20 маусым, СӘРСЕНБІ
Бүкіләлемдік босқындар күні. БҰҰ-ның 2000 жылғы желтоқсанның 4-дегі шешімі бойынша Африка босқындарының күнімен қатар атап өтіледі.
Аргентинаның мемлекеттік мейрамы - Байрақ күні. Аргентина Оңтүстік Американың оңтүстік-шығысында орналасқан мемлекет. Батысында Чилимен, солтүстігінде Боливия, Парагваймен, солтүстік-шығысында Бразилия, Уругваймен шектеседі. Әкімшілік жағынан 22 провинцияға, 1 ұлттық территорияға және 1 федералды астаналық округке бөлінеді. Астанасы - Буэнос-Айрес қаласы. Ресми тілі - испан тілі, сонымен қатар ағылшын және итальян тілдері де кеңінен қолданылады. Ақша бірлігі - архентино. Қазақстан Республикасы мен Аргентина арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы маусымның 25-де орнатылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
88 жыл бұрын (1930) «Жоғарғы Марианна» көмір қабаты бойынша бірінші Қарағанды шахтасының құрылысы басталды.
82 жыл бұрын (1930) Қарағандыда Үгіт және мәдени жұмыстар жөніндегі жылжымалы театр (қазіргі К.С.Станиславский атындағы драма театры) ашылды.
20 жыл бұрын (1992) Елбасы Н.Назарбаевтың және министрліктер мен ведомствалар өкілдерінің қатысуымен Қазақстан кәсіпкерлерінің алғашқы форумы өтті.
20 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Түркі мәдениеті және өнері мәселелері жөніндегі біріккен комитетке кірді.
20 жыл бұрын (1992) бірінші халықаралық темір жол қатынасы ашылып, Алматыдан Үрімжіге алғашқы жолаушылар поезі аттанды.
12 жыл бұрын (2000) Мәскеу үкіметі мен Астана әкімшілігі экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени шараларға байланысты келісімге қол қойды. Келісімде Астана қаласында Мәскеу сауда үйін ашу, жәрмеңкелер мен көрмелер ұйымдастыру қарастырылды.
7 жыл бұрын (2005) Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияда «Қазақстанның ән өнерінің атақты шеберлері» атты үн таспаның тұсаукесер рәсімі өтті.
Үн таспа «Асыл Мұра» жобасы шеңберінің аясында шығарылды.
«Асыл Мұра» - қазақ музыкасының «алтын» қорын қалпына келтіруге және сақтап қалуға бағытталған коммерциялық емес гуманитарлық жоба. Оның мақсаты - Қазақстанның ұлттық мұрасын көпшілікке тарату.
3 жыл бұрын (2009) Ақтөбеде Кеңес Одағының екі дүркін батыры Талғат Бигелдиновқа арналған ескерткіш ашылды.
Ескерткiш - гранит постаментiндегi қола мүсiн Талғат Бегелдинов атындағы Әскери әуе қорғаныс күштерi институтының аумағында орнатылған. Ескерткіштің авторы - Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Марат Ғабдырахманов.
6 жыл бұрын (2006) Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінде НАТО-ның ақпараттық орталығы ашылды. Ақпараттық орталықтың ашылуы Қазақстан мен НАТО арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты арттыруға үлкен септігін тигізбек. Әскери, саяси қатынастармен қоса елдердегі экологиялық мәселелерге баса назар аударып отырған халықаралық ұйым Қазақстанмен терең байланыстар орнатуға мүдделі. Шара аясында студенттер арасында жарияланған «Қазақстан мен НАТО: байланыстарды нығайтуға бола ма?» тақырыбындағы байқаудың қорытындысы шығарылып, факультеттің 3 студентіне арнайы сыйлықтар мен Брюссельге жолдама берілді.
6 жыл бұрын (2006) Шымкентте Абай атындағы саябақта Тұрағұл Құнанбаевқа ескерткіш ашылды. Тұрағұлға ескерткіш ашу идеясын жазушы және драматург Ролан Сейсенбаев жетекшілік ететін «Абай» халықаралық клубының мүшелері көтерген болатын. Тұрағұлдың туыстары қатысқан салтанатты шара Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Одан кейін Тұрағұл ескерткішіне ақынның туған және жерленген жерінің топырағы салынды.
Тұрағұл, Абайдың барлық балалары сияқты тамаша білім алған. Ол араб, парсы, түрік және орыс тілдерін білген, домбыра мен скрипкада тамаша ойнаған. Тұрағұл Шығыс және орыс ақын-жазушыларының туындыларын аударған, өзі де өлең-проза жазған, музыкалық туындылар дүниеге әкелген тұлға. Ол Қазақстанның қоғамдық тіршілігіне белсенді атсалысқан, «Алаш» партиясының негізін қалаушылармен және басқа да өз дәуірінің айтулы тұлғаларымен аралас-құралас болған. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары Абайдың туған-туыстары қуғынға ұшырағанына қарамастан, Тұрағұл Абайдың шығармаларын жинауға және сақтауға, әкесінің өмірбаянын жазуға үлкен үлес қосты. Тұрағұлдың отбасы сотталып, Сырдария округіне жер аударылса, оның баласы халық жауы делініп атылып кетті. Ал Тұрағұлдың өзі өмірінің соңғы 6 жылын Шымкентте өткізіп, 59 жасында қайтыс болған. Ақын жерленген зираттың үстіне кеңес дәуірінде химиялық зауыт салынып, зират жермен-жексен болып кеткен. Сол зират орнынан алынып, ескерткіш іргесіне салынған топырақ осынау ұлы тұлға туралы естелік болып қалады. «Бұл жер тек Шымкенттің ғана емес, бүкіл Қазақстанның рухани орталығы болады. Біз бұл жерде «Абай күні» халықаралық фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз. Пушкиннің Қазақстандағы жылына арналған іс-шара да дәл осы ескерткіш жанында өткізіледі. Тұрағұлға ескерткіш орнату туралы біздің ұсынымызға қолдау білдірген шымкенттіктерге ризамыз. Адами, рухани, мәдени ескерткіш туралы сөз болғанда біз әрқашан көмек қолын созуымыз керек», - деп атап көрсетті ескерткіштің ашылуында сөз сөйлеген Роллан Сейсенбаев.
ЕСІМДЕР
104 жыл бұрын (1908-1974) техника ғылымының докторы, профессор КАЛАЧЕВ Николай Степанович дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Орта Азия ирригация инженерлері институтын бітірген. 1944-1974 жылдары Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі болған. ғалымның негізгі ғылыми еңбектері су энергетикалық кадастрларды жасау тәсілдеріне арналған. Бірнеше ғылыми еңбектің авторы.
«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.
74 жыл бұрын (1938) жазушы, аудармашы УӘЛИЕВ Қадірбек дүниеге келді.
Жамбыл облысының Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қазақ теледидарында, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Өнер» баспасында, Мәдениет министрлігінің театр бөлімі мен репертуарлық-редакциялық алқасында істеген. «Сахна менің өмірім», «Көгілдір шымылдық түрілген», «Тұғыры биік тұлға» атты кітаптары жарық көрген. Д.Мамин-Сибиряктің «Ақбоз ат», Серафимовичтің «Орман тынысы» және «Үш дос», А.Кононовтың «Көпір үстінде», С.Алексеевтің «Суық торғай», А.Толстойдың «Эмигранттар», Ж.Коктоның «Адам даусының жаңғырығы», В.Гавельдің «Жат тілділер», М.Ғапаровтың «Тұзды шөл», А.Стравицкийдің «Қасіретті жекпе-жек» кітаптарын аударған.
98 жыл бұрын (1914-1990) экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ұлы Отан соғысының ардагері АБДУЛЛИН Вахит Абдуллаұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған. Мәскеу қаржы-экономика институтын бітірген. Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Ғалымның ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты қой шаруашылығын индустриялық негізге көшіру жағдайында өндірісті, еңбекті және технологияны ұйымдастырудың озық формаларын ғылыми тұрғыда негіздеуге арналған.
«Жауынгерлік Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталған.
63 жыл бұрын (1949) техника ғылымының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттану академиясының академигі ОСПАНОВА Айман Оспанқызы дүниеге келді.
Шымкент қаласында туған. Қазақ химия-технологиялық институтын, Мәскеу химия машина жасау институтының аспирантурасын бітірген. 1976-1984 жылдары - Қазақ химия-технология институтының оқытушысы, аға оқытушысы, технологиялық процестерді автоматтандыру кафедрасының меңгерушісі, доценті. 1997-2000 жылдары Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бағдарламалық қамтамасыз ету кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2002 жылдан компьютерлік жүйелер мен желілерді бағдарламалық және ақпараттық қамтамасыз ету кафедрасының профессоры.
А.Оспанованың 60-тан астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 2 монографиясы жарық көрген.
58 жыл бұрын (1954) Атырау бизнес және құқық колледжінің директоры, Іскер әйелдер қауымдастығы Атырау филиалының төрайымы, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Минералдық ресурстар академиясының академигі ӘЙТИЕВА Нұрлы Телманқызы дүниеге келді.
Атырау қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын бітірген. Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтының инженері, аға инженері, кіші, аға ғылыми қызметкері зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1986-1993 жылдары - Қазақ политехникалық институты Атырау филиалының оқытушысы, аға оқытушысы, директордың орынбасары. 1993-2002 жылдары - Атырау мұнай және газ институтының проректоры, мұнай және газ геологиясы кафедрасының меңгерушісі. 1998-2003 жылдары - Қазақ экономика және құқық институты Атырау филиалының директоры. Қазіргі қызметінде 2003 жылдан бастап істейді.
«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
107 жыл бұрын (1905-1983) хирург-онколог, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері ЫДЫРЫСОВ Ақырам Сәлімұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Атырау облысының Теңіз ауданында туған. Саратов медициналық институтын бітірген.
1932-1957 жылдары Саратов облысында, Қызылорда, Алматы қалаларында дәрігер болған. 1957-1960 жылдары - Семей медицина институты жалпы хирургия кафедрасының меңгерушісі. 1960-1962 жылдары - I Республикалық аурухананың бас дәрігері. 1962-1964 жылдары - Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты хирургия клиникасының меңгерушісі. 1964-1983 жылдары Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институты онкология кафедрасының доценті, меңгерушісі болған.
Ысқақов туберкулез перитониті мен алапес асқынуларын емдеу әдістерін ұсынды.
2-ші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
97 жыл бұрын (1915-1986) актер, Қазақстанның халық әртісі БАҚИЕВ Мақпир Құрбанұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Алматы қаласында туған.
Ұйғыр музыкалық драма театрының (Ұйғыр музыкалық комедия театры) актері.
Театр сахнасында Хамра (Д.Асимов пен А.Садыровтың «Анарханында»), Қозы (Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлуында») Ғарип (И.Саттаров пен В.И.Дьяковтің «Ғарип пен Сәнәмінде»), Таһир (С.Абдулланың «Таһир мен Зуһрасында»), Полат (Ш.Сәлиевтің «Отанға деген махаббатында») рөлдерін сомдаған.
1981 жылы Ұйғыр музыкалық комедия театры құрамында Мәскеу қаласында өнер көрсетті.
2-дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдармен марапатталған.
56 жыл бұрын (1956) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері МҰҚАШЕВ Рахмет Желдібайұлы дүниеге келді.
Ақмола облысында туған. КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғарғы мектебін, КСРО Ішкі істер министрлігі Академиясын бітірген. 1977-1979 жылдары - Қарағанды қаласы Ленин аудандық ішкі істер бөлімінің аға тергеушісі. 1979-1982 жылдары - КСРО Ішкі істер министрлігі Академиясының адъютанты. 1982-1986 жылдары - КСРО Ішкі істер министрлігі Қарағанды жоғары мектебінің аға оқытушысы. 1986-1988 жылдары Қазақстан Компартиясының Қарағанды облыстық комитеті әкімшілік органдар бөлімінің нұсқаушысы. 1988-1990 жылдары - КСРО Ішкі істер министрлігі Қарағанды жоғары мектебінің кафедра меңгерушісі. 1990-1995 жылдары - Қазақстан Республикасының ХІІ және ХІІІ шақырылған Жоғарғы Кеңесінің депутаты. 1995-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бөлім меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тергеу комитеті Ұйымдастыру-кадрлық департаментінің бастығы. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қазақстан Республикасының Парламентіндегі өкілі. 1999-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заң шығарушылық және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитетінің мүшесі, Қазақстан Азаматтық партиясының Парламенттегі фракциясының жетекшісі. 2004-2005 жылдары - Қазақстан Азаматтық партиясы орталық комитетінің хатшысы. 2005-2006 жылдары - Әділет министрінің бірінші орынбасары, Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы. 2006-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Парламентіндегі Өкілдігінің басшысы қызметтерін атқарған. 2007 жылдан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2009 жылдан Заң шығарушылық және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы.
60-тан астам ғылыми еңбектердің және оқу құралдың авторы.
«Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған.
60 жыл бұрын (1952) V сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі АЛИЕВ Жұматай Әлиұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. Ленинград мемлекеттік университетін, Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген, философ, экономист. Философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ӘҒА академигі, ХАА академигі. Университетті бітіргеннен кейін Алматы мемлекеттік медицина институтында мұғалім болып еңбек еткен. 1977-1982 жылдары ҚЛКЖО Алматы қалалық комитетінің нұсқаушысы, ҚЛКЖО Фрунзе аудандық комитетінің екінші хатшысы, ҚКП Алатау аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарған. 1982-1983 жж. - Алматы қалалық сүт зауытында аға технолог- инженер, бас инженердің орынбасары. 1983-1997 жж - Алматы сәулет және құрылыс институтында аға оқытушы, Алматы мал дәрігерлік институтының әлеуметтік-экономика пәндері кафедрасының меңгерушісі, ҚазМАУ гуманитарлық даярлау орталығының басшысы. 1997-2001 жж. - Орталық Азия университетінің президенті, ректоры. 2001-2008 жж. - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халықтары Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары. 2008-2012 жж. - Орталық Азия университетінің қамқоршы кеңесiнің төрағасы, профессор, «Тұрақты Қазақстан» қоғамдық қорының басшысы. 2012 жылдың қаңтарынан бастап - бесінші сайланған Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған.
III, II дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған. Неміс, ағылшын, орыс, қазақ тілдерін біледі.
50 жыл бұрын (1962) ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің «Қазгидромет» ұлттық гидрометеорология қызметінің бас директоры ЗЕЙНУЛЛИН Талғат Маратұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған. Алматы сәулет-құрылыс инстиутын, РФ Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. 1986-1987 жылдары жұмысшы, Тельман аудандық агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің бөлім меңгерушісі, «Алматының «Регион» ғылыми-өндірістік кәсіпорны» АҚ вице-президенті болды. 1997-1998 жылдары - «Қарағандыкөмір» АҚ президенті. 1998-2000 жылдары «Су арнасы» АҚ президенті. 2001-2004 жылдары - Қарағандынң «Алаугазтранс» газ шаруашылығы басқармасының президенті, кейіннен Ақмола облысы табиғи ресурстар департаментінің директоры. 2006-2007 жылдары - NESTA агроөнеркәсіптік тобы директорлар кеңесінің төрағасы. Қазіргі қызметінде - 2007 жылғы ақпаннан бері. Бүкіләлемдік метеорология ұйымы жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі.