу мақсаты - білім, денсаулық сақтау және салық төлеу сұрақтары бойынша түсінікті заң көмегін беруге бағытталған. 7 жыл бұрын (2007) Шымкенттің «Жебе» киностудиясы «Түлкі, бүрге және тасбақа» атты жаңа анимациялық фильмін шығарды. Мультфильм қазақ халық ертегілерінің желісі бойынша түсірілген. Ертегіде достық және еңбекқорлық жайлы баяндалады. ЕСІМДЕР 123 жыл бұрын (1891-1938) қазақтың алғашқы биолог ғалымдарының бірі, қоғам қайраткері КҮДЕРИН Жұмақан Маусымбайұлы дүниеге келді. Семей облысының Аягөз қаласында туған. 1918 жылы Лепсі қаласында Кеңестердің І съезінде делегат және Жер комиссары болып сайланған. 1920 жылы «Қытайға кеткен қазақтарды қайтару» комиссиясында жұмыс істеп, оның тікелей араласуымен Қытайдан 6 мың жанұя еліне қайта оралды. 1921 жылы Жетісу өңірін жайлаған тырысқақ індетіне қарсы емдеу жұмыстарына қатысты. 1924-1930 жылдары Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетінде оқыған. Осы университетте оқып жүріп, Түркістанның табиғи ресурстары мен осы өңірді аудандарға бөлуді зерттеумен айналысқан экспедицияға қатысты. Ол «Қытайдағы босқындар өмірі», «Қазақтардың ата-тегі туралы материалдар» атты этнографиялық еңбектердің, «Ботаника», «Қой мен оның жүні», «Кендір» секілді биологиялық еңбектердің авторы. Ең құнды еңбектерінің бірі - «Орта Азиядағы жыландар түрі» мен «Өсімдіктану» оқулығының араб және латын әріпімен тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көруі. 1930 жылы ғалым тұтқындалып, Ресейдің Воронеж қаласына жер аударылды. 1935 жылы тұтқыннан босаған ол Алматыға оралып, ҚазКСР Жер Халық комитетінің Мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, «Каучуконос» тресінде нұсқаушы агроном болды. 1937 жылғы мамырдың 22-інде қайтадан тұтқынға алынып, 1938 жылғы наурыздың 7-сінде ату жазасына кесілді. 1990 жылы маусымда ақталды. Алматыда бір көше Күдерин есімімен аталады. 104 жыл бұрын (1910-1994) экономист, Қазақ КСР-нің қоғам және саясат қайраткері, құрметті теміржолшы АТАМБАЕВ Өтешқали Дүйсенғалиұлы дүниеге келді. Бұрынғы Орал облысы Гурьев уезінде (Батыс Қазақстан облысы) туған. Куйбышев экономикалық жоспарлау институтын бітірген. 1936-1940 жылдары - Қазақ республикалық конторы мемлекеттік банктің ревизоры, аға инспекторы, сектор директоры, Гурьев облыстық мемлекеттік банкі бөлімшесі басқарушысының көмекшісі, қалалық тұтынушылар одағының төрағасы, аймақтық тұтынушылар одағының нұсқаушысы, басқарма төрағасы, Гурьев аймақтық комитетінің статистика бөлімінің бастығы, іс жүргізушісі. 1940-1942 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік бақылау халықтық комиссариатының аға тексерушісі. 1942-1945 жылдары - Қазақ КСР Қаржы халық комиссарының орынбасары. 1945-1955 жылдары - КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің тұрақты өкілі. 1955-1961 жылдары - Қазақ КСР-інің Қаржы министрі. 1961-1963 жылдары - Қазақ КСР-інің Министрлер кеңесінің төрағасының орынбасары. 1963-1966 жылдары - Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы. 1966-1973 жылдары КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Қазақ КСР-інің Министрлер кеңесінің тұрақты өкілі қызметтерін атқарған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 3-ші, 8ші шақырылымының депутаты. Ленин, Қазан төңкерісі, екі рет Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 94 жыл бұрын (1920-2004) агроном-ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор, «Еуразия» халықаралық экономика академиясының академигі, Қазақ ауыл шаруашылығы академиясының Құрметті академигі БАЛАПАНОВ Жұмахан дүниеге келді. Алматы облысы Алакөл ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. 1945-1951 жылдары - Алакөл аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, үшінші, екінші хатшысы. 1951-1953 жылдары - Гвардия аудандық партия комитетінің екінші хатшысы. 1953-1959 жылдары - Киров аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1960-1961 жылдары - Алматы облыстық партия комитетінің ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі. 1962-1963 жылдары - Талдықорған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1963-1964 жылдары - Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы. 1967-1971 жылдары Қазақ ауыл шаруашылығы экономикасын ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, 1971-1977 жылдары осы институттың директоры болған. 1977 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы халық шаруашылығы институтының кафедра меңгерушісі, профессоры болды. Ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты - аграрлық-өнеркәсіп кешенінің шаруашылық тетігін ұйымдастыру, жоспарлау, басқару және жетілдіру. «Специализация: межхозяйственное и агропромышленное кооперирование в Казахстане», «Организация и планирование агропромышленного комплекса», «Рынок и развитие инфраструктуры сельскохозяйственного производства», «Экономика и организация сельского хозяйства» атты кітаптары мен 120-дан астам ғылыми жарияланымдардың авторы. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 6-шақырылымының депутаты. Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы», ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. 91 жыл бұрын (1923-2014) медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, халықаралық Бейбітшілік сыйлығының лауреаты БАЛМҰҚАНОВ Сайым Балуанұлы дүниеге келді. Ақтөбе облысының Темір ауданында туған. Алматы медицина институтын (қазіргі Алматы мемлекеттік медицина университеті) бітірген. 1946-1953 жылдары - Хирургия институтының аспиранты, ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі. 1953-1960 жылдары - Алматы медицина институты рентгенология және радиология кафедрасының меңгерушісі. 1960-1962 жылдары - Өлкелік патологиялық ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары. 1962-1995 жылдары Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, директоры, зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1996 жылдан осы институттың құрметті директоры атанған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері онкология және радиология, сәулемен емдеу мәселелеріне арналған. Қатерлі ісікті анықтау, одан сақтану әдістерін жетілдіру, уытты ісіктерді хирургиялық жолмен және жаңадан шыққан радиомодификаторларды пайдаланып, сәулемен емдеу әдістерін тапты. Осының нәтижесінде әйелдер кеудесіндегі қатерлі ісік ауруынан айығып кету көрсеткіші, басқа органдарға түскен қатерлі ісіктің айығып кету көрсеткішіне қарағанда 1,5 есе жоғары болады. Республикада клиникалық онкология және радиологияның жаңа бағыттарын қалыптастырып, оларды одан әрі дамытты. 1954-1960 жылдары орын алған Семей ядролық полигонындағы жарылыстардың жергілікті тұрғындар денсаулығына әсерін зерттеуге қатысты. Бірақ бұл мәліметтер 1990 жылдан кейін ғана жарық көре бастады. «Мегавольттік сәулемен емдеу», «Природные фенолы - перспективный класс противоопухолевых и радиопотенцирующих соединений», «Злокачественные опухоли костей. Вопросы теории и прогнозирования», «Ядерный полигон моими глазами», «The radiation situation and Population health status in some towns of Semipalatinsk Province» атты ғылыми еңбектердің авторы. Екі мәрте «Ленин» орденімен марапатталған. 89 жыл бұрын (1925-1994) ақын, жазушы, драматург ТӘШЕНОВ Жұмабай дүниеге келді. Қарақалпақстанда туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Өзбекстан Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік журналистика институтының тарих факультетін және Қарақалпақ кеңес әдебиеті мамандығы бойынша аспирантураны бітірген. Қарақалпақ АКСР-і Жазушылар одағында драматургия секциясының меңгерушісі, «Қызыл Қарақалпақстан» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, «Жазушы» баспасында редакция меңгерушісі қызметтерін атқарған. Алғашқы өлеңдері баспасөз бетінде 1940 жылдың басынан жариялана бастады. Содан бергі уақыт ішінде оның қазақ, қарақалпақ, өзбек, орыс тілдерінде ондаған өлең, әңгіме, повестер жинағы, бірнеше драмалық шығармалары, көркем фильм сценарийлері дүниеге келді. Оның сценарийі бойынша «Қазақфильм» киностудиясы «Ана туралы аңыз», «Тәжікфильм» киностудиясы «Қашқын» телевизиялық фильмін түсірген. Пушкин мен Лермонтовтың өлеңдерін, Некрасовтың «Русьте кім жақсы тұрады?» поэмасын, А.Фадеевтің «Жас гвардия» романын, В.Катаевтың «Полк баласы» повесін, т.б. шығармаларды қарақалпақ тіліне, К.Рахмановтың «Келін» комедиясын қазақ тіліне аударған. Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Әскери ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 78 жыл бұрын (1936) Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор ХАМИТОВ Нұрғали Нығметұлы дүниеге келді. Алматы облысының Жаркент қаласында туған. Алматы есеп-несие техникумын, Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. Алматы облыстық банкінде, Алматы облыстық қаржы бөлімінде, «Казгипропищепром» институтында, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясы Экономика институтында жұмыс істеген. 