12:01, 21 Мамыр 2009
2007-2008 жылдары үкімет резерві қаржысын пайдалану кезінде жалпы сомасы 2 млрд. теңге мөлшерінде қаржылық заң бұзушылыққа жол берілді ? Есеп комитеті
АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2007-2008 жылдары үкімет резерві қаржысын пайдалану кезінде жалпы сомасы 2 млрд. теңге мөлшерінде қаржылық заң бұзушылыққа жол берілді.
Бұл туралы ҚазАқпарат Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Есеп Комитетінің бағалауы бойынша, үкімет резервінің шектеулі көлемін анықтау тәртібі Бюджеттік кодексте белгіленбеген. Бұл кезекті қаржылық жылға арналған республикалық бюджет жобасын жоспарлау кезінде резерв көлемін алдын ала қарастыруға, бюджеттік шығындарды болдырмау үшін жеткілікті түрде үкіметке мүмкіндік береді.
«Тексеру көрсеткендей, үкімет резерві қаржысын қалыптастыру мен пайдалану кезінде белгіленген тәртіп сақталмаған. Сондай-ақ дәлелді есептеулердің жеткіліксіз негізінде үкімет резервінен қаржы бөлу фактілері орын алған. Бюджеттік қаржы әкімшілері қажетті қаржы көлемін орынсыз арттырған. Сонымен бірге тұрғын үй нысандарының аяқталмаған құрылысына бөлінген үкімет резерві қаржысын пайдалану кезінде Астана мен Алматы үлескерлерінің қатысуымен анық емес есептеулер мен негіздеулер қолданылды. Мемлекеттік сараптамадан өткізілген жобалау-сметалық құжаттардың, тіпті нобайлық жобалардың толық жиынтығы болмаған. Құрылыс нысандарының тізбелері тергеу ісі ретінде бірнеше дүркін қайта қаралды. Сондай-ақ, сметалық құнның көтерілу фактілері белгіленді. Бақылау барысында аталған нысандар бойынша үлескерлерге тұрғын үй беру тетігі жетілдірілмегендігі айғақталды. Соның салдарынан 2 мыңнан аса үлескерлер тұрғын үймен қамтамасыз етілген жоқ», делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Осыған орай, Есеп комитеті үкіметке трансферттер мен қарыздарды тиісті жылда есепке алмай, республикалық бюджет түсу көлемінен пайыздық қатынаспен үкімет резервінен шектеулі көлемді белгілейтін Бюджет кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізуді ұсынады. Сондай-ақ тұрғын үй нысандарының аяқталмаған құрылысына үкімет резервінен бөлінген қаржыны үлескерлердің қатысуымен тиімді және мақсатты пайдалану жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін алға тартады.