«Қазкоммерцбанк» АҚ-ның еншілес ұйымы болып табылатын «ГРАНТУМ Жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ бүгінгі таңда еліміздегі ең жоғары қарқынмен дамып келе жатқан және қаржылық қызметі бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген жинақтаушы зейнетақы қорларының бірі. 2010 жылдың алдын ала қорытындысы бойынша, ГРАНТУМ ЖЗҚ салымшыларының саны мен жинақталған зейнетақы қаражатының өсу қарқыны жөнінен жетекші орынға ие болды.
2011 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтер бойынша, ГРАНТУМ ЖЗҚ салымшыларының жалпы саны 53 992 адамға артып, 244 583 салымшыны құрады. Ал 2010 жылдың басында қор 190 591 адамға қызмет көрсететін болса, 2010 жыл ішінде салымшылардың жалпы саны 28,3 пайызға артты. Бұл өсу қарқыны бүкіл жинақтаушы зейнетақы жүйесі бойынша ең үлкен көрсеткіш болып табылады.
ГРАНТУМ ЖЗҚ өткен жыл ішінде жинақталған зейнетақы активтерінің өсу қарқыны бойынша қорлар арасында жоғары көрсеткішке (38,4%) қол жеткізе отырып, өзінің зейнетақы активтерін 41,6 млрд. теңгеге арттырды. Соның нәтижесінде 2011 жылдың 1 қаңтарында қордың зейнетақы активтерінің көлемі 150 млрд. теңгені құрады.
Зейнетақы активтерінің көлемі бойынша қор еліміздегі ең ірі зейнетақы қорларының алғашқы бестігіне кіреді. Есепті күнгі мәліметтер бойынша қордың бір салымшыға жинақталған зейнетақы қаражатының мөлшері 613 мың теңгені құрады. Бұл - ҚР жинақтаушы зейнетақы жүйесі бойынша ең жоғары көрсеткіш.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша, ГРАНТУМ ЖЗҚ зейнетақы активтерінің өсу серпінін 20,9 млрд. теңгеден астам сомада зейнетақы жарналарының түсуі және салымшылардың басқа зейнетақы қорларынан 15,9 млрд. теңге сомасында жинақталған зейнетақы қаражатының таза аударымдары (аударым сальдосы) құрады. Сондай-ақ, салымшылардың есепшоттарына есептелген 7,9 млрд. теңге сомасындағы таза инвестициялық кіріспен қамтамасыз етілді. Өз қызметін бастаған сәттен бастап қор салымшыларға (алушыларға) төлеген және сақтандыру ұйымдарына аударған зейнетақы төлемдерінің көлемі 9,2 млрд. теңгеден асты. Соның ішінде, 2010 жылы 3,3 млрд. теңгені құрады.
ГРАНТУМ ЖЗҚ 2010 жылдың жаз маусымы ішінде 12 айдың қорытындысы бойынша кірістілік жөнінен көшбасшы болды.
2011 жылдың 1 қаңтарындағы жай-күйі бойынша ГРАНТУМ ЖЗҚ 12 ай ішіндегі атаулы кірістілік коэффициенті (К2) 6,22 құрады. Бұл жинақтаушы зейнетақы жүйесі бойынша осындай кезең ішіндегі атаулы кіріс коэффициентінің орташа көрсеткішінен (4,39) әлдеқайда артық.
2011 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қордың зейнетақы активтерінің 54,63 пайызы ҚР-ның сенімділігі жоғары мемлекеттік бағалы қағаздарына орналастырылған. Қордың портфеліндегі корпоративтік облигациялардың үлесі 31,44 пайызды құрайды, олардың негізгі бөлігінің шығарушылары - қазақстандық және шетелдік ірі компаниялар. Зейнетақы активтерінің басым бөлігі халықаралық рейтинг агенттіктерінің несиелік рейтинг шкаласы бойынша бағаланған қаржы құралдарына инвестицияланған.
Қордың инвестициялық портфелінің құрамында Қазақстан теңгесімен номинацияланған қаржы құралдары 94,59 пайыз, ал АҚШ долларымен номинацияланған қаржы құралдары 5,41 пайызды құрайды.
2011 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша қордың меншікті капиталы жыл басынан бастап 2 есе артып, 5,6 млрд. теңгені, ал есепті кезең ішіндегі қаржылық нәтиже (таза табыс) 0,6 млрд. теңгені құрады.
2010 жыл ішінде қор Қазақстанның Қаржылық қадағалау агенттігінің меншікті капиталдың жеткіліктілігі мен зейнетақы активтерінің кірістілігі бойынша іс жүргізу нормативтерін толық көлемде орындады.