1996 жылдан Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде кафедра меңгерушісі қызметін атқарған. 100-ден аса ғылыми еңбектің, 16 монографияның авторы. 68 жыл бұрын (1946) Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі ЕСКЕНДІРОВ Шәрібжан Заханұлы дүниеге келді. Шымкент қаласында туған. Қазақ химия-технология институтын бітірген. 1971-1972 жылдары - Қазақ химия-технология институтының ассистенті. 1972-1975 жылдары - Мәскеу химия-технология институтының аспиранты. 1976-1997 жылдары - Қазақ химия-технология институтының деканы, кафедра меңгерушісі. 1999 жылдан бастап Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде факультет деканы, проректор қызметтерін атқарған. 3 кітаптың, 110-нан астам ғылыми жарияланымның авторы. 56 жыл бұрын (1958) ақын, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, халықаралық Т.Айбергенов атындағы сыйлықтардың лауреаты, түркі халықтары халықаралық поэзия фестивалінің лауреаты БЕГМАНОВ Қасымхан дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында туған. Қазақ политехникалық институтының машинажасау факультетін бітірген. 1982 жылдан Шымкент қалалық атқару комитетінің аға референті, Бүкілодақтық Ленин атындағы балалар қоры облыстық бөлімшесінің төрағасы, «Жалын» журналының жауапты хатшысы, Қазақстан Жазушылар одағы хатшысының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы әдебиетшілер қауымдастығының бас директоры, Қазақстан Премьер-Министрі кеңсесінің бас маманы, референті, әлеуметтік мәдени даму бөлімінің аға референті қызметтерін атқарған. 1998-1999 жылдары Қазақтың мәдениет және өнертану ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары болған. 2000 жылдан бастап «Тұран-Әлем Банк» акционерлік қоғамы баспасөз және қоғамдық ұйымдарымен байланыс бөлімінің бастығы қызметін атқарған. Алғашқы өлеңдері 1976 жылдан бастап республикалық мерзімді баспасөз беттерінде жарық көре бастаған. 1980 жылы тұңғыш өлеңдер кітабы «Бастау» деген атпен «Жалын» баспасынан жарыққа шыққан. Содан бергі уақытта «Қарашық», «Бесіктен бейітке дейін», «Сағыныш» атты өлеңдер жинағы жарық көрген. Бірқатар өлеңдері «Тоғыз перне», «Жүрек толқындары» жыр жинақтарына енген. Топтама өлеңдері орыс, түрік, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылып, мектеп оқушыларына арналған әдебиет хрестоматияларына енген. Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналған ақындар мүшәйрасында бірінші орынды, Қ.Аманжоловтың 90 жылдығы мүшәйрасының бас жүлдесін жеңіп алған. 49 жыл бұрын (1965) актер, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртісі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, Жас көрермендер театрының бас директоры ҚҰЛЖАНОВ Ғани Әбдуалиұлы дүниеге келді. Қызылорда облысы Жалағаш ауданында туған. Қызылорда қалалық музыкалық училищесін, Алматы мемлекеттік театр және кино институтын бітірген. 1990-2007 жылдары М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қызмет атқарды. 2007 жылдан бастап Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртісі, жас көрермендер театрының бас директоры болды. М.Мақатаевтың «Қош, махаббат» спектаклінде Айбар, М.Байджиевтің «Қалындық пен күйеу» - күйеу, У.Шекспирдің «Асауға тұсауындағы» - Гортензио, М.Әуезов «Айман-Шолпан» - Арыстан, Е.Замятиннің «Еділ патшасында» - Вегила, Ғ.Мүсірепов «Махаббат туралы аңыз» - Қодар, Иран Ғайыптың «Шынғыс ханында» -Сүбітай, «Абылай ханында» -Әбілмансұр, Қ.Аширдың «Қабыл - Адам Ата перзенті» - Абыл, Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесіндегі» - Құмар, Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» - Эрих Кламрот, У.Шекспирдің «Гамлетінде» - Король Клавдий, Д.Исабековтың «Әпкесіндегі» - Омар, Шахимарданның «Қазақтарында» - Қасымсұлтан, Ш.Айтматовтың «Ақ кемесінде» - Оразқұл, Ә.Нұршайықовтың «Қан мен терінде» Тәңірберген рөлдерін ойнап, «Қазақфильм», «Қырғызфильм», «Өзбекфильм», Ресей киностудяларында киноға түскен. Кейінгі кездері «Тоғысқан тағдырлар», «Қара шегіртке», «Дневной дозор», «Ләйләнің зары», «Жас ұлан» фильмдерінде басты рөлдерді сомдаған. 236 жыл бұрын (1778-1852) орыс теңізшісі, адмирал Фаддей БЕЛЛИНСГАУЗЕН дүниеге келді. 172 жыл бұрын (1842-1923) шотланд физигі және химигі Джеймс ДЬЮАР дүниеге келді. 80 жыл бұрын (1934) итальяндық киноактер ЛОРЕН Софи (шын аты-жөні Шиколоне София) дүниеге келді.