Білген сайын, мемлекеттер «Әл-Каиданы» лағнеттеген сайын халықаралық террористік ұйымның дымы құрып, тынысы тарылған жоқ, керісінше, материалдық, қаржылық мүмкіндіктері де кеңейіп, тексіз тамыры әртүрлі өңірлерге тармақталып, қасірет қаупі қанат жая бастады. Ең ақыры ел-елде қауіпсіздік, экстремизм мен радикалдануға қарсы қимыл, терроризммен күрес мәселесі бірінші кезекке шығып, мемлекеттердің күш құрылымдарында терроризммен шындап күресетін арнайы бөлімдер ашыла бастады.
Адамзат тарихындағы ең қаралы күннің біріне бүгін 15 жыл толып отыр. Осы 15 жылдың ішінде әлемде не өзгерді? Күллі дүние мемлекеттері үшін бірінші жауға айналған терроризмнен қалай құтылуға болады? Қарапайым халықтың қауіпсіздігін қалай қамтамасыз еткен тиімді? Әрине, бұндай тізбектелген сұрақтарға жауап беру ең күрделі мәселе. Дегенмен, осы 15 жыл ішінде қанша айыптала айтылып, қауіптің сұлбасы анықталғанымен, террористердің жалпылама портреті айқын түзілгенімен, онымен күрес те тым күрделеніп кетті. Қазір Таяу Шығыстағы күн сайынғы дүмпуден құлақ тұнады. Әсіресе, Ирак, Сирия секілді бір кездегі гүлденген өлкелерден келетін хабарларға құлақ түрсеңіз, жарылыссыз, террористік актілерсіз ақпараттар айтылмайтын да болып бара жатыр. Өйткені, бұл өңірге 2013 жылдан бастап «Әл-Каида» террористік тобының құрылымы ретінде көзге көрінген ДАИШ лаңкестік ұйымы орныққан. Ұйым 2014 жылдың маусымынан бастап Ирак және Сирия аумағында халифат құрылғанын жариялады. Қазіргі таңда террорлық ұйымдардың ішіндегі ең қауіптісі саналатын ДАИШ жаһандық желіні пайдаланып, өз қатарларын әлемнің көптеген елдеріндегі жастармен, жанкештілермен толықтыруда.
Алайда, дүниенің өңірлерін дүркіреткен қауіпсіздік ошақтары, содырлар желісінің шоғыры біршама анық болғанымен, оны құрықтауда әлем елдері әлі де алауыздық жасап келеді. Әлем державалары, соның ішінде алпауыт АҚШ, сұсты Ресей, тегеурінді Түркия әскерилері қанша жақтан атқыласып жатырмыз десе де, бір кездегі «Әл- Каиданың» ізін басқан содырлардың жүйесін түбірімен талқандай алған жоқ. Есесіне ДАИШ атанған содырлар тобыры әлемнің кез келген түкпіріне террористік актілер ұйымдастыра алатынын барынша байқатып келеді.
Осылайша, 2001 жылғы «Әл-Каиданың» әлегі қазір Таяу Шығыс елдеріндегі жиһадтық терроризм бейнесінде белең алды. Белең алып қана қойған жоқ тұтас жүйе құра алған олар, 2009-2014 жылдар аралығында Арабстанға жайылып, ақыры 2014 жылы Левант (Кипр, Мысыр, Ирак, Израиль, Иордания, Ливия, Палестина, Сирия) мемлекеттерінде радикалдық және экстремистік топтарды күшейту арқылы белгілі бір аумақтық басқару құрылымын құрды.
Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін, бейбіт халықты қанға бояп, үрейлендіретін кез келген террорлық әрекеттің артында жат пиғылдағы белгілі бір топтың немесе терроршыл ұйымның тұратыны анық. Осыдан он бес жыл бұрынғы әрекеттің артында сол біз жоғарыда сөз еткен «Әл-Каида» тұрды. Сол оқиғадан кейін әлемдегі «нөмірі бірінші террорист» атанған Усама бен Ладен жетекшілік еткен бұл ұйым -1990 жылы Ауғанстанда Кеңес әскеріне қарсы күрескен моджахедтерді қолдады және 1996 жылдан бастап АҚШ, Израиль және олардың одақтастарына қарсы «қасиетті соғыс» (жихад) жариялады. Аталған ұйым 1998 жылы 7 тамызда Найроби қаласында (Кения) және Дар-эс-Салам қаласында (Танзания) АҚШ елшіліктеріндегі жарылыстарды, 2000 жылы қарашада Йеменде америкалық «Коул» эсминеціне шабуылды ұйымдастырды. Жалпы, АҚШ-та 2001 жылғы 11 қыркүйектегі террорлық әрекеттер, басқа да ең ірі деген террорлық актілер осы ұйым содырларының қолымен жасалып келді. «Әл-Каиданың» басты мақсаты - исламдық және исламдық емес мемлекеттердің аумақтарын біріктіретін утопиялық мемлекет құру. Бұл ұйымның ізін қазір Таяу Шығыстың ғана емес әлемнің тынышын алған ДАИШ басып отыр. Аймақтарда басқаша әрекеттенгенімен, осы ұйымнан қолдау табатын құрылымдар да жоқ емес.
Ендеше әлем елдерін елең еткізген сондай террористік актілерінің біразына тоқталып өтсек.
2001 жылғы 11 қыркүйектегі АҚШ-та орын алған теракт.
2996 адам қаза тапты. «Әл-Каида» террористік ұйымының лаңкестері жолаушылар ұшағын басып алып, екі ұшақты Нью-Йорктегі екі зәулік мұнаралы Дүниежүзілік сауда орталығына соқтырды. Содырлар басып алған және бір ұшақ Пентагонға бағыт алса, төртінші ұшақ Шанксвилл қаласының маңына құлаған болатын. Ең ірі террористік актінің салдарынан 2 мың 996 адам қаза болды, 6 мыңнан астамы жараланды.
2002 жылдың 12 қазанындағы Индонезиядағы теракті
Индонезияның Бали аралындағы курортты қала Кутада түнгі клубқа жасалған террористік актіден 202 адам қаза болды. Оның 164-і шетелдік туристер болатын. Терактіге қатысы бар деген күдікпен 30 адам тұтқындалған. Индонезия соты 2003 жылы терактіні «Джамаа Исламия» террористік ұйымы жасады деп мойындады.
Дубровкадағы қырғын
2002 жылдың 23 қазанында Мәскеудің Дубровкасындағы театр орталығын террористер басып алды. Үш күнге жалғасқан келіссөздерден соң театр ғимаратынан кепілге алынған адамдарды босату операциясы басталып, нәтижесінде барлық террористер өлтірілді. Өкінішке қарай 130 адам қаза болды. Оқиға барысында Мовсар Бараев бастаған арасында әйелдер де бар шешен террористері өздерін жанкешті ретінде жариялап, Ресей билігінен Шешенстаннан әскерін шығаруды талап еткен болатын.
Бесландағы бассыздық
Ресей Федерациясы Солтүстік Осетия-Аланиядағы Беслан қаласында 2004 жылдың 1 қыркүйегінде білім күні мерекесі өтіп жатқан мектепті басып алған содырлар да қарапайым адамдардың қанын төкті. Екі күн бойы келіссөздерден соң 3 қыркүйекте мектепте атыс басталып, кепілге алынған бейбіт тұрғындардың басым бөлігі босатылғанымен 335 адам қаза тапқан еді. Олардың арасында 186 бала, 17 мұғалім, ФҚҚ 10 қызметкері де құрбан болды.
Боко-Харамның құрбандары
2014 жылдың 5-6 мамырында Нигерияның Борно штатына қарасты Гамбору қаласында орын алған түнгі шабуылдан 300-ден астам адам ажал құшты. Боко-Харам террористік ұйымы қаланың басым бөлігін қиратты. Содырлар қала тұрғындарын өлтіріп, олардан жанұшыра қашқандар тіпті көршілес Камерун мемлекетіне қарай бас сауғалаған.
Мумбайдағы қырғын
Үндістанның Мумбай қаласында 2006 жылдың 11 шілдесінде террористер әрекетінен 209 адам мерқаза болды. Атап айтқанда, террористер Мумбайға қатынайтын қала маңындағы жолаушылар пойызының жетеуіне жарылғыш заттарды жасырып, кейіннен бірінен соң бірін іске қосқан. Теракт кешкі қарбалас сәтте жүзеге асты. 209 адам қаза болып, 700-ден астамы жапа шекті.
2015 жылдың 31 қазанында ресейлік Metrojet («Когалымавиа») авиакомпаниясына қарасты Airbus A321-231 ұшағымен жасалған Шарм-эш-Шейх (Египет) Санкт-Петербор рейсі де террористер әрекетінен жарылды. Ұшақ бортында болған барлық 224 адам қаза болды.
Соңғы жылдары қауіпсіздік деңгейі жоғары Еуропаның ірі қалалары да террористердің нысанына айнала бастады. Брюссельдегі, Париждегі бірнеше қайталанған лаңкестер әрекеті де соның айғағы. Еуропаның бұл қалалары қаншалықты қауіпсіздігін қымтағанымен, санасы уланған содырлар алған бетінен қайтпайтынын көрсетті. Жан түршігерлік мұндай оқиға ағымдағы жылы Францияның Ниццесіндегі орталық көшеде Бастилияның алынған күнін мерекелеу барысында орын алды. Курортты қалада мерекелік көңілмен қыдырыстап жүрген адамдар тобын жанкешті жүк көлігімен басып, жаншыды. Салдарынан сексеннен астам адам ажал құшты.
Жалпы соңғы жылдары террористік актілерден қаза болған адамдар саны еш кемімеген, керісінше өсіп отырғанын қанға малынған цифрлар да көрсетіп отыр. Мәселен, сарапшылар есептеуінше, 2014 жылы әлемде террористер қолынан қаза тапқандар саны 32,6 мың адамды құраған. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 80 пайызға жоғары. Ал осынау құрбандардың жартысынан астамы «Боко Харам» мен ДАИШ террористік ұйымының әрекетінен көз жұмған. Сонымен бір мезгілде, сарапшылар терроризмнің соңғы уақытта өте шапшаң белең алғанын да алға тартады. Лаңкестік әрекеттердің ең жоғары шоғыры ретінде Сирия, Ирак, Ауғанстан, Нигерия мен Пәкістан аталады. Соның ішінде қазірдің өзінде күн сайын болмаса да апта сайын бейбіт құрбандардың қасірет көз жасын төгіп жатқан Ирактың жағдайы ең ауыр болып отыр.