20 шілде, ЖЕКСЕНБІ
Халықаралық шахмат күні. Халықаралық шахмат федерациясының құрылуына орай 1966 жылдан бастап атап өтіледі. Бүгінгі таңда аталған ұйымға әлемнің 200-ге жуық елі мүше. Федерацияның өз туы, әнұраны және «Біз барлығымыз бір отбасымыз» («Все мы одна семья») атты ұраны бар. Ойынның атауы парсы сөздерінен шыққан: шах мат - билеуші қайтыс болды, дегенді білдіреді. Шахматтың отаны - Үндістан. Онда V ғасырда чатуранга ойыны пайда болған. Шахмат - 64 тордан тұратын тақтаның үстіне 32 (16 ақ және 16 қара фигура) фигураны орналастыру арқылы ойналатын ойын. Ойынның мақсаты - қарсыласыңның короліне мат қою. Әр қалада спорттың осы түрін ұнататындарға арналған шахмат клубы бар. Халықаралық шахмат күнінде бұл клубтарда сайыстар, ойын-сауық шаралары өтеді. Бүгін - Колумбия Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1810). Колумбия - Оңтүстік Америкада орналасқан мемлекет. Шығысында Венесуэла, Бразилиямен, оңтүстігінде Эквадор, Перумен, солтүстік-шығысында Панамамен шектеседі. Әкімшілік жағынан 32 департаментпен астаналық округке бөлінеді. Ресми тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - песо. Конституция бойынша елді Президент басқарады және ол 4 жылға бір-ақ рет сайлана алады. Заң шығарушы органы Сенат және Өкілдер палатасынан тұратын парламент. Қазақстан Республикасы мен Колумбия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қыркүйектің 23-інде орнатылды. Бүгін - Қырғызстан Ұлттық гвардиясының күні. 1992 жылдың 20 шілдесінде Қырғызстан Республикасы Ұлттық гвардиясының алғашқы гвардияшылары Отанға және халыққа адал қызмет етуге ант қабылдады. Ұлттық гвардия ҚР Президентінің Қаулысымен 1991 жылдың 3 желтоқсанында құрылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 21 жыл бұрын (1993) ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Таиландқа алғаш рет ресми сапармен барды. 20 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президентінің «Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен ардагерлерді әлеуметтік қолдау жөніндегі қосымша шаралар туралы», «Зейнеткерлер мен тұрмысы төмен отбасыларын әлеуметтік қорғау жөніндегі аймақтық қайырымдылық қорларын ұйымдастыру туралы» Жарлықтары жарияланды. 19 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Заңды күші бар Жарлыққа қол қойды. 19 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Бағалы металдар мен асыл тастарға байланысты қатынастарды мемлекеттік реттеу туралы» Заңды күші бар Жарлыққа қол қойды. 9 жыл бұрын (2005) Астананың Конгресс-Холлында Еуропарламент депутаты Струан Стивенсонның Семей ядролық сынақ полигонының қайғы-қасіретін бейнелейтін «Мәңгілік қасірет» атты фотокөрмесі болып өтті. Бірнеше жыл бұрын С.Стивенсон Семей өңіріне барып, 1000-нан астам фотосурет түсірген болатын, онда адамзатқа қастандық болып саналатын сынақтың бүкіл қорқынышы көрсетілген. С.Стивенсон Семей полигонының меселесіне көңіл бөлгені үшін «Семей қаласының құрметі азаматы» атағына ие болған. Сонымен қатар, С.Стивенсон кеңес ядролық сынақ қаруының құрбандары туралы жазған мақалаларының қаламақыларына Семей қаласындағы онкология орталығына медициналық жабдық сатып алып беріп, Семей өңірінің тұрғындарына заттай көмек көрсеткен. 8 жыл бұрын (2006) Алматыдағы «Қазақстан» кинотеатрында «Таңсәрі» балалар театрының «Қазақстан балаларының соғыс ардагерлеріне ілтипаты» атты деректі фильмі таныстырылды. 2005 жылы «Таңсәрі» театры Мәскеу үкіметінен соғыстың аяқталғанына 60 жыл толуына арналған шараларға қатысуға шақырту алып, оған 5 жас пен 15 жас аралығындағы балалар барған болатын. Аталған фильм Мәскеу сапарының қорытындысы негізінде түсірілген. Фильмнің барысында Отан соғысы ардагерлеріне бүгінгі бүлдіршіндердің құттықтауы мен ілтипаты, сондай-ақ ардагерлерге арнап қойылған концерттер түсірілген. 5 жыл бұрын (2009) Қостанайда «Қазақтың дәстүрлі сот жүйесі» кітабының және «Торғай мен Тобылдың билері» фильмінің таныстырылымы өтті. Бұл шығармалар «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жасалды. 480 жыл бұрын (1534) Кембриджде әлемдегі алғашқы баспа тіркелді. 70 жыл бұрын (1944) Гитлердің Ранстенбургтегі (Шығыс Пруссия) ставкасында Адольф Гитлерге қарсы ең ірі қастандық жасалды. Әскерилермен кездесу барысында, Бас штабтың 37 жастағы подполковнигі Клаус Шенк фон Штауффенберг кеңес өтіп жатқан столдың астына ішінде сағат механизміне қосылған бомбасы бар портфельді қойды. Көп ұзамай «мен қоңырау шалуым керек», деген сөздермен ол ғимараттан шығып кетеді. Кеңес барысында офицерлердің бірі бомбасы бар портфельді бірнеше метрге жылжытып қойып, Гитлер аман қалған. Гитлердің нұсқауымен сол күні Штауффенберг пен оның басқа да сыбайластары Берлинде ұсталып, атылды. Кейін тағы 200-ге жуық адам жазаланды, олардың дені азаппен өлді. 45 жыл бұрын (1969) америкалық ғарыш кемесі «Аполлон-11» айға қонып, тарихтағы алғашқы болды. 40 жыл бұрын (1974) Түріктер Кипрге баса көктеп кірді. 38 жыл бұрын (1976) Марстың жоғарғы қабатында алғашқы зерттеулер басталды. 21 жыл бұрын (1993) Литвада дербес валюта - лит енгізілді. ЕСІМДЕР 141 жыл бұрын (1873-1957) биология ғылымының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ШНИТНИКОВ Владимир Николаевич дүниеге келді. Ол Ресейде туған. Ново-Александровск ауыл шаруашылығы және орман өсіру институтын бітірген. Қазақстанда, Ленинградта жұмыс істеген. Жетісу өңірін аралап, оның табиғатын, өсімдіктер дүниесін зерттеген. Оның «Жетісу сүтқоректілері», «Жетісу құстары», «Жетісудың жануарлар дүниесі», «Қазақстан аудары», т.б. кітаптары жарық көрген. Жетісу (Жоңғар) Алатауы мен Іле Алатауындағы 2 мұздыққа Шнитников есімі берілген. 85 жыл бұрын (1929-1997) композитор, профессор, Қазақстанның халық әртісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері БЫЧКОВ Анатолий Владимирович дүниеге келді. Бычков Павлодар облысында туған. Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген. 1955-1962 жылдары Алматы музыкалық училищесінде, 1962-1968 жылдары Алматы консерваториясында педагогикалық қызметпен айналысты. 1968-1973 жылдары Қазақстан Композиторлар одағы басқармасы төрағасының орынбасары қызметін атқарды. А.Бычковтың «Дала арайы» операсы, «Сәкен туралы аңыз» симфониялық поэмасы, «Ақын әні», «Соғыс әндері», «Жоқтау» атты симфониялық оркестрге арналған вокалдық және хор циклдері, ән-романстары, тағы басқа музыкалық шығармалары бар. Ол «Бұл біздің ұлымыз», «Тыныштық», «Ана туралы аңыз», «Ботагөз», т.б. кинофильмдердің музыкасын жазған. 84 жыл бұрын (1930-1987) физиолог, мал шаруашылығы саласындағы ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор ПРОКУДИН Анатолий Васильевич дүниеге келді. Петропавл қаласында туған. Омбы малдәрігерлік институтын, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының (Қазақ ұлттық аграрлық университеті) аспирантурасын бітірген. 1959-1978 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясы Физиология институтының ғылыми қызметкері. 1978-1983 жылдары - Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының профессоры, кафедра меңгерушісі. 1983-1987 жылдары Қазақ мал шаруашылығы технологиясы ғылыми-зерттеу институтынының аға ғылыми қызметкері қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері мал физиологиясына (күйіс қайыратын малдың ас қорытуы, онтогенезде зат алмасуы, жемшөптің ас қорыту процесіне тигізетін әсері) арналған. 75 жыл бұрын (1939) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, биология ғылымының кандидаты ЩЕРБАКОВ Борис Васильевич дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысында туған. Өскемен педагогикалық институтының биология факультетін бітірген. Б.Щербаков 20 жылға жуық жас натуралистердің облыстық стансысының зоологиялық үйірмесін басқарды. Сол кездері ол жас натуралистермен бірге туған өлкеге саяхат жасап жүрді. Ол жол дәптеріне жорықта көргендері мен кездескен қызықты оқиғаларды жазып отырды. Осы жазбаларынан туған табиғат жайлы суреттемелері мен әңгімелері «Жас натуралист», «Природа», «Охота и охотничье хозяйство», «Казахстанская правда», «Ленинская смена», «Рудный Алтай» газет-журналдары мен «Лик земли» жинағында жарық көрді. 1976 жылы «Жалын» баспасынан «Айлы мекеннің тұрғыны» атты тұңғыш кітабы жарық көрді. Бұл жинаққа табиғаттың таңғажайып көріністерін суреттейтін 20-ға жуық әңгімесі топтастырылған. Қаламгердің «Қоңыраулы өзеннің жағасында», «Күздің алтын соқпақтары», «Жасыл үй», «Таусылмас соқпақтар» атты прозалық кітаптары жарық көрген. 68 жыл бұрын (1946) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі МЫРЗАХМЕТОВ Шалатай дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Шәуілдір ауылында туған. Қазақ химия - технологиялық институтын бітірген (1968). 1992 жылы Қазақстан менеджмент, экономикалық болжам институтын (КМЭБИ) аяқтады. 1962-1963 жылдары - Қызылкұм ауданы Арыс кеңшарының тракторшысы. 1968-1971 жылдары - Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Абай атындағы совхозының құрылыс шебері, цех бастығы. 1971-1976 жылдары - Шымкент облысы Қызылкұм аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас құрылыс инженері. 1976-1981 жылдары - Қызылкұм ауданы Шәуілдір ауылында ПМК-2507 бастығы. 1981-1988 жылдары - халық депутаттары Қызылқұм аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1988-1992 жылдары - халық депутаттары Созақ аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы. 1992-2000 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша «Жібек жолы» әмбебаб тауар биржасы басқармасының президенті. 2000-2003 жылдары - Онтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының әкімі. 2003-2007 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, хатшысы. 2007-2011 жылдары - төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012 жылғы қаңтардан бастап, бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған. «Құрмет» орденімен, «За трудовые отличия», «Еңбектегі үздіктігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Астана» медальдарымен марапатталған.
67 жыл бұрын (1947) ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары МОЛДАБЕКОВ Мейірбек Молдабекұлы дүниеге келді. Қызылорда облысы Төменарық кентінде туған. В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын (1970) «Автоматика және телемеханика»; Мәскеу авиациялық институтын (1975) «Қолданбалы математика» мамандықтары бойынша; Мәскеу авиациялық институтының аспирантурасын (1976) бітірген. Техника ғылымдарының кандидаты (1977), докторы (1990). Ұлттық ғылым академиясының (2003 жылдан), Ұлттық инженерлік академияның (1997 жылдан), К.Э. Циолковский атындағы Ресей космонавтика академиясының академигі (1998 жылдан). Халықаралық астронавтика академиясының мүшесі-корреспонденті (2008 жылдан). 14 авторлық куәлік пен патенттің авторы. Қазақ, орыс, ағылшын және неміс (сөздікпен) тілдерін біледі. «Нұр Отан» ХДП мүшесі (2010 жылдан). 1970 жылдан - В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институты автоматика және телемеханика кафедрасының ассистенті, техникалық кибернетика кафедрасының тәжірибеші-зерттеушісі. 1972 жылдан -Мәскеу авиациялық институтының кешкі инженерлік легінің студенті; 1973 жылдан - аспиранты. 1977 жылдан - С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аға ғылыми қызметкері аға оқытушысы, доценті, механика және қолданбалы математика факультеті деканының орынбасары. 1988 жылдан - ҚазКСР ҒА Математика және механика институтының жетекші, бас ғылыми қызметкері, ҚР ҰҒА Механика және мәшинетану институтының зертхана меңгерушісі. 1993 жылдан - ҚР Ұлттық аэроғарыш агенттігі бас директорының орынбасары - «Байқоңыр» ғарыш айлағы басқармасының бастығы. 1997 жылдан - ҚР ҒА - Ғылым министрлігі Ғылыми мамандарды аттестациялау департаментінің директоры; 1998 жылдан - Ұлттық аэроғарыш агенттігінің директоры. 2001 жылдан - ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігі Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары. 2005 жылдан - «Қазақғарыш» ҰК» АҚ басқармасының мүшесі. 2007 жылдан - «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ вице-президенті ( Астана қаласы). 2008 жылдың тамызынан бері - ҚР Ұлттық ғарыш агенп-і төрағасының орынбасары. Ғылыми жұмысын Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар» орталығы» АҚ жобаларының ғылыми жетекшісі лауазымымен қоса атқарады. «Құрмет» (1998), «Парасат» (2007) ордендерімен; «Ерен еңбегі үшін» (1970), «Астана» (1998), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005) медальдарымен марапатталған. 63 жыл бұрын (1951) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Ахмет Сейдарахманович МУРАДОВ дүниеге келді.
Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы Ершовка селосында туған. 1974 ж. Грозный мұнай институтының мұнай өңдеу факультетін бітірген. 1974-1977 жж. - Грозный мұнай институтының БЛКЖО комитеті хатшысының орынбасары, хатшысы, Шешен-Ингуш Республикалық студенттік құрылыс отряды командирінің орынбасары. 1977-1993 жж. - «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігінің Жетібай бұрғылау жұмыстары басқармасында бұрғышының көмекшісі, бұрғышы, бұрғылау шеберінің көмекшісі, бұрғылау шебері, инженер-технолог, бастықтың орынбасары, аудандық инженерлік-технологиялық қызметінің басшысы, Құмкөл терең бұрғылау экспедициясының басшысы, бастықтың орынбасары, Жетібай бұрғылау жұмыстары басқармасы парткомының хатшысы. 1992 жыл - Халықтық Келісім Кеңесі төрағасының орынбасары. 1993-1995 жж. - Ақтау қаласындағы «Мекке» коммерциялық орталығы Маңғыстау филиалының директоры. 1995-1997 жж. - Алматы қаласындағы «Роснефть» мұнай компаниясы өкілдігінің басшысы. 1997 жылдан бастап осы уақытқа дейін «Вайнах» шешен және ингуш халқының мәдениетін дамыту қауымдастығының тең төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі. 2012 жылғы қаңтардан бастап, бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған. Мерекелік медальдармен, «Құрмет» орденімен және Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Алғыс хатымен, Ресей Федерациясы Үкіметінің дипломымен марапатталған, Ресей Федерациясының СІМ мен Шешен Республикасы Парламентінің «Достық ісіне қосқан үлесі үшін» құрмет белгісімен атап өтілген. 55 жыл бұрын (1959) Маңғыстау облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі ШЕЛПЕКОВ Бақтыбай Ақбердіұлы дүниеге келді.
Мұнай техникумын, Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. Техник-мұнайшы, экономист.
Маңғыстау облысы әкімшілігінің облыстық сауда басқармасының бастығы, «Фирма Аққу» ЖШС директоры, Маңғыстау облысы мәслихатының 2-4 шақырылымының хатшысы болып қызмет атқарған.
«Құрмет» орденімен, екі медальмен, соның ішінде «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 43 жыл бұрын (1971) театр және кино актері ПОГОСЯН Сергей Размикович дүниеге келді. Алматыда дүниеге келген. Алматы Ауыл шаруашылығы институтын, (экономист); Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын бітірді.
710 жыл бұрын (1304-1374) итальян ақыны, қайта өркендеу дәуірінің гуманистік мәдениетінің негізін салушы ПЕТРАРКА Франческо дүниеге келді.
Франческоның лирикалық туындылары еуропалық поэзияның дамуына зор әсер етті. Латын тілінде жазылған «Дүниенің келеңсіздігі туралы» философиялық трактатында, «Ұрпаққа хат» атты өмірбаяндық шығармасында ізгілікті жақтап, әйелдер теңдігін мадақтады. Оның шығармашылығында махаббат лирикасы ерекше орын алды. «Мадонна Лаураның өміріне», «Мадонна Лаураның өліміне» атты 2 бөлімнен тұратын туындысы 317 сонеттен және көптеген балладалық, мадригалдық шығармалардан құралған. Ол Данте, Дж.Боккачомен бірге итальян әдеби тілінің негізін салды. Оның есімімен Меркурийдегі кратер аталады. 95 жыл бұрын (1919-2008) жаңазеландиялық альпинист, 1953 жылы Эверест шыңын алғаш бағындырушы ХИЛЛАРИ Эдмунд дүниеге келді. Жаңа Зеландияның Окленд қаласында туған. Ұлы Отан соғысы жылдарында әскери ұшқыш болды. 1951 жылы Эрик Шиптонның Эверестке ұйымдастырған экспедициясына қатысты, бірақ шыңды бағындыру жорығы сәтсіз аяқталды. 1953 жылы непалдық альпинистпен бірге Эверест шыңын бағындырды. Ол 1980 жылы Жаңа Зеландияның Үндістандағы елшісі қызметін атқарды. Хиллари саяхат жасаумен қатар өмірінің біраз бөлігін таулы өңірде қоныстанған непалдықтарға көмек көрсетуге арнады. 2003 жылы Непалдың құрметті азаматы атанды. 124 жыл бұрын (1890-1964) итальяндық кескіндемеші және график Джорджо МОРАНДИ дүниеге келді.
74 жыл бұрын(1940) ресейлік композитор, пианист және дирижер, Ресей халық әртісі ТУХМАНОВ Давид Фёдорович дүниеге келді.