Бұл туралы бүгін өткен жылғы атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша халық алдында есеп беріп жатқан елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.
Қала басшысы атап көрсеткендей, тұрғын үй құрылысында соңғы 3 жыл шамасында алға ілгерлеушілік бар. Өткен жылы 1 млн. 382 мың шаршыметр баспана жаңадан салынған болса, соңғы 3 жылда оның жалпы көлемі 4 млн. шаршыметрді құрады.
«Мұндай өсу деңгейіне құрылысқа бағытталған инвестиция көлемінің ұлғаюы себеп болып отыр. 2010 жылы салынған қаражаттың көлемі 56 млрд. теңгеден асты. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда 17 пайызға артық»,-деді ол.
Сондай-ақ әкім Тұрғын үй мемлекеттік бағдарламасының Астана қаласында жүзеге асырылу барысына тоқталды. Мәселен, 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында 5612 азамат пәтер алу құқына ие болды, оның 2113-і 2010 жылы баспаналарына кірді.
«Қалған 3499 азаматқа пәтер 2011 жылы тұрғын үй нысандарының пайдалануға берілуіне орай тапсырылатын болады»,-деді И. Тасмағамбетов